Омар Құрмаш. Арба сүйреуден арлануымыз керек
Қазіргі нарық заманында, қазақ жастары қоғамның қозғаушы күшіне айналып, ұлттық экономика, мәдениет, өнер-білім саласына жаңа бетбұрыс жасауға тиіс болатын. Жұртқа топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен, жастарымыздың біразы «телешкі» сүйреу, «күзетші» болудан ары аспай отыр.«Жұмыстың жақсы-жаманы болмайды. Тек оны жауапкершілікпен істей білу керек» деген қағида осы тұста көлденең тұра қалатыны бар. Алайда әр саланың өзіне тән салмағы болатыны хақ. «Өнерлі өрге жүзер» дейді атам қазақ. Неге біз нақтылы кәсіппен шұғылданбаймыз? Неге қара күшпен істелетін жұмысқа әуеспіз? Мұның түпкі мәні өнер-білімге құштарлығымыздың аздығында жатса керек. Әйтпесе, күндіз ауыр да лас жұмысқа жегіліп, түнінде карта ойнап, арақ ішкеннен тапқан пайдамыз бар ма?

«Барахолка» дейтін атышулы базарға бір танысымды іздеп бардым. Қазақтың тепсе темір үзетін жігіттері «дәрөгу» деп айғайлап, базарды басына көшіріп жүр. Біреулері зат иесінің алдына түсіп, арбасын сүйреп әрең кетіп барады. Ал енді біреулері қытайдың «Камаздарынан» темір, мрамор сияқты заттарды түсіріп қарбалас болып жатыр. Аракідік солардың бірімен әңгімелесіп қалдым. «Ауылда жұмыс жоқ. Әкем араққа салынып кетті, шешем бар тапқанын балаларының аузына тосып әуре. Үйдің үлкені мен болғандықтан ақша тауып, іні-қарындастарымды оқытсам деп Алматыға келдім. Тартпаған азабым жоқ. Сейфуллин көшесінде де тұрдым. Енді міне «барахолкада» жүрмін. Әлімжеттікпен ақша табатын «дөкейлерден» қалған мың теңгем квартира мен тамақтан аспайды. Неде болса шешеме жүк болмай, осылай жанымды баға тұрайын дедім». Ел қорғаны болар ерден естіген сөздің түрі осы болды. Анадай жерде тұрған күзетшіні көрсетіп, ендігі арманы «күзетші» болу екендігін де жасырмады. Жұмыстан әбден қажыған секілді. Оның ойынша күзетшілік жан қинамайтын рахат жұмыс.
Міне, осындай тағдырмен жүрген қаракөз бауырларымыздың тірлігі кім кімді де бейжай қалдырмаса керек. Олардың көбі амалдың жоқтығынан жүр. Бірақ жан сақтау, ақша табудың төте жолы тек арба сүйреу мен күзетші болу емес қой. Есесіне сауда-саттықтың қыр-сырын меңгеріп, аспаздық, наубайшылық, зергерлік сияқты кәсіптердің басын ұстау әлдеқайда дұрыс таңдау болмас па еді?! Тек бұларға ынта мен жігер керек. Жоқ, әлде «самса» сатқан өзбектен, «кебаб» сатқан түріктен кемдігіміз бар ма? Қайта өз жерімізде оларға қарағанда мүмкіндігіміз мол болуы керек емес пе? Ауыр жұмыс істеген адамның бүйрегіне,омыртқасына қысым түсетіні айтпаса да түсінікті. Ал, сондай жастардан қандай нұрлы болашақ, үлкен үміт күтуге болады?
«Базарға қарап тұрсам әркім барар». Базар - адамдардың ең көп жиналатын орыны. Онда мемлекеттің экономикалық әлеуеті мен қоса халықтың бет-бейнесі де көрінеді. Сол «Барахолкада» қазақтан басқа «дәрөгулеп» жүрген біреуді көрдіңіз бе? Елдің жүгін арқалар жастар арба сүйреп, жаттың қолына жалтақтап жүрсе басқалар не ойлайды? Біздің арман «Алаштың ұлы» болу емес, «базардың құлы» болу ма еді? «Дәрөгу» деп айқай салғаннан, «кебеб - 300 теңге» деп кері шалқайған әлдеқайда жақсы емес пе?
Бұл бір ғана «барахолкадағы» көрініс. Қоғамның әр саласында мұндай «трагедиялар» жетерлік. Қазақ өз жерінде өгей баланың күйін кешсе оған кім кінәлі? Басты себеп, өнер мен өренің кем соғып жатқандығында болса керек. Сондықтан, жастар намысты нанға сатпағанымыз жөн. Өйткені, арба сүйреу - өнер емес.
"Ана тілі" газеті