Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 7091 0 пікір 10 Мамыр, 2014 сағат 11:15

Ер Жәнібек тойы: Ерлікке елдік тағызым

 

Есімі абақ керейдің ұранына айналған, халқымыздың даңықты батыры Жәнібек Бердәулетұлының туғанына биыл 300 жыл болып жатыр. 

Алаш жұртының жүрегінде «Ер Жәнібек» болып ұялаған баһадүрдің батырлықпен бірге, нағашысы Қаз дауысты Қазыбек биден дарыған шешендік өнері де болған. Ер Жәнібектің Шайқаста тұлпары болдырып қалған Абылай ханға астындағы көк дөненін түсіп берген көрегендігі; жекпе-жекте қалмақтың екі батырын жеңген ерлігі; Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгембайлармен тізе қоса отырып, жоңғар шапқыншылығына қарсы соғыстың аяғына дейін шайқасқан табандылығы;  Кіші жүз ханы Әбілқайыр Ресей империясының бодандығын қабылдаған алмағайып тұста керей тайпасын бастап, Сыр бойынан үдере көшіп, Қалба тауына, одан ары  Алтай асып, Шыңжаң өлкесіне қарасты байырғы мекеніне апарып орналастырған көсемдігі ел жүрегіне орнап кеткелі қашан!?

Азаттық туы желбіреп, алыптарымыз қайта орала бастаған тұста, Ер Жәнібек жөнінде халық жүрегінде  сақталған алтын қазына қағаз бетіне   молынан түсе бастады. Ал, қазіргі қытай территориясында өмір сүріп жатқан қазақтар бұл жұмысты тіпті ертерек, сонау сексенінші жылдардың басында қолға алып үлгірген болатын. Олар екі сериалды фильм түсірді, батыр тұлғасын сомдаған көлемді романдар, зерттеу еңбектер жазып шығарды.

Есімі аңызға айналған қасиетті тұлғаның атына елімізде қоғамдық қор құрылып, 290 жылдығы сол қордың жебеуімен, азаматтардың атсалысуымен дүркіреп өткені есімізде. Қалбатау өңірінде еңселі ескерткіші тұрғызылып, Алматы қаласының Алатау ауданынан бір көшеге есімі берілген болатын.

Міне, содан бері тағы бір он жыл зуылап өте шығыпты. Ер Жәнібекке деген халқының ықыласы тіпті арта түскені байқалады.

Сол қалыптасқан дағды бойынша алыс-жақындағы батыр ұрпақтары Алматыда бас қосып, енді ұлы тұлғаның үш жүз жылдығын атап кең көлемде өткелі жатыр. Осы арада астын сызып айтатын бір сөз, Ер Жәнібек ұрпағы батыр баба тойын бұл жолы да өз қаржыларына өткізгелі отыр.  Қысқасы, үкіметтің есігін қағып, басшылардың мазасын алмаған. Бір Жәнібек емес, Оспан батырдың жүз жылдығы, Таңжарықтың 110 жылдығы, Қажығұмардың асы да осылай аталып өткенін біз жақсы білеміз. Жаратқанның әр күнін еңбекпен өткеріп, ащы терімен тапқан табыстарының бір бөлгін ортақ қоржынға салып, берекенің, жомарттықтың үлгісін көрсетіп отырған осынау ағайындарға алғыстан басқа не айтасың, тек азаттық аңсаған бабалар рухы жебеп, желеп жүре берсін дейсің!

Дүбірлі тойдың бағдарламасына қарағанда, Ер Жәнібекке арналған бұл шара былтыр ғана Көкшетауда аталып өтілген Абылай ханның 300 - жылдығынан асып түспесе, кем соғатын түрі жоқ. Ақылды азаматтар алыс-жақыннан келген ағайынның басын қосып, Батыр бабамызға мамырдың 11-і күні түсте Алматыдағы «Rixos Almaty» мейрамханасында құран оқытып, ас бермек. Ертесі (12- мамыр) кеште қазақ өнер жұлдыздарының қатысуымен Республика Сарайында «ЕЛІНЕ ҰРАН БОЛҒАН ЕР ЖӘНІБЕК» атты гала концерт өтеді. Маусым айының он тоғызында (06.19)  Астанада халықаралық ғылми-тәжірибелік конференция болады. Конференцияға қатысушы қонақтар ертесі күні Қалбатауға жолға шығады. Тойдың думанды тұсы 21-маусынан бастап Қалбатауда жалғасады. Мұнда да көк қасқа тайға бата жасалып, аламан бәйге, ақындар айтысы, қазақ күресінен топ жарғандар қомақты жүлдемен марапатталады. Театрланған қойылым болады. Жыл сайын ШҚО-да өтіп келе жатқан «Шығыс шынары» да биыл Ер Жәнібектің мерей тойына арналыпты. Бас бәйгеге авто көлік тігіліпті. Қысқасы, бұл шара жыл ақырына дейін  жалғасын табады.

Айналамызда мылтық дауысы естіліп, дүниенің дүбірі көбейіп, есіл бабаларымыз білектің күші, найзаның ұшымен қорғап қалған байтақ даламызға пиғылы теріс жандар тағы да көз сұғын қадап, қисынсыз сөзге ерік беріп  отырған тұста өткізіліп жатқан Ер Жәнібектің 300 жылдығы, әрине, еріккеннің ермегі, атақ шығарудың айласы емес, нағыз ерліктің тойы, берекенің ұйтқысы болмақ деген ойдамыз.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373