Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 7224 0 пікір 13 Сәуір, 2010 сағат 04:40

ҚАНЫШ АҒАНЫҢ ҚҰПИЯСЫ

Англия сапарынан оралған соң Қаныш Имантайұлы қиял қанатына мініп, Алатаудың бұлт тіреген шыңдарын шарлағандай болып біршама уақыт шат-шадыман жағдайда жүріпті-мыс. Тегінде, бұл - оның кішіпейіл болмысына жат құбылу, уақытша желік екенін өзі де білген деседі. Десек те сол жәйт - өмір шындығы, жанын жадыратқан, қайта түлеген дүз қыранындай тұла бойын жасартқан елігуден бас тартпай, соны мүмкіндігінше ұзарта түсуді жан-тәнімен қалағаны анық. Бұл болса ғалымның төртінші мүшеліне жақындап, саркідір тартқан шағы...

Англия сапарынан оралған соң Қаныш Имантайұлы қиял қанатына мініп, Алатаудың бұлт тіреген шыңдарын шарлағандай болып біршама уақыт шат-шадыман жағдайда жүріпті-мыс. Тегінде, бұл - оның кішіпейіл болмысына жат құбылу, уақытша желік екенін өзі де білген деседі. Десек те сол жәйт - өмір шындығы, жанын жадыратқан, қайта түлеген дүз қыранындай тұла бойын жасартқан елігуден бас тартпай, соны мүмкіндігінше ұзарта түсуді жан-тәнімен қалағаны анық. Бұл болса ғалымның төртінші мүшеліне жақындап, саркідір тартқан шағы...

Сонымен, мәймөңкесіз айтқанда, 1947 жылдың көктемінде ол көрік-келбетімен де, бекзат қылығымен де өз ортасынан дара шыққан перизат бір жанға ғашық екенін сезген; сол жанның өзіне кетәрі емесін де аңғарған. Ол - Кәмила Досмұхаммедқызы (құжаты бойынша Досқызы) Өтегенова. Сол жылы отыз екі жаста. Алматылық дәрігерлер қауымының алдыңғы легінде жүрген ғылым иесі, оған қоса өзін көрікті санайтын жүз әйел бас қоса қалса, аса талғампаз серілердің көзіне бәрінен де бұрын ілігер хас сұлу, мөлдіреген қарақаттай көз жанары өткір, орта бойлының талдырмашы, қыпша белі тал шыбықтай бұралған, қоңырқай бет-жүзіне ашық маңдайы, көмірдей қара қою шашы жарасқан, парасатты болмысы сұң­ғыла ақылдан ада емесін әйгілеп тұрғандай жарастыққа ие. Әрине, өзінің қадір-құрметін шамалай білетін тәкаппарлығы және бар. Ең ғажабы, дүйім жұртты тамсантқан бекзат әйелдің басы бос, ғылым соңында ұзақ жүріп тұрмыс құрмаған, әлде сәтсіз болған. Құрбыларының айтуынша, ең алғаш жүрегі қалаған жігіті Р... дарынды суретші екен, альпинист атаныпты. Хан-Тәңірінің басына шыққан, одан да биігірек ақбас шыңдарды игеруді армандап жүргенде әскер қатарына шақырылып, кешегі алапат соғыстың алғашқы айында жау оғынан ажал құшыпты-мыс...

Кәмила сұлу содан бері өзі таңдаған акушер-гинеколог мамандығына жан-тәнімен беріліп (Алматыдағы дәрігерлер институтына ол 16 жасында түсіп, 1936 жылы тәмамдаған), Түстіктегі Ащысай кенішінің емханасында еңбек жолын бастап, Алматының 1-ші перзентханасында орди­натор болыпты. Соғыстың алдында Мәс­кеуге барып, акушерлік-гинекология инс­титутында ғылыми ізденісін жалғастырады. 1945 жылы медицина ілімінің кандидаты атағын иеленіп, Алматыға оралған бетінде дәрігерлер институтының арнайы кафедрасында ұстаздық еткен.

Шамалауымызша, Қаныш Имантайұлы Кәмила сұлумен немере ағасы Әбікей Зейінұлы Сәтбаевтың тұрмыс құрған ересек қыздары Райхан (оның ері академия жүйе­сіндегі Химия-металлургия институтының тұңғыш директоры Һәм құрушысы, акаде­мик Әбікен Бектұров), әлде ғалым-археолог Әлкей Марғұланның жары Раушанның отбасында танысқан. (Марғұлан мен Сәтбаевтар отбасы Калинин көшесіндегі 83-үйде көп жыл бойы бірге тұрған. Кәми­ла Досқызы да нақ осы үйден екі бөлмелі пәтер иеленген). Ал, Райхан мен Раушан Әбікейқыздары білікті дәрігер ретінде, әрі ғылым тереңіне бойлау жолында да Кәми­ламен сырлас та, сыйлас та болған жандар (біздің қолымыздағы көлемді естелікте бұл жайында неше алуан хикаят баяндалған, естелік иесін сәл кейінірек атаймыз). Үшеуінің жастары да шамалас.

Қаныш Имантайұлы Лондоннан 1947 жылғы сәуірдің екінші жартысында оралған, бұл енді о күнде айтулы оқиға. Марғұлан мен Бектұров отбасылары қадірменді туы­сының шетелде көрген-білгенін өз үйле­рінде тыңдауға ықылас білдірген. Қонақжай отбасынан тәрбие алған Раушан мен Рай­хан, сірә, сол басқосуға өздерімен тілектес, ниеттес құрбыларын да шақырған. Солар­дың бірі - Кәмила Досқызы... Өйткені, Кәмила қандай қауымды болсын сұлу көркімен ғана емес, жан-жақты өнерімен де қызықтыра білетін сауыққой жан. Ол қазақ әндерін ғана емес, орыс пен татар әуендерін де сызылта салып, бірнеше музыка аспап­­та­рында жап-жақсы ойнайды. Биді де келіс­тіре билеген (К. Д. Өтегенованың туып-өскен жері - Ресейдің теріскей шебіндегі сауда-саттығы өркендеген, мұсылманша оқуға діндарлығы да Арқа қазағына ертеден таныс Троицк қаласы. Бұл жерді татарлар жайлаған, ішінара қазақтар да қоныстанған. Солардың бірі - Сыр бойының байырғы тұрғыны Өтеген отағасы. Алайда, жасы егде тартқан кезде ол туған еліне оралуды жөн көріп, 1930 жылы Алматыға қоныс аударған. Отбасында Өсер, Меңсұлу, Кәмила есімді үш қызы болыпты, кенжесі - Кәмила).

Айтып-айтпай не керек, екі жақсы кезіксе, бірін-бірі жатырқамайдының кері болды. Баянауыл әндерінің жан сергітер ғажап әуенін бойына сіңірумен есейген Қаныш Имантайұлы домбыра шертіп, сүйікті әндері "Шама", "Бір бала", "Бүр­кітбайды" әуелете шырқағанда, әнге әуес Кәмила да даңқты көршісіне елігіп, әлде сырлас құрбыларының қиыла сұрауымен кәрі Орал атырабын жайлаған, Челябі, Түмен маңындағы қазақтардың мәнерімен туған халқының ескі әндерін келістіре сал­ған. Әредік мың бұрала билеп те тыңдау­шыларды сүйсінткен. Өнерлі жандарға ықы­ласы бөлек ғалым аға бір басына соншама қабілет-дарын дарыған жасаң көршісіне, әрине, сұлу жүзіне сүйсіне қарап отырып (бәлкім, бір кеш емес, бірнеше мәрте кез­десу соңында), өз бойында тұтанған ынтық сезімді тежемеген тәрізді. Ақыры, Кәмила Досқызын жиірек көруді аңсайтын болыпты. (Көлденең жұрттың бертінде гулеткен сөзіне қарағанда, соған бастапқы ынта Кәмиланың өзінен өрбіпті-мыс. Бұл да кәдік жәйт: Қаныш Имантайұлы - еркек атаулының маңғазы ғана емес, нағыз дарабозы; ұзын бойымен де, ақжарқын келбетімен де, шарадай үлкен басымен де, ересен алып тұрпатымен де мың кісінің ортасынан оқшауланып көрінетін тұлғалы азамат. Соған енді күллі қазаққа мақтаныш болған атақ-даңқын, дүйім елге аңызға айналған азаматтық парасатын қосыңыз. Олай болса Кәмиладай бекзат жан, Алматы ғана емес, Мәскеудің де ғылыми қауымын жақсы білетін (екі қаланың да театрларына жиі барып жүріп, атақты актерлермен, өнер жұлдыздарымен де аралас-құралас болған), өз халқының Қаныштай дара тұлғасына неліктен іңкәр болмасқа?..

Бұдан әрі біз екеуінің қайда, қандай жағдайда кездесіп, тіл табысқанын тәптіштеп жазбаймыз. Әлмисақтан бұл - екі асықтың жүрегінде сақтайтын құпиясы. Ал, бізге нақты мәлім оқиға: 1948 жылғы 22 тамызда Алматының 1-ші перзентханасында бүлдір­шендей қыз баланың дүниеге келуі.

Сөйтіп, Қаныш Имантайұлы бесінші мәрте әке атанады. Сол хабарды естігенде ол орауда отырған Кәмилаға бір құшақ гүлмен қоса, біз есімін әзірше атамай отырған естелік жазбалар иесінің айтуынша: "Қызың құтты болсын, Кәмилаш! Шексіз қуаныштамын, бұл нәресте екеуміздің қалауымызбен дүниеге келген. Саған да, маған да бақыт сыйлар ұрпақ болсын! Өзіңнің Қ..." - деген сипатта құттықтау хат жолдаған. Отыз үш жасында тұңғыш рет ана атанған Кәмила да: "Ардақты Қанеке! Жүрекжарды хатыңызға шексіз ризамын, тәнті көңілмен рахмет айтамын. Алайда, мен уәдемнен шыға алмадым, кінә - өзімнен... Сізге ұл сыйламай, қыз туған соң басыңыз менен азат. Бұл сәбидің алдағы тау­қыметі, тәрбие-тәлімі - өзімнің мой­ным­да. Азатсың дегенімді солай түсініңіз және келіс­пеймін деп дауласпаңыз, асыл Қанеке! Бір ғана тілегім бар: балаңа атыңды сыйла, есімін ой­лап та қойдым: Жәмила болады, фа­милиясы - Өтегенова, тек куәлігіне Қаныш­қызы деп жаздыруға рұқсат етіңіз! Сізге менен бұдан өзге тілек болмайды..." - деген хат жолданады.

Өмірдің осындай да қалтарыс-бұлтарыс­тары болады. Мынау да соның бірі. Арада 62 жыл өткен соң соны ақтап, иә даттап ұзақ со­нар ежіктеу қажет пе? Жоқ. Кім не айтса да әншейін бопса болмақ. Сол себепті оқи­ға­ның одан бергі өрбуін біз Жәмила Қаныш­қызының осы хикаяттың авторына 2007 жылы жолдаған көлемді естелігі бойынша жалғастырамыз...

Жәмила (құжаты бойынша, Джамиля, туған анасы Джама деп атаған) Қанышқызы Өтегенова қазірде алпыс жасты қоралап, пай­ғамбар жасына жақындап отыр. 17 жасынан былай Мәскеуде тұрады. Балғын шағын Алматыда өткізіп, 39-шы орта мектепті тә­мам­даған. Мәскеудегі Халықаралық қаты­­нас­тар институтына (МГИМО) 1966 жылы тү­сіп, диплом алған соң, сондағы радио ха­бар­ла­ры редакциясына шақырылып, шетелге ха­бар тарататын Бас редакцияның қытай ті­лін­дегі бөлімінде бірнеше жыл редактор болып еңбек еткен. Соған қоса КСРО Ғылым акаде­мия­сының мемлекет және құқық инс­ти­тутының аспирантурасында білімін көтерген.

"Сол институтқа жиі қатынап жүріп, 1975 жылы Сергей Егоровпен таныстым. Екі жыл­дан соң тұрмыс құрдық. Шаңырақ түзеуден бір жыл бұрын екеуміз де кандидаттық диссертация қорғадық... - депті Жәмила естелігінің 60-бетінде. - 1978 жылдың 20 наурызында тұңғыш ұлым Тимур туды. Мамам Алматыдан ұшып келіп, толғақ басталған сәтте қасымда отырды: "Қатты шыңғырма, қазақ әйелі перзентін дыбысын шығармай туады..." деп қайрап бақты, қайран мамам...". "Тимурдың бет-пішіні - нағыз қазақ, күйеуім екеуміз тұңғыш перзентіміздің кімге тартқанын білмей, көп уақытқа дейін аң-таң болып жүрдік... Бұл жұмбақтың шешуі бертінде, Алматыдағы әпкелерім сыйлыққа жіберген, жазушы Медеу Сәрсекеевтің 1999 жылы жарыққа шыққан "Қаныш елі" альбом-кітабының бір бетінен Ғазиз аға Имантайұлы Сәтбаевтың суретін көргенде Тимурдың сол кісіге айнымай ұқсағанын біліп қайран қалдық. Алматылық туыстарымның айтуынша, бет-пішіні ғана емес, сабырлы мінез-құлқы да, маңғаз қалпы да әкемнің туған ағасын қайталаған дейді..."

Естелік иесінің өз өмірінің әр алуан кезеңдерін бүкпесіз баяндауына қарағанда, сөйтуіне, сірә, отбасындағы орысша тәрбие де әсер еткен тәрізді. Жәмила бүлдіршін күл­лі Өтегеновтер әулетінің жан-тәнімен өбек­теп, қолын ештеңеден қақпай, шат-шадыман тұрмыстың рақатын шектеусіз кешіп, еркетотай болып ержеткен. Қызмет бабымен Одақ қалаларын аралағанда, әсіресе демалысқа шыққанда анасы оны қасынан қалдырмай, қайда болсын әрдайым ертіп жүрген. Мыса­лы, жеті жасында Жәмила Ленинградқа мама­сымен бірге барып, анасы докторлық диссер­тациясын қорғаған күні мәжіліс залында тілеуқор болып отырған. Он жастан асқан соң шешесіне еріп, Кавказ бен Қырымның, Бал­тық бойының сауықтыру орындарында бірге демалған. Ленинград, Мәскеу, Тбилиси, Ереванда, тағы қаншама қалаларды армансыз ақтаған. Ұғымтал дарыны ерте байқалып, естігенін еш ұмытпайтын қабілетімен де өзін өбектеушілерді қайран қалдырған, шетелдің бірнеше тілін (ең алдымен игергені - қытай тілі) де аса қиналмай үйренген. Сірә, бұл қабілеттер Жәмилаға зейіні мықты анасы ғана емес, кемеңгер ақылын дүйім жұрт таныған әкесінен де ауысқан...

"Біз тұратын үйдің Мир көшесіне қараған жағында Раушан әпкем Сәтбаева мен Әлкей аға Марғұлан тұратын. Пәтері шағын, бірінші қабатта, небәрі екі бөлме. Ол кісілер мамам­мен айнымас дос жандар, ал, маған етжақын туыстар. Осы үйдің жалғыз қызы Дәнел ме­нен бірнеше жас үлкен. Құртақандай менімен ойнамайды. Ішім пысқан мен үлкендердің әңгімесіне құлақ түріп, көбіне үнсіз отыра­мын, - деп балалық шағына саяхатқа беріледі Жәмила Қанышқызы естелігінің бір тұсында. - Тап сол үйде әкемнің де отбасы тұрады. Ол кісінің үйіндегі кішкентай қызы Мариям­мен тату болдым, ол да мені ерекше жақсы көреді, музыкаға бейім қыз еді, амал не, әкей қайтыс болған 1964 жылдың аяқ шенінде кездейсоқ жағдайда опат болды... Раушан апайдың үйінде көкеммен кезде­се­міз, одан да жиірек Рай­хан әпкемнің Абай даң­ғы­лынан жо­ға­ры­да, Ал­маты өзенінің жағасында­ғы саяжайында жиі бо­ламыз. Үлкендер асты күн­қағар шатыры бар дүң­гіршектің орта­сындағы үстелде ас ішеді, ал мен әкем­нің тізесіне жайға­сып алып, ортаңғы сау­сақты жасыратын ойынды үйрендім, біздің қазақ­тарда сондай ойын ба­рын үйреткен де әкемнің өзі. Көкем кейде домбы­раның сүйемелі­мен ән салады. Даусы сах­на­дан айтатын әнші­лерден ешбір кем емес, маған тіпті артық сияқты көрінеді. Менің де ән-әуенге құлқым бар (ән-музыка мектебінде жеті жыл бойы сабақ алдым, қазірде рояльда ойнаймын, балалар қатысатын концерттерге шақырылып, бірнеше мәрте Қазақ радиосы студиясында өнер көрсеттім). Көкем ән айтқанда мен мүлдем елігіп, ойынды қойып, тым-тырыс тыңдаймын. Ол кісі маған неше түрлі кітаптар сыйлайды, кейбірінің ішіндегі суреттерге түсінік береді. Кейін түрлі-түсті әдемі тастар сыйлайтын болды. Кейбірін тау хрусталы дегені есімде. Сол тастар қазірде қайда десеңші? Бертінге дейін өз пәтерімнің көрнекті жерінде тізіліп тұрушы еді, көздің жауын алғандай әдемілері де бар-ды, амал қанша, сақтай алмадым, онда-мұнда жолаушылап жүргенде айырылып қалдым...

Мамам, мен, күтуші әпкем үшеуміз ар­найы пәтер жалдап Ленинградта тұрға­нымызда, бұл енді шешемнің докторлық диссертациясын әзірлеуге ден қойған кезі, әкем бізге бірнеше мәрте келіп қайтты. Бір жолы ол маған қоңырқай барқытпен тысталған аюдың қонжығын сыйлады. Келген сайын қорабы керемет әдемі конфеттер, торт, шампан шарабын, кейде жеміс әкеледі. Сірә, содан ба, әкемнің сол кездегі сапарын еске алсам, тіліме тәтті дәм үйірілгендей болады..."

Жәмила Қанышқызының бекем жады талай оқиғаны есінде сақтаған. Сірә, соның бәрі алпыстың асқар беліне шығарда күні кеше көргендей болып, көз алдына елестеп, қайдағы-жайдағы қимас жәйттерді, балғын күндерінің қуанышты сәттерін есіне алып, қағаз бетіне түсірген...

"Бірде әкеймен бір пойызбен, бір вагонда тоқайласып елге қайттық. Қазақстан алқабына ілінген соң-ақ әкем мені терезе алдына ша­қы­рып, ұшы-қиырсыз даланың әрбір шоқы­сын, өзен-суын қолымен нұсқап тұрып, ұзын-сонар әңгіме шертті. Құдды бір ұшы-қиыр­сыз сары жонды жаяу кезіп жүргендей төндіре айтады, әр шоқының тарихын баян­дап, солардың қойнында жасырынып жатқан кен байлықтарын түстеп санап, сол жерлерде қандай тарихи оқиғалар болғанын сипат­тағанда, иә, күні ертең қандай өндірістер орнайтынын түгендегенде ешбір мүдірмейді...

Әлқисса, содан бір сәтте купесіне шақы­рып, шай алдырды. Үй-ішінің фотосуреттерін көрсетіп, әпкелерімді таныстырды. Ақырында мамамның мені өзіне жақын-жуық жүргіз­бейтініне реніш білдіріп: "Үлкен қыздарым сияқты сен де маған сүйіктісің, бірақ, өмірің, тәрбиең менсіз өтіп, шындығын айтқанда, әкесі жоқ баладай өгейсумен ержетіп келесің, қарғам. Мамаңның мұнысы дұрыс емес. Міне, мен қасыңда отырмын, туған әкеңмін, сені айында-жылында әрең көретініме налимын, бірақ соны түзетуге амалым жоқ, Жәмилаш. Бұл сөзімді ұмытпа, сірә, әкең үшін де мақтанатын уақыт туады, сол кезде маған реніш айтпа, сағынышпен есіңе ал, жарай ма, жан балам..." - деп басымнан емірене сипады. Көңілі босап, көз алдын жас буғанын аңғардым. Мен де жыладым.

Сол сапарда ол маған тағы да ішінде неше түрлі қара-қоралаш суреттер са­лынған қалың кітап сый­ла­ды. Кітаптың суреттері ма­ған ұнаған жоқ. Қазақ­станның алғашқы тарихы екенін бертінде білдім..."

Әр нәрсенің өзіне тие­сілі уақыты болмағы да - өмір заңы, ынтық көңілдің аптығы басылып, өзгедей тіршілік әуеніне ауысатын мезгілі де болады... Біздің­ше, ортақ нәрестемен бе­кі­ген байланысты үзуге ын­та Кәмила сұлудан өрбіген...

Кәмила Досқызы сол қарсаңда ғылым жолы өзі үшін - бірден-бір мәрте­белі, ел мүддесі үшін де елеулі іс екеніне біржола бекінген. Ал ондай істі қы­рықтың белінен аспай тұр­ғанда атқару қажет. Сон­дықтан да ол доктор­лық диссертациясын тезірек қамдау жолына шындап кірісіп, тірлік-ты­нысын тек қана соның жолына бағыштаған. Бұл болса бірер айдың, не жылдың әуресі емес, ол үшін жүздеген сынақ жасау қажет, пер­зент сүюді аңсаған жүздеген әйелдерді ұзақ уақыт зерттеумен, емдеумен ғана жүзеге аса­тын ауыр ізденіс. Әсілі, мұндай күрделі мақ­сатқа құлшыныс туғанда өзге шаруа­лардың, қарақан бастың қам-қарекетінің де екінші, үшінші кезекке ауысары - түсінікті жәйт...

"Қазірде ойлаймын, сол күндегі қатаң тәр­тіп, әсіресе отбасына деген партиялық үс­тем­дік әке-шешемнің емін-еркін жолығуына, аш­ық түрде қарым-қатынас жасауына сан алуан кедергі туғызған. (...) Әлбетте, мамам да, әкем де - күшті тұлғалар. Екеуі де ұсақ-түй­ек­ке малданбай, қандай қысым көрсе де мойы­май, бір-біріне құштарлықтан біршама уақытқа дейін айнымаған. Қысқасы, өз қа­лауымен өмір сүрген. Сөйтсе де... Мамам өз айтқанынан айнымайтын бірбеткей жан, әке­ме де, маған да ерік бермей, өзі жөн көрген қа­ғи­дамен өмір сүрді..." - деген жолдар Жә­ми­ла Қаныш­қызының, бертінде, өзі де балалы-шағалы болып есейген шағындағы ой түйіні.

К.Д.Өтегенова ғылым турасында түу бас­тан өзіне мақсат еткен ой-арманын жеріне жет­кізе түгендеген қайраткер. 1955 жылы, 39 жа­сында ол докторлық диссертациясын Ле­нин­градта қорғап, бір жылдан кейін профес­сор атағын иеленген, Қазақстанның бас ги­не­кологы міндетін ұзақ жылдар сәтті атқа­рып, республикаға еңбегі сіңген дәрігері атан­­ған, орден, медальдармен марапатталып даңқ­қа бөленген. Қысқасы, 1950-1975 жылдар аралығында дәрігерлік ілімнің гинекология саласындағы маңдайалды білгірі атанған ірі тұлға. Тынымсыз қайрат иесі үшін, әсілі, бұл да аз. Ғылыми білім-танымы жетіп-артылып тұрған жан күллі Қазақстан атырабындағы, әсіресе облыс орталықтарындағы перзентхана­лардың жібі түзу мекен-жайларға орналасуын талап етіп, сол үшін неше алуан қам-қарекет жасап, акушерлер мен гинеколог дәрігер­лердің біліктілігін арттыруда, өз ісін түбегейлі білуге ынтасы жоқ әріптестеріне ымырасыз қатаң шаралар қолданарда Кәмила Досқызы ешкімге дес бермеген, өз айтқанын істеткен. Өз қа­рау­ындағы № 1 перзентхана болса сол жыл­дарда шынында да республика бойынша шын мә­нінде озат мекеме атанған. "Шешемді әріп­тес­тері қатты қадірлеген, шынтуайтын айт­қан­да, одан әлей қорыққан. Өйткені ол - нағыз істің адамы, сол үшін қиын әрекет жасаудан да тайынбаған..." - дейді Жәмила Қанышқызы.

Кәмила Досқызының дәрігерлік даңқы бүкіл Одаққа мәлім болады. Білімдар ғалым, Кеңес әйелдерінің көрнекті өкілі ретінде ол Жер шарының бес құрлығында түгел дерлік болған. Америка мен Канадаға бірнеше мәрте барыпты, Сидней, Дели, Каир, Пекин, Па­риж, Берлин, Лондон сияқты әлем қалала­рын­да өткен дүние жүзілік форумдарға қаты­сып, кейбірінде баяндама жасаған. Мысалы, Египетке барғанда сол елдің президенті А. На­сердің қабылдауында болған. Сол сапар­лар­дың бәрінен де ол кеудесін кернеген мақ­таныш сезіммен оралады екен. Өйткені, ол сол жиындарда өзін емес, қазақ әйелінің қандай әлеуметтік дәрежеге көтерілгенін көрсетіп қайтатын.

Дарқан өмір де ағын су сияқты. Уақыт көші жөңкіле жылжып, атақ қана емес, мадақтың да тозатын, бақыттың да басыңнан ұшатын кезі болады. Медицина ғылымының докторы, профессор, қоғам қайраткері, перзент туғызу ілімінің асқан білгірі атанған К. Д. Өтегенованың да кейбір әріптестерінің қызғанышынан өрбіген пәле-жаласынан, ақиқат теріске бұрмаланған жәйттерден жаны қатты күйзелетін мезгіл туады... Қысқасы, алпыс жастың өрінен аса-ақ жұмысқа деген бұрынғы ынта-жігері азайып, оның есесіне басты назары сүйікті Жәмиласының от­ба­сына ауады. Ал, ол Мәскеуде тұрақтап, өзі ұнат­қан салада еңбек етіп жүріп, өмірлік се­рігін тапты. Анасы да күйеу баласын бірден ұнатып, әсіресе ақыл-зердесінің тереңдігін, кісілік биік нышанын да жазбай айырған; МГУ-дің тарих факультетін бітірген Сергей Егоров социология ілімімен көп жыл тынбай шұғылданып, Мемлекет және құқық институының жетекші маманы атанады.

"Сережаның зерттеуі үкімет тарапынан жоғары бағаланып, АҚШ-қа жиі баратын болды. Тимурды мамама тастап, бір жаз екеуміз Бостонда болдық. Сергей Гарвард университетінің Құқық мектебінде дәріс оқыды. Дәріскерлік дарыны Америкада жоғары бағаланып, Массачусетс штатының заң шығаратын палатасы оған арнаған жиын ұйымдастырды. Соңынан бізді сенатор Эдвард Кеннеди қабылдады... 1984 жылдың 6 шілдесінде екінші мәрте ана атандым. Ан­дрейім ширап, екі жасқа іліккенде тағы да шет­елге аттандық. Турасын айтқанда, Сер­гей екеуміз балалардың тауқыметін мамама жүктеп, ғылыми ісімізбен алаңсыз шұғыл­дандық. Мысалы, мен 1889-1990 жылдары Қытайда ұзақ болып, Пекиндегі халық­ара­лық байланыстар институтында докторлық диссертациямды дайындадым. Сергей де Б.Н.Ельциннің тікелей тапсыр­масымен Ре­сейде президенттік басқарудың конститу­ция­лық негіздемесін ғылыми тұрғыда әзір­леумен шұғылданды. Сол қарсаңда оның төрт кітабы шықты. 1992 жылы докторлық диссертациясын қорғады. Іле-шала Еуропа елдерінің құқықтарымен шұғылданатын жаңа институтты құруға құлшына кірісті...

Мамамның қос немересінің тәрбиесіне жан-тәнімен берілгені сонша, емханадағы ұлан-ғайыр жұмысынан бас тартып, Мәскеуге біржола көшуге қамдана бастады. Қысқасы, қалған ғұмырын менің екі ұлымды тәрбиелеуге арнайтынын мәлімдеді. Біздің қарсылығымызға құлақ қойған жоқ. Тегінде, мамам қартайған сайын өз дегенінен қайтпайтын қылығын күшейтіп, осы күнгі терминмен айтқанда, авторитарлық әмірге көбірек ерік беретін еді. Бір күні қызық жағдаятқа тап болыпты: Андрейді арбамен сүйреп, Тимурды жетектеп, Алматының Ленин алаңындағы саябақта демалып отыр­са, бір ақсақал келіп, балаларды қызықтап қарап тұрып: "Бәйбіше, мынадай батыр қазақтар барда біздің халық сірә да ешкім­нен кем бола қоймас!.." - деп қолын жай­ып, ақ тілек айтып, бата беріпті. Соны да мамам әзіл-шыны аралас бізге, Америкаға хабарлап: "Алланың жазмышына не шара, міне, асыл Қанекемнің алып тұрпатын айнытпай қайталаған қос немересін баққан кемпір атандым. Жасаң күндегі қызық-шыжығым осындай ермекпен аяқталарын сірә да ойлаппын ба?!.." - деп өзіне-өзі тәнті болып, хат жазғаны есімде.

Амал қанша, бақытты жылдарым ұзаққа бармады. 1992 жылдың 29 желтоқсанында Сергей автомобиль апатынан қапылыста мерт болды. Тимур сол қарсаңда 14, Андрей 8 жаста еді. Сол аздай, мамамның жүрегі ауыратын-ды. Қазанның 11-інде ауыруха­нада жатқанда ол кезекші дәрігерді қасына шақырып, менің телефонымды жаздырып: "Мәскеуге көшіп, немерелерімді оқытпақ болған арманыма жете алмадым. Қызымнан кем көрмейтін сүйікті күйеу балам, әлгінде аян беріп: "Кәмила Досовна, сіздің де уақы­тыңыз бітті", - деді. Сірә, күн шыққанын көре алмаспын, көзімді жұмған сәтте Жәмилашыма хабар беріңіз. Бұл менің соңғы өтінішім, қызым фәни дүниеде жалғыз қалды, балаларына ие болсын, олар да тура өзі сияқты, қасиетті кісінің ұрпағы..." - депті.

Дәрігер мені шырт ұйқыдан оятып, асыл шешемнің таң сәріде көз жұмғанын естіртті...

*  *  *

2003 жылдың жазында "Сәтбаев" ғұмырнамасының екінші басылымын "ЖЗЛ" сериясымен шығару мақсатында Мәскеуге барғанымда мен Жәмиланы іздеп тауып, Қазақстан елшілігінің іргесіндегі "Мәдени орталыққа" шақырдым. Қазақтың бауырсағы, құрт-ірімшігі, шелпегі қойылған дастарқан басында отырып, әңгіме шерттік. Жоғарыда келтірілген деректердің біразы сонда айтылған еді. Кемтігін Жәмила Қанышқызы бертінде үлкен естелігімен толтырды. Солай етуге ой салған өзім едім: өз өмірі мен шешесі туралы деректерді жүйелеп, бар білгенін, жиған-тергенін ешқандай қоспасыз анасының да, өзінің де әкесіне қарым-қатынасын қағазға түсіріп берсе - ғұмырнама кітабымның келесі басылымында жариялауға уәде еттім...

- Медеу аға, бұл тілегіңізді орындауға құштармын. Туған елмен байланысым сиреп, әсіресе мамамның құрбылары өмірден озған соң мүлдем үзілуге айналды. Соңғы 15 жылда Қазақстаннан мені іздеуші сіз ғана. Әрі қандай тілекпен келіп отырсыз... Мен елімді сірә да ұмытпаймын. Өйткені, аз болса да әкемнің еркелеткен жылы мейірін сезіндім, ал анам туған елімді, халқымды мақтан етіп, ардақ тұтуға үйретті. Әрине, балаларым бұдан мақрұм, тек апасын ғана біледі. Әсілі, олар да кімнің ұрпағы екенін білуге тиіс. Әкем де, шешем де - қазақтың сорлысы емес, мақтан тұтқан сүйікті тұлғалары болды. Сіз енді ел жадынан тасада қалған біздің отбасылық тарихымыздың бет-пердесін ашар болсаңыз, не деймін, амандығыңызды тілеп, кітабыңыздың қайтадан жарық көрер күнін асыға тосатын боламын, аға!.. - деп ағынан жарылған еді өз тобынан адасқан қаздай алыстап кетіп, атажұртын аңсаумен өмірін өгейсіткен Қанекең перзенті - Жәмила қарындасымыз.

Медеу СӘРСЕКЕ, жазушы. Семей.

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052