Жұма, 27 Желтоқсан 2024
46 - сөз 8193 0 пікір 25 Сәуір, 2014 сағат 12:59

ТАЛҒАМ МЕН ТАНУ

Көркем шығарманы тану кәсібиліктің белгісі. Әдебиеттанушы ол да оқырман. Бі­рақ кәсіби дайындығы бар оқырман. Білім­мен қаруланған оқырман шығарманың ком­позициялық құрылымын, артықшылығы мен кемшілігін көріп отырады. Мәселен, құ­рылысшы салынып жатқан үйдің құрлысы­нан бар ақауды көріп тұратынындай, кәсіби әде­биеттанушы шығарманың іргесі қалай қа­лан­ғанын, қандай да бір кірпіштің қалай қа­ланғанын байқап қояды. Әдеби шығар­маны тануда білім аса қажет. Білімі бар адам көркем мәтіннің ішкі құрылымын, сыртқы көрінісін байқап, оның мағынасы мен негізгі айтпақ ойының оқырман жүрегіне жеткен-жетпегенін, егер жетпей жатса, оның себебі қандай деген сұрақтардың бәріне нақты канондар арқылы, пәндік терминдермен жауап бере алады.
Сонымен қатар, қарапайым оқырман бар. Көркем мәтінді оқығаннан кейін ол «мы­нау Абай» дейді. Кәсіби білімі жоқ оқыр­манның ішкі талғамы болады. Ішкі талғамына сай әрбір оқырман Абайды өзінше таниды. Өзі жазған мәтінін қалай жазды, мына жерде жеткіліксіз бір метафоралық ерекшелік қалып қойды, құрылымында мынандай олқылық бар деп түсіндіру жазушыға қажет емес. Ол аузына түскен сөзін қағазға құя са­лады. Бірақ дүниеге келген шығарманның кә­сіби оқырмандары – біздер сол шығар­ма­ны тануды, танытуды өзімізге міндет санауымыз керек. Өзіңе бір шығарма несімен ұнайды дегенде, оған пән тілімен, теориясымен, категорияларымен талдап, мынау шығарманың жазылуы кәсібилігі жоғары, жазуда мынадай әдістер қолданған, мынандай тұспалдар айтылған, басты кейіпкердің жанының толқынысын жазушы былай жет­кізген деп өзің оқыған шығарманы жіліктеу арқылы қарапайым оқырман, автор, мәтін үшеуі құраған эстетикалық әлемді тану ол кә­сіби мамандардың ісі. Бұл шын маман үшін қиын болмауы керек. Қиындығы бар, әрине. Егер сіздің объектіңіз өте нашар бол­са. Ондай шығармалар науқанды мақтау ке­зінде көп кездеседі. Мен ондай шығар­ма­ларды талдаудан үнемі бас тартамын. Өйт­кені, мақтауға татымайтын туындыларды «мынау керемет» деп леп белгілерімен айтып беру жеткіліксіз. Оны нақты мысалдармен дәлелдеп, құндылығын аршып беру керек. Өз заманының келбетін шын жасай алмаса, оны жәй мақтау шығарманы тануға жатпайды. Мақтаған шығарма оқырманын таба алмаса, сол қиындық.
Ахмет Байтұрсынұлы 1926 жылы кіта­бын «Әдебиет танытқыш» деп қойды. Яғни асыл сөзді таныту. Қазақтар сөзді бір сөз­шеңдіктен, шешендіктен айтпаған, сөз қа­жет болғандықтан айтқан. Сөздің асыл болуы оның қажеттілігінен. Сөздің асыл бол­уы­ның сырын, оны айту үшін биік тал­ғамның қажеттілігін білетін авторлар бо­лады. Әдеби сыншы осыны көріп, қарапайым оқырманға «мынау Абай, ол осындай қасиетімен Абай» деп түсіндіріп беру керек. Абай – қазақтың бас ақыны. Біріншіден, хә­кім Абай, екіншіден, асыл сөзді білетін Абай, үшіншіден, сөздің асыл болуының сырын білген Абай. Және Абай неліктен қазақтың бас ақыны. Себебі, хақиқатты білгендіктен, бар сөзін хақиқат қалыбында айтқандықтан Абай. Бізден кейінгі ғасыр­ларға Абайды апаратын сол қасиеттері. Осылай Ахмет Байтұрсынұлы сияқты танытып беру қазіргі біздің міндетіміз.
Бізге қазір нақтылық керек. Уақыт талабына, оқырман талғамына сай көп сөзді­лік­тен арылсақ. Оған білім, қырағылық, жоғары тал­ғам қажет. Ол жәй талғам емес. Маған мысалы, Солженицынның «Иван Денисович­тің бір күні» ұнауы мүмкін. Себебі, көркем шығарма. Бірақ менің азаматтық ұстаны­мым бар ғой. Ол менің ұлтымды қорлаған Сол­женицын. Оны насихаттағаннан гөрі мен Орхан Памукті айтамын. Орхан Памук қазір Мэдисон университетінде әдебиет­танудан сабақ беріп жүр. Енді «Қар» романы Нобель сый­лығын алды. Ол бір жағынан сая­сат шығар. Бірақ өте көркем мәтін. Онлайн лекциялары бар. Соңғы лекцияларында былай дейді: «Біз Еуропаға барып баян­да­ма жасағанда, шы­ғыс­тық бір ақынды мақтап, біздің бір ақын мы­нандай сөз айтты десек, олар бұл этни­калық көрініс қой деп айтады. Этникалық деп бір тобырлық дең­гейге түсіріп тастайды. Одан орташа дең­гейдегі еуропалық ақынның сөзі айтылса, оны керемет деп бағалайды» дейді. Осындай пікірді айту үшін, әрине, Орхан Памук, не Нобель сыйлығының лауреаты болу керек.
Социалистік реализмнің қарызынан құ­тылу үшін жазылған шығармаларды жілік­теп талдап, танытудың бүгінгі әдебиет үшін қандай маңызы бар? Немесе басқа да тапсырыспен талданатын, бірақ сондай талдау­ға лайық емес шығармаларды көргенде бі­лімнің жеткіліксіз екенін көресің. Бұған же­ке ұстаным мен талғам, принцип керек. Бұн­дай өтірік мақалаларды жазуды тал­ғам­ды, өрелі әдебиетші өзіне ар санауы ке­рек.

Айгүл ІСМАҚОВА, 
әдебиеттанушы

"Қазақ әдебиеті" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2063