Т.ТАҢЖАРЫҚТЫҢ ЕУРОПА ОҚЫРМАНДАРЫМЕН СҰХБАТЫ
Польшада төрт жылда бір рет өтетін Еуропа ақындарының фестиваліне биыл Эстония, Белгия, Хорватия, Швейцария, Австрия, Грекия, Қазақстан ақындары қатысты. Жеті ақынның жеке-жеке жыр жинақтары жарық көріп, оқырмандармен арнайы кездесулері өтті. Осы шараға Еуропа ақындарының фестивалі ұйымдастырушыларды тарапынан ұсыныс түсіп, солардың шақыруымен ақын Тоқтарәлі Таңжарық қатысып еді.
Гданск қаласындағы халықаралық мәдениет институтының шағын залында өткен оқырмандармен кездесуді Польшаға белгілі тележүргізуші жүргізді.
Тоқтарәлі Таңжарықтың кітабын польяк тіліне аударған белгілі ғалым, түрколог Хенрик Янковски мырза кездесуді оқырмандарға аударып берді әрі өзі де түркі әдебиеті туралы сұрақтарға жауап беріп отырды.
Бас-аяғы бір сағатқа созылған әңгіменің негізгі түйінін ұсынып отырмыз.
Abai.kz
Жүргізуші:
– Тоқтарәлі Таңжарық мырза, елімізге, Еуропа ақындарының фестиваліне қош келдіңіз. «Түн парақтары» жыр жинағыңызды түгелдей оқып шықтым. Байқағаным, бұл кітабыңызға алғашқы өлеңдеріңізді енгізіпсіз.
15 жасыңызда жазған «Қоштасу» деген балаң жырыңыз да бар екен. Алғаш өлеңге қалай келдіңіз?
Тоқтарәлі Таңжарық
– Қазақтың әйгілі ақыны Мұқағали Мақатаевтың: «Поэзия махаббатпен басталып, парасатпен аяқталады» деген әйдік сөзі бар. Бұл өлең балалық шақтағы іңкәрліктен туған. Сол шақтың риясыз бояуы. Кітапқа енген өлеңдер хронологиялық тәртіппен топтастырылғандықтан, әр жылдары жазылған жырларды да енгізуді құп көрдім. Тіпті, кейбір жырлардан тезірек құтылғым да келді...
Жүргізуші:
– Өлеңдегі еркіндік пен өмірдегі еркіндіктің байланысы бар ма? Сіздің «Тырналар», «Түсіме ылғи енеді» деген жырларыңызда алыс арманға ұмтылумен қатар, бұйығыңқылық, шарасыздық та қатар жүреді. Мұның себебі неде?
– Өлеңнің тумысы еркіндіктен тұруы керек. Өлеңде бостандық болмайынша, ол шынайылығынан айырылады. Бірақ өмірдегі, күнделікті тіршіліктегі көптеген түйткілдердің өлеңге де әсері бар. Сіздер үшін соншалықты маңызды емес, тіпті әлдеқашан шешілген түйткілдер бізде әлі де өзекті. Тіл, дін, рух туралы жырлап жатсақ, демек біздің өмірімізде ол мәселелерден аттап өте мүмкін емес. Біздің оқырмандардың көп бөлігі ақындарға сондай талаптар қояды. Бұл кейде шын поэзияға көлеңке түсіруі де мүмкін. Білесіздер, біз 300 жылға жуық өзгенің боданы болдық. Қазір тәуелсіз елміз. Бірақ тәуелсіздік экономикамен, жеке мемлекет болуыңмен, шекараңның шегенделуімен ғана өлшенбейді ғой. Шын рухани тәуелсіздікті қазақ халқы әлі де іздеуде. Сол жолда талай күрестер жүруде. Мұндай таластың бел ортасында қазақ әдебиеті де бар. Қазір жас әдебиетшілер рухани дегдарлықты іздеп, шарқ ұруда. Сіз байқаған бұйығылық яки шарасыздықты соның әсері деп ойлаған жөн шығар.
– Одан қалай арыласыз?
– Мен соңғы бірнеше жыл бойы көп жыр жазғам жоқ, жазғанымды жариялауға да құлықсызбын. Әуелі өлеңнің еркіндігін, эстетикалық танымды лайлаудан сақтансам, сосын нені жазу керектігіне көп ойландым. Мен жырды қиял кеңістігімде қалықтап жүрген әлдебір сәуле сияқты елестетем. Ал қағаз бетіне түскенде әуелгі елестің қаншалықты шынайы туғанына мән беремін. Өкінішке қарай, барлық уақытта діттегеніңе жете бермейсің. Қазір сол тығырықтан шықтым десем де болады. Ең бастысы нені жазуым керектігін әбден пісіріп алдым.
Жүргізуші:
– Сонда қоғамдағы көптеген түйткілдерге көңіліңіз толмайды ғой. Бүгінгі Қазақстанның саяси бағыт-бағдарына қандай баға бересіз?
Тоқтарәлі Таңжарық:
– Біздің географиялық орналасуымыз, сан ғасырлық ұрыс-шайқас қазаққа оңай тиген жоқ. Жеріміздің кеңдігі, халқымыздың аздығы және шикізаттың молдығы бағымыз болмай тұр... Шарасыздық елдің басында да бар.
ХХ ғасырдың басында Алашорда зиялылары Кеңестік үкіметке кірмей, жеке мемлекет – ұлттық мемлекет құрғысы келді. Олар дәстүр-салтты, ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, Еуропалық үлгідегі мемлекет құруды армандады. Өкініштісі, ол армандарына жете алмады. Қазіргі қазақ та солар жетпеген биікке талпынуда. Көптеген кедергілер бар. Біз өмір сүріп жатқан Қазақстан мен біздің өмір сүргіміз келетін Қазақстанда айырмашылық көп... Керағарлық осыдан тууда. Ия, көптеген қиын түйіндердің шешілгені рас, бірақ бұдан гөрі басқа жолды – сауатты һәм ізгірек жолды таңдағанымызда, бүгінгіден гөрі мықты ел болуға шамамыз жетер еді.
Жүргізуші:
– Арманыңыз ұрланды ғой сонда?
Тоқтарәлі Таңжарық:
– Жоқ. Қазақ арманшыл халық. Арманына жету үшін қолынан келгенін істейді. Отанымызды сүйген жұртпыз. Оның қиындығын да, азабын да арқалауға тиіспіз. 20 жылда бәрі бірден болмады деп, өкпелесек, ел болғанымыз қайсы?! Адам артына қарап өмір сүрмеуі керек. Алдына, жақсы күндердің боларына сенуі және соған сай жұмыс атқаруы тиіс. Тағы бір айта кетерлігі, қазақтың сөзі бай, кейбір тақырыптарды ыммен, тұспалмен, астармен айтады. Дәл осыны айтып отыр деуге болмайды.
Жүргізуші:
– «Жазу» деген жырыңызды оқырманға оқып берсем. Осы өлеңіңіз маған ұнады.
Жазу
...Жазу көрем мен ылғи нұр балқытқан пішінде,
Аяны ма Алланың жер бетіне түсірген?!
Қарап кейде айнаға жанарымның ішінен,
Сол жазуды көремін үлкейген һәм кішірген.
Жазуы емес Тәураттың, емес мүлде Інжілде...
Отырамын оңаша қиялымда мұң бүрлеп.
Жапырағына жанымның салған шақта жұлдыз дем,
Белгісіз бір әуенде сөйлейді олар күмбірлеп.
Бірақ оны ұғуға рухы жетпей ділімнің,
Күрмеледі тілім дүр.
Ортасынан безініп күбір менен сыбырдың,
Көкке жайып қолымды көкжиекпен жүгірдім...
Сонда балқып Ай туды үрпін сүйіп іңірдің.
Құстарындай бейіштің қанаттары жап - жасыл,
Олар самғап...
Нұр өпкен қауырсынын маздатып.
Шымыр-шымыр қайнаған қасіретімді қоздатып,
Қара түнді сіміріп қарашығыма көз жасым,–
Кебісімді сүйретіп кеттім келмес жаққа бір,
Аяғыма, сонан соң өзіме сор – өз басым...
Маңдайымды сүйгізіп қараңғы мен жарыққа,
Езу тартам сәбидей өз өзімнен шалықтап.
Айғай менен ұраннан сәттерімде талыққан,
Үн жетеді бір мұңлы, үн жетеді тамұқтан.
Сонсоң мәңгі баз кешіп марапат пен даңқтан,
Санамдағы сәуленің нұрын мұңлы Ай ұрттап...
Сұлық түсіп жатамын сұп-суық бір табытта,
Сол жазулар жүреді көкірегімде қалықтап...
Тоқтарәлі Таңжарық:
– Жоғарыда «Поэзия – парасатпен аяқталады» деген пікірді айтқаным сол үшін. Осы жырды өзім де ұнатамын.
Жүргізуші:
– Сіздің бірнеше жырыңыздан байқадым, Исламға ерекше құрметпен қарайсыз. Соның аясында өмір сүруді құп көресіз. Сөйте тұра жаныңыз тағы бір еркіндікті, одан шығуды да аңсайтындай...
Тоқтарәлі Таңжарық:
– Біз мұсылман халықпыз. Өз дінін сыйламаған халықтың болашағы бұлыңғыр. Ислам дініне бүгін жағылған қара күйе көп. Соның көбі дақпырт. Шын исламның жолы – қазіргідей, сіздер ойлағандай емес. Меніңше, дінді саясиландыруға болмайды.
Біздің ұлттық құндылықтарымыз Ислам қағидаттарымен берік жымдасқан. Бір-бірінен ажырамайды. Демек, менің өлеңдерімде діни реңк болуы заңды құбылыс. Ал екінші тұрғыдан алғанда, мен ақын ретінде өлеңді уағыз ретінде пайдалануға құлықты емеспін. Одан гөрі исламның құндылығын, терең мағынасын астар етіп, содан рухани ләззат алатындай деңгейде өлең жазу дұрыс.
Қазақ көшпенді халық болды. Көшпенділік – еркіндік. Діни қағидаттарды берік ұстана отырып, өзінің әуел бастағы еркіндігін жоғалтпаған. Бүгін сол үрдіс бұзылуда. Мұндай шытырман жағдаяттар да поэзияға өз ықпалын жасауы заңды.
Жүргізуші:
– Ендігі сұрақты Хенрик мырзаға қойсам. Өзіңіз түрколог ретінде, бүгінгі түркі әлеміндегі, оның ішінде қазақ поэзиясында ислам құндылықтары қалай көрініс табуда?
Хенрик Янковски:
– Қазақтың әдебиетінде сопылық мәдениеттің ықпалы күшті болған. Каспий теңізі арқылы алыс-беріс күшейген бір мезеттерде, діни дастандар, ертегілер, аңыздар далаға да жеткен. Ал сопылық поэзияның гүлденген шағы Түркістан қаласында, қазақ жерінде басталды. Қожа Ахмет Ясауидің жырлары бұған дәлел. Кейін өзге түркі дүниесіне, тіпті күллі ислам елдеріне сопылық поэзияның Ясауилік жолы дамыды. Ол үрдіс әлі де бар. Жаңа қырынан қазақ поэзиясынан да байқалып жүр.
Оқырман:
– Қазақстанда оқырман бар ма? Сіздер оқырмандарыңызбен кезігіп тұрасыздар ма?
Тоқтарәлі Таңжарық:
– Кеңес одағы кезінде қазақ әдебиетінің оқырманы көп болды. Газет-журналдардың таралымы да мол еді. Қазір ол жүйе жоқ. Бірақ шынайы оқырман әлі де бар. Талғамды, өрісі кең әдебиетшіл қауым ақын-жазушылардың шығармашылық кештеріне келеді. Интернеттік желіде пікір алмасу жүреді. 100 томдық «Бабалар сөзі» бар ел ретінде айтарым, қазақ поэзияға жақын халық. Менің де азды-көпті оқырманым бар деп ойлаймын.
Оқырман:
– Сіздерде Батыс әдебиеті оқыла ма?
Тоқтарәлі Таңжарық:
– Мен жастайымнан Сіздерді, Батыс әлемін әдебиеті, тарихы арқылы танып келдім. Бүгін өз араларыңызда отырғаныма қуаныштымын. Нобель сыйлығының иегері Вислава Шимборскаяның еліне табаным тигеніне разымын. Орайы келгенде, менің жырларымды аударған Хенрик Янковски мырзаға зор алғыс білдіргім келеді. Бұл кісінің менің жырларымды ғаламтордан тауып, ұнатқаны мені қуандырғаны рас. Қазақтар поляктарды қатты құрметтейді. 19 ғасырда өмір сүрген Адольф Янушкевич қазақ даласына сапар шегіп, тамаша жолсапар жазған. Қазақтың ұлы ақыны Абайдың әкесі Құнанбай туралы жазған сапарнамасы біздің құндылығымыз.
Ал сұраққа келсек, қазақ әдебиетшілері Батыс жазушыларын жақсы біледі әрі оқиды да. Осыдан біраз жыл бұрын ақын, аудармашы, өзім қатты құрметтейтін азамат Ардақ Нұрғазыұлы «Шетел әдебиеті» атты газет шығарды. Мен де аздап қолғабыс еттім. Сол газетте бүгінгі Батыс әдебиеті, әдебиеттанушылардың мақалалары, шығармашылығы жүйелі таныстырылды. Өкінішке қарай, қаржылық мәселелерге байланысты тоқтап қалды. Дейтұрғанмен, бір нәрсені мойындауым керек. Қазір мектептерде «Орыс әдебиеті» пәні тереңдеп оқытылады. Әдебиеттануда да сол үрдіс басым. Өз басым бұған келіспеймін. Менің көптеген замандастарым да солай ойлайды ғой деп ойлаймын. «Орыс әдебиетінің» орнына «Шетел әдебиеті» пәні жүруін, онда да бүгінгі әлем әдебиетінің үздіктерін беруді айтып та, жазып та жүрміз.
Қазақ жазушылары да Ресей жазушыларымен жақсы араласады. Біз осы тосқауылды бұзуға тиіспіз. Егер аударма ісі нақты қолға алынса, қазақтың әдеби жауһарлары Сіздерге де жетер еді.
Жүргізуші:
– Кешімізді қортындылайтын да уақыт жетті. «Жылқылар» атты өлеңіңізді оқып берсеңіз.
Жылқылар
Олар шұрқырап сұп-сұры тұманнан шығатын,
Қайтадан кіретін сұп-сұры тұманға.
Дүбірден дүниенің жүрегі дүрсілдеп тұратын,
Жаңғырып бейуақ кіл аңғар...
Қолымызға құрық ап құла дүзден іздейміз,
Іздейміз оларды –
Көшпенді жылқысын.
Құла ма, қоңыр ма, қылаң ба... білмейміз,
Біз үшін беймәлім түр-түсі.
Бізді де солардай барады жеміріп,
Уақыт пен қара жол -
Ирелеңдеген қос жылан!
Жалы мен құйрығы сусылдап, төгіліп,
Бұл күнде олар тек түсімде осқырар.
...Іңірде жатқан бір жандайын есінеп,
Тарихым ұмытқан олардың тұяғын.
Мен оны мінемін далалар төсінде,
Иә, бұл кәдімгі ақынның қиялы.
...Енді үнсіз отырмын
сағыныш сарғалдақтарын бүрлетіп санада,
жусаны бұрқырап
көктем ғой бұл мезгіл құлпырар.
Құлазу кейпіндегі
мендік бұл қасіретті білмейді тағы олар,
Кісінегім келеді бейуақ...
Шұрқырап...
...Қайда сол үйірлі жылқылар?!
Баршаңызға рахмет!