Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3215 0 пікір 21 Сәуір, 2010 сағат 04:35

Мұхтар Мағауин. Ұлтсыздану ұраны (Жалғасы)

Ел иесі


Ел иесі


Орыс-совет империясы ыдырамақ қарсаңында Қазақстандағы жағдай өте күрделі еді. Саяси емес, этникалық. Барлық ұлт республикаларында жергілікті жұрт халықтың басым көпшілігін құрады. Тек Латвияда ғана бізге ұқсас жағдай.Бірақ елдің аумағы аз ғана, жұрты шағын, әрі Батыс әлемінің пәрменді қолдауы бар, оның үстіне ұлттық құрамы да біздегідей ала-құла емес. Ал біз...Қазақ - алты миллион алты жүз мың шамасында, ауыз толтырып айтарлық көп халық, бірақ республика жұртының, асса 42-43 пайызы ғана. Ал қожайын халық орыс - алты миллионның үстінде, туыстас славян нәсілі - украин, белорус және қайткенде де соларға бейім «орыс тілді» қауымды қосып есептегенде - сегіз миллионға жетеді. Бір миллион неміс бар. Тілі туыс, діні ортақ өзбек, татар, ұйғырдан қайыр жоқ. Кешегі Желтоқсан дүрбелеңі көрсеткен, қазақтың заманы тарылса, тегі асыл немістер мен парасаты мол корейлер ғана бейтарап қалуы мүмкін, қалған қауым, өздері де айдалып келген гректер, ешқандай алашағы жоқ таулықтар, тіпті ағайындас ұйғырға дейін қазақты талап жеуге әзір. Біздің сол тұстағы өкіметіміздің тартыншақтай беруі, құрамы ала-құла парламенттің тәуелсіздікке құлшынбауы кездейсоқтық емес-ті. Егер Ресей Одақтас республикалардың бәрі кетсін, бірақ Қазақстанды жібермейміз десе, біз тыпыр ете алмас едік. Солженицын бейбақтың сонау мұхиттың арғы жағында жатып, Қазақстаннан айрылмаңдар, ол да орыс елі деп зарлауы қисынды болатын. Бірақ тарих, тағдыр басқаша шешті. Ерлігі кемел Екінші Барыс патша бұралқы Мисыз Мекайылды біржола аластау үшін, өзінің берік, толық билігі үшін Ресей Федерациясын да дербес ел деп жариялады. Көп ұзамай, жетекші славян жұртының үш басшысы СССР таратылды деп мәлімдеді. Біз көшкен елдің жұртында қалдық. Енді амал жоқ, жат жұрттық мүшелері дағдарған Қазақстан парламенті көпшілік дауыспен республиканың егемендігін қабылдауға мәжбүр болды. Қалай айтсаңыз да тәуелсіздік алдық!

 

Тәуелсіздік алған - қазақ еді. Орыстың өз елі бар. Неміс те, украин мен белорус та, өзбек пен татар да солай. Бірақ қазіргі заманда әлемде бүкіл халқы жалғыз-ақ ұлттан тұратын мемлекет жоқ. Сонымен қатар, жер иесі, ел иесі байырғы қауым өз ұлысында азшылықта қалған мемлекет тағы жоқ. Иә, талассыз, біздің жағдайымыз тым күрделі, керек десеңіз, өте ауыр еді.

 

Алайда, өзінің атамекен жұртында дербестік туын көтерген - басқа емес, қазақ қой. Оның үстіне өте қолайлы кезең - империя ыдырады, отаршыл, өктем ұлт психологиялық тұрғыдан алғанда, ауыр дағдарысқа түсті, қалған қауым да ел иесі - атаулы ұлттың райын бағып отыр. Біздің, яғни, қазақтың ұтымды тарихи жағдайының күші сондай, жат жұрт өкілдері өздерінің әуелгі отанына үдере көшіп, жаппай қоныс аудара бастады. Ақылы барлары, есі түзулері демейік, қайткенде де қазақ халқының өз жұртына ие болмақ еркін үрдісін ұғынған, ұрпағының болашағын қамдаған және көшіп-қонуға мүмкіндігі бар қаншама халық. Күн аманда іргелі еліне жетіп алуды ойлаған орыс, ежелгі атамекен, берекелі мемлекетін аңсаған неміс, мың жылдық тарихи отанына бөгеліссіз жол ашылған жойыт, бас бүтінде аңыздағы қонысына асыққан грек... «Біреу қыз алып қашса, біреу босқа қашады» дегендей, біршама орнығып қалған мекенінен безіп, басқа бір аймақтан несібе іздеген үлкенді-кішілі тағы қаншама ұлт өкілдері... Осыған керісінше, сырт елдердегі қазақтар өздерінің тәуелсіздік туы көтерілген құтты жұртына қарай ұмтылды...

 

Енді қазақ халқы өзін шын мәнісінде ел иесі, жұрт иесі сезінуге тиіс еді. Әлбетте, ешкімді қуған қазақ жоқ, өздері кетіп жатыр, қалғандарға тағы қысым жоқ, тең құқықты азамат, бірақ Қазақстан дегеніміз - Қазақ елі екендігіне ешқандай күмән болмаса керек еді, сөз жүзінде, әрі іс жүзінде - де юре және де факто!

Содан бері бір мүшелден асты - он үш жыл - не болып шықты? Күн озған сайын айқындалып келеді, Қазақстан деген - ұлттық мемлекет атауы емес, географиялық атау ғана! Өйткені ел иесі - қазақ емес!

Неге бұлай болды десеңіз, алғашқы күннен бастап бәрі керісінше жасалды. Енді оңға бұрамыз десек те, түзелуіміз қиын.

 

«Құлды бәрекелде өлтіреді» демекші, бізді «көне бер, бере бер» тұралатқан сияқты. Тәуелсіздікті алар-алмастан-ақ, сырттай қарағанда, қазақтың қамын жеген, елдің тыныштығын ойлаған, шын мәнісінде тек сүйекке сіңген қорқыныш пен құлдық психологияның ғана көрінісі болып есептелетін, ақыр түбі еселі сыбаға, тиесілі несібеден ғана емес, ар-намыс, кісілік кейіптен айырған сұрықсыз тіршілікке жеттік. Бұрынғы құлдықтан өткен қорлық!

 

Өкімет нұсқау берді, БАҚ ұран тастады, бас көтерер азаматтар үнсіз қалды, ақыры еркің ғана емес, елің де қолдан шығып барады. Немесе, баяғыда шығып кеткен. Сенікі - түстен кейін маңыраған ақсақ қойдың шоқаңдай ұмсынған әрекетінен де дәрменсіз құр сөз.

 

Бұл, түпке жеткен қағида бойынша, біз «ел иесі» екенбіз.Онысы рас еді. Ендеше... бар жауапкершілік сенің мойныңда. Басқаларға да бірдеңе - аз ғана міндет қалдыру керек. Түгел өзіміз алдық. Керісінше, қалғанын түгел бердік. Оның мәнісі: ел иесі болған соң, сен бәріне көнуің керек.Мұрныңды бұза ма - шыда, алақаныңмен баса тұр; келесі кезекте бір көзіңді шығарса, уақа емес, екінші көзің бар.Сен ел иесісің. Ұлт аралық жанжал туып кетпесін. Үстіңдегі жалғыз жейдеңді сұрай ма, дамбалыңды қоса шешіп бер - сен ел иесісің, ешкімді өкпелетпеу керек, пәле болып жабысады, бере сал. Немесе, сен нанның кезегінде тұрсың, ертерек жеттің, алдымен алуға тиіс едің, сол кезде орыс па, орман ба, татар ма, күрд пе, көлденеңнен біреу келе қалды, өңмеңдеп ілгері ұмтылды - сен ел иесісің, кезегіңді бер, әйтпесе көңілі қалуы мүмкін... Жалпақтап айтсақ, осындай жағдай.

 

«Ел иесі» болғандықтан, барлық жерде қазақты шетке шығардық. Қарапайым ғана мысал. Ел бастаған көсемдеріміздің бірі журналистерге пресс-конференция беріп немесе сайлаушылармен, бұқара халықпен кездесу өткізіп жатыр екен дейік. Кенет, әлдебір сорлы қазақ бейкүнә ғана бір сұрақ қояды. Сол кезде... сенген көсеміміз бейбіт сұраққа байсалды жауап беру орнына екі көзі ақиып, зіркілдеп ала жөнеледі. Жалпақ жұрт, тіпті мың сан телекөрермен алдында жер-жебіріне жетеді. Хош. Келер сәтте «орыс тілді» әлдебір сабаз қисық-қыңыр сұрақ қойсын. Енді жаңағы көсеміміз жайдары жүз, жарқын көңілмен, иіліп төсек, жайылып жастық болып, іс мәнісін тәтпіштеп, бар сөзін мипаздап, сыпайы, әрі мәдениетті жауап айтады. Дұрыс. Ешбір жаңсағы жоқ. Ендеше... жаңағы сорлы қазаққа қараптан-қарап тұрып неге зіркілдеді? Өз жұртын менсінбеу, өз халқын қорлау деген осы. Басқалар көріп отыр, аңдап, біліп отыр. Бір, екі емес, жүз рет ұшырасқан жағдай. Осыдан соң қазақта қандай қадір қалмақ? Ежелден қожайын болып қалыптасқан қауым енді өз көсемдері қорлап отырған жұртқа қалай қарауы керек? Бұл - жоғарыдан төменге дейінгі барлық деңгейдегі басшылардың қанына сіңген әдет. Алдына барған қазақпен менсінбей сөйлесу, басқа ұлт өкілдеріне құрақ ұшып тұру - бүгінде үйреншікті жұмыс тәсілі. Жеке бір кісілерге емес, бүкіл ұлтқа көзқарас. Айта кетейік, бұл өктемдік қазір қазақтың өз ішінен өтіп, елдегі басқа ұлт өкілдеріне ғана емес, шет елдік фирмалар, тіпті, елшіліктерге көшті. Әлемдік демократия мен теңдіктің тірегі саналатын Құрама Штаттардан бастап, Еуропаның, біздің бірер ауданның шегіндей ғана жері бар кез келген мемлекетінің елшілігі қазақтармен бір тілде, яғни тым биіктен, орыс болар, орман болар, қалған кез келген ұлт өкілімен басқа тілде, яғни адамша сөйлеседі. Тіпті, бізге қатынайтын шет елдік ұшақтардың өзінде төменгі нәсіл, құнсыз сорлы екендігіңді айқын аңдап отырасың. Қолы жеткен, қалтасында бес-он тиыны бар кісілеріңнің бәрі осындай болғанда, бүкіл елімізді торлап жатқан шет елдік өндіріс пен кәсіпорындар, фирмалар кіріптар етіп отырған мың сан қандастарымыздың халі қандай? Рас, бір кезде біз тәуір деп білген капитализм, шынында да жыртқыш екен дейік. Бірақ әлемнің қай елінде, қай жерде дәл осы біздегідей, еңбек адамының қақысын соншама жеген, жеке басын соншама қорлаған жағдай бар екен? Біз келіп, байырғы жұртқа тиесілі бар байлықты тегін иеленген шет елдік кәсіпкерлер үшін қазақ - арзан жұмыс күші ғана емес, дәрменсіз, құнсыз, сорлы халық. Және қазақты дәл осындай қорлық, құлдық жағдайға жеткізген - әуелі өзіміздің егемен өкіметіміз, содан соң біз қазақ - өзіміз. Осының бәріне қарап тұрып, шынында да құнсыз шығармыз деп ойлайсың. Бәрін басқа шығарған - өзіміз ғой.

 

Жарайды, шет елдік алпауытқа шама келмейді. Алып қойған, беріп қойған. Сол себепті де өкіметімнің ерекше қамқорлығында. Айтарға сөз жоқ екен. Онда, өз қолымызда тұрған нәрселер бар ғой. Мәселен, әлдебір  аудан орталығындағы мектеп. Қалашықтың бір жақ қиырында. Мың балалық ғимаратқа екі мың бала барады. Екі емес, үш кезекте. Соның өзінде әр сыныпта отыз бес-қырық оқушыдан. Ендеше, жаңа мектеп салуға болады ғой. Болмайды, ақша жоқ. Бұл да жөн. Ендеше... Қақ орталықта қатарынан екі мектеп тұр. Әрқайсысы мың балалық екі мектептің бірінде - үш жүз оқушы, бірінде - үш жүз елу. Оқу таңертең ғана, бір сыныпта жиырма баладан, соның өзінде қаңырап тұр. Сонда қалай? Солай. Әуелгі мектеп - сорлы қазаққа тиесілі. Сорлы қазақтың бейшара балаларына. Кейінгі екі мектеп - орыс-орман, билеуші нәсіл балаларына тиесілі. Дұрыс екен дейік. Сонда, осы екі мектепті қосып... Болмайды! Онда билеуші нәсіл бунт шығарады. Ана мектепке барса, көшенің арғы бетіне өтуі керек. Сондықтан жаптырмайды да, қостырмайды да. Барсын ана қазақтар. Қысқы суықта, жазғы ыстықта. Қалашықтың екінші шетіне, он, жиырма көше өтіп. Отырсын, бірінің басына бірі шығып, соңғы үшінші кезектегі балалар түн қараңғысына дейін. Ал мына екі мектепті қосса - орыс тілділерге қысым көрсету болып табылады! Ұлт аралық татулық керек! Қазақ ел иесі, бәріне шыдауға тиіс...(деседі аудандық оқу бөлімі және әкімшілік, облыстық оқу бөлімі және тағы біреулер). Ойдан шығарылған емес, баспасөзде талай рет жазылған, бір ауылда емес, талай жерде күні бүгінге дейін шешімін таппаған қорлық. Көпе-көрнеу зорлық. Зорлық емес, қорлық емес, бейшара сорлылық. Міне, осыны көріп отырған ел қайтеді, осындай жағдайда өсіп-жеткен бала кім болады?!

Әлбетте, кез келген елде, қандай жағдайда болмасын, сол ұлысты мекендеп отырған жұрттар арасында татулық болуы керек. Бірақ бұл татулық жергілікті, байырғы жұрттың жалпыға ортақ құл болуы арқылы жүзеге асуы - ақылға сыймайтын жағдай. Біз сол ақылға сыймас сорақыны қалыпты заңға айналдырдық. Әрине, шоқпар ала жүгірмеңіз. Бірақ біреу, тіпті, шоқпар емес, дауыс көтереді екен деп бұға берсеңіз, басыңыз таяқтан арылмайды. Шынын айтқанда, батырға да жан керек демекші, қайткенде де жанжал іздеп отырған ешкім жоқ. Іздесе де аяқ астынан көтерілмейді. Керісінше, бұға берсеңіз сұға береді. Әсіресе, сыйластық, адамгершілік ұғымдарын қара күшпен ғана өлшейтін, жаңа тарих заманында өктемдікке үйренген еуропалық ақ жүзділер. Міне қараңыз. Білімдар Балтық бойын, тентек Қапқазды айтпай-ақ қояйық. Көршілес өзбек. Ешкімді сабаған жоқ. Жаппай қудалаған жоқ. Бірақ күні бүгінге дейін келгінші қауыммен татулық бұзылмапты. Азды-көпті жанжал өз арасында ғана. Көп қой дерсіз. Біз көп болсақ та, өзімізді сыйлата алмас едік. Оған дәлел - іргедегі қырғыз. Өз елі, өз жерінде қырғызды қорлап отырған кім бар? Керек десеңіз, сол қырғыз мынау қазақты менсінбейді. Ал біз жалбаң-жалбаң. Қырғызды айтасыз, өзбек емес, сол өзбектегі мейманхана, ресторан есігін күзетіп тұрған, ары-бері өткен жұрттың бәріне мархаба деп, үш бүктеле иіліп тұрған кіріптар орыстың өзі қонаққа барған қазаққа - мына бізге мұрнын шүйіріп, кердең мінез көрсеткеніне куә болдық, оның ұғымында қазақтан өткен қор халық жоқ, өзбекке құл болып тұрып, қазаққа қыр көрсетуді міндет санайды. Қазір қазақта сөзге тоқтамайтын бір дерт пайда болды. Ол - өзбек қой, ол - қырғыз ғой, өз жерінде отыр ғой және сіз олай-былай шығарсыз дейді. Мына біз олай-бұлай болсақ, сіз қайда барып оңасыз? Жаңа айттық, өз жеріңізде қалай жетісіп жатқаныңызды. Өзбек пен қырғыз (Қапқазияны, Балтияны айтпағанда) өз елінде өктемдікке ұмтылып отыр. Бұл - қалыпты жағдай. Адам құқығы ақиқат сақталатын Батыс елдерінің өзінде мемлекет атымен аталатын жергілікті халық - ел иесі саналады. Дәл қазір сол елде жалғыз өзі отырмаса да. Мәселен, Германияда байырғы жұрт немістермен қатар үш (ресми емес деректерде төрт-бес) миллион түрік, бір миллионға жуық славян тектілер, алты жүз мыңдай итальян, үш жүз мың грек, екі жүз мыңға жуық испан, жүз елу мың голланд, жүз мың араб, жүз мың португал, елу мың мен жүз мың аралығында дат, ағылшын, француз, сыған, азды-көпті тағы қаншама жұрт, ең аяғы бірнеше мың қазақ тұрады. Франция бұдан да шұбар: елдің шын иесі француздармен бірге бір жарым миллионнан астам араб, әрқайсысы миллионның төңірегінде - итальяндар, португалдар, эльзастар, бретондар, жарты миллионнан жүз мыңға дейінгі аралықта жойыттар, испандар, корсикандар, поляктар, каталондар, фламандтар, немістер...он мыңдап саналатын тағы отыз-қырық халық...бес-алты жүз қазақ. Германияда, Францияда (басқа да кез келген дамыған елде) тұрып жатқан осыншама ұлт пен ұлыс өкілі өздерін сол мемлекеттің тең құқықты азаматы санайды, ел иесі немістен немесе француздан артықпыз деп ойламайды, бар тағдырын осы жұртпен байланыстырған. Және қанша айтылса да біздің жұрттың, қарапайым халық түгілі, өкіметіміз бен саясат серкелерінің көкейіне қонбай қойған ерекше жағдай - Франция да, Германия да, басқалары да көп ұлтты мемлекет деп саналмайды. Франция - француздар елі, Германия - алмандар елі...яғни Қазақстан да қазақтар еді. Бұл елдің иесі - қазақ (болуға тиіс).

 

Қайталап айталық, біз - жаңа көтерілген, дәлірек айтсақ, жүз елу жылдық бодандық, отарлық ұзақ дәуірден соң қайтадан ту тіккен жас республикамыз.Саяси жағдайымыз әлі де күрделі. Ес жиып, іргесін біржола бекітіп, күш-қуатымыз нығайғанша (одан кейін де) ел ішінде тыныштық болуы керек. Бірақ қазақ - әр түрлі тарихи жағдайлар нәтижесінде осы елдің шегіне келіп қоныстанған үлкенді-кішілі, азды-көпті ұлт өкілдерінің бәріне бірдей құл емес. Сол қаншама жұрт ішіндегі ең қоры емес. Ешкімнен артық болмасын, неге тең тұрмайды? Қазақтың қорлық атаулының бәріне көне беруі қашанға дейін елдегі тыныштық, ұлт аралық келісімнің негізі болып қалмақ? Әлде бұл тыныштық басқаларға керек емес пе? Елдің тең дәрежелі азаматы ретінде қазақпен де есептесу соншама қиын ба?

 

Қиын. Керек емес. Өйткені, сондай ұғымды қалыптастырған, жалпы жұртты жаман үйреткен - біздің өзіміз. Қазақты әуелі өкіметіңіз сыйласын. Жағынса, қазаққа жағынып, санасса , қазақпен санассын. Басқаны былай қойғанда, тек жағрапиялық қана атау болып қалған Қазақстан деген мемлекетті мекендеп отырған халықтың тең жарымынан артығы - осы қазақ деген ұлттан. Қанша азып-тозса да, сегіз жарым миллион кісі. Ертең - он, арғы күні он екі, он бес миллион болады. Шын тілегенің тыныштық болса, ең бастысы - осы орныңда аман-есен отырғың келсе, отырмасаң да, күреп жинаған мол байлығыңның қызығын ақырына дейін өзің көргің келсе, айналайын, әуелі қазақтың көңілін тап.

Мұның бәрі дәрменсіздің сөзі. Жалынғанмен жан қалмайды. Шын мәніндегі ел иесі болу үшін қазақ ең алдымен өзін-өзі сыйлауы керек. Біз мүлде ұмытып кеткен «ұлттық мақтаныш», «ұлттық намыс» дейтін ұғымдар туралы айтып отырмыз. Солай, бауырым!..

 

(Жалғасы бар)

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1471
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5419