Сейсенбі, 3 Желтоқсан 2024
Қоғам 6534 0 пікір 19 Сәуір, 2014 сағат 10:11

Дәурен Қуат. Әмірхантану әлеміне саяхат

Исатайдай ақберен ағасынан айрылған Махамбет құлазыған қу медиен далада көп жүріп қалады. Сөйтіп жүрген күндерінің бірінде Хиуаға жол тартып бара жатқан керуенге жолығып, түлейді түнде тінткен жолбарыстай сұсынан сескенген керуенбасына: «Сіз менен күдік етпеңіз. Мен зиянсыз адаммын. Бір кезде қолда ойнаған қылыш ем, қайрауын таппай кетілдім», - деп күрсінеді. Әмірхан туралы жаманат хабарды естіп, Шардараға шыққан бетте менің ойыма осы бір хикаят орала берді. Жаңылыспасам, әлгі хикаяны Әбіш ағаның (Кекілбаев) «Шандоз» атты кітабынан оқығанмын.

«Дәуке, осы мен ақынмын ба?» - деп қоңырау шалатын Әмірхан Балқыбекпен арықарайғы әңгімеміз әдебиетке, оқыған, оқып жатқан кітаптарымыздың мазмұнына ұласатын еді.  Өткенде өз халіне шағынғандай «ұсақ-түйекті» сөз қылды: «Жұмыссыз отырғаннан шаршадым. Марқадан ұят болды. Барлық есік мен үшін жабылып қалған сияқты». «Олай деме, Әбеке, энциклопедияда жұмысың бар. Көсіліп жазамын десең «Абайдың» аламан майданына кел». «Әй, Дәуке, мен сендердің темптарыңа шыдай алмаймын ғой. Күнде бірдеңе тауып жазу қолымнан келмейді. Маған оймен, асықпай жұмыс істейтін жер керек». «Ендеше өзің алғаш қызмет істеген «Парасатты» көр. Ол жерде адам танитын, өзі де талантты әм талантты бағалай білетін Серік Әбікен отыр емес пе?». «О, мынауың идея!» «Серікке хабарласайын ба?». «Жоқ, Секеңді өзім де білемін ғой, өзім хабарласайын». Содан бірер күн өткізіп, сәуірдің 4-інде Әбең әдеттегідей біздің редакцияға соқты. Амандық-саулықтан кейін әңгімеміз қалпынша жалғасын тапты. «Кімді оқып жатырсың, Дәуке?»  «Мені түркі әлемінің аңыз-әфсаналары (мифі) қызықтырып жүр». «Мен Артюр Рембоның өмірбаяны туралы оқып бітірдім. Айдос еліктіріп айтқан соң қолға алып едім, расында керемет екен». Содан жаңа ғана тұқылына дейін құмарлана шеккен шылымын тастай бере қорабынан және бірін суырды. Күрсінді. «Осы біздің оқығанымыздан не пайда? Кімге керек? Кімге керекпіз?» «Оқу алдымен адамның өзіне керек қой, Әбеке? Қой, мен жұмысқа кірісейін». Күнделікті жарияланымы жаңаланып тұруға тиіс ақпараттық порталға мақала жазу, электронды поштаға келіп түскен материалдарды оқу, өңдеу – түс ауғанша сіңбіруге мұрша бермейді. Мен компьютерге қадалып отырып қалдым. Әбекең кең адымдап шығып бара жатты. «Түстен кейін жолығармыз». «Осындамыз ғой, Әбе». Жолықпадық. Соңғы рет жолығысқан сәтіміз сол екен. Қимас жақынын ақырғы рет көріп тұрмын деп тірлікте, сірә, кім ойлар? Кім түйсінер?..

Мен тап қазіргі күндері Әмір досым, «шәй» десіп жүз шайыспаған жан бауырым жайында кең толғап айтуға, жазуға дайын емеспін. Себебі: Әмірханның бақиға аттануымен бірге ішімдегі жігердің жасып, қайраттың жалыны қайтып, сенімнің сетінегенін сездім.

Тоқсаныншы жылдар еді...  нақтысы – 1995-тің күзі. Бізді Әлібек Шегебай таныстырды. Алматының іргесінен орын тепкен Қалқаман кентіндегі менің жалдап алған пәтерімде төрт-бес жігіт таң сібірлеп атқанша әжүк-гүжік әңгіме соқтық. «Ертегі білесіңдер ме?» - деді Әбекең. Үлкеен ақын-жазушыларды оқып, өздері де үлкееен ақын-жазушы атанғысы кеп жүрген жігіттерге бұл тосындау сұрақ еді. Әйтсе де, бәріміз ертекші болып шықтық. Эпостық, лиро-эпостық жырлар да кетті. «Гілгамеш! – деп қалды бәрін білетін Балқыбек, - Гілгамешті оқыңдар, жігіттер!»

Сол тоқсаныншы жылдардың басы... Философиялық эсселері елді «естанды етіп бітірген» Дидар Амантаймен, «Қазақстан Замандағы» мақалалары жұртты жалт қаратқан Талғат Ешенұлымен, жазудағы әдемі тіліне мысқыл араластырып отырып талайдың мысын басып, оқырманның ықыласына бөленген Сәкен Сыбанбаймен, қазақ поэзиясына дауыл тұрғызып келген Маралтаймен, сыншы Амангелді Кеңшілікпен, ақындығын айқайламай-ақ әйгілеген шайырлар: Жарас Сәрсекпен, Бауыржан Бабажанұлымен, Ақеділ Тойшанұылмен, оқу-тоқуы көп Жарас Сейтнұрұлымен, жарқылдап, аңқылдаған Жанарбек Әшімжанмен таныстығымыз басталдыда кетті. Көппіз. Көңілдіміз. Аяқты алшаң тастаушы едік. Әрине, әдебиет әлемінің есігін қаққан әр буын өкілінің буы мен дуы біздерді де шарпымай өткен жоқ. «Шын, азат ойлы, көркемдік талғамы биік, нағыз қазақ әдебиеті бізден басталады», - деп даурыққан кездерді де бастан өткердік. Сол өрекпіген шақтардың сәулелі сәттері, бірақ, аса ұзаққа созылмаған сияқты. Тез байсал тарттық па? Әлде, романтикалық қиял-ғажайыптар баураған күндерді кешіп жүре беруді артық көрдік пе? Әлде, әу бастағы буырқанған, жолдағының бәрін жапырып тастай салатындай тастүлек сенімімізге орай өз бойымыздан күш-қуат, қабілет-қарым таппай шалдықтық па?.. Әмірхан осы сауалдардың жауабын іздеп таусылатын. Іздеп шарқ ұратын. Оны ажалға жетелеп әкеткен себеп те осы бір сұмпайы сұрақтардың жауабы ма екен?..

«Біз әдебиетке адалмыз», - деуші еді ол. Әдебиетке – поэзияға адал ұлдар туралы Темірхан аға соноу бір жылдары «алтынкөпірліктер» деп ағалық ыстық лебіз білдірді. Ізашар туындыларын Мейірхан ағамыздың тап басып танып берген бағасы қандай еді? Сондай буынның басы неге бұ дүниеден ғапыл аттанды? Сондай буын неге жасық тартты? Өйткені... Өйткені бұл буынның дарынды ұлы мен қызы ақын-жазушы болып өмір сүрудің қазақ қоғамында мүмкін еместігін  алдымен мойындады. Бұл, бірақ, әдебиет майданынан қол көтеріп шықтыға есеп емес, алайда олар өздерінің ащы тағдырын, өлара шақтың, тұяққапты тірліктің құрбаны болып туғандарын түсінді. Отбасының ғана қуанышына жылынбаса, былайғы жұртқа керексіздігін, алымдылығы  мен адамдығының құны қара бақырға татымайтынын іштей егіле отырып ұғынды. Ақынсың ба, жазушысың ба? Ал, жаз. Алайда сені ешкім оқымайды. Оқуы ықтимал. Пікір айтпайды. Қазақ әдебиетіндегі осы бір мүлгіген мүттайым ахуал арғы-бергіні ақтарып, есейіп, тіпті түрлі эксперименттер мен ағымдарды пайдаланып болсада шығармалар жазып,  қазақ әдебиетін тағы бір баянды белге шығаруға ұмтылған буынды сындырды. Олардың алды  қазір, Әмірхан бек жақсы көрген  Акутагаваның жасынан озып үлгерді. Рембоның жолына түскендердің қолынан сауда да келмей, жаза да алмай жүр.

Әдебиетте буын үндестігі деген болады. Сол буын үндестігінің бізге дейін буыны босап, буы шығып кетсе керек. Ағаларымыз бар. Сенің, оның, олардың шығармалары жайында жақ ашпайды. Қолына ұстатқан дүниеңе қомсына қарап қояды. Бітті. Одан кейін нені әңгіме қыласың? Қысыр сөз, пендауи тіршілік. Көзінен көріп отырасың: «Мақтаса екен мені, дәріптесе екен» дейді. Мақталған, дәріптелген, мақталып, дәріптеліп келе жатқан адамдар. Сонда да соны күтеді. Қайтесің, ағалар ғой. Қалқайып, қарайып алдымызда аман жүрсінші.

«Бір өзі бір академияның жұмысын атқарды», - деп Әмірхан бағалаған мифолог Серікбол Қондыбай озды өмірден. «Апырай, мына буында Серікбол есімді сұмдық интеллектуал болған екен ғой» деп қамыққан, алаңдаған жанды бүгінгі қазақ арасынан аз кездестірдік. Міне, енді Әмірхан кетті. «Жақсы ма еді?». «Жақсы еді ғой». «Жақсы еді ғой, жақсы еді ғой» деп бәрі жақсы адамды көміп жатты жабылып» (Жұмекен).

Өмірді өкпемен өткізуге болмайды. Әмірханға салсаңыз «ақын төбелесе білуі керек. Қажет жерде өз шығармашылығын жұдырықпен де қорғай білуі керек». Сондықтан бүгінгі қазақ әдебиетінің төрінен Ғабит Мүсіреповтей абызды, батагөйді көрмедік деп ол ешкімге өкпе артқан жоқ. Ол бес құрлықтың әдебиетін бүтін әдебиет, бір діңнен бұтақ жайған әдебиет деп білді. Әбең үшін Жұматай жайлы айтып отырып Есенинге, Жүмекен туралы әңгіме бастап Рубцовқа бара салу еш қиындық тудырған емес.

Қадыр Мырза Әлидің «Иірімі» мен Мағауиннің «Менін» оқып біткен күні хабарласып: «Біз Батыс қаламгерлерін жақсы танимыз. Өзімізді білмейміз. Өйткені өлсекте пенделігімізді, кем-кетігімізді мойындағымыз келмейді», - деп еді-ау... Рас, ізденген жасқа Анре Моруаның кітабын қолға тигізсе бітті, Батыс әдебиетін жасаған ірі тұлғалардың тағдыры күбірлеп, сөйлей жөнеледі. Ал, бізде ше? Бізде қазақ қаламгерлерін танудың әдеби институты қалыптасты ма? Жоқ. Біз әлі Абайтанудың шегінде жүрміз. Оның өзінде де М. Әуезов бастаған абайтанушылардың дәстүрлі, классикалық нұсқасының қамалында отырмыз. Осы жайт Әмірмен арамыздағы әңгімеге жиі өзек бола береуші еді. Ендеше біздің буын, Әмірханның қағанатында қанаты қатайған кейінгі толқын қазақ әдебиетінде бар екенін Әмірхантанудан бастауы керек шығар. Өйткені Әмірхан ауыл-үйдің, айнала төңіректің абың-гүбің әңгімесінен озып, аз ғұмырында  әлемді емін еркін шарлаудың үлгісін көрсетіп үлгерді. Уақыт пен кеңістікті көктей өтіп, көне эллиндер дәуірін көтеріп әкеліп ұлы даладағы ескі сарынмен ұластырудың ұтымды жолын, суреттен сөз, сөзден сурет көре білудің тәсілін (Әмірханның Модильяниге, Сезаннға ғашық болғанын еске түсіріңіз) алдымен сол көрсетті. Ол жазған дүниесіне тегеурінді текст дарытып, ойдың астарын қарама-қарсы ағыстарға салмағанымен құдды Асқар Сүлейменов еді. Бізге Асағамен жүздесу бақыты бұйырмапты. Бірақ дегдарлықтың дара болмысы Сүлейменов деп қабылдаппыз. Және қапысыз, қателеспей қабылдаппыз. Демек, келешекте рухани кемел биікке жететін ұрпақ Сүлейменов пен Балқыбекті қатар атап, қазақ ойының күймесіне «парлап жегіп» жатса, осы жолдардың авторы оған еш таңданбайды.

Әмірханның қағанаты деп қалдық. Әмірхан өзінен мүшел жас, тіпті кішкентай Қасиеттен (Әбеңнен қалған жалғыз тұяқ) 4-5-ақ жас үлкен балалардың ортасында қайнап-жайнап отыра беретін. Бірер рет орталарында мен де болдым. Байқағаным: әлгі жеткіншектер Әмір ағаларын тыңдай біледі екен. «Жақсы прозашы болу үшін кімді оқу керек?», «Ақын болу үшін ше?» деген құлағы қалқайған сауалдарды да өздеріне тән балғындықпен қойып қалып жатты. Ондай сұрақтарға Әбекем ыждахатпен жауап береді екен. Тіпті қайсыбіріне «Қойын дәптеріңе жазып ал. Аты-жөні, міне, былай жазылады» деп отырды. Әдебиетке құмар жастар үшін Әмірхан қаған, ал оның «әмірі жүрген» төңірек түгел қағанатқа айналды.

Сол қағанаттың нояндарын қаралы жиыннан көргенде қабырғам сөгілді. Өңдерінен өң мен түстің белгісін айырып болмайсың. Мүмкін еместің мүмкіндігіне сене алмағандары ғана ептеп аңғарлады. Жас нояндар ғана емес, Әбекеңмен құлын тайдай тебісіп бірге өскен Амангелді Кеңшіліктердің өзі өксігін жұтып тұрды. Әлібектің жанарынан ытқып-ытқып ақтарылған ыстық жас ішіне құлап түскен құса-шердің шідерін шеше алмай ышқынды. Қаралы жиынды жүргізген Жанарбек Әшімжан аламанда аяғынан алдырып күрсінген жүйріктей жүдеп кетті. Астанадан аңырап Ауыт қоңырау шалды. Ақтөбеден «бай-байлаған» Бауыржанның зарлы үні естілді.

Есіл дос, есеңгіретіп кеттің сен бізді. Сен бірақ, езілгенді, жасықтықты, жылаңқылықты жақтырмаушы едің ғой. Ендеше біз де еңсемізді тіктейік. Жә, бауырлар, жидіп, жылбысқылана берсек, Әмірханның өр рухы бізге ренжитін болады. Қаламға серт! Әмірхан Балқыбек бізді шақыра берген майданда, әдебиет майданында тізе қосайық. Былай деп қолтаңба қалдырыпты ол маған:

«Дәурен баһадүрге! Майдандарға бірге кіре берейік деген тілекпен» Ә. Балқыбек. 24.11. 2008 жыл.

Осы аманат тілекті ұмытуға бола ма?!.

Abai.kz           

0 пікір

Үздік материалдар

Мың бір мысал

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 594