ГЕНДЕРЛІК САЯСАТ - ЖАҢА БЕЙНЕДЕГІ РАУШАН «КОММУНИСТ» ҮЛГІСІ
Әйел мен еркек тең бе? Жаратылысынан тең емес. Оны бәріміз білеміз. Бірақ осы бір тақырып әлімсақтан бері сауалды мәселе болып келеді. Күні кешеге дейін төмен етекті саналып келген әйел заты бүгінде қоғамдық мәселелерді шешуге, тіпті, елдік, ұлттық саясатқа араласып келеді. Қазір әйелдің рөлі ерекше. Бұрын орны тек отбасы мен ошақ қасы саналып келген әйелдің бүгінгі бейнесі әмбебап механизмге құрылған дерлік. Себебі, қазіргі заман әйелі отбасы мен қоғам арасына әдемі байланыс орнатып, бәрінен гармониялық үйлесім тапқысы келеді. Астары айтпай-ақ түсінікті. Жабайы капиталистік идеяға негізделген қоғам соған үндейді. Біз білетін қазіргі әйел бейнесінің қыры көп. Айталық, әйел - саясаткер, әйел - көлік жүргізуші, әйел - бала тәрбиелеуші, әйел - үй күтуші, әйел - заңгер, әйел - экономист, әйел...
Әйел мен еркек тең бе? Жаратылысынан тең емес. Оны бәріміз білеміз. Бірақ осы бір тақырып әлімсақтан бері сауалды мәселе болып келеді. Күні кешеге дейін төмен етекті саналып келген әйел заты бүгінде қоғамдық мәселелерді шешуге, тіпті, елдік, ұлттық саясатқа араласып келеді. Қазір әйелдің рөлі ерекше. Бұрын орны тек отбасы мен ошақ қасы саналып келген әйелдің бүгінгі бейнесі әмбебап механизмге құрылған дерлік. Себебі, қазіргі заман әйелі отбасы мен қоғам арасына әдемі байланыс орнатып, бәрінен гармониялық үйлесім тапқысы келеді. Астары айтпай-ақ түсінікті. Жабайы капиталистік идеяға негізделген қоғам соған үндейді. Біз білетін қазіргі әйел бейнесінің қыры көп. Айталық, әйел - саясаткер, әйел - көлік жүргізуші, әйел - бала тәрбиелеуші, әйел - үй күтуші, әйел - заңгер, әйел - экономист, әйел...
Тізімді әрі қарай жалғастыра беруге болады. Әрине, әйел, ең бастысы - ана. Бірақ соған қарамастан нәзік жанды әйел қоғам көшін алға сүйреуге белсенділік танытуда. Бұған соңғы он шақты жылдан бері гендерлік саясатты жолға қою мәселесі де себепші болды. Ал, ел арасында бұл жайында түрлі пікірлер туындап жүр. Әйел мен еркектің орыны алмасып бара жатқандай. Әйел еркектің шалбарын киді. Бөркін тартып алды. Машинасын мінді. Билікке барды. Енді несі қалды дейтіндер де бар. Қоғамдағы күнделікті көріністер осындай болғанмен «төмен етектілерге» есесін жібермей жүрген еркектер де жоқ емес. Ал, есесі кеткендер өзінен көрсін. Өйткені, қоғамның қазіргі даму үрдісі осыған жетелейді, осыған үндейді. Ақпараттық технологияға құрылған дәуір көші кетіп барады. Еркегі басын төмен сап, жерге қарап, тығырықтан шығатын жол таппаса әйелі тал қармамағанда қайтеді? Шындық осылай сияқты.
Гендерлік саясат негізі әйелді атқа мінгізіп, төрге сүйреп, еркектің басын көрге сүйрейтін саясат емес. Әрине, түсінгенге! Ал, түсінбегендер көлеңкеде күңкілдеп отыра берсін. Бұл дегеніңіз, екі жұптың теңдігін әспеттеу, басында «екі тауықтың миынан» артық ақылы бар, іскерлік қарым-қабілеті мол әйелге қолдау көрсету.
Бұрын «шашы ұзын, ақылы қысқа» болған әйелдің бейнесі қазір басқаша. Публицист, ойшыл Асқар Сүлейменов ағамыздың «ең ақылды деген әйелдің басында екі тауықтың миындай ми болады» дегені кезінде еріксіз езу тартқызған. Не десек те, «кез келген үйдің төрінде қамшы тұру керек, әйелді аптасына бір рет таяқпен ұрып тұру керектің» дәурені өтіп барады. Бәлкім, әлгіндей қыжылды пікір айтатындар осыны көксейтіндер болар.
Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, елімізде жалғыз басты ерлерге қарағанда әйелдер 5 есе көп. Жұмыссыздықтың 60 пайызын әйелдер құрайды. Сондай-ақ мүгедек ерлермен салыстырғанда осындай, яғни жарымжан әйелдердің жалғыз қалуы жиі кездеседі екен.
Тақырыпқа орай, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы - демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Ақмарал Хон ханымға жолыққан едік. Пікірін былай деп білдірді:
- Гендерлік саясат дегенде адамдардың түсінігі әр түрлі. Гендер мәселесіне жан-жақты қарау қажет. Көбі гендерлік саясатты әйелден еркек жасау деп түсінеді. Гендерлік саясат дегеніміз, әйелдерді ерлермен тең дәрежеде билікке тарту, ана мен балаға айрықша әлеуметтік жағдай жасау, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу сияқты мәселелерді шешу боп табылады. Елбасымыздың "гендерлік теңдікке қол жеткізудің 2006-2016 жылдарға арналған стратегиясы" Жарлығы бойынша ерлер мен әйелдерді қоғамның барлық саласында теңестіру қарастырылып отыр. Демек, ерлер мәселесі де назардан тыс қалмайды. Мысалы, ауруханаларда әйелдер қаралып, емделетін гинеколог дәрігерлер бар. Ал, ерлер денсаулығын қарап, тексеріп, ақыл-кеңес беретін андролог мамандар аз. Осындай мәселелер шешілуде.
Статистикаға жүгінсек, біздің облыстағы ахуал жаман емес. Мемлкеттік қызметтегілердің 57 пайызы әйел адамдар. Департамент, басқарма басшыларына талдау жасасақ, 5 басқарманың басшысы әйел адам. Ал, республика бойынша екі облыстың әкімдігінде үш әйел қызметте отыр. Оның біреуі Павлодар облысында, екеуі біздің өңірде, облыс әкімінің орынбасарлары Сара Нұрқатова мен Роза Кемалова ханымдар. Республика бойынша екі әйел аудан әкімі қызметін атқарады. Оның бірі Астана облысында, бірі біздің облыста Қобда ауданының әкімі Любовь Исмағанбетова.
Сондай-ақ, шағын және орта бизнестегілердің 40 пайызы әйелдер. Десек те, соңғы кездері ерлердің құқы шектелуде деп байбалам салушылар бар. Мен мұндай пікірмен келіспеймін.
Әрине, қай бір ауыртпалық жылдарында біздің әйелдердің көбі көк сөмке арқалап кетті. Мұны қоғамның ауыр да, қиын кезеңін еркекке қарағанда әйелдің көбірек сезінгендігі деп түсіну керек. Ал, еркектің психологиясы әлсіздеу. «Әйелдің қырық жаны бар» деген мақал рас сияқты. Және тағы бір айта кететіні, еркектер әйелдерден аз өмір сүреді. Физиология жағынан алып қарасақ психологиялық стреске еркектер әйелдерге қарағанда төзімсіз келеді. Сондықтан олар өмірден ерте кетеді. Олар ауыра қалса, дәрігерге барып, қаралғысы да келмейді. Өз денсаулығына немқұрайлы қарап жүре береді.
Алайда, әйелдердің ерлер тарапынан зорлық-зомбылық көру жағдайлары да кездесіп тұрады. Мысалы, облыс орталығындағы «Үміт» дағдарыс орталығының мәліметінше, 2009 жылы осы дағдарыс орталығына аталмыш мәселемен 1489 адам шағым айтып барған. Оның 1250-і - әйел адамдар. Осындай келеңсіз жайттар қоғамда неғұрлым азырақ орын алса екен дейміз.
Шариғат бойынша отбасының тізгіні еркекке жауапкершілік ретінде тапсырылған. Еркектер әйелдерге пана, қамқор, басқарушы. Сол басқарушылықты дөрекілікке, қамқорлықты жалқаулыққа айналдырмаса дейсің. Өйткені, елімізде әйел адамның бәрі бірдей өз құқын біліп, қоғай бермейді. Зорлық-зомбылықтың құрбаны болатыны да сол себептен дейді мамандар.
Гендерлік саясатты дамыту, әйел мен еркектің теңдігі мәселелерін жолға қою ісі айналып келгенде әйелдерді «еркектерден қай жерің кем» деп елірте беру емес. Бұлай түсіну қисынсыз. Әрине, еркекше шылым шегіп, шарап ішіп, бұзылған, қиындыққа төзе алмаған әйелдер де бар. Бірақ гендерлік саясат стратегиясынан отбасындағы тепе-теңдік пен үйлесімділік, яғни гармония жоғалмайды. Ал, үйлесім таппағандар тек өзіне өкпелеуге тиіс. Бұл стратегия сонау кеңес дәуірі жаңа орнай бастаған кездегі Бейімбет Майлиннің «Раушан коммунистін» еске салады. Қазір тек формасы басқаша. Бірақ сол саясаттың нақ өзі. Бүгінде елімізде биліктен, саясат әлемінен бой көрсетіп жүрген қазақ әйелдері жаңа заманның жаңа үлгісіндегі Раушандар. Демек, бізде тәуелсіз Қазақстанның жаңа образды Раушан «коммунистері» өсіп келеді.
Олай болса, қазақтың есті әйелінің бейнесі қашан да мынадай. Ол - «бір қолымен әлемді тербетсе, екінші қолымен бесікті тербетеді».
Жанар НҰРҒАЛИ,
Ақтөбе.