Солақайлық сор ма, бақ па?..
Мен таяуда көше бойымен жүріп келе жатып, ұлпа қар үстінде ойнап жүрген кішкентай бүлдіршінді көрдім. Байқасам балақай ойыншықтарын сол қолымен ұстайды. Бір мезетте әлгі сәбидің анасы періштеге «осы сенің оң қолың жоқ па, күннен-күнге солақай болып барасың» деген зілді сөзі құлағыма түрпідей тиді. Содан ойлана келе солақайлықтың құпиясына үңіліп көруді ұйғардым. Жалпы солақай адамдар тумысынан дарынды келеді дейді білетіндер. Себебі, ондай жандар өз мақсатына жету үшін қандай қиыншылыққа көнуге даяр. Бір қызығы, осы қағиданы желеу етіп, солақайлық қасиетті қолдан жасайтындар да бар екен. Енді жұмыр басты пенденің кез келгеніне бұйыра бермейтін қасиет жайында сөз қозғап керелік.
Мен таяуда көше бойымен жүріп келе жатып, ұлпа қар үстінде ойнап жүрген кішкентай бүлдіршінді көрдім. Байқасам балақай ойыншықтарын сол қолымен ұстайды. Бір мезетте әлгі сәбидің анасы періштеге «осы сенің оң қолың жоқ па, күннен-күнге солақай болып барасың» деген зілді сөзі құлағыма түрпідей тиді. Содан ойлана келе солақайлықтың құпиясына үңіліп көруді ұйғардым. Жалпы солақай адамдар тумысынан дарынды келеді дейді білетіндер. Себебі, ондай жандар өз мақсатына жету үшін қандай қиыншылыққа көнуге даяр. Бір қызығы, осы қағиданы желеу етіп, солақайлық қасиетті қолдан жасайтындар да бар екен. Енді жұмыр басты пенденің кез келгеніне бұйыра бермейтін қасиет жайында сөз қозғап керелік.
Алдымен «солақай» деген сөзді естігенде әрбір көзіқарақты оқырманның ойына кешегі Кеңес үкіметінің солақай саясаты елестейді. Бұған себеп те жоқ емес. Өйткені, сол солақай саясат қаншама алаш арыстарын қудалады. Дарға асты, атты-шапты. Сол кешегі дәуірдегі құйтырқы саясат адамзат жаратылысына әртүрлі қиянат жасады. Атап айтсақ, осы «жазаның» тізіміне солақай жасөспірімдер ілікті. Кеңес одағы тұсында солақай жандарды жаппай оң қолға үйрету науқаны жасалғандығын біреу білсе, біреу білмейді. Аталған сарындағы бастамалар жалпақ жұртты жақсылыққа апарып соқтырған емес. Солақайлықпен күрес біреудің жаратылысына жақты, ал кейбіреулерінің табиғатына керісінше, зардап әкелді. Кеңестік жүйе солақайлықты кемістік, керек десеңіз, кесапат деп таныды. Бір өкініштісі, мұндай әрекеттер тайға таңба басқандай айқын емес, жымысқы әрекетпен жүзеге асырылды. Құзырлы орындарда отырған «көкелер» ұстаздар қауымына солақайлықпен күресудің ашық алаңы мектеп екендігін жиі ескертіп отырды. Сәбидің бұл үшін жүйке немесе басқа да ауруларға ұшырайтындығын дәрігерлер саясаткерлерге ескерткенмен оған ешкім құлақ аспады. Тіпті, солақай жандардың оң қолмен тамақ жегенде ішіп отырған асының дәм-тұзын тұшына алмайтындарын ғылыми түрде ғалымдар дәлелдеген. Бұл мәселенің сол кезде екінші жағы қаперге ілінбеді. Ғаламтордан тақырыпқа қатысты деректер іздегенімізде мәселенің ушыққандығын аңғардық. Мектеп қабырғасындағы «кішкентай солақайлар» мұғалімнің қатаң талабына шыдай алмапты. Сондай балалардың көбісі ауруға шалдыққандығын әрі оқуын жалғастыра алмағандығы мәлім болды. Ұстазының қатулы қабағынан жасқанып, сыныптастарының «солақай» атты мазағына қалған жаны жаралы жасөспірім бейнесін көз алдыңызға елестетіп көрсеңіз адам жаны түршігеді. Оларға сол кезеңде жасалған қиянатқа кім кінәлі? Әрине - билік. Билікті басқарған басшылар жазықты.
Және бір дерек. Психологтар солақай жандардың шығармашылық жұмысқа аса қабілетті болатындығын айтады. Бұл арада адам жан дүниесінің білгірімен келіспеске шара жоқ. Тарихқа аздап шегініс жасасақ, есімдері жалпақ әлемге танымал мынадай жайсаңдар тіл ұшына оралады. Олар әйгілі солақайлар Аристотель, Юлий Цезарь, Наполен, Уинстон Черчилль, Пушкин, Толстой, Шопен, Чаплин, Леонардо да Винчи, Исаак Ньютон, Марк Твен, Елизавета патшайым, сондай-ақ Американың үш президенті Рональд Рейган, Джордж Буш (үлкені), Билл Клинтон, әлемнің ең бай адамының бірі Билл Гейс, киножұлдыздар Мерилин Монро, Джулия Робертс, Пол Маккартни, Сильвестр Сталоне, Том Круз, Николь Кидман тағы басқалар... Қазақ халқында да солақай асыл азаматтар жетерлік. Қазақтың бір туар сазгер-күйшісі Нұрғиса Тілендиевтің домбыра тартқанда буынсыз бишіге ұқсайтындығы баршаға мәлім. Осыны байқаған биші ұстаздар Нұрғиса ағаны консерваторияда оқып жүргенде би факультетіне алып кеткен. Арада біраз уақыт өткенде халқымыздың тұңғыш музыкатанушысы Ахмет Жұбанов Нұрғиса Тілендиевті қолынан жетектеп, домбыра класына қайта әкелгенін қазіргі жұрт аңыз қылып айтып жүр. Сонымен қатар, қазақ халқының тұңғыш спорт журналшысы болған Сейдахмет Бердіқұловтың «спорт деген бір сиқыр» атты сөз тіркесі бүгінгі таңда мақал-мәтелге айналып кетті. Ол ағамыз да осы солақайлар қатарынан. Және одан қалды қазақтың танымал суретшісі Гүлфайрус Исмаилова Ресейде оқып жүргенде сол қолымен сурет салудан ұялып жүргенде, оның жанына келген ұстазы «сен ұялма, қай қолыңмен сурет салған ыңғайлы сала бер» деп әлемнің әйгілі суретшісі Леонардо да Винчидің де сол қолмен сурет салғанын айтқан. Кеңес үкіметі демекші, кеңестік дәуірдегі әккі саясаткерлер арасында «ақ түлкі» деген лақап атқа ие болған Грузияның экс-президенті Эдуард Шеварднадзе де солақай екен.
Мамандар жер бетіне шыр етіп дүниеге келген 100 сәбидің біреуі ғана солақай болып туылатынын айтады. Осыдан-ақ, солақайлардың сирек жаратылыс иесі екендігін мойындамасқа амалымыз жоқ. Әсіресе, бокс пен тенниске ебіңіз болса, бағыңыз жанды дей беріңіз. Бұған да айтар уәж табылады. Мәселен, кубалық боксшылардың барлығы солақай болып келеді. Және олар еңбекқор. Сондықтан да олар әлемдік додаларда алдарына жан салмай жүр. Осыны байқаған еліміздің танымал боксшысы Ермахан Ибраимов өзі оңқай болса да, солақай боксшыларша кейіп танытып, сол жақпен қырындап, оң қолын алға жұмсап жүріп-ақ Сиднейде алтын медаль олжалады. Мұның сырын кейін сұрап білдік. Бұл Ермаханның қарсыластарына көрсеткен қулығы екен. Кезінде әлемге әйгілі теннисші болған американдық Пит Сампрастың да солақай екендігін спорт сүйер қауым жақсы біледі.
Күнен-күнге қарыштап дамып келе жатқан ғылым құрсақта жатқан жас сәбидің солақай немесе оңқай екененін небары 10-11 аптада анықтайтын дәрежеге жетіп отыр. Оны білу аса қиындық тудырмайды. Ана құрсағында жатқан нәресте оң қолының бас бармағын сорса-оңқай, сол қолының бармағын сорса-солақай болып дүниеге келетіндігі анықталған. Ғалымдар сондай бір сәбиді ер жеткенше бақылағанда қателеспепті. Сонымен, ғылым солақай жандарды мынадай төрт топқа бөледі. Біріншісі, тұқым қуалайды. Яғни, қан мен тек арқылы ұрпақтан ұрпаққа беріледі. Осындай алғашқы топтың санатына жататындардың саны 10 пайызға ғана жуық. Екінші, әйелдердің кеш босануына байланысты. Карьера қуып, көк етіктіні менсінбей уақыт создырып алған әйелдер құрсағынан жаралған сәби дүниеге келерде ауыр қиналысқа түседі. Соның салдарынан оқ қолдың қызметіне жауап беретін мидың клеткалары зақымдануға ұшырайды. Жыл өткен сайын солақайлықтың осы түрімен дүниеге келетін сәбилердің саны артып келеді. Елімізде жұмысбасты бойдақтардың саны 2 жарым миллионға жетіп отыр. Үшіншісі, мәжбүрліктен орын алады. Мысалы, сәби қолын күйдіріп алған жағдайда сол қолдың көмегіне тәуелді болады. Төртіншісі, саналы түрде өзін-өзі күштеп үйретуден. Осы топтың арасында екі қолымен де тамақ ішетін, қос қолымен жазу жаза алатындар да кездеседі. Адамзат баласының қолынан небір таңғажайыптар келетіндігін, ниеттенсе адам кез келген істі үйренбей қоймайтындығын осы төртінші топтағылар тағы дәлелдей түскендей.
Ғасырлар ауысып, жылдар сусығанмен адамзат ет пен сүйекке сіңісті дертінен әлі айыға алмай келеді. Жоғарыда сөз еткеніміздей, кейбір ата-аналардың «неге оң қолмен жазу жазып, тамақ ішпейсің» - деген тосыннан айтылған қатаң талаптарын көзіміз көріп, құлағымыз естігендіктен бұл мәселені қозғап отырмыз. Солақайлықтан қашудық қажеті жоқ. Солақайлық кемшілік емес, әр адамның басына қона бермейтін ерекше қабілет деп қабылдауымыз керек. Ескі аурудың өміршеңдігінен айыға алмаған барша ата-аналардың құлағына алтын сырға. Адамзат баласы аман болса, бұдан кейін де солақай қолды Сейдахмет пен Нұрғисалардың туылатындығына еш күмәніміз жоқ. Тек сондай солақай жандардың жолына бөгет болмайық.
Қысқасы, мақаладағы баяндалған жайттар солақайлықтың осы күнге дейінгі баршаға аян кішігірім құпиялары ғана. Бізге беймәлімі қаншама... Адамның солақай болып жаратылуының себебі не? Бұл сұраққа берілер әзірге нақты жауап жоқ. Қалай дегенмен, солақайлықтың әлі ашылмаған сыры мен құпиясы жұмбақ күйінде қалып отыр. Ал, сонда солақайлық - адам баласының біреуіне бақ болса, ал екіншісіне сор боп қала бермек пе?..
Мәди ҚУАНЫШҰЛЫ
«Солақай» әзіл
Бірде мұңайып отырған жігіттің жанына келген жолдасы былай дейді:
-Достым, сен неге көңілсізсің?
-Көңі-күйім жоқ.
-Керісінше, сен қуанбайсың ба, бастығыңның жұмыста «оң қолы» болыпсың?
-Бастықтың «оң қолы» болуын болдым, бірақ менің бастығым солақай болып шықты.