Өзбек-қырғыз шекарасындағы тыныштықты бұзған кім?
Өзбекстанның Әндіжан шаһарынан тағы шу шықты. Бұлай дейтініміздің де себебі бар. 2005 жылы мамыр айында осы жерде ала шапанды ағайындар бүлік салған. Сол кезде ресми Ташкент көшеге шыққан шерушілерді күшпен қуып таратты. Жүздеген адам оққа ұшты. Өзбек билігі Әндіжан оқиғасын «лаңкестердің әрекеті» деп бағалады. Толқу шоқтанып барып сөнген. Артынша АҚШ пен Батыс елдері «жазықсыз жүздеген адамды оққа байладың» деп, Ташкенттен теріс айналды. Өзбек ресми өкілдерінің шетелге шығуына шек қойды. Санкция жариялады. Тек 2008 жылы ғана Батыс Өзбекстанмен жаңа қарым-қатынас орнатып, суып кеткен ортаға қайта жылымық жүгіргендей болған. Каримовтан бастап өзге де билік басшыларының сыртқа шығуына рұқсат етілді. Ал бұл жолғы бүліктің жөні бөлек секілді.

Кейбір расталмаған дереккөздері 26 мамыр түні қырғыз бен өзбек шекарасында орналасқан «Ханабад» кедендік бекетте жарылыс болды» дегенді келтіреді. Сондай-ақ осы елді мекенде жиырмаға жуық белгісіз қарулы адамдар мен полицейлер арасында атыс болған. Белгісіз топ күштік құрылымдар орналасқан ғимаратты басып алуға тырысқан. Оққа ұшқандар мен жаралы болғандар бар көрінеді. Қалаға өзбектің әскери бронды техникалары мен арнаулы әскери бөлімдері кіргізілді. Дегенмен, ресми Ташкент бұл жөнінде ешқандай мәлімдеме таратқан жоқ. Үнсіз. 2005 жылғы Әндіжан қанды қырғынында да әу баста өзбек билігі болған оқиға жөнінде үнсіздік танытқан-ды. Тек әлем ақпарат құралдары болған оқиғаны жұртқа ұсынған соң ғана Ташкент өз уәжін амалсыз айтқан. Бұл жолы да ресми Ташкент жұмған аузын ашар емес. Керісінше, елінде ойран-топан болып жатқанда, Каримов Бразилияға сапарлап кете барды. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары қазір өзбек пен қырғыз шекарасы жабылғанын айтады.
Қырғыз жағы да әскери құрылымдарын шекараға жақындатқан. Қырғыз Ішкі істер министрлігі хабарына назар аударсақ, тәртіпсіздік шекараның арғы бетінде, яғни өзбек жерінде болған. Қазір екі елді жалғап тұратын «Ханабад» және «Достық» бекеттері жабылған. Бұл маңға өзбек жағы техника мен әскерді төгіп, қосымша тексеру бекеттерін құруда. Осыған қарағанда жағдайдың мәз емес екендігі белгілі. «Фергана.ру» сайтының таратқан хабарына қарағанда, қазір өзбектің Ханабад қаласындағы барлық қоғамдық орындар, мекемелер, шәйханалар жабылған. Қалаға жақын орналасқан қышлақ тұрғындары 26 мамыр түні жарылыс және атыс болғанын естіген. Қырғыз шекарашылары да шекарасының арғы бетінде төгілген қанның іздерін байқаған. Дегенмен бұдан сәл бұрын қырғыз бұқаралық-ақпарат құралдары Әндіжанда жаппай тәртіпсіздік болып жатқанын хабарлаған еді. Әзірге оқиға болған жерден жеткен хабар-ошар әртүрлі.
Ресми өзбек және қырғыз билігі ешқандай мәлімдеме тарата қойған жоқ. Бүліктің артында кім тұр? Бұл әлде жергілікті тұрғындардың билікке қарсы толқуы ма, әлде «өз алдына халифат құрамыз» деп баяғыдан даурығып жүрген экстримистік топтардың әрекеті ме? Әлде екі елдің шекарасында дүмпулер туғызып, түбі бір ағайындас елдерді бір-біріне айдап салмақ болған, әзірге аты белгісіз елдердің арнаулы қызмет орындарының арандату әрекеті ме? Белгісіз. Бір айта кетер жайт, «Ханабад» кеден бекеті қырғыздың Жалал-Абад облысы мен өзбектің Әндіжан облысының шекарасында орналасқан.
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ
“Айқын” газеті 27 мамыр 2009 жыл