ҚР территориясындағы барлық БАҚ өкілдеріне
ҚР Білім және ғылым министрі
Ж. Түймебаевтың назарына
Атына заты сай ма?
(Мемлекеттің таянышына қауіпті, рухани азғындаудың
алдын алайық ағайын....)
Қоғамның даму барысы ондағы өмір сүріп отырған халықтың саяси мәдениеті мен білім деңгейіне байланысты екендігі табиғи заңдылық. Осы қағидаға илансақ онда бүгін таңда оқытып, білім беріп жатқан жастарымыз яғни келешек ұрпақ әлемдегі өзге де озық елдердегі білім сапасынан қалыспауы керек. Ондай дәрежеге жетуге бізде бүгінде мүмкіншіліктер де жоқ емес, баршылық. Тек сол мүмкіншіліктерді халық, ұлт мүддесіне бағыттауға шамалары жетпейтін, кеңестік «тәрбиемен уланып түсінігі өзгерген» кертартпа, мансабынан айырылып қалмау жолын ғана ойлап, ол жолда артындағы «мықтыларына» арқа сүйеп білімділерге қиянат жасауды әдетке айналдырғандар әсіресе жоғары білім беру саласында азаймай отыр.
Республикадағы білім сапасын жақсарту қажеттігін Елбасымыз үнемі айтып келеді. Әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің 75 жылдық мерекесінде сөйлеген сөзінде де білім берудің сапасына үлкен мән беріп, оны дереу жақсартуды тапсырды. «Қазақстанға, әсіресе, қазақ ұлтына интелектуалдық революция жасау керек!»
ҚР Білім және ғылым министрі
Ж. Түймебаевтың назарына
Атына заты сай ма?
(Мемлекеттің таянышына қауіпті, рухани азғындаудың
алдын алайық ағайын....)
Қоғамның даму барысы ондағы өмір сүріп отырған халықтың саяси мәдениеті мен білім деңгейіне байланысты екендігі табиғи заңдылық. Осы қағидаға илансақ онда бүгін таңда оқытып, білім беріп жатқан жастарымыз яғни келешек ұрпақ әлемдегі өзге де озық елдердегі білім сапасынан қалыспауы керек. Ондай дәрежеге жетуге бізде бүгінде мүмкіншіліктер де жоқ емес, баршылық. Тек сол мүмкіншіліктерді халық, ұлт мүддесіне бағыттауға шамалары жетпейтін, кеңестік «тәрбиемен уланып түсінігі өзгерген» кертартпа, мансабынан айырылып қалмау жолын ғана ойлап, ол жолда артындағы «мықтыларына» арқа сүйеп білімділерге қиянат жасауды әдетке айналдырғандар әсіресе жоғары білім беру саласында азаймай отыр.
Республикадағы білім сапасын жақсарту қажеттігін Елбасымыз үнемі айтып келеді. Әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің 75 жылдық мерекесінде сөйлеген сөзінде де білім берудің сапасына үлкен мән беріп, оны дереу жақсартуды тапсырды. «Қазақстанға, әсіресе, қазақ ұлтына интелектуалдық революция жасау керек!»
Елбасы өзінің жыл басындағы халыққа Жолдауында: «Білім беруді дамытудың Мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру арқылы сапалы білім беруді арттыруымыз қажет» деп атап көрсеткені баршамызға аян. Солай бола тұрса да ол міндетке немқұрайды қарап көзбояушылыққа салынған жоғарғы оқу орындарының басшылары бүгінде азаймай отыр. Оның ішінде ең сорақысы сол Президенттің өзі Ұлттық мәртебе беріп, басшыларын өзі тағайындаған университеттердің білім беру сапасын жақсарту мәселесі кері кетіп, жең ұшынан жалғасқан күштер тарапынан қатты қарсылыққа ұшырауда.
Жастарымызға сапалы білім, саналы тәрбие беру мақсатын көздеген Президентіміз кейбір университеттерге «Ұлттық» мәртебе беріп, сапалы білім алған болашақ мамандарды даярлауды тапсырып, ЖОО басшыларына өзі сенім артып тағайындаған еді. Ал содан бері екі жылдай уақыт болды, бірақ оның нәтижесі әлі көріне қойған жоқ. Халық айтса қалт айтпайды... Ондағы қандастарымның алған сапасыз білімдеріне қынжыламын. Қазіргі кезеңдегі қазақ елінің келешегі - жастарының білім сапасы мен тәрбиесіне көпшілік секілді алаңдаушылық білдіріп, ол ойыммен бөліскім келеді.
Бүгінде ҚР Президенті жүргізіп отырған салиқалы саясатқа бөгет жасап, мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіріп отырған, өз залалын күннен - күнге күшейтіп келе жатқан құбылыстың ең қауіптілерінің бірі - ол жоғары оқу орындарын жайлап алған "Сыбайлас жемқорлықтың" шегінен шығып асқынуы. Жоғары билікте Елбасының атына көлеңке түсіретін "мықтыларға" сүйенген кейбір Жоғары оқу орынының (ЖОО-ның) басшылары ұлт мүддесін өз мүдделерінен төмен қойып, тек баюды мақсат тұтқан маңайына өзі сияқты неопотизмен "ауырған" тамыр-таныстарын жинап алып қоғамның демократиялық дамуына кедергі жасауда. Мұндай "сыбайластық, жең ұшынан жалғасу" арқылы әрекет ету қазақ қоғамы үшін өте қатерлі құбылыс. Елбасы қазақ елін әлемдік өркениетті 50 мемлекеттің қатарына жеткізу жолында тер төгіп жүргенде, жоғары оқу орындарының сапасыз білім, жағымсыз-жат тәрбие берумен шектелуі ұлтқа жасалған қастандық, әрі Президент жүргізіп отырған саясатқа қарсы шығып іштен іріту әрекеті деп білемін өз басым.
Осындай әрекет жастардың саяси мәдениетінің, білім сапасының құлдырауына әкелді. Пікір айтып кемшіліктерді түзетейік деп жазсаң болды жау болып шыға келесің. Сен неге тыныш жүрмейсің дейді. Неге олай жүре алмайтынымның себебін американың әйгілі жазушысы Марк Твеннің «Егер мен өз елімнің саяси киімінің тозғанын көре тұра оны тозды деп айтпасам, онда мен елімнің опасыз сатқыны болар едім» деген сөзін жауап ретінде келтірем. Әлемге әйгілі жазушы болмасам да, өз елімнің патриотты ретінде мен де Тәуелсіздігіміздің кепілі болатын жас ұрпақтың сапалы білім алуына өте мүдделімін. Жоғары оқу орынының басшылары сіздер де сол мүддедесіздер ғой деп ойлаймын. Онда осындай пікір айтқан патриотты неге қудалап, жаманатты қылуға құмарсыздар...
Жас ұрпаққа білім беруде мемлекеттіліктің таянышына қатерлі қауіп әкелетін сапасыз оқытуды болдырмау жолында мына қағиданы ұстанғанымыз абзал. Ол «ауруын жасырған өледі» деген баршаға мәлім, ешкімге абырой әпермейтін, бәрбір түбі бір шындығы ашылатын қауіпті жағдай.
Оқырман қауым дұрыс түсінер деген ниетпен, заман талабына сай адал еңбек етіп жүрген көптеген ұстаздарға басымды ие отырып, тек өзімнің көзім көрген, білетін «кереметпіз деп кеудесін қағатындар» туралы сын пікір айтуға тура келіп тұр. Өйткені олардың саны күнен-күнге көбейе түсуде. Ондайлар Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-нің қоғамдық пәндер кафедрасында да аз емес екен.
Солардың бірі саясаттану секциясының меңгерушісі Сырлыбаева ханым-ғылыми дәрежесі жоқ, өзі секция меңгерушісі (қандай қасиеті үшін ғылым докторларымен кандидаттарына басшылық жасайды? Оны осы қызметке қойған басшылар ғана біледі. Қисын қайда?) доценттік атақ алу үшін саясаттану пәнінен жазған оқу-әдістемелік материалдары, дайындаған тест сұрақтары сауатсыз жазылған, онда саяси қателер мен кешірілмейтін теориялық кемшіліктерге толы. Силлабус 73-беттен тұрады, оның 52-бетінде 200-ден астам әртүрлі қателер өріп жүр, Оны құрастырушылар ғылыми дәрежелері жоқ проректор Л.Сыдықов, Р.Сырлыбаева, Ермахан Қалмырзаев, А.Ивашов ал бұл оқу-әдістемесіне қазақша пікір жазған, не жазғанын адам түсініп болмайтын сауатсыз шатпырақтың иесі, мемлекеттік тілді білмейтін биыл 2010 жылы «Үздік оқытушы» сыйлығын «жеңіп» алған Р.М.Мажиденова екеніне, таңданбаңыздар? Осылай сапасыз білімге жол бергендерді неге екенін білмедім, проректорлар Ш.Байысбеков пен Л.Сыдықов мырзалар қызғыштай қорғайды?
Жалпы кафедрада өз мамандығы бойынша дайындықтары жетпей жатса да, 3-4 пәннен (саясаттану, психология социология, педагогика) қатар сабақ беретін «әмбебап» және оның біреуінде толық меңгере алмаған қоғам мен мемлекетті айыра алмайтын Анапьяева Гаухар, студенттерге семинарда сұрақ қоя алмайтын Түсіпбек Арман, зейнеткер ғылыми дәрежесі жоқ лаборант К.Капеева секілді «супер» политологтар да баршылық. Осы оқытушылардың білім дәрежесі туралы пікір білдіргенім үшін екі проректор маған 1937-38 жылдардағы әдістерді қолдануда. Студенттерге осындай оқытушылар қандай білім береді, керісінше осы кафедрада 15 жыл қызмет еткен саясаттанудан ғылым кандидаты, білімді маман, заңгер Оспановты Қ., Білім министрінің №949 Бұйрығын бұзып Л.Садықов пен Ш.Байысбеков қасақана конкурстан өткізбеген. (оны кафедра мүшелері амандаспайсың деп айыптап, жабылған) Кафедрадағылардың 80 пайызға жуығы жоғарыда есімдері аталған 30 жылдан астам осы университетте істеп сыбайласып алған екі проректордың тамыр-таныстары. Өзін философия ғылымдарының «докторы» санайтын, Л.Садықовтың жетекшілігімен «ғылыми еңбек жазып» жүргендер 14 шақты, бірақ қанша жыл өтсе де әлі ешқайсысы қорғаған емес. Ол ізденушілердің алды 70 - жасқа жетіп қалды.
Ескі басқару әдісіне әбден әккіленгендер Президенттің бастамасына саботаж жасап, сапалы білім беруді талап еткен оқытушыларды қудалау әдеттерін қоймай келеді. Мұндай әдіске машықтанғандар «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының мүшелері болып табылатын Алматыдағы Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-нің, сол жерде 30-40 жыл басшы қызметтен түспей келе жатқан проректорлары Шыныбай Байысбеков пен Лұқпан Сыдықовтар. Проректор Л.Сыдықов мырза философия ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесі болмаса да өзін ғылым докторымын деп санайды. Философия пәнінен кандидаттық миниумум (емтихан) алады, сол «еңбегі» үшін қосымша жалақы алады. Ол құжаттарға өзін философия ғылымдарының докторы, профессор деп қол қояды. Ал бұл құжат республикалық дәрежедегі мәртебесі мен мәні болғандықтан оған қол қойған адам ВАК-тың профессоры болуы тиіс қой. Осылай халықты алдау «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының мүшесіне лайықты ма? Осы жалған «ғылым докторы» қол қойып емтихан тапсырған аспиранттардың, ізденушілердің бәрінің құжаттары легитимсіз.(заңсыз) Бұл заңсыздықты біле тұра бірінші проректор Ш.Байысбеков жең ұшынан жалғасу әдісімен осы күнге дейін бұл қымысты жасырып келеді.
Бұл проректор өз билігін жүзеге асыруда үнемі әділетсіздікке жол беріп, оны сыбайластық арқылы тындырады. Ұлттық мәртебесі бар оқу орнының бірінші проректорының ҚР заңдарын бұлай өрескел бұзу әрекеті «Нұр Отан» партиясының беделіне нұқсан келтіретіндігі неге ескерілмейді. Ш. Байысбеков басқарған ҚазҰТУ- нің ғылыми-методикалық кеңесі, өзімен 30 жыл бірге қызметтес, қоғамдық пәндер кафедрасының меңгерушісі тарих ғылымдарының докторы Чатыбекованың 2009 жылы басылып шыққан «Казахстан в XVIII - первой половине XIXвв» деген басынан аяғына дейін плагиат оқу құралына тікелей қолдау көрсетіп, университеттің қаржысына сыбайласу арқылы бастыртып берген.
Қазірде Қазақстанда жүргізіліп жатқан несиелік (кредиттік) оқу жүйесінің сапасы ешбір сын көтермейді, ол барып тұрған көзбояушылық. Мұндай көзқарас жалғыз менікі ғана емес, бұл пікірді республиканың жоғары оқу орындарының көптеген оқытушы-профессорлары қолдап отырған жайы бар. Тест тапсыру процесі оның өткізілу тетіктері көзбояушылыққа негізделген. Әр топтағы студенттердің 100 пайызы да тестегі берілген 40 сұраққа да «дұрыс» жауап беретін көрінеді. Мұндай «сапалы» жауаптың сыры сонда, студенттердің бәрі тест жауабын алдын-ала білетіндігінен көрінеді, немесе мемлекеттік құпия болып есептелетін осы құжатты заңсыз ашық қолданып, оған шпаргалка даярлап онысының қылмыс екеніне еш қымсынбай пайдалануды әдетке айналдырған. Осылай «керемет» жоғары нәтижеге жететін тестілеуді білетін студенттердің көбі мүлдем сабаққа қатыспайды, сессия кезінде ғана келеді және ауырдық деп мөрі бар жалған дәрігерлік анықтамалар алып келеді. Оларда, білім емес «диплом» ғана керек деген көзқарас қалыптасқан. Семинар жүргізетін оқытушылар мен «тіл табысса» болды, семестрлік рейтинг баллын қойдырып алып жүре береді. Жаппай етек алған мұндай құбылыс білімі жоқ, өндіріске қажетсіз мамандарды көбейтуде. Егер мұны дереу тоқатпаса, онда бұл жағдай мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін дүлей күшке айналатын болады.
Биыл қысқы семестрде «Қазақстан тарихы» пәнінен ҚазҰТУ-нің 4 курсының 2884 студенті тест әдісімен «Мемлекеттік емтихан тапсырды» нәтижесі әлемдік сенсация туғызатын жаңалық болды, оның 99 пайызы ең жоғары көрсеткіш балл (5 баға) алды. Әрине шпаргалка арқылы. Мемлекеттік емтихан мәртебесі бола тұра, онда Мемлекеттік комиссия болған жоқ, 300 орындық үлкен аудиторияларда тек 1-2 кезекші оқытушы болды. Олар бұл пәннің мамандары еместер. Бұл жерде кез-келген еңбекке ақы төленуі тиіс деген талап бұзылды, кезекшілер еңбектеріне ақы төленбеді.
Болмаған мемлекеттік комиссияға төраға ретінде қол қоймағаным үшін маған екі мәрте (28.12.2009ж және 03.02.2010ж) жалған айып тағып Байысбеков мырза маған сөгіс және қатаң сөгіс берді. Тест сұрақтарында (300 сұрақтан тұрады) «Қазақстан тарихының» ең маңызды мәселелері қамтылмаған, жарты тақырыбы жоқ яғни өте сауатсыз жасалған.
Студенттерге мемлекеттік емтиханның билеттерінің сұрақтарын алдын - ала береді. Ал бұл жерде мемлекеттік емтихан, мемлекеттік құпия құжаттар қатарына жататыны есепке алынбайды.
Қазақстан тарихы пәнінен тест сұрақтары сол курсты толық меңгеру талабына сай жасалуы керек. Ал ҚазҰТУ-дің биылғы 4 курс студенттеріне арналып жасалған тест сұрақтары бұл талапқа сай болмай шықты оны жасағандар тарихи оқиғаларды, мектеп оқушыларына арналған оқулықтарындағыдай бәлен жылы, бәлен болды деген датамен ғана шектеген. Егер тест құраушылар осылай сауатсыздық көрсетіп, ұлттың ұлы тұлғаларын елемесе, тарих төрінен ойып тұрып орын бермесе, қазақтың болашағы не болмақ тек күңгірттене бермек. Болашағымыз бұлыңғыр қазіргі жағдайда әр қазақ азаматы, жас мемлекетіміздің тұғырын нығайтуға, өркениетті елдер дәрежесіне жетуге үлес қосатындай саналы шынайы білім алуы тиіс. Бұл жолда «аттың жемін жеп, тайдың жүрісін жүруге» болмайды.
Ұлттық мәртебесі бар университеттің қоғамдық пәндер кафедрасындағы 63 оқытушының 29-ның ғылыми дәрежесі жоқ. Университеттегі оқытушы кадрларды іріктеуде 2004 жылғы 18 қарашадағы Білім министрінің №949 Бұйрығы басшылыққа алынбайды. Керісінше неопотизм әдісімен шешуге жол берілген.
Сыбайлас жемқорлық пен жең ұшынан жалғасу, бүгінде Қазақстан мемлекетінің жанды, буынына еніп, оның өне бойын кеулеп алуға әбден таяғанын сезген, егер бұл дертті таратушы «құртты» дереу жоймаса жағдайдың насырға шабатынын «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы ескеріп, жалпы білім беру мен ғылым саласына ерекше назар аударса деген халықтың тілегі бар.
Жоғары да аталған кемшіліктер туралы ескерткенімде, басшылар оған пысқырып та қарамады, керісінше өздеріне тәуелді адамдардан «комиссия» құрып өзімді мазақ етіп екі рет сөгіс бергізді. Өйткені сыбайласқан топқа әділеттілік туралы айту мүмкін емес, тек осы бағытта Президент тапсырмасын іс жүзіне асырып жатқан партияның ғана қолынан ол заңсыздықты тоқтату келуі мүмкін, егер олардың халыққа жар салып жатқандары рас болса, сондықтан өздеріңізді тағы да БАҚ арқылы хабардар етіп отырмын.
Жыл бойы маған сыртымнан жалған жала жабылып, жазықсыз қудалауға (репрессияға ) ұшырадым. Жазығым, сапалы білім беруді талап еткенім. Жоғарыда аталған қатеге толы Силлабуспен оқытпады деп айып тағып, студенттер атынан арыз ұйымдастырып та көрді. Саясаттану пәнінен жасалған тест сұрақтарының дұрыс жауабы саяси қатеге толы. Онда Президент 7 жылға сайланады, Парламент Мәжілісінде 67 депутат бар және т.б. сорақы ескірген фактыларды да университет басшылары көре тұра жауапты адамдар-Чатыбекова мен Сырлыбаеваларды қорғап жапқызып тастады. Оны дәлелдейтін фактылар бар. Бірақ оған мүмкіншілік бермей заңсыз зорлық жасауда.
Мен Есен Сләмғазыұлы тарих ғылымдарының докторы, ВАК-тың профессоры (9 жыл болды) Республикада алғаш екі пәннен «Қазақстан тарихы» 2009 жылы. (500 бет) мен «Саясаттанудан» 2005 жылы (230 бет) жаңа кредиттік жүйеге сай оқулық жазған (ол оқулықтармен республика оқу орындарының студенттері оқиды) республикалық дәрежедегі лектор, Шет елде Халықаралық саясаттану мектебін бітірген 150-ге жуық мақала, 5 монографияның авторы. ҚР-ның жоғарғы билігінің үш тармағының екеуінде (Парламентте, Үкіметте) қызмет істеген жалпы 36 жылдық еңбек тәжірибем бар. А.Байтұрсынов атындағы «Саңлақ» автор медалінің иегері. Ешуақытта сөгіс алып көрмеген ұстазбын.
21.02. 2010 ж.
Есен Сләмғазыұлы
тарих ғылымдарының докторы,
профессор