«Тек қана олардың балалары балаларымызға осы елде тұруға рұқсат еттік демесе болды»
Қазақ оппозициясының көсемі Алтынбек Сәрсенбайұлының жесірі Салтанат Атушева. Алматы, 2009 жыл.
Осыдан төрт жыл бұрын қастандықпен өлтірілген қазақ оппозициясының жетекшісі Алтынбек Сәрсенбайұлының жесірі Азаттық радиосына эксклюзивті сұқбат берді. Салтанат Атушева бұл трагедияның артында не тұрғанын айтады.
Қазақ оппозициясының көсемі Алтынбек Сәрсенбайұлының жесірі Салтанат Атушева. Алматы, 2009 жыл.
Осыдан төрт жыл бұрын қастандықпен өлтірілген қазақ оппозициясының жетекшісі Алтынбек Сәрсенбайұлының жесірі Азаттық радиосына эксклюзивті сұқбат берді. Салтанат Атушева бұл трагедияның артында не тұрғанын айтады.
- Салтанат, алдымен Алтынбекпен қалай танысқаныңызды айтыңызшы. Алтынбек Сәрсенбайұлы - өте белгілі тұлға, алайда оның отбасы жайында халық ешнәрсе білмейді. Бұның өзі саяси өмірдің постсоветтік моделінің бір көрінісіндей, яғни, әйелі мен балалары әдетте саяси тұлғаның тасасында болады.
Сіз өзіңіз де өте сирек сұқбат бересіз. Бірақ, 2006 жылғы 11 ақпанда болған трагедиядан соң екі-үш мәрте бұқараның алдында айтқан сөзіңізден-ақ, сіздің Алтынбектің өзіне лайық жұбайы, оның балаларына лайықты анасы болғандығыңызды аңғартты.
Сіздердің екеуіңіз де 1980 жылдары Мәскеу университетінде оқып, сол кездері Мәскеуде танысқандарыңыз маған белгілі. Сонымен, романтика мен жасампаздық қуаныш құшағындағы советтік студенттердің өмірі, қазақ студенттерінің шағын ғана жерлестігі өткізген бір кеште сізді Алтынбекпен таныстырды. Сіз оны не үшін сүйдіңіз?
- Мәскеу университетінде және Мәскеудің өзге де жоғары оқу орындарында оқитын студенттер жиі-жиі бас қосып, танысып, араласып тұратын, бұл өзі қызықты кезең еді.
Алтекең екеуіміз сияқты, көптеген студенттер Мәскеуде оқып жүріп танысты. Біздің ортақ достарымыз болатын, олар мені сол бір студенттік кешке шақырды. Мүмкін, өзімнің Ресейдің қазағы болғандығымнан ба, мен қазақстандықтармен соншалықты көп араласа қойған жоқпын.
- Меніңше, Саратовтансыз-ау деймін?
- Иә, Саратовтанмын. Сөйтіп, сол күнгі кеште Алтекеңді кездестірдім. Бір көргеннен ғашық бола қалдым деп айта алмаймын. Менен: «Оны не үшін сүйдіңіз?» деп сұрап отырсыз ғой. Бірақ ондай сезім недәуір уақыт өткен соң барып туды. Бұл үшін Алтекеңді білу керек, мүмкін, мені де білу керек шығар - оның бәрі біртіндеп келді.
Алғашында біз жай ғана дос едік, жақсы достар болдық. Біздің ортақ достарымыз бар болатын. Біздің байланысымыз үзіліп те қалған кездер болды. Ол тұста бір-біріміздің өмірімізде не болып жатқанын ортақ достарымыз арқылы ғана біліп отыратынбыз. Содан соң, кейінірек, біздің қатынасымыз өзге деңгейге көтерілді.
Ол құрдастарының, студенттердің ортасында үнемі дараланып тұратын жан еді. Ол үлкендеу, байыптылау көрінетін. Оның болмысы өзгеше тұғын. Бұны өзгелер де байқады деп ойлаймын.
- Алтынбек Мәскеу университетінің журналистика факультетінде оқыды. Ал сіз сол кезде қай жерде оқыдыңыз?
- Мен тарих факультетінде оқыдым.
- Сол Мәскеу университетінде ме?
- Иә, Мәскеу университетінде.
- Алтынбек сізге қай уақыттан бастап қазақша үйрете бастады? Өйткені, сіз тұрмысқа шыға салып оның үлкен отбасына қосылдыңыз, Алтынбек сізге қазақша сөйлеуді үйретті. Мүмкін, сіз қазақша білген боларсыз? Өйткені, кейбір қазақтар Саратовты қазақтың байырғы жері - Сарытау деп айтқанды ұнатады. Яғни, сіз қазақи рухани ортада өстіңіз.
- Иә-иә, менің ата-анам менімен тек қазақ тілінде сөйлесетін. Сол себепті мен қазақша жақсы түсінетінмін, бірақ өзім соншалықты жақсы сөйлей алмаушы едім. Сондықтан, қалай дегенмен, қазақша сөйлеуді мен Алтекеңнен үйренген шығармын.
Алғашында өте қиындау болды. Өйткені, кей кездері мен туыстарыммен, тағы өзге біреулермен сөйлескенде үнемі орысша сөйлескім келіп тұратын. Бұл тұрғыда туыстарым мені қолдап отырды. Олар: «Егер саған қазақша сөйлеу қиындау болса, орысша айта бер. Орысша айта бер, ұялма балам, айта бер», - дейтін.
Алтекең маған: «Олар саған орысша сөйлей бер десе де сен тек қазақша сөйле», - дейтін. Біз екеуіміз көбінесе орысша сөйлесетінбіз, өйткені, маған толыққанды сөйлесіп-түсінісу керек болды, ал ол кезде мен тек орысша ғана еркін сөйлей алатынмын. Алтекең бұны түсінді. Күнделікті тұрмыста және ата-анамызбен, туыстарымызбен қазақша сөйлестім. Ол маған газеттер мен журналдар алып келетін және қазақ тіліндегі әлдебір қызықты мақалаларды оқуға беретін. Бұл тіптен бөлек тіл болатын. Осылайша, біртіндеп қазақша сөйлеуді үйрендім.
- Бұның барлығы Қазақстанда болды ма?
- Иә, бұның барлығы Қазақстанда болды, біз 1988 жылы үйлендік. Ол университетті менен бұрынырақ тәмамдады, ал мен одан кейін, 1988 жылы бітіріп шықтым. Сол жылы көктемде біз шаңырақ құрдық.
Салтанат Атушева мен Алтынбек Сәрсенбайұлы қыздары Шолпанмен. Алматы, қыркүйек, 1989 жыл.
- Және Алтынбек сізді журналистік карьерасын бастаған Алматыға алып кетті?
- Иә, ол «Арай - Заря» журналында журналист болатын.
- Иә, ол «Арай - Заря» журналының жауапты хатшысы болды. Содан соң оны «Өркен - Горизонт» газетіне ауыстырды. Ал сіздердің отбасылық тұрмыстарыңыз қалай басталды? Көптеген советтік отбасыларының жағдайына ұқсас болған шығар?
- Әрине. Біз ата-анамызбен бірге тұрдық. Алтекеңнің екі інісі де бізбен бірге тұрды. Ең кіші інісі ол уақытта үйленген, олардың кішкентай бөпесі болды. Міне, біз үш бөлмелі пәтерде үш отбасы және сол кездері әлі үйленбеген інісі бар - бәріміз бірге тұрдық.
Бұл тұрмыстық жағдайға қатысты мен ешқашан қиналған емеспін. Біз қайта жолымыз болған адамдармыз, тұратын жеріміз бар деп ойлайтынбыз. Пәтер жалдау, т.б. жағдайлардан мұқтаждық болған жоқ - ата-анамыз бізге үлкен қолдау көрсетті.
ОТБАСЫНЫҢ РУХАНИ ӨМІРІ
- Алтынбектің ата-анасы жайында айтып беріңізші. Оның әкесі Сәрсенбай ақсақалдың ел басқарған қадірлі адам болғандығы белгілі. Ол кісі колхоз басқарған екен. Алтынбектің анасы жайында да білгіміз келеді. Өйткені, Алтынбектің өлімі оның ата-анасына үлкен соққы болды. Сол 2006 жылдың қазан айында Алтынбектің анасы Күлихан апа қайтыс болды. Алтынбектің әпкесі де дүние салды.
- Алдымен әпкесі, содан соң анасы.
- Әпкесінің аты кім еді?
- Оның аты Бақыткүл болатын.
- Ал 2008 жылы дүниеден Сәрсенбай ақсақал да өтті. Олар қандай адамдар еді? Сәрсенбаевтардың үлкен әулетіндегі рухани байлықтың көзі неде еді?
- Алтекеңнің әкесі Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан адам, ол кісі Нарынқол ауданында ұзақ жылдар колхоз төрағасы болып қызмет істеген. Ленин орденімен марапатталған.
Алтынбек Сәрсенбайұлының әкесі мен анасы марқұмның бейітінің басына құлпытас орнатылған кезде. Алматы, 12 қыркүйек 2006 жыл.
Біз жаңадан үйленіп, жазда Нарынқолға барғанымызда, егде кісілердің, ақсақалдардың атамыз жайында үнемі үлкен құрметпен айтқан жылы лебіздерін еститінбіз. Кімнің баласысың деп сұрайды. Сәрсенбайдың ұлы екенін білген соң дастархан басына отырғызып, атамызбен бірге жұмыс істеген кездерін еске алатын. Бұл әңгімелерді айту барысында түрлі деректер қосылып, аңыз сияқты әсер қалдыратын.
Ел-жұрты атамызға деген құрметін осыншама жыл сақтап келіп, енді оның балаларына да жасағандай көрінетін. Алтекең бұны мақтан тұтатын. Адамдардың арада қаншама жыл өтсе де атамызды неге ұмытпайтынын түсіндім. Мен бұл отбасына келін болып түскенімде, атамыз колхоз төрағасы емес болатын. Ол кісі жасы келген қарапайым зейнеткер еді. Бірақ, даналық, әділдік, сезімталдық сияқты керемет қасиеттері анадайдан мен мұндалап тұратын.
Атамыздың қандай жағдайда болса да, қалай болғанда да әділдіктен таймайтын және әрдайым әлсіздерге болысатын қасиеті туыстарына жақсы белгілі. Бұл - атамыздың бойына біткен қасиеті болатын және осының өзі мені үнемі тәнті ететін.
Мүмкін, әкесінің көптеген қасиеттері Алтекеңе беріліп, оның тағдырына әсер еткен шығар. Неліктен оның тағдыры осылай қалыптасты? Ол әкесінің әділеттілікті сүйетін сезімтал қасиетін бойына сіңірген адам болды.
- Ал анасы, Күлихан апа ше?
- Анамыз өте дана адам еді. Ол кісі табиғатынан сезімтал, психолог адам болды деп ойлаймын. Ол кісі барлығымызды біріктіретін, мейірімі барлығымызға жететін, оның назарына барлығымыз ілігетінбіз. Апамыз барлық туыстарымыздың, тіпті ең алыс туыстарымыздың ешқайсысын ұмытпай жадында сақтайтын. Олардың отбасыларында болған жағдайларды ұмытпайтын, ол кісі туыстарымыздың балалары мен немерелерінің де аттарын ұмытпайтын. Бұл таңқаларлық қасиет еді. Апамыз осыдан көп жылдар бұрын өтіп кеткен оқиғаларды күні кеше ғана болғандай, барлық адамдардың аты-жөніне дейін атап айтып отыратын.
Ата-енем мені өте жылы қабылдады. Меніңше, олардың маған деген ерекше ықыласының арқасында мен осы бір үлкен отбасына тез сіңісіп кеттім.
Алтынбек Сарсенбайұлының жары Салтанат Атушева марқұм күйеуінің бейітінің басына құлпытас орнатылған күні. 12 қыркүйек 2006 жыл.
Балалары ата-анасын жерлесе, ол - табиғи жағдай. Әрине, өте қайғылы, өте ауыр, бірақ табиғи дүние. Ал, енді ата-анасы баласын жерлегенде, бұл - сұмдық, жан түршіктірерлік жат дүние. Бұлай болмауы керек.
Алтынбектің қырқында Кеңсайдағы бейітінің басына барып құран оқығанымыз есімде. Бір сәтте ата-анамызға бір қырларынан көзім түсті. Жанарларында жас та жоқ, жастары ағып таусылған қарттардың бейіттің үстіне еңкейіп: «Құлыным, топырағың торқа болсын», - деп күбірлегенін естідім. Осы бір өте қасіретті көрініс менің жадымда мәңгілік қалады.
Қазақта кәрілер мен балалардың көз жасы жібермейді деген сөз бар. Мен бұған сенемін. Ата-анамыздың көз жасы, балаларымның көз жасы осы жауыздықты жасаған адамдарды жібермейді, бұл үшін олардың балалары да жауап береді деп ойлаймын.
- Сәрсенбай ақсақал 2006 жылғы 11 ақпандағы трагедия туралы не деді? Ол отбасында не айтты? Өйткені, ақсақалдар бір ауыз сөзбен талай нәрсені айтады ғой. Ол кісі не деді?
- ... Ол қатты күйзелді. Атамыз өзін-өзі ұстауға тырысты, мүмкіндігінше бәрімізге күш-қуат бергісі келді деп ойлаймын. Талай-талай нәрсе айтылды. Ол кісінің түсіне алмағаны - Алтекең сияқты масштабтағы, Алтекең сияқты күш-жігері бар адамды қалай ғана...
Ол талай нәрсені жасай алатын еді, бірақ оған жасатқызбады. Және ең бастысы, ол Алтекеңнің қандай патриот екенін білді. Жай ғана сөз жүзіндегі патриот емес, өзінің не істейтінін, қалай істейтінін білетін адам болатын. Бұны ешкім бағалаған жоқ, бұның ешкімге керегі болмады. Бұндай жайттан, біздің бәріміз сияқты, ол да қатты түңілді деп ойлаймын.
- Алтынбек оның ең сүйікті ұлы болған деседі. Алтынбек әлі редактор, баспасөз менеджері болып тұрған кезінде талай әңгімелер айтылатын. Алматылық журналистердің арасында ол туралы небір аңыздар жүретін.
Әкесі бала кезінен оны жиын-тойларға, халық жиналған жерлерге өзімен бірге алып жүрген деседі. Баласы рухани өмірді, мәдениетті жастайынан бойына сіңірсін деген оймен оны үнемі өзімен бірге алып жүріп, жанына отырғызып қоятын деген әңгімелер айтылатын. Оның бойына басшыға қажет қабілеттерді дарытқан дейді.
- Басшылық қабілет жайында білмеймін, мүмкін солай шығар. Ата-енеммен таныса келіп мен олардың Алтекеңе деген қарым-қатынасына қайран қалдым. Ол кісілер барлық балаларын бірдей жақсы көреді.
Бірақ Алтекеңе деген ықыласы ерекше болатын. Олар баласының пікіріне құлақ асатын, тіпті студент кезінде де оның айтқан шешімдерін қабылдап отырды. Ол да ата-анасына сондай құрметпен, сондай махаббатпен қарады, солай бола тұра шекарадан аттамайтын. Дәстүрлі қазақ отбасыларында ата-ана мен балалар арасындағы мұндай қарым-қатынас мықты сақталады.
Сол себепті ол оппозицияға кету туралы шешім қабылдағанда, ата-анасы ешнәрсе дей алмады, яғни, олар болған жайды болған сол күйінде қабылдады. Олар ұлдары шешім қабылдаған соң оны өзгерте алмайтындарын білді.
Тек анамыз әлденені жүрегімен сезгендей болды. Ол кісі 30-жылдарды көрген, сталиндік режим кезінде өмір сүрген адам. Билікке қарсы шығудың қаншалықты қауіпті екендігін ол кісі білді. Бірақ, баласын райынан қайтарғысы келген жоқ, тек қана: «Ұлым, абай бол, абай бол», - деді.
Бірақ, Алтекең оны әзілге айналдырып: «Апа, қорықпаңыз, ешнәрсе болмайды, барлығы жақсы болады, қобалжымаңыз», - деп жауап берді.
Кішкентай кезінде әкесі оны жанынан тастамайтынын Алтынбектің өзі маған айтып бергенінен білемін. Той жағын білмедім, ол жайында маған айтқан емес, ал енді колхоздың жұмысымен, шопандарды аралағанда әкесі Алтекеңді бірге алып жүрген.
Сондықтан да әкесі жайында Алтекең сондай бір сүйсіне, құрметпен әңгімелейтін. Егер өзінің қолынан келетін істі жақсылап, ыждағатпен істейтін адамды көрсең, оған өзгеше бір құрметпен қарай бастайсың ғой. Осы сезімді Алтекеңнен көруге болады.
Бұл оның болашағына әсер етті-ау деп ойлаймын.
САЯСИ ҰСТАНЫМЫ
- Солай бола тұра, Алтынбек 2005 жылы оппозиция жағына шыққан кезінде ата-анасына қолынан келгенінше басу айтты. Ата-анасы әлденені сезуі мүмкін еді. Сіз, әсіресе анасы ерекше сезді дейсіз.
2005 жылы Ресейдегі елші болып жүріп Қазақстан басшылығының атына сыни мәлімдеме жасаған соң ол отбасын Мәскеуде қалдырып кетті. Алматылық «Время» газетіне даулы сұқбат берді, сөйтіп Отанына оралды. Және саяси шекараның қарсы бетіне өтті.
- Бұл мақаланы не үшін даулы деп айтатынын мен түсінбеймін. Ол ешқандай да даулы емес болатын. Ол логикаға сай болатын, өзім оқып шаққан ол мақала мен үшін үйлесімді болатын, өйткені, ол бұған дейін ұзақ кезеңді өткерді. Ол бұл шешімге аяқ астынан бір күннің ішінде келе салған жоқ, ертемен ояна салып оппозиционер бола қалған жоқ.
«Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының құрылтайына жиналған қазақ оппозициясының қайраткерлері. Солдан оңға қарай: Ораз Жандосов, Заманбек Нұрқаділов, Жармахан Тұяқбай, Алтынбек Сарсенбайұлы, Болат Әбілов, Асылбек Қожахметов және Гүлжан Ерғалиева. Алматы, 2005 жыл.
Алтекеңнің жағдайы мүлдем бөлек болды. Ол жайында (немесе мысалы, Зәке, Ғалымжан, Жармахан немесе Ораз секілді адамдар туралы) бәзбіреулер: олар жұмыс істеді, адал қызмет етті, содан соң сатып кетіп, оппозиционер болды дейтін.
Мені бұл сөз таң қалдырады: олар Отанына, мемлекетке, халыққа қызмет етті, олар Назарбаевқа қызмет еткен жоқ. Сондықтан, әлгі мақала мен үшін ешқандай даулы болған жоқ. Оны өте жақсы білетіндер үшін бұл оның өмірінің логикалық келесі бір кезеңі болатын.
Тағы да қайталап айтқым келеді, олар бұндай шешімге өте үлкен кезеңнен өтіп келді. Біраз уақыт олар Назарбаевқа қарсы емес, Назарбаев үшін күресті. Олар осы жүйенің ішінде жүріп еліне көбірек қызмет ететіндеріне сенді.
Назарбаев тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің бірінші президенті болғандықтан, оның ерекше миссиясы, демек, ерекше жауапкершілігі бар деген сөзді Алтекең жиі айтатын.
Ал 2001 жыл бұл үміттің күл-талқанын шығарып, қатты түңілдірді. Әйткенмен Алтекең оқиғаның бұлайша өрбитіндігіне даяр болды деп ойлаймын.
Ол не нәрсені болса да ауқымды, алыстан байқайтын деп үнемі айтамын. Шамасы, бұл оның талдаушылық дарыны болса керек. Кейбір кездері ол тым шыдамсызданып кететін. Өйткені, ол мәселенің түйіні неде екендігін көріп тұратын. Ал адамдар бұны әлі байқамайтын, олардың көзқарасы барынша кішілеу, тарлау болатын. Осының өзі оның зығырданын қайнататын. Ол ашулана бастайтын. «Көрініп тұрған дүние ғой, осыны да білмейді ме?» деп түсінбейтін.
- Ол қалай көрді, ол нені көрді, оның көзқарасы қалай еді? Қазақстан басшылығында қалыптасқан құндылықтарды, идеяларды қайтадан ой елегінен өткізуге не себеп болды? Бұның себебі неде еді?
- Ол жерде бірнеше себеп болды деп ойлаймын. Олардың бірі - әлгі жаттанды «тұрақтылық» үшін деген ұранмен билік күшейтіліп жатты. Биліктің бір адамның қолына шоғырлануы өте қауіпті екендігі көрініп тұрды. Және ол бұны түсінді.
Мынадай бір жағдайдың болғаны есімде. Екеуіміз әңгімелесіп отырғанбыз. Содан соң ол басшы ақпаратты бірнеше бұлақтан алуы керек деді. Және де біріне бірі қарама-қарсы әр топтан, әртүрлі ықпал ету топтарынан алуы керек. Адам бұл ақпаратты алады, содан соң оны ой елегінен өткізіп, талдай отырып, не болып жатқанын айқын түсінеді.
Адам билікте ұзақ отырған кезде шаршайды, оның жайсыз ақпарат естігісі келмейді, ол бұны қаламайды.
Нәтижесінде, жайсыз жаңалықтар алып келген адам біртіндеп оқшаулана, алыстай береді. Оны жау, сатқын санайды. Оған: «Айналайын, сен неге риза емессің? Барлығы жақсы. Сен неге маған үнемі әлдебір былық-шылықты айтасың, неге сен менің көңіл-күйімді бұза бересің?» - дейді.
Ақырында билікте отырған адам шынайы өмірден алыстай береді. Ол өзі мен айналасында жүргендер ойдан шығарып алған виртуалды әлемде өмір сүреді.
Содан соң ол тек оған қауіпсіз болып көрінген, оны сатып кетпейді деп ойлайтын адамдармен жұмыс істей бастайды. Ал бұлар болса көбінесе әлсіз, өз ұстанымы жоқ адамдар. Ақырында қазіргі билікте болып жатқан жағдайларға тап келеміз.
- Сіз авторитарлық режимнің табиғаты - авторитарлық жетекші өзінің айналасына қамал жасап алып, төңірегін өзіне қолайлы адамдармен қоршап, халықтан алыстай түседі дедіңіз.
Алтынбек президентке ықпал еткісі келген шығар? Ол президентке жақын болды, сондықтан Назарбаевтың бетін реформаторлық бағытқа бұрғысы келген болар? Алтынбектің оны тұңғыш президент ретінде тарихи тұлға деп бағалағаны туралы айттыңыз. Ол президентке қалай ықпал етпек болды?
- Ол үйге келе салып: «міне, мен бүгін ықпал етіп едім, Назарбаев мен дұрыс деп есептеген шешімді қабылдады» деп айтпады ғой, әрине. Мүлдем олай емес.
Мынадай бір уақыттардың болған кезі менің есімде. Олар президентке кіріп, ойындағыларын айтқан кезде президент оларды тыңдап, қолдап және өзінің де идеяларын қосып отырған. Олар осындай тәртіппен жұмыс істеген кез, өзгеше уақыт болатын. Кейін ондай жағдайлар біртіндеп азая бастаған шақ келді, бұл оның өмірінің басқа кезеңі болатын. Мен оны да көріп, сездім.
Бұған қоса оның басқарып отырған мекемесі қиындау, күрделілеу болатын. Бұның қаншалықты күрделі екендігін ол түсінді. Міне, осы кезде оның қызы (президент Нұрсұлтан Назарбаевтың - Азаттық радиосы), соңынан күйеу баласы телевидениеге келеді. Бұл деген нағыз бассыздық болатын және бұл оны қатты жабырқатты. Егер ол Дариғамен, Рахатпен дос болып, олардың айтқандарын орындап, күлімсіреп, иіліп, бүгіліп тұрса, әлі күнге дейін әлдебір жерде кеңесші болып жүрер еді деп ойлаймын.
Сапыра, сапыра тозығы жеткен карта сияқты, қазіргі топтың арасында бір қызметтен екіншісіне ауысып жүрер еді. Түсініп үлгере алмайсың. Кеше ғана кеңесші болған кісі енді бүгін - көмекші, ертең тағы да - көмекші, ал келесі күні - әкім. Бүгін сүйкімді аталса, ертең - қуғында болады. Бірақ мен оның барысын қадағаламаймын. Мен үшін қызықты емес.
Алтекең басқаша қарайтын, ол өзгеше түсінетін, мемлекетшіл болатын, қалай істеу керектігін білетін. Жіберілген қателіктерді көріп тұратын. Бұл қателікті қалай түзеу керектігін де білетін, бұл мемлекетті қалай жұмыс істетуге болатынын, болашаққа жұмыс істейтін жүйені қалай құру керектігін білетін.