Жексенбі, 6 Қазан 2024
46 - сөз 10908 0 пікір 4 Сәуір, 2014 сағат 14:43

Тұрсынжан Шапай. ҚАЗАҚПЕН САУДАЛАСУ

Құдайдың маған берген бір кеңшілігі, көршім – қазақ... Әрине, қазақ болса, маған бірдеңесін бөліп береді дейсіз бе, әншейін... әлгі... «этникалық-тобырлық» жабайы инстинкттен қалған жұрнақ та баяғы. Ә дегенде, қазақ көрсек, қуанып қалатынымыз өтірік емес қой. Рас, ә дегенде... Сосын бізге – бәрібір. Қан ішкіміз келсе, алдымен қандасымызды айналдырамыз... Соған қарамастан, келесі қазақты көргенде тағы қуанып қаламыз... Осының бәріне қосымша, менде қазақтарға деген және бір жақсы сезім бар: қазақ көрсем, қуанып қана қоймаймын – қазақ көрсем, жақсылық жасағым келіп тұрады. Әрбір қазақтың аты ғана емес, заты да қазақ болса екен деймін. Бұл – ұлтыма деген сүйіспеншілік пе, әлде тамаққа тойып алған соң, сағыз шайнайтының сияқты, жай үйреншікті әдет пе – мен ол туралы ойлаған емеспін.
– Балаңызды қазақ мектебіне ауыстырсаңызшы! – деп өтіндім көршімнен бір күні.
Көршім ойланып қалды.
– Жалпы... айтқаныңыз дұрыс, балаға ана тілін білу де артық болмас еді... Заман талабы солай сияқты ғой қазір...
– Ендеше, не тұрыс? Алыңыз да, беріңіз балаңызды қазақ мектебіне.
– Әйеліммен ақылдасып көрейін, – деді көршім...
– Әйеліммен ақылдастым – балам... бір ауыз қазақша білмейді екен, – деді ертеңіне көршім. – Ол қайтіп оқиды қазақ мектебінде?!
Енді мен ойланып қалдым.
– Қиын екен... Сонда осы күнге дейін балаңызға бір ауыз қазақша үйретпегенсіз бе?
– Кім үйретеді? Шешесі екеуміз жұмыстамыз. Атасы жоқ, әжесі жоқ...
– Үйде қай тілде сөйлейсіздер?
Көршім күмілжіп қалды. Бұл өзі бір жақсы адам, жуас адам. Әйелінен қорқады...
– Түсінікті... Онда былай істейік. Менің бір жақсы танысым бар. Қазақша үйретуден алдына жан салмайтын жақсы маман. Балаңыздың күніне болмаса да, күнара бірер сағат уақытын қиып, соны жалдаңыз. Әрине, азын-аулақ ақысын төлеп тұрасыз – балаңыз келесі жылы қазақ мектебіне дайын болмаса... қазақ болмай кетейін!
– Ойланайын, – деді көршім. – Әйеліммен ақылдасайын...
– Болмайды екен, – деді келесі күні көршім. – Өзіңіз ойлаңыз, баламның жарты күні мектепте өтеді. Күніне қосымша үш сағат мұғалім жалдап, ағылшын тілін үйретеміз... Баламыздың сурет салуға бейімі бар сияқты – мұғалім жалдағамыз... Фото-үйірмеге қатысады... Арасында теннис, су бассейні... Кешке компьютермен айналысады... Бір минут артық уақыты жоқ... Оның үстіне, бәрі – ақылы... өзіңіз білесіз...
– Әрине, – дедім қасарысып, – мұның бәрі қажет, осының бәрі маңызды... Бірақ сіз – қазақсыз ғой. Бүгін-ертең ешқайда көшіп кете қоймассыз – Қазақстанда тұрасыз ғой, бәрібір... Баланың болашағын неге ойламайсыз?!
– Мұның бәрі... дұрыс қой... – деді көршім желкесін қасып. – Бірақ... болмайды ғой...
– Дегенмен, ойланып көріңізші, көп жасағыр!
– Болмайды ғой...
– Жақсы! – дедім мен кенет бір оқыс шешімге келіп. – Өзім-ақ үйретем! Тегін үйретем! Күніне жарты сағат... жарты-ақ сағат уақыт тауып беріңіздерші балаға. Күндіз болсын, түнде болсын, бәрібір... Тек жарты сағат!
– Болмайды ғой...
Көршім осыны айтып, бұрылып кете бергенде, жандәрмен иығынан тартып, құшақтай алдым.
– Айналайын, көрші-еке! Садағаң кетейін, қандасым! Сен күніне үш сағат ағылшынша үйрететін мұғалімге қанша төлейсің, осы?
– Осынша, – деп, көршім әжептәуір ақшаны атады. – Оны неге сұрадыңыз?
– Құлың болайын, бауырым! – дедім жалынышты үнмен дегбірім кетіп. – Міне, мынау – тура сонша ақша! Мен тегін үйретпеймін, мен үйреткенім үшін сізге ақы төлеймін... Тек күніне жарты сағат... жарайды, он бес минут... он бес-ақ минутын қиыңызшы. Балаңыздың ақшасын уақтылы төлеп тұрайын... азырқансаңыз, одан да көп төлейін... Он бес минут! Тек он бес минут!
Көршім не айтарын білмей, аңырып тұрғанда, әжептәуір ақшаны умаждап, қалтасына тыға салдым. Тыға салдым да, көршім есін жиып, айнып кетпей тұрғанда, тездете басып, ұзай бердім.
Көршім ертесіне келіп:
– Болмайды екен... – деді күмілжіп. – Әйелім айтты: «бір үйге қазақша білетін бір мәмбет жетеді» деді... Мені айтады... Сосын айтты: «көрші, немене, бізді қайыршы деп ойлай ма... сыймай бара жатқан шірік ақшаларын алсын да, бүктеп-бүктеп бір жеріне тықсын... тура солай деп айт!» деді... Кешіріңіз... Сосын айтты: «біреудің отбасылық шаруасына қол сұға беретін болса, сотқа арыз берем» еді... Сау болыңыз!
Көршім кешегі «шірік» ақшаны қолыма ұстатты да, шығып жүре берді... Мен шабан миыммен, қапелімде көрші айтқан сөздерді қорыта алмай, есеңгіреп біраз тұрдым. Иә... Көршім «болмайды екен» деді... Тағы не деді? Иә... әйелі «сотқа беремін» деген сияқты... Бұл ақшаны, айтпақшы, қайда тықсын деп еді... А... иә...
Бірақ мен, жоғарыда айттым, қазақ үшін жан пида деген адаммын. Мені бетімнен қайтару қиын... Мүмкін емес! Бір қазаққа қазақша үйретуге шамам келмесе, несіне қазақ болып жер басып жүрмін?! Мен үгіт-насихат жұмысын әрі қарай жалғастырдым... Бірақ келе-келе көршім мені көрсе, анадайдан айналып қашатын болды. Оған шаршап жатқан мен жоқ. Қуып жүріп ақыл айтам...
Ақыры, көршім пәтерін сатып, қаланың басқа ауданына көшіп кетті.
Жақында жаңа көршілеріммен таныстым. Қазақтар екен... Қуанып қалдым... 

С.Сыбанбайдың facebook парақшасынан алынды.

0 пікір