Сенбі, 21 Желтоқсан 2024
Осы ғой енді... 9286 0 пікір 26 Наурыз, 2014 сағат 15:20

ЕҢ НАДАН, ЕҢ ДАРЫНСЫЗ АДАМДАР – ЖҮЗШIЛ

Рухани жемқорлық немесе рухани мүгедектiк

         Баж еткiштер баж етсiн, өтiрiк намысқойлар намыстансын, бiрақ бiз Шапағатынан Кесапаты үстем, адамының ар-намысы құлдыққа түскен, емi жоқ небiр сұмдыққа етi өлiп кеткен заманда ғұмыр кешiп отырғанымыз рас. Мұны көзi де соқыр көкiрегi де соқыр болмаса кiм-кiм-ақ мойындайды. Мойындағысы келмейтiн адамға мойындатам деу құр әурешiлiк болады. Егер әлгi айтқандарымыздың бәрi өтiрiк, қоғамға жабылған жала болса, сыбайлас жемқорлық дегендi iздеп тауып, одан онымен қатты күресiп жатырмыз деп жарияға жар салмас едiк. Бiрiншiден, жемқорлық деген сөзге «сыбайласты» қосып айтудың қажетi жоқ. Өйткенi, жемқор ешқашан жалғыз болмайды. Кем дегенде екi-үш адам. Сондықтан ең алдымен Бас Жемқор кiм, Екiншi, Үшiншi жемқор кiм және олардың орынбасарлары кiм екенiн бiлiп, анықтап алып, қолыңнан келсе, құрықты әуелi солардың мойнына салуың керек едi. Әттең, бiз өйтiп отырған жоқпыз.Ал олар осы жемқорлықпен күрес ұранын өздерiнiң бүкiл қылмысынан жұрттың назарын басқа жаққа аудару үшiн өте тамаша пайдаланып отыр. Сондықтан бiз қазiр бәленiң себебiмен емес, оның салдарымен ғана күресудемiз. Қашанда салдар мен емес себеппен шайқасу керек қой. Анада Ресей президентi сөздiң бiр кележағында «коррупциямен күрес деп кiм көп айқайласа, сол коррупционер» дегенi есiмiзде.

         Қазiр жемқорлықпен күрес туралы сөз бола қалса, тек iшiп қойыпты, жеп қойыпты, пәленбай ақша алыпты деп жарыса жамырай жөнелемiз. Бұл күрес ақша үшiн, байлық үшiн күрестiң бiр түрi. Өйткенi, бiрiн-бiрi көрсетiп, бiрiн-бiрi ұстап берiп, бiрi екiншiсiнiң қоясын ашып берiп жатқандардың бәрi билiктегiлер мен байлар. Одан жәй халыққа келер-кетер дәнеңе де жоқ. Егер бүкiл қоғам, мемлекеттiк орталық тек экономикалық жемқорлықпен ғана күресiп, басқа қияпат-қиянат атаулы ауызға алынбаса,  ондай ел рухани жұтаңдыққа ұшыраған, өз әдебиетi мен өнерiнен, мәдениетiнен алшақтап қалған ел болып шығады. Өйткенi, қай мемлекет те ең алдымен өзiнiң жергiлiктi-ұлттық рухани байлығын («құндылық» деу дұрыс емес) дәрiптеуi тиiс. Мысалы, Америкада да, Францияда да, Англияда да өзге елдiң мәдениетiн, өнерiн насихаттау мемлекеттiк сатқындық деп есептеледi. Баяғыда орыс жазушысы Писарев « Орыстың Рафаэлi болғанша, орыстың етiкшiсi болған дұрыс» деген. Қайта өрлеу дәуiрiнiң шебер суретшiсi Рафаэль Сантидi Писарев сонау ХIХ ғасырда осылай шенеп-мiнесе, содан  берi 900 жыл өткенде қазекем сол Сантидi, сол Леонардо да Винчидi әлi пiр тұтады. Сонысын бiлiмдiлiк деп бiледi. Ал бүкiл орыстың ақсақалы дерлiк Лев Толстой өз заманында ұлы өнер деп көкке көтерiлген осы Рафаэльдi, Микеланджелоны, Фидиас, Милосскаяны, тiптi, Софокл, Эсхил, Аристофан сияқты «жабайы трагиктерi бар гректердiң бүкiл өнерiн ең әуелi лақтырып тастауға болады» деген.

         Ал бiздiң университеттер мен театрларда бұлар әлемдiк ғажайыптар деп оқытылып, дәрiптелiп келедi. Бұл орайда жетi жұрттың көңiлiн табам деп таңы айырылып жүрген қазекемдер ғана. Оған жәй қазақ емес жоғарыдағы желдiрме, қыздырма еуропашыл қазақтар кiнәлi.

         Иә, егер бiз тек экономикадағы, қазынадағы жемқорлықпен күресiп, басқа, яғни, әдебиеттегi, өнердегi жемқорлықты ұмыт қалдырсақ, бұл өзi мемлекеттiң шаңырағына қадалған бiрнеше уықты алып тастағанмен бiрдей. Қазiр экономикадағы жемқорлықтан гөрі, руханият саласындағы жемқорлық он, жүз есе көп қауiп төндiрiп, бiр қазақты жүзге, руға, топқа бөлiп тым-тырақай қылып жiбергенiн көзiмiз көрiп отыр. Әдетте, әдебиет, мәдениет, өнер саласындағы

Ең надан, ең дарынсыз адамдар – жүзшiл топшыл болып келетiнiн байқап жүрміз. Баспасөз бетiнде ашық айтылмаса да бұл жәйт қаламгер қауым ортасында анық байқалады. Оның басты-басты бiрнеше себебi де бар. Мұны да бастайтын әлгi ең  надан, ең дарынсыздар. Мысалы, олар баспасөз, теледидар арқылы бiр жазушыны, не ақынды бұл талантты, бұл дарынды, бұл әнебiр кезде өйтiп жiбердi де, бүйтiп жiбердi деп аяғын жерге тигiзбей мақтайды. Кейiн оған оның артынан ерген інілері, жерлестерi қосылады. Сөйтiп, бұл топ ендi нағыз бейресми ұйымға немесе пәлен деген жүздiң, түген деген рудың үлкен ұйымына айналады. Егер оның Жазушылар одағында, не мемлекеттiк деңгейдегi жоғарғы жақта тума-туыс, жегжат-жұрағаттары болса, оған ендi не айтамын, қайда барамын, қандай сыйлықты аламын десе де алдынан аңыраған арна жол ашық жатады. Сыйлық демекшi, жыл сайын Жазушылар одағының 25 мүшесiне стипендия тағайындалған. Оны беретiн үкiмет. Бiрақ бұл стипендия қалай бөлiнедi, оған кiмдi кiм ұсынады, оны беретiн комиссияның құрамы қандай? Бұл бұрыннан айтылып келе жатса да құмға сiңген судың кебiн киген жәйт. Мұны қойшы, мемлекеттiк сыйлық ше? Бұл сыйлық қалай дегенде де ұлттық әдебиетiмiздi ең болмаса қарыс сүйем биiкке көтерген шығармаға берiлуi керек қой! Керiсiнше, аты дардай бұл сыйлық қазiр әкiмдi, министрдi мақтаған кез-келген алаяқтың қанжығасына байланып кете беретiн болды. Әдебиеттi бiр кiсiдей-ақ бiлетiн бiр әдебиетшi жiгiт пәленшекең Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi атаныпты дегендi естiгенде мұндай жазушыны естiген емеспiн, мемсыйлық алды дегенде аты-жөнiн бiрiншi рет естiдiм деп жазды. Бұрын жұрт ешқандай сыйлық алмаса да Қасым Аманжоловтың, Мұқағали Мақатаевтың, Төлеген Айбергеновтың, Марат Отаралиевтiң, Тынышбай, Дәуiтәлi, Жарасқан, Кеңшiлiк, Жұматайлардың ең болмаса бiр-екi өлеңiн жатқа соғатын едi. Осы күнi небiр жиындарда орынды-орынсыз дардай қып Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi, халықаралық Алаш сыйлығының иегерi, өте талантты ақын деп гүмпiлдетiлетiндердiң жұрт бiр ауыз өлеңiн бiлмейдi. Сонда ол әдебиетiмiзге халқымыздың рухы өрлеуiне не пайда тигiзген адам? Демек, ондайларға мемсыйлық берiлуiн  рухани жемқорлық емес деп тек имансыз адам ғана айтар. Демек, сыйлықты әперiп отырған комиссиядағы адамдар бiрiншiден ең надан, ең дарынсыздар, мақсат-мүддесi мүгедектер емес пе?! Мiне, рухани жемқорлық дегенiмiз осы! Иә, рухани жемқорлық дегенiмiз рухани мүгедектiк! Мiне сол рухани жемқорлықтың кесiрiнен жоңғар шапқыншылығынан қазақты аман алып қалған 3-4 батыр ғана екен деп қалуға болады. Тағы бір өрескел мысалды айтпасақ ұлтымыздың алдында ұятқа қаламыз. Қазақ радиосы күнде таңертең Қайырлы таң қазақ елі деп бастайтын ұйқыашар хабарда: "Намысыңның туын көктен түсірме Қабанбайдың, Бөгенбайдың ұрпағы", – дейді. Бұл не деген парықсыздық, парасатсыздық! Сонда қалай? Бүкіл қазақты туғызған Қабанбай, Бөгенбай деген екі кісі ме екен? Ендеше, тіпті ел қорғаған Едігеден бермен қарай Бекет, қос Есет, Көтібар, Жанғожа, Сартай, Абай, Шәкәрім, Махамбет, Исатай, тағы басқа қаһарман, абыз бабаларымыздың ұлдары қай туды көкке көтеруі керек. Әлде олардың бәрінің шешелері Қабанбай мен Бөгенбайдан ғана... Ау, әрі-берідесін бұл батырлар Жоңғар мемлекетін қытайлар жойып жібергеннен кейін ғана шыққан Абылай ханның қолбасшылары емес пе еді?! Қалай дегенде де бұл хабарға әлгіндей өлеңсымақты қосқан, оны эфирге жіберіп отырған журналист те, редактор да не надан, не рушыл, жүзшіл адам деуге негіз жоқ емес.

         «Алашорда» туралы айтқанда да негiзiнен 4-5 адамның аты аталып, бүкiл қазақты оятушы да, бүкiл қазақтың қамын ойлаған да тек солар болып көрiнедi. Қазiр кейбiр қас-кiрпiгi әппақ ғалым ақсақалды, кейбiр қазақы басылымдарды оқып отырып,  қазақтан оза шапқан осы бiрнеше батыр мен бiрнеше қайраткер ғана екен деп қалады бiлмейтiн жәй халық. Бiз осының өзi бүкiл ұлтты қорлау екенiне де жетемiз жетпей жүрмiз.

         Рухани жемқорлықтың көрiнiп қалатын тұстары өте көп. Мысалы, егер бiр ақын, не сыншы қашан, қайда сөйлесе де, пiкiр айтса да өзiне, өзiнiң жерлес ақсақалдарына, өз жүзiнiң ғалымына ұнамайтын екiншi бiр жақтың талантты ақынын, не жазушысын бiле тұра айтпаса, оның рухани мүгедек адам екенi бiрден байқалады. Ал рухани мүгедек адам рухани жемқорлықтың басы-қасында отырғандардың табаны тесулi, құлағы кесулi құлы. Және бұл өте қауiптi мүгедек.

         Рухани жемқорлық пен рухани мүгедектiктiң ұлтқа әкелер қасiретiн санап тауыса алмаймыз. Соның бiр мысалы мынадай. Қазiр екi-үш адам жиналып алып телеарнадан, не газет бетiнен әдебиеттiң кешегiсi мен бүгiнi туралы жарыса сұңқылдап отырады. Сонда бiреулер кешегi кеңес заманында әдебиеттiң алтын қазынасын толтыруға үлес қосқан ең сүбелi  шығармаларды, олардың авторларын сынап, сыбап салады. Ол байғұс соның өзiнде әлгi кеңестiк әдебиеттiң осы күнгi тiрiлерiнен де, кешегi өлiлерiнен де жамандайтынын бiр бөлек, мақтайтынын бiр бөлек руға, топқа, жүзге бөлiп айтып отырғанын ап-анық көрiп отырасың. Амал жоқ, «Е-е-бейшара-ай. Арғы жағың белгiлi ғой» дей саласың. Және ол байғұстың әлгi өзi түкке тұрғысыз деп отырған атақты қаламгердiң басып кеткен iзiне тұрмайтынын, оның шығармасының мыңнан бiрiне татитын бiрнәрсе жаза алмағанын бiлiп отырасың да, амал жоқ даусыңды шығарып та, iштей де әбден боқтайсың келiп. Басқа амал жоқ. Бұл рухани бiрiншi жемқорлық болса, ендi оған қарсы өз пiкiрiңдi не теледидардан, не сол газеттен жарыққа шығара алмасаң, ол екiншi жемқорлықтың кесiрi. Себебi, қолында газетi бар топтар қазiр өз жақындарына, жерлестерiне қарсы қатты сын, қарсы айтқан пiкiрдi жариялау үшiн сенiң қай жүз, қай топтың адамы екенiң сырттай әбден талқыланады. Бұл жерде бiз мемлекеттiк емес, кейбiр ақшасы бар жеке топтар әрқайсысы өз газетiн шығарып жүргенiн айтып отырмыз. Құй сенiңiз, құй сенбеңiз, бiрнеше жыл бойы әдiлеттiң ақ туын аспанға  көтерiп жүрмiз деп елдiң азды-көптi сенiмiн жинаған оппозициялық бiр газеттiң кейiнгi бiр-екi жыл мұғдарында осы жершiлдiк, жүзшiлдiк кеселге аздап болса да душар болғанын байқаған кездерiмiз болды. Тек Аллатағала ғана қателеспейдi, Аллатағаланың ғана еш кемшiлiгi жоқ. Ал адам баласы жүз жерден, мың жерден данышпанмын, көрегенмiн десе де тұлабойы толған қателiк пен кемшiлiктен тұрады. Бiздiң кейбiр ғалым ақсақалдар да рухани жұтаңдыққа айналған ба деп қаласың. Олардың бiрiне бiр кезде Сәкен Сейфуллиннiң мына жақта қазақтар шыбындай қырылып жатқанда ол «Советстан, совстан, талма осы шабыстан» деп өлең жазып, шалқып жүргенiн айтсаң, әппақ қас-кiрпiгiне шейiн тiкiрейiп, төбелесуге даяр тұрады. Ендi бiрi Тұрар Рысқұловтың қателiгi туралы жағыңды ашпа дейдi. Ал Қазақстанды ширек ғасырдай басқарған бiрiншi хатшыға шаң жуытпай, қазақ мектептерi түгелге жуық жабылғанын, елде орыстандыру саясаты жүргiзiлгенiн оның секретарьларына жаппақ болып арамтерге түсу ше? Бұл рухани жемқорлық екенi анық көрiнiп тұрған жәйт қой.

         Қасиеттi ислам дiнiн ұстанған бабаларымыз Карл Маркстен жүздеген жыл бұрын «ораза-намаз тоқтықта» деп тектен-текке айта салмаған. Яғни, әуелi жағдайыңа, денсаулығыңа қара деген. Бiз олардан гөрi Карл Маркстi шiкiрә тұтып «сананы тұрмыс билейдi» деп ыңыранамыз. Әрине, екеуi де дұрыс-ақ! Бүкiл адам баласы  демей-ақ қояйық, бiрақ жер бетiндегi  христиан дiнiндегi бай және мықты мемлекеттер басшыларына ықпалы бар кейбiр өте қу ұлт осы қасиеттi қағиданы  бұрмалап, бүкiл адамшылық, мейiрiм-қайырым, шапағат-шарафат атаулы, яғни, бар тiршiлiк ақшаға қарап қалған дегендi  қолдап, әдейi жасап отыр. Аңқау қазақ солардың ықпалына ерiп кеттi ме деген қауiп әр-әр тұста қылаң берiп қалып жүргенi де рас. Бiрақ таза мұсылман елдерiнiң ислам мемлекеттерiнiң ешбiрiнде дәл бiздегiдей жемқорлықпен күресу деген атымен жоқ. Ол елдерде ұрлық-қарлықты да жоқ деуге болады. Мұсылман елдерiнде жемқорлық, қазынадан қақшу түгiл таразыны кем тарту да зор күнә.

         Иә, абзалы кiнәнiң бәрiн анау жоқ, мынаған жетпейдi деп ақшаға аударғаннан гөрi қай елде де ең бастысы қандай идеология жүргiзiлiп отырғанынан iздеу ләзiм. Бiзде қазiр қандай кемшiлiк, қандай қылмыс жасалып жатса да оның бәрi ұлттық салт-санаға, ұлттық тiл мен дiнiмiзге (шариғатқа), бұрынғы ата-баба заңдарына негiзделген идеологияның жоқтығынан және телеарналарымыз түп-түгел еуропалық жабайылықты, олардың ұятсыздық атаулысын өркениеттiлiк деп көрсетуiнен болып отыр. Қазiр бiзде «елiмiзде тыныштық» деген ұранға негiзделген әрi бұйығы, әрi батысшыл, әрi жалтақ идеология жүргiзiлiп жатыр. Идеология дегенiмiздiң ең басты бiр көрiнiсi - ұлттық ұят, ұлттық намыс. Бiз қазiр ұлттық ұяттан қол үзiп қалған ұлтпыз.

         Бiреулердiң айтағына ерiп, жүзге, руға, топқа бөлiнiп, өзгелерге күлкi болу, тәмпiш танау қарадомалақтары бiр-бiрiмен орысша сөйлесiп тұрғанда басқа ұлттардың мысқылдап күлiп тұрғанын байқамау - сол ұлттық ұяттан, ұлттық намыстан айрылып қалғанымыздың бұлтартпас белгiсi. Және осының бәрiн бiзге кейбiр жоғарыдағылар  әдейi, қолдан жасап берiп отыр. Әйтпесе, қазақтың қазақ атанғаннан бергi бүкiл тарихын түк қалдырмай қопарып шықсаңыз, содан ана жүзбен мына жүз соғысыпты, шайқас болыпты демек түгiл талас-тартыс болыпты деген бiр ауыз дерек таппайсыз. Қазақты бұлайша бөлшектеу кешегi Кеңес заманында жасырын түрде жүргiзiлсе, бүгiнде бұрынғыдан да өршiп, ашықтан-ашық жүргiзiле бастады. Ұзын сөздiң қысқасы қазiргi қазақ үшiн экономикадағы жемқорлықтан гөрi рухани жемқорлық аса қасiреттi болып отыр. Және күрестi оның салдарынан емес, себебiнен бастау керек.

Мырзан Кенжебай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1934