Шұғыла Сапарғалиқызы: Бишілерге қолдау жоқ
Қазақ биінің хас шебері Шұғыла Сапарғалиқызы қайда кетті деген сөз аз естілмейді. Біреулер оны өнерді тастап, отбасының қамымен кетті десе, енді біреулер – ел арасында өтетін концерттерге мұрнын шүйіріп, жабық есікте өтетін той-томалақта би билеп жүр дейді. Алайда жуықта ғаламтор желісінен Шұғыла арнайы өнер орталығын ашып, жас таланттарды жинап жатыр деген хабарды да естіген едік. Сөйтіп, интернетте аталған мекен-жай бойынша Алматының қақ ортасынан ашылған мектепке ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Шұғыла Сапарғалиқызын арнайы іздеп бардық.
– Шұғыла ханым, жаңадан ашылған би мектебіңіз құтты болсын! Жастар жағынан би үйренуге талпыныс танылып жатыр ма?
– Рахмет! Енді бұл бастаманың нәтижесін уақыт көрсетер. Биді үйренем деген ынталы жастар өте көп. Бұйырса, алда өтетін жеке кешімде осы мектебімде тәлім алып жатқан жас бүлдіршіндердің сахнадағы тұсауы кесілетін болады. Бастапқыда өзімнің ізімді басатын кәсіби деңгейдегі бишілерді алсам ба дегенмін. Өйткені биге деген икемі қалыптасқандықтан, олармен жұмыс істеу қиын болмайды. Бірақ іріктеу барысында менің алдыма әуесқойлар көп келді. Олардың буыны қатып қалғандықтан, жас балаларды алуды жөн санадық. Енді осы бүлдіршіндерді бес-алты жылдай баулысақ, ары қарай алып кетулері қиынға соқпайды. Сонымен қатар біздің орталықта биден өзге, вокал мен сурет салуға да үйретеді.
– Жалпы сіз Қытайдан ел президентінің шақыртуы бойынша оралғанда, қазақ биінің нағыз қамқоршысы келді деген үміт болған еді. Бірақ арада он бес жыл уақыт өтсе де, қазақ биі ұлттық өнердің биік деңгейіне неге шыға алмай жатыр?
– «Жалғыздың шаңы шықпас» деген ғой халық. Жалғыз мен қазақтың би өнерін көкке көтерем деуім – әбестік болады. Менде ондай орасан мақсат болмаған, мұндай міндетті маған ешкім жүктеген де жоқ. Би өнерін өрге сүйреу – бүкіл мемлекеттік ансамбльдер мен театрлардың, өнер ордалары мен өнерге қатысты оқу орындарының міндеті болса керек. Дегенмен, бұл салада ештеңе атқарылмай жатыр деуге тағы келмейді, Астанадан арнайы «Астана балет» театры ашылып, жұмысын бастады. Бюджеттен арнайы қомақты қаржы бөлініп, бишілерге жағдай жасалынып жатыр. Тіпті кейбірі тәжірибе алмасу мақсатында шетел сахнасына барып, өнер көрсетіп жүр. Бізге тек жақсы қойылымдар жетіспейді. Әйтпесе бізде талантты бишілер жеткілікті.
– Бұл орайда би, дәстүрлі ән және күй өнері сияқты ұлттық өнерді өз күнін өзі көруге мәжбүр етпей, мемлекеттік қолдау қажет дейсіз ғой?
– Әлбетте! Мәселен, қазір қандай концерттік жобаны алсақ та, олар бишілерсіз өтпейді. Тіпті сахнаға жалқы шыққан әншілердің де соңында бишілер билеп, әртістің өнеріне әр беріп тұрады. Бұл біздің елде бишілер қатарының аз еместігін көрсетеді. Алайда осы өнер иелеріне деген насихат пен қолдаудың жоқтығы сол – олар «еңбегі адал, еті арам» күйге түсті. Олардың еңбегі еленбей, тасада қала береді. Тіпті әншлер дайын фонограммамен ән салғаны үшін де барған жерінен қомақты ақша алады. Ал әр қойылым сайын ақ тер-көк терге түсетін бишілер бергенді қанағат қылуға мәжбүр. Міне, сәйкессіздік пен өнердегі әділетсіздік қайда жатыр?!
Қазір қандай би ансамбльдерін алып қарасақ та, әртістерінің алатын жалақысы өте аз. Тапқандары бүгінгі инфляция мен девальвацияның жұмырына жұғым болмайды. Сондықтан мемлекеттік театрларда істейтін небір бишілер қолдарын бір сілтеп, өнерден кетіп қалып жатыр. Мысалы, мен Пекин театрында жұмыс істегенде, жалақыдан бөлек әр қойылымға дайындық жасаудың өзіне арнайы ақы төленетін. Ал гастрольге шығып, мемлекеттік мерекелерде өнер көрсететін болсаң, ол сома пәленше есеге дейін артатын. Айлығымызды алмайтынбыз, ашқан есепшотымызға ай сайын жиналып жата беретін. Осылайша Қытайда өнер адамдарының еңбегі арнайы заңмен қорғалады. Тіпті күнделікті жейтін жеміс-жидегіміз бен дәрумендерімізді де театр өзі көтеріп алатын. Өз басым алғаш елге келіп, президент оркестріне орналасқанда, маған он мың теңге жалақы тағайындалды дегенде жағамды ұстадым.
– Ал енді сіздің бүгінгі тұрмыс жағдайыңыз, мінген көлігіңіз, тапқан табысыңыз өзіңізді қанағаттандыра ма?
– Үкіметтің маған бергені – Астанадан үш бөлмелі пәтер мен «Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» деген атақ қана. Сөйте тұра осы уақытқа дейін қол қусырып, ешкімге алақан жайған емеспін. Бүгінгі жағдайымның жақсылығы өзімнің маңдай термен тапқан еңбегімнің арқасы деп білемін. Жылына бір-екі рет мемлекеттік мерекелерде өнер көрсеткенде, гонорар төленіп тұратыны бар. Оның өзі бүгінгі мына қымбатшылықта бір ішіп-жеміңе де жетпейді. Сондықтан табыстың көзін шетел сахнасында көрсететін қойылымдардан тауып жүрмін. Оның үстіне үйде отағасы, яғни асыраушымыз, тірегіміз бар. Мен соған арқа сүйеп келе жатырмын. Осы орталықты да өз жиған-терген қаржыма сатып алып, ашып отырмын. Бұған дейін жұмыссыз жүрдім десем, аса бір өтірік айтпаған болармын.
– «Отағасы» демекші, «естіген құлақта жаза жоқ » деген, ел арасында сіз туралы қазақтың бір танымал азаматына екінші әйел болыпты деген сөз бар. Әрине, бұл жеке бастың әңгімесі. Бірақ құлағы түрік қазаққа бір жауап айтар кез келді деп ойламайсыз ба?
– Менің күйеуім – мен Қазақстанға келмей тұрып, үйленіп, кейіннен түрлі жағдайларға байланысты ажырасқан азамат. Сондықтан мен біреудің бақытына ортақтасып, ешкімге екінші әйел болған жоқпын. Ел не демейді? Тіпті пәленшеден бала туып алыпты дегендер де болған. Алайда Қытайда атағымыз жер жарып жүргенде, елге келіп, біреудің жары боламын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Бәлкім, тағдыр шығар. Бірақ мен өздігімнен ешкімнің ала жібін аттамайтын адаммын.
– Сонымен неше баланың анасы болдыңыз?
– Аллаға шүкір, екі ұл, бір қызымыз бар.
– Қазақ ән-жырмен бірге биді де бір кісідей меңгерген халық бола тұра, елімізде ұлттық бидің қыр-сырын үйрететін бірде-бір мемлекеттік шаңырақ жоқ. Есесіне арнайы театр ашып, батыстың балетіне басымдылық беріліп отыр. Бұл жағдайды сіз қалай бағалайсыз?
– Біздің елде тиіп-қашып оқытатын жоғары оқу орындарының ішіндегі би бөлімдерінен басқа, жалғыз ғана Селезнев атындағы хореографиялық училище бар. Оның өзінде балетке басымдылық береді. Мысалы, ол жерде талапкерлерді таңдау сәтіне келгенде, жақсыларын балетке баулуға алып қалады да, әлсіздерін ұлттық биге жібере салады. Осыдан-ақ қазақ биіне деген көзқарастың қаншалықты екенін біле беріңіз.
– Айтпақшы, сіздің бұған дейін Астанадан «Шұғыла би мектебін» ашқаныңыз бар еді. Соның тағдыры не болып жатыр?
– Иә, 2003 жылы Астанада Еуразиялық университеттің ішінен сол кездегі ректор Мырзатай Жолдасбеков ағамыз арнайы мектеп ашып берген болатын. Сөйтіп, ол кісі арнайы акт залы мен бір-екі кабинетін босатып берді. Арнайы іріктеу арқылы биге икемі бар бүлдіршіндерді таңдап алдық. Ұзын саны екі жүзге жуық баланы оқыта бастадық. Кішкентай шәкірттерім шетелге дейін шығып, өнер көрсетіп, мектебіміз күн санап өркен жая бастады. Мұны байқаған сол кездегі Мәдениет министрлігі бізді Селезнев атындағы хореографиялық училищенің филиалы етіп жіберді. Кейіннен Алматыдағы аталмыш білім ордасын филиал қылып қалдырамыз да, сендер қазақ ұлттық би өнерінің орталығы болып қаласыңдар дегенде, қуанышымыз көкке жетті. Сонымен министр ауысып, соңынан Мырзатай ағамыз орнынан кеткенде, біз далада қалдық. Сөйтіп, әрбір есікті қағып жүргенде, өзімнің де денсаулығым сыр бере бастады. Ақыр соңында емделуге шетелге кететін болғандықтан, мектебімді министрлікке өткізіп кеттім. Ол мектептің содан кейінгі тағдырынан хабарсызбын. Сұрау салғанымда жауап берген жан баласы болмады. Міне, бізде осындай жауапсыз дүниелер жетіп артылады.
– Осы кейбір зерттеушілер қазақта «Қамажайдан» басқа би болмаған, «Қаражорға» – моңғол биінің қазаққа ыңғайластырылған көшірмесі деген пікірге қандай қарсылық айтасыз?
– Бұл пікірге жүз пайыз қарсымын. Біз көшпелі ел болып саналатындықтан, қазақ пен моңғол болсын, салт-дәстүріміз бен мәдениетімізде жақындық, ұқсастық болуы заңдылық. Барлығымыз бірдей ат үстінде өскен халықпыз. Сондықтан «Қара жорғадағы» ат үстінде шауып бара жатқандай көрінетін иықтың қозғалысы баршамызға таныс. Бірақ бұл би әр ұлттың өзіндік элементтерімен ерекшеленеді. Өз тәжірибемнен айтар болсам, әр халықтың бидегі қимыл-қозғалысы сол ұлттың тарихына байланысты туындайды. Айтып отырған жүйрік ат бәрімізге аткөлік есебінде таныс болғандықтан, моңғолдар оны өздерінің нақышына салып билеп жүр. Тіпті қырғыздың өзі «Қара жорғаны» билеу арқылы Гиннесстің рекордтар кітабына енгелі отыр. Осыған енді не дейсіз?
– Сіз соңғы жылдары сахна мен телеэкраннан сирек көрінетін болып жүрсіз. Осының себебін немен түсіндіресіз?
– Мен өнерден ешқайда кеткен жоқпын. Тек ел ішінде өтетін кештер мен концерттерге шақыртулар аз. Өздігімнен сұранып баруға намысым жібермейді...
– Ал ел ішінде жүрген тағы бір сөзге қарағанда, сіз жабық есік жағдайында өтетін ақсүйектер мен байлардың түсімі көп той-томалағында би билеуге көшкен деген қауесет бар. Бұл рас па?
– Бұл жалған сөз. Тек ағайын-туыстың арасында көңілдерін көтеру мақсатында өнер көрсететінім болмаса, ешқашан ондай той-томалаққа барып билеген емеспін. Алайда пәленшенің тойы, түгеншенің туған күні деп, өтініш білдіретіндер болады. Бірақ өзіме қойған талабым сол – биік сахнаға лайық бидің беделін тойда төмендеткім келмейді.
– Ал таяу болашаққа арналған шығармашылық тұрғыдағы қандай жоспар-жоралғыңыз бар?
– Алдағы айда Алматы мен Астана қаласында жеке шығармашылық кешімді өткізсем деп отырмын. Қазір соған дайындық үстіндемін.
Әңгімелескен – Динар КАМИЛОВА,
«D»
«Общественная позиция»
(проект «DAT» № 16 (240) от 24 апреля 2014 г.
Тақырып өзгертіліп алынды. Түпнұсқадағы тақырып: Өздігімнен ешкімнің ала жібін аттамайтын адаммын