Дәурен Қуат. Тойды ойлағандар тойып секіреді
Жыл басын жаңа лепес, жалынды ұранның бәсекесімен бастаған тілді, жақты айтқыштардың арасынан әдеттегідей генерал-депутат Ғани Қасымовтың дауысы ерекеше естілгені есімізде шығар. Бүгінгі заманның саяси ойындарына орай саяси жобаларды жөргек етіп қайта туа салғандардың бірі осы Ғани Қасымов дейтін азаматымыз болғандықтан ба, оның әйтеуір, керек уақытында керек сөзді жария етуден жаңылған жері кем. Бұл жолы да өзгелерден қара үзіп шыққан ол бас бостандығынан айрылып, жазасын темір тордың ішінде өткеріп жатқандарға рақымшылық жасайық деп сайрай жөнелді. Рақымшылықты ол 2010 жылдың құрметіне сұраған жоқ, әрине. Үлкен себепті, жалпы халық жапырыла атап өтуге тиіс ұлан-асыр мерекені алдыға сала отырып сұрады. Өйткені биыл, Иншалла, Елбасымыз жетпіс деген жастың желкенін кермек! Көрдіңіз бе, мәселенің мәнісі қайда?.. Әдетте рас, біздің елде бұқаралық сипат иеленіп, мемелкеттік деңгейде аталатын айтулы даталарда абақтыға қамалғандардың жазасы жеңілдетіліп ішінара бостандық алатындары бар. Дегенде, сөз жоқ Астанадағы «Қазақ елі» монументінде шағын ескерткіші бой көтеріп үлгерген Президент Назарбаевтың мерейлі жасқа жеткенін әйгілейтін бір күн (6-шілде) қайткенде Қазақстанды сән-салтанатқа бөлейтіні хақ.
Жыл басын жаңа лепес, жалынды ұранның бәсекесімен бастаған тілді, жақты айтқыштардың арасынан әдеттегідей генерал-депутат Ғани Қасымовтың дауысы ерекеше естілгені есімізде шығар. Бүгінгі заманның саяси ойындарына орай саяси жобаларды жөргек етіп қайта туа салғандардың бірі осы Ғани Қасымов дейтін азаматымыз болғандықтан ба, оның әйтеуір, керек уақытында керек сөзді жария етуден жаңылған жері кем. Бұл жолы да өзгелерден қара үзіп шыққан ол бас бостандығынан айрылып, жазасын темір тордың ішінде өткеріп жатқандарға рақымшылық жасайық деп сайрай жөнелді. Рақымшылықты ол 2010 жылдың құрметіне сұраған жоқ, әрине. Үлкен себепті, жалпы халық жапырыла атап өтуге тиіс ұлан-асыр мерекені алдыға сала отырып сұрады. Өйткені биыл, Иншалла, Елбасымыз жетпіс деген жастың желкенін кермек! Көрдіңіз бе, мәселенің мәнісі қайда?.. Әдетте рас, біздің елде бұқаралық сипат иеленіп, мемелкеттік деңгейде аталатын айтулы даталарда абақтыға қамалғандардың жазасы жеңілдетіліп ішінара бостандық алатындары бар. Дегенде, сөз жоқ Астанадағы «Қазақ елі» монументінде шағын ескерткіші бой көтеріп үлгерген Президент Назарбаевтың мерейлі жасқа жеткенін әйгілейтін бір күн (6-шілде) қайткенде Қазақстанды сән-салтанатқа бөлейтіні хақ. Қазақстан тұрыпты, ұлық кісілердің қыбын тауып сөйлеуді өнер деңгейіне дейін «өсірген» Аслан Мусин сияқты жігіттер аман болса, Елбасымыздың жетпісін жер-жаһан түгел тойлауы мүмкін. Бірақ, асабалыққа асыққан Асланды Президент Назарбаевтың өзі үкіметтің жалпақ жиынында тиып тастағандай сыңай танытты. Ал, сол күні Алматы облысының Ақсу ауданына қарасты бірнеше ауылды (Қызылағаш, Егінсу, Көлтабан) тасқын алып, қорғансыз ауыл адамдары ажал құшып жатқан еді. Ертеңінде, 13 наурыз күні Президент үкімет құрамынан жасақталған шағын топпен шұғыл кездесіп, суға кеткен марқұмдарды бір минут еске алып үнісіздік жариялады. Содан соң аталған оқиғаға кінәлі басшы-қосшыны қатаң жазалау керектігін ескертті. Вице-премьер Әсет Исекешевтің құзырына берілген топ қысқа мерзімде апаттың себебі мен салдарын анықтап, Елбасына мәлім етпек. Қазақстанда қылмысты істің қырындысын ақтарып жазу үшін Эдгар Алан По немесе Артур Конон Дойл сияқты қиыннан қиыстырудың қажеті шамалы, біз былай істейміз: алдымен қыңыр қазақтарды дер кезінде қауіпті аймақтан арқалап көшіре алмаған ауыл әкімін шырылдатып ұсатаймыз да айып-анжысын тарттырып, абақтыға айдаймыз. Сосын оның қасына алапат тасқынға қалақ ұстап шықса да қалқайып қарсы тұруға шамасы жетпеген гидротехниктерді қосақтаймыз. Бітті шаруа. Өйткені, бізде мұндай жосықсыз өлім, ауыр қаза, қаралы хабарға шенді шекпенділер жауап бермейді. Жазаға тартылмайды. Мәселенки, жыл басынан бері табиғаттың тарпаң мінез танытып тұрғанын білетін Төтенше жағдайлар жөніндегі министр Божко таулы өңірлерде, арналы өзен бойларында, алып бөгендер салынған нысандарға таяу қоныс тепкен елді-мекендердің қауіпсіздігін қатаң бақылап, шетін жайттардың алдын алуға қарамағындағы қызметкерлерімен сақадай-сай тұруға тиіс еді. Оныкі қашанда қасқыр шауып кеткен қотанды айналып үретін қойтөбеттің тірлігі - оқиға болып ойбайлап қалған жерге көкшірейіп келеді де кетеді. Сол шіркінді кім шікірә етіп жүргенін білмедік, тым құрыса бір депутат «отставкаға барсын» дей алмайды ғой. Осы жолы да Божконың төбесінен бұлт айналмасына кепілміз.
Ел іші өстіп өксікке толғанда қызметін тастап шығуға тиіс тұлғаның бірі - Премьер-министр Мәсімов болуы керек еді. Ол да қара мәлін түстес мұртын қаралы қауымға көрсетіп, бірдеңе-сірдеңені жыбырлап, жылбысқалап міңгірледі де ұшағына мініп тайып тұрды. Оған да әлі отставканың ауылы алыс байқаймын.
Алапат тасқын жұтқан Қызылағаш ауылының трагедиясы Ақ Ордада бір минутке жарияланған үнсіздікпен біткенге ұқсайды. Себебі, біз бұл сұмдыққа мән беріп, бір күн аза тұтуға да жарымадық. Ата Заңымыздағы басты байлығымыз - адам екенін де ұмыттық.
Телеарналардың үзіп-жұлып, монтаждап берген бейне көрсетілімдері мен ақпарат агенттіктері тартқан шолақ хабарлардан ғана құлағдар болған қылың бұқара да «о, сұмдық-ай!» дегеннен әріге бара қойған жоқ. Неге десеңіз, көпшілік әлгі сұмдықтың сұсын сезіне алмады. Сезіне алмаған себебі қызылағаштықтар айтқандай «БАҚ шындықтың бетін бүркеп қалды». Әгәрәки, осындай апат көрші Қырғызстанда (Құдай бетін ары қылсын) бола қалсыншы, Хабар арнасынан бастап аш-жалаңаш жұрттың жұтаған қалін көрсеткенде көзімізді атыздай етер еді. Сондықтан сөздің қысқасы:
Біріншіден, Қызылағаш оқиғасы барлық арналар мен баспасөз беттерінде ашық талқыға салынып, тасқынның қанды аузына жұтылып, ажал құшқан марқұмдар туралы мәлімет толық жариялануға тиіс. Табиғат апатындай тілсіз жаудың табан астынан шығып таптап кетерін біздің бейқам жұрттың біле жүруі үшін де қажет бұл мәлімет.
Екіншіден, қар мол жауған таулы өңірлер мен су қоймаларының аузындағы елді мекеннің жұртын шұғыл көшіруге жауапты мемлекеттік құрылымдар дайындықты қузап, Үкіметтік құрам еліміздегі ерекше аймақтардың қауіпсіздігін бақылап шығып, нақты шараларға кірісуі керек.
Үшіншіден, Кеңес өкіметінің тұсында жасалып тоз-тоз тозы шыққан Қазақстанның қауіпті аймақтары туралы картаға үңілетін уақыт шегінен асып барады. Асып барады деуімізге мысал экологиялық проблемаларға байланысты қазақ жерінде көбейе түскен өңірлерден көптеп табылады.
Төртіншіден, Қазақстанның әр азаматы: тау жебелеген жылқышысы, аңшысы, балықшысы жергілікті әкімшіліктерде есепке алынып, кімнің қайда жүргені қатаң бақылауда болуы керек. Алыс ауылдардағы байланыс құралдарының жұмысына үкіметтік деңгейде назар аударылу қажет.
... Керек... қажет... тиіс... Керектер мен қажеттерді бұдан әрі де толықтыра беруіміз керек. Сондай керектердің бастысы ретінде біз жетпіс жылдыққа асығып, желпініп жүргендерді болашақ мерейтой иесінен тезге салуды да талап етуіміз керек. Той қамын ойлағансып тойынғандар қашанғы секіре беруі керек?!.
«Абай-ақпарат»