Живилов деген жегіқұрт кім?
Заңды қақын талап етіп сарсылған Сандуғаш Тағабергенова Живилов дегеннің аузынан «Сендер сорлы халықсыңдар» деген сөз естіді.
Заңды қақын талап етіп сарсылған Сандуғаш Тағабергенова Живилов дегеннің аузынан «Сендер сорлы халықсыңдар» деген сөз естіді.
Оқырманға мәселенің мән-жайы түсінікті болу үшін әңгімені әріден бастайық. 2007 жылдың 24-желтоқсанында Сандуғаш Тағабергенова Ш.Сенбаевтан сату және сатып алу келісім-шарты бойынша он контейнер сатып алады. Ертеңіне 25-желтоқсан күні контейнерлерін ашу мақсатында «Глория» ЖШС-нің директоры Н.Живиловпен мерзімсіз келісім-шартқа отырады. Нәтижесінде Н.Живилов оған әр орынды он мың доллардан сатып, қалтасына жүз мың долларды басады. Сөйтіп ол, осы сауда орындарының С.Тағабергенованың жеке меншігіне өткенін растайтын он төлқұжат береді. Бұлардың әрқайсысында «Глория»ЖШС-нің мөрі, Н.Живилов мырзаның бадырайтып қойған қолы, тіркеу нөмірлері, қатары жеке-жеке жазылып айқайлап тұр. Ол тек Сандуғаш Тағабергеноваға ғана емес, сауда орнын, яғни, жерді сатқан барлық адамға «салық, т.б. ақыларды өзім төлеймін, ақшасын маған беріп тұрсаңдар болды» дейді. Бұған сенгендер тіпті, жерге төлеген ақшаларына түбіртек алуды да ойламай, қолдарына тиген төлқұжатқа ырза болып кете барады. Қош делік, «Глория» ЖШС-не кәсіпкерлер ай сайын сұраған ақшасын төлеп, әкімшіліктің дәптеріне қол қойып жүре береді. Күндердің күнінде С.Тағабергенова Н.Живиловқа Әуезов аудандық салық бөліміне салықты өзі барып төлейтінін айтады. Дау осы жерде ушығады. Өйткені, контейнерлер мен олар тұрған жер заң бойынша С.Тағабергеноваға тиесілі, жеке меншігі. Сөйте тұра он контейнер үшін белгісіз себептермен «Глорияға» ай сайын 257 мың және субарендаға 50 мың теңге төлеп отырған. Не үшін? (Энергия, т.б. қызмет ақыларын қоспағанда). Ал, Живилов мырза болса «Глория» базарының жер телімі үшін мемлекетке айына бар-жоғы 146 мың 874 теңге төлеп келген. Шын мәнінде Н.Живилов жер телімін Алматы қаласы әкімшілігінен сату үшін емес, сауда орталығын салу мақсатында жалға алған. Бірақ, оның бұл жерді мақсатты пайдаланбағаны өз алдына, жалға алған телімді өз меншігіндей басқаның жеке меншігіне беруін қалай түсінуге болады? Бұл туралы мәліметтер С.Тағабергенованың арызы бойынша қаржы полициясының өткен жылдың 22-маусымында жасаған аудиторлық тексеруі негізінде анықталған. Н.Живиловке жазған алғашқы шағымды Алматы қаласының қаржы полициясы белгісіз себептермен жауып тастаған. Тек С.Тағабергенова Қайрат Қожамжаровтың қабылдауына кіргеннен кейін, яғни, төрағаның нұсқауынан соң ғана алматылықтар ұйқысынан оянып, аудиторлық тексеру жүргізген.
«Глория» базарының аумағында қаншама кәсіпкер бар. Ал Тағабергенованың бір өзі «Глория» ЖШС-не ай сайын 300 мыңнан аса ақша төлеп отырған. Бұл мемлекеттің миллиондаған қаржысының Н.Живиловтың жеке қалтасына түсіп жатқанының нақты дәлелі емес пе? Қаржы полициясының тексеруінен соң, яғни, екі жылдан кейін «Глория» жалға берушілеріне ақша төлемін растайтын түбіртек беріле бастаған. Жер теліміне жеке меншік құқығын Алматы қаласының әкімшілігі ғана бере алатынын ескерсек, Н.Живиловке мұндай құқықты кім берді? Өкінішке қарай, құзырлы органдар бұл заңбұзушылыққа көздерін тарс жұмып, үнсіз отыр. Әйтпесе С.Тағабергенова бұл жөнінде Ішкі істер министрлігіне, Қауіпсіздік қызметіне, Қаржы агенттігіне, т.б. органдардың бәріне хат жазған. Басқасын айтпағанда заңдылықты қадағалайтын орган Алматы қаласы прокуратурасының бір өзі ғана Н.Живиловке қатысты С.Тағабергенованың жазған бес шағымын тақымдарына басып, жауапсыз қалдырып отыр.
Н.Живилов 2007 жылдың 25-желтоқсанындағы келісімшартты жоққа шығарып, өзінше жаңа келісімшарт жасайды. Оның 1-тармағында: «Барлық арыздар мен шағымдар менің қарауымсыз ешқандай заңды мекемелерге берілмеуі тиіс» десе, 3-тармақта контейнерлерді кімге жалға беретіні тек өзінің келісімімен ғана жүзеге асатыны айтылған. Мұны белден басу емес деп айтпай көріңізші. Шын мәнінде мемлекет жерін заңсыз сатып, жер телімін мақсатсыз пайдаланғанымен қоймай, ондағы халықтың конституциялық құқығын таптайтындай Живилов кім? Оған мұндай мүмкіндікті кім беріп отыр? Әрине, тек Живилов мырзаның ғана құқығын қорғайтын «ұрдажық» келісімшартқа С.Тағабергенованың қол қоймауы заңды. Өз құқығын қорғаған кәсіпкерді Н.Живилов қуғынға ұшыратып, 2008 жылдың 1-қыркүйегінде сауда орындарын тауарымен қоса тәркілеп, жауып тастаған. Ендігі жайтты С.Тағабергенованың өзі айтсын:
- Н.Живилов мырза мені шақырып, «Әкімшілік пен қаржы полициясына шағымданатын сен кім едің? Маған не істей аламын деп отырсың? «Нұр Отаныңа», Президентіңе жаз, қолыңнан ештеңе келмейді, әуре болма! Сендер сорлы халықсыңдар, оралмансыңдар!-деп небір балағат сөздер айтып, намысыма тиді. Әсіресе оның Вы все казахи - ниже пояса моего! Вы все продажные, я вас всех куплю!» - деп халқымды қорлағаны жаныма ауыр тиді.
Осылайша С.Тағабергенова жаңа келісімшартпен келіспегені үшін базардан қуылады. Бұдан соң С.Тағабергенова Алатау аудандық ішкі істер органына шағымданады. Тәртіп сақшылары өз міндеттерін атқаруға асыға қоймайды. Олардан түк шықпағаннан соң Сандуғаш Н.Живиловтің үстінен мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына арыз түсіреді. Судья А.Елибаев жалған келісімшарттың негізінде С.Тағабергенованы Н.Живиловтің алдына жығып береді. Енді Н.Живиловтің астамсығаны сонша келісімшартты ғана емес, жерге жеке меншік құқығын растайтын төлқұжатты да өзгертіп жібереді. Ең басында берілген төлқұжат мәтінінде «Принадлежит на правах частной собственности Тагабергеновой Сандугаш Зиядиновне» деп жазылса, екінші жасалған құжатта бұл сөздер «торговое место принадлежит владельцу на правах частной собственности без права на земельный участок» деп бастапқы өңін теріс айналдырып шыға келген. «Сасқан үйректің артымен жүзетіні» секілді өтірігі әшкере болып қалған Н.Живилов мырза енді қайтеді, белшесінен батып кеткен былығын жабу үшін, әрине, құжаттарды қолдан жасайды, өзгертеді, т.б. басқа жөнсіз әрекеттерге барады. Н.Живиловке жердің қандай мақсатта берілгені Жоғарғы соттың №4 гп-285-09 жеке қаулысында: «....Кроме того, из акта и договора аренды от 18 октября 2006 года, имеющихся в материалах дела, следует, что земельный участок, на котором установлены 10 контейнеров совственницей Тагабергеновой С., предоставлен ТОО в аренду для строительства и эксплуатации торгового центра на основании постановления акимата города Алматы №6/1063-507 от 13 сентября 2006 года, из чего следует, что ответчиком, по сути, истице передан в субаренду земельный участок, а не торговое место, что подтверждено представителем ответчика на заседании надзорной коллегии Верховного суда» деп бекітілген. Н.Живиловтің әлі күнге дейін құзырлы органдар мен сотқа 2007 жылдың 25-қарашасында жасалды деп көрсетіп жүрген келісімшартының да заңсыздығын Жоғарғы Сот судьялары соқырға таяқ ұстатқандай дәлелдеп берген. Енді қаулыдағы жолдарға көз жүгіртейік: «...договор аренды не мог быть подписан истицей 25 ноября 2007 года, как указано в копии договора, представленного ответчиком, так как фактически он был подписан ею 25 декабря 2007 года, как это следует из оригинала договора, представленного истицей, и исследованного в судебном заседании, подверждаевтся материалами дела».
Судья А.Елибаевтың әділетсіз шешіміне жаны күйген С.Тағабергенова қалалық соттың аппеллияциялық алқасына жүгінеді. Төрағалық етуші Р.Әділбаева, судьялар Г.Мусина, Б.Бегалиевтер жауапкерге он контейнерді ашуды жүктейді, сөйте тұра талапкердің жұмысын әрі қарай жалғастыруы үшін емес, оның тек тауарларын алуын ғана міндеттеген, яғни, шалдыр-шатпақ шешім шығарады. Дәл осы арада жоғарыдағыдай заңсыздықтарға жол бергені үшін Жоғарғы Сот тарапынан Алматы қалалық сотының төрағасы мен Алматы қаласының әкімінің аттарына жеке қаулы шығарылып, жолданғанын айта кеткен жөн.
Әбден шарасы таусылған С.Тағабергенова Жоғарғы сот төрағасы Мұсабек Әлімбековтің атына ашық хат жазады. Өткен жылдың 13-қыркүйегі күні Жоғарғы соттан шақырту алады. Бұл аралықта ол «Нұр Отан» партиясы Алматы филиалының сол кездегі төрағасы, марқұм Т.Садықовтың қабылдауында болады. Мәселенің мән-жайын естіген Т.Садықов С.Тағабергенованы Қ.Қожамжаровтың қабылдауына жаздыртады. «Осыдан кейін ғана менің ісім алға жылжи бастады. Әділдік іздеп ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы, Қ.Қожамжаровқа, ІІМ тергеу бөлімінің бастығы М.Әміровке, ІІМ қауіпсіздік қызметінің бастығы А.Выворовқа, Бас прокуратура департаментінің бастығы Е.Әбдіқадыровке, Жоғарғы сот жанындағы соттар әкімшілігі жөніндегі комитеттің төрағасы Г.Кимге, Алматы қалалық ішкі істер департаменті тергеу басқармасының бастығы Б.Арғынбаевқа, оның орынбасары Б.Теңізбаевқа, Алатау аудандық ішкі істер басқармасының бастығы Ашировке, Алматы қаласының прокуроры Ә.Естаевқа, оның орынбасары М.Қожабаевқа, Алматы қаржы полициясының бастығы М.Дүйсеновке, т.б. бардым. Енді Н.Живиловтің заңсыз істерін әшкерлеу үшін Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы мен еліміздің Бас прокуроры Қайрат Мәми мырзаға бару ғана қалды.
19-наурызда Жоғарғы соттың 14-қазанда шыққан №4гп-285-09 қаулысын орындауға он бес шақты сот орындаушысымен барғанымызда, белгісіз телефон қоңыраулары шалынып, іс орта жолдан тоқтап қалды. 26-наурызда В.Кимнің қабылдауына үшінші рет кірдім. Ол істің мән-жайын білу үшін Алматыдан аға сот орындаушы Асқар Баутаевты арнайы шақыртты. Ол өз түсініктемесінде Астанадан Ғ.Смағұлов, Г.Сүлейменова, содан кейін Алматы қаласы Соттар әкімшісінің орынбасары Б.Асанбековтің істі тоқтату жөнінде бұйрық бергенін жазған. Сол кездегі іс-әрекеттер бейнежазбаға түсірілді» дейді Сандуғаш. Н.Живиловтің «Жоғарғы Сот маған С.Тағабергеноваға үйлен десе, үйленуім керек пе, мен сот қаулысын орындамаймын» деген сөзі таспаға жазылып алыныпты. Бір қызығы, бұл уәжін ол сот процесі үстінде айтқан. Демек, оны суын ішіп, ауасын жұтып, өзін байытып отырған қазақ елінің заңын сыйламағаны үшін жауапкершілікке тартуға толық негіз бар.
Осы жылдың 9-сәуірінде экономикалық сотта судья К.Сәлімбаева өткізген отырысқа қатыстық. Істің ақ-қарасына заңды көзқарасын білдіргені үшін отырыс біте сала Н.Живилов пен оның адвокаты Л.Калбахани прокурор Е.Баймахановқа өктемдік танытып, жаға жыртысуға дейін барды. Сырттан қарап тұрып, шынында Н.Живилов мемлекеттік шенді қызметкерге бұлай дауыс көтергенде қарапайым халыққа не істемейді деген ойға қалдық. С.Тағабергеновада он контейнер бар, ал, Н.Живилов сотқа он бес есеп-төлемін өткізеді де, жалпы сомасын 257 мың етіп шығарады. Сонда басы артық бес контейнер кімдікі? Бұл да белгісіз. С.Тағабергенованың орын нөмірлері есеп-төлемдерінде көрсетілген нөмірлермен сәйкес келмейді. Н.Живилов пен Жетісу аудандық салық басқармасы осындай жалған әрекеттерімен сотты, құзырлы органдарды шатастыруда.
Мақаламызға арқау болған №4гп-285-09 қаулысы ұзақ сенделіс, сансыз сергелдеңмен мәресіне жетті. Жеткенде де қалай жетті десеңіздерші. С.Тағабергенова үш бала тәрбиелеп отырған ана, оны айтпағанның өзінде орда бұзар жасқа да келмеген қаршадай қыз. Ал, Н.Живиловтің іс-әрекетінен Сандуғаш сынды қазақ қыздарының намысын қорлау, жалпы алғанда қазақтың байымауын көздеу, құқығын қорғатпау секілді астам пиғыл анық байқалады. Мұны ашық айту керек. Әзірге маңдайына жел тимей тұрған шу асау Н.Живиловтың аптыққан көңілін сабасына түсіріп, тәубесіне келтіруді құзырлы органдардың еншісіне қалдырғанды құп көріп отырмыз.
Бет қатталып жатқанда ҚР Жоғарғы соты жанындағы сот әкімшілігі жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Б.Асқаровтан С.Тағабергеноваға мына мазмұнда хат келді. Хатта өз қызметін дұрыс атқармағаны үшін Алматы қаласы соттар әкімшісінің бұйрығымен сот орындаушысы М.Сүлейменов қатаң тәртіптік жауапкершілікке, Алматы қаласының соттар әкімшісі А.Пірімқұлов, Комитеттің тәртіп комиссиясы мәжілісінің қорытындысымен қатаң сөгіс пен тәртіптік жауапкершіліке тартылып, уақытша еңбекке жарамсыздық демалысында жүргендігіне байланысты оның орынбасары Б.Асанбековтің мәселесін қарау кейінге қалдырылған. ҚР «Атқару ісі және сот орындаушыларының мәртебесі жөніндегі» заңының 57/1 бабының талаптарына сәйкес сот актісін орындау үшін «Глория »ЖШС бас директоры Н.Живиловқа қатысты 2010 жылдың 25-наурызында Алматы қалалық ІІД-нің анықтау басқармасына оны ҚР Қылмыстық кодексінің 362-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс жіберілген.
Құзырлы органның мәліметі осындай. Сонымен әзірге әліптің артын бағып, жоғарыда аттары аталған тиісті органдар мен мекемелердің Н.Живиловтің іс әрекетіне қатысты уәлі уәждерін өз ауыздарынан естісек деген үмітіміз бар.
Түймегүл СМАҒҰЛҚЫЗЫ
Суретте:
1. Заңды қақын талап етіп сарсылған Сандуғаш Тағабергенова Живилов дегеннің аузынан «Сендер сорлы халықсыңдар» деген сөз естіді.
2. «Глория» сауда үйі деп жазылғанымен, шын мәнінде сауда үйінің талаптарына сай келмейтін, тек төбесі жабылған қара базар осы.
(Мақала ықшамдалып басылды)
«Заң газетінен» алынды. www.zan.zanmedia.kz