Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәселенің мәні 10205 0 пікір 23 Маусым, 2014 сағат 11:28

ҚАЗАҚ МУЗЫКАСЫ ҚАЛАЙ КОСМОПОЛИТТЕНДІ? (Басы)

«Ей, адамзат! Сендерді Біз еркек және әйел етіп жараттық.

Бір-біріңді тану үшін ұлт, ұлыс етіп жасадық».

                                   («Хужурат» сүресі, 13-ші аят. )

 

1. ҰЛТТЫҢ ТАҒДЫРЫ – РУХАНИ ТАМЫРЫНДА

 

Ұлт болып ұйысып, іргелі мемлекет құру үшін адамдарға туыстық, мақсат-мүдде ор-тақтығы ғана емес, рухани нәр алар тамырларының да бірлігі аса қажет. Мұндай тамыр-лар – ұлтқа ортақ рухани қасиеттерi: ана тiлi, музыкасы (өнерi), дәстүрi, дiнi. Ұлттың тұ-тастығын қамтамасыз ететiн “желiм” iспеттес осынау рухани құндылықтары тиiсiнше қыз-метiн атқарып тұрған ұлт қана бiрлігі мықты ұлы күшке айналмақ. Өйткені өз ұлтының рухани қазынасының нәрiн болмысына сiңiрген адам ғана өзiн халқымен бiртұтас сезiн-бек. Ал ұлт руханиятынан нәрлену мүмкiндiгi шектелген халықтың азаматтары жел қуған қаңбақша түрлi жателдiк мәдениеттердiң ықпалында кетiп, ұлттық тамырынан ажыраған жағдайда бiрлiгi ыдырап, өзге елдiң отарына айналады, ассимиляцияға ұшыратылып, ұлт ретiнде жер бетiнен мүлде жойылмақ.

КСРО идеологиясы тарихта бұрын-соңды болған ұлт-азаттығы, тәуелсіздік үшiн көте-рiлiстер себептерiн де халықтың экономикалық күйзелiсiнен деп түсiндiріп баққан. Бiрақ адамдар материалдық табысқа жету мәселесiн басын қатерге тiгiп, тәуелсiз мемлекет құру үшiн күреспей-ақ өзге, экономикасы дамыған елдерге ауып барып та шешкен емес пе?!

Адамзаттың өзге тiршiлiк иелерiнен айырмасы – руханият иесi болып жаратылған-дықтан ол тек iшiп-жемiмен өмiр сүрмей, рухани нәр қажет ететiндiгі. (Ал рухани нәрдiң ұлттық негiзде болуының маңыздылығы жайында жоғарыда айтып өттiк). Сондықтан, әр халық өзiнiң ұлттық рухани қасиеттерiнiң қағажу көрмеуiн, одан еркiн сусындауды қалайды. Ал бұл мәселе экономикалық байлықтай шетелдерде емес, тек ұлттың та-рихи отанында тәуелсiз мемлекет құру арқылы ғана шешiмiн таппақ. Егер жария-ланған мемлекеттiк тәуелсiздiк ұлттың осы рухани мұқтаждығын қанағаттандырмаған болса, онда ұлттың азаттыққа қол жеткiзгенi бос сөз болғаны. Ендеше, екi жарым ғасыр бойына Ресей отаршылдары қазақ халқының ұлт ретiнде өмiр сүруiне қажет рухани қаси-еттерiне келтiрген орасан залалдардан, тәуелсiздiгiмiздi жариялағанымызға 15 жыл өте де айыға алмай отырғанымыз ойланарлық мәселе емес пе?!. Өзiнiң тарихи Отанында тәуел-сiз мемлекеттiгiн жариялай тұра ұлт болуға қажетті рухани қасиеттерiнiң күллiсi қоғамда тиiстi қызметiн атқара алмай тұралап жатқан, бірақ соған қарамастан ұлт ретінде сақталып жүрген бұл жағдайымызды, сiрә, «Қазақ феноменi» деуге болатын шығар?! Әсiресе, мемлекеттегi адамдар арасындағы қарым-қатынасқа қажет және ұлттың төлұжаты iспеттес Ана тiлiнде сөйлеуге зар болып, бұл мәселенi айта-айта тауы шағылып, үмiтi үзiлер хал-дегi қазақ өзге ұлттық белгiлерiнiң түзелерiне тіпті де сенбейтiндей. Сирек те болса баспасөз беттерiнде ұлттық музыка, дiн, дәстүр жайы сөз болғанымен табандылықпен күресу арқылы ғана сақталынар, ұлт тағдырының күре тамырындай бұл маңызды мәселе-лер ара-тұра айтылумен қалай шешiле қойсын?!.

Адамның ұлттық болмысын қалыптастырып, шыңдауда маңызы ерекше, айқын ұлттық сипатқа ие өнер – музыка. Оның бұл қасиетi ықылым замандардан: ұлттың ме-кендеген географиялық белдеуiне байланысты бет-кескiнi, шаруашылығы және тағдыр-та-лайына байланысты пайда болатын мiнезi, сөйлеу тiлi, дәстүр-салтымен қатар қалыптаса-ды. Қысқасы, әр ұлтқа музыкасын да құдай оның бет-кескiнiндей, ерекше етiп берген ғой.

Ал музыка адамның сөзбен жеткiзе алмайтын iшкi жан-дүниесiндегi сезiмдерiн баяндайтындықтан, ұлттық музыкасы арқылы халықтың болмысын бiлуге болады.

 

2. ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ МАҚТАНЫШЫ – МУЗЫКАСЫ ЕДI...

Әр халықтың “ұлттық қасиетi” жайында сөз қозғасақ «қазақтың қонақжайлылығын» айту әдетке айналған. Қалалық тұрмыста тиiмсiз қонақжайлылық салт-дәстүр төркiнi, мүмкiн, көшпелi кезеңде қазақтың “информацияға шөлiркеуiнен”, өзге де: мақтан, бәсеке сияқты мінезден туған болар? Немесе отаршылдардың қазақты “қонақжайсың!” – деп арқадан қағып “бөркiн қазандай қылып,” жерiне келiмсектердi қаптату үшiн дабырайтқан саясатына өзiмiз де сенiп қалған шығармыз?

Менiңше, қазақ анық мақтанса – бiрiншi кезекте халықтық музыкалық өнерiнiң телегей-теңiз бай екендігіне мақтануға тиiс. Бұл өзiн-өзi мақтау емес. Қазақтан өзге қай халық туралы шетелдiктер: “Бүкiл сахарасы ән салып тұрғандай”– депті?! Ал, А.Зата-евичтiң “Қазақ халқының 1000 әнi” жинағымен танысқан Европа зиялылары (Луи Арагон): – “Осыншама музыкалық қазына Европадағы он халықты қосқанда да табыл-майды!” – деп таңқалды емес пе?!

Саны ғана емес, сапалық жағын айтсақ: күйлерiмiз симфониялық шығарманың бөлiмдері, әндерiмiз операда ариялар ретiнде қолданылуының өзі-ақ халықтық, дәстүрлі музыкалық мұраларымыздың формалық та, мазмұндық жағынан да жетiлгенiн көрсетедi.

Әрине, музыкалық мұрамыз жайында көп жақсы сөз айта беруге болады. Бiрақ музыкалық шығарманы адам сезiмi тудыратындықтан және күнделікті өміріне қажет рухани серiгi болғандықтан бұл өнер де заманмен бiрге жетiлiп, дамып отырмақ. Ал егер уақыт өткен сайын туар музыкалық шығармалар ұлттық дәстүрлі тамырынан алшақтай берсе, күндердің-күні бәлен ғасыр бойы шығарылған мыңдаған туындылардан тұратын музыкалық мұрамызды түсінбейтін ұрпақ пайда болмақ.. Рас, бұрын да домбыра шертпейтiн, “әу” деп ән салмайтын қазақ болмайды делiнсе, бұл заманда да халқымыз өнерлi азаматтарға кенде емес. Бiрақ, ұлттық музыкалық өнерімізге қауіп, келеңсіз жай ХХ-ғасырдың екiншi жартысынан композиторларымыз өз шығармаларына халқымыздың телегей-теңiз бай музыкалық мұрасын арқау ету орнына, түрлi шетелдiк әуендердiң жаңғырығынан, үзiктерiнен құрастырылған, қазақи ұлттық сипаттан жұрдай шығармалар тудырып, оны “қазiргi қазақ музыкасы”– деп насихаттауы болып отыр. Шын мәнісінде, композиторлық азды-көпті дарыны бар адам әлемнің шартарабынан естіп жүрген әуендеріне еліктеп, күніне жүздеген ән, әуен шығара алады. Бірақ халқының алдындағы жауапкершілігін түсінер шын дарын иесі ұлтының болмысына, тағдырына қауіпті мұндай космополиттік құрама қойыртпақты халқына ұсынбайды, тек дәстүрлі музыкасымен сабақтас, ұлттық сипаты бар (және өзіндік қолтаңбаға ие) шығармаларын ғана жарыққа шығарып, насихаттайды. Ал бүгінде, тәуелсiздiгiмiз жарияланғаннан кейiн де шетелдiк арзанқол әуендерге есiгiмiз айқара ашылған күйiнде қалып және оған елік-теуші өз композиторларымыздың космополиттік шығармалары арқылы да халқымыз-дың ұлттық болмысына алапат диверсия жасалу жалғасуда. Мемлекетте халықты рухани саулықта тәрбиелеуге, ортақ рухани нәрi арқылы ұлттық бiрлiкке ұйыстыруға бағытталынған айқын идеология, оны бағдары еткен музыка мамандары тарапынан ағартушылық жұмыстары, музыкалық сын болмағандықтан ара-кiдiк газет бетiндегi оқырмандардың “әттеген-айы” бұл күрделенген мәселенi шеше алар емес.

Ұлттық музыканың ұлт тағдырындағы маңызынан түсiнiгi жоқ, тек қаржысына сен-ген кiм көрiнген,“Ұялмаған әншi болады” дегендей, қазiргi техникалық мүмкiндiктердi пайдаланып, ойына келген сандырақтарын үнтаспаға жаздырып, сауда орындары, БАҚ арқылы кең көлемде насихаттауға мүмкiндiгіне ие болып отыр. Жұртшылық болса, сындарлы сынның жоқтығынан, “Бiлмеген у iшедi” дегендей, талғамы бұзылып, не болса соны тыңдай берер күйге түсiп, рухани улануда.

Соңғы кездерi, халыққа ұсынылар музыкалық шығармалардың “естiсi мен есерiн” сұрыптау үшiн арнайы Көркемдiк кеңестің қажеттiлiгi жайы БАҚ-да сөз болып жүр. Иә, халқының ұлттық бiрлiгiн, рухани саулығын ойлайтын үкіметі бар мемлекетте өнер туындыларына мұндай сұрыптау жасалынуға тиiс. Бiрақ Көркемдiк кеңестер кешегi Кеңес үкiметi кезiнде болды емес пе?! Егер музыкамыздың ұлттық сипатын сақ-тауға олардың көмегi тиер болса дәл қазiргiдей күйге неге түстiк? Мысалы, 1980-шi жылдары Қазақ КСР Мәдениет министрлiгi жанындағы Көркемдiк кеңес, құрамында белгiлi композитор, әншiлер бола тұра талай космополиттiк әуендерге “батасын берiп”, ал М. Рүстемовтың бүгiнде елге әйгiлi “Ақ босаға” әнiн “өткiзбей” қойғанын бiлемiн. (Сон-дай-ақ, менiң “Жаса, Қазақстан!” атты әнiмдi сол кеңес, кiрiспесiнде қазақтың дәстүрлi–екiншi дыбыстан басталар “ақындық әуелетуiн” қолданған6ым үшiн, тыңдаудан бас тартқанын да айта кетейiн). Бұл – КСРО кезіндегі Көркемдік кеңес мүшелерінің музыка-лық шығарманы сұрыптағанда оның ұлттық сипатына талдау жасамай, тек субъективті түрде, жалпылама: өздері білетін әлдебір әуенге ұқсамаса, үкімет саясатына қайшы келмесе, авторы Композиторлар одағына мүше болса"…дегендей талаптан аспағандығын көрсетсе керек. Ендеше, қазiр Көркемдiк кеңес құрғанымызбен ол КСРО кезiнде тоқтата алмаған музыкамыздың ұлтсыздануын ендi қалайша тоқтатпақшы?!

Әрине, бұрынғыдай, шығармаларға қаламақы тағайындайтын Көркемдiк кеңес құруға қазiргi үкiмет бара қоймас. Бiрақ музыкалық шығармаларды халыққа насихаттамас бұрын көркемдiк сұрыптаудан өткiзiп, жолдама берер бiр орган қажет екендiгiне дау жоқ. Тек, оның мүшелерi шығармаларда ұлттық сипат бар я жоғын бұрынғыдай, өз құлақ-тарына ғана сенiп емес, қазақ музыкасының ұлттық сипатын түзетiн қасиеттерiнен хабары болуы арқылы айқындауға тиiс. Рас, қазақ музыкасының теориясы мәселелерi әлi де жете зерттелiнiп, заңдылықтары толықтай айқындала қойған жоқ. Дегенмен, қазақ музыкасына ұлттық ерекше сипат беретiн қасиеттердiң негiзгiлерiн мүмкіндігінше анықтап көрелiк...

 

3. ҰЛТТЫҚ СИПАТ КЕПIЛI

Музыкалық жүйе (лад). Әр халықтың ана тiлiндегi сөздер әлiпбиiндегi таңбаланған дыбыстарды ғана қолданудан тұратыны сияқты, музыкасы да нақтылы музыкалық жүйеге үйлестiрiлген (лад) түрлi биiктiктегi дыбыстардың тiркесiнен туады. Қазақтың бүгiнгi күнге жеткен белгiлi музыкалық шығармалары (негiзiнен XVIII-XX ғасырлардағы муз. шығармалар) әлемдiк музыка ғылымы тiлiнде ионийлiк (әрi қарай“натуралдық мажор”) және миксолидийлiк деп аталынатын мажорлық, сондай-ақ, эолийлiк (әрi қарай “натурал-дық минор”), дорийлiк және фригиялық деп аталынатын минорлық музыкалық жүйе түрлерiнде шығарылған.(Фригиялық минор, негiзiнен Батыс Қазақстан әуендерiнде, көбiнесе шығарманы аяқтар тұста қолданылған). Сондай-ақ, дәстүрлi музыкамызда бес дыбыстан ғана тұратын пентатоника жүйесiндегi (татар, қытай музыкасына тән) әуендер де бар (халық әндерi “Гүлдерайым”, “Гүл Дариға” т.б.).

Көп шығармаларға натуралды мажордың миксолидийлiкпен, ал натуралды минордың дорийлік, фригиялық минор жүйелерiмен араласа қолданылуы тән.

Дәстүрлi музыкамызда қолданылған осы “табиғи диатоникалық музыкалық жүйелер” қазақ әуендерiне ерекше – қоңыржай байыптылық береді. А.Затаевич Шығыс, мұсылман әлемiнiң музыкасы туралы европалықтарда қалыптасқан көзқарасқа қазақ музыкасы мүлде сәйкес келмейтiнiн, оның экзотикалық, бойға желiк бiтiретiн “хош иiстелген” иiрiмдерден ада екенiн айтқан.

Рас, аттары да айтып тұрғандай, қазақ музыкасында қолданылған осы музыкалық жүйелердi өзге де халықтар қолданған. Бiрақ А.Затаевич пiкiрiн айтқан ХХ-ғасырдың басында ежелгi Фригия, Лидия мемлекеттерi орналасқан Кiшi Азия өлкесiнiң де, тiптi қазаққа шекаралас Орта Азиядағы халықтардың да музыкалық жүйесiне араб, үнді, парсы музыкасының ықпалы тиiп, табиғи диатоникалық кейпi өзгерiске ұшырап, “экзотикалық” иiрiмдерi молайған болатын. Олар түгiл жетiншi дыбысы жоғарылатылған (гармониялық) минор жүйесi XVII-ғасырдан бастап күллi Европа елдерiнiң музыкасын жаулап алған едi.

Диатоникалық жүйенi бұзған гармониялық минордың қазақ музыкасына ұзақ уақыт ене алмау себебi: бiрiншiден, музыкалық аспаптарымыздың iшектерiнiң металл болмауы-нан, ал мал iшегiнен (қылынан) жасалған iшекте ойналған “жоғарылатылған жетiншi дыбыстың” әсерлi шықпайтындығынан десек, екiншiден, тыңдаушылары, негiзiнен, көле-мi шағын киiз үйде отыратын ортада ондай «өткiрленген» дыбыстың эстетикалық тұрғыда қажеттiгiнiң жоқтығынан болар?!

Ұлттық интервалдар мен иiрiмдер. Дәстүрлi музыкасында ортақ диатоникалық жүйелердi қолданатын халықтардың музыкалық шығармалары нелiктен әрқайсысы өзiндiк ұлттық сипатқа ие?

Мұның себебiн анықтау үшiн сөйлеу тiлiмiздегi мынадай құбылыспен салыстыра қарайық: Бір халықтың тiліндегi көптеген дыбыстар өзге халықтарда да бола тұра, сөз жасауда қолданылуы әр түрлi ғой. Мысалы, «к, т, м, н» дыбыстары қазақ, орыс, т.б. тiлдерде де болғанымен, орыс тiлiнде осы дыбыстар “кто, много”сияқты сөздерде қолданылса, ал қазақ сөзiнде «кт, мн» дыбыстары қатарласа алмайды. Мiне, дәл осы сияқты, ортақ музыкалық жүйенi қолдана тұра, ондағы дыбыстардың өзара қатынастары (интервалдар) әр халықта әртүрлi болып, музыкасын ерекше ұлттық сипатқа ие қылады екен. Мысалы, екi дыбыс аралығының (интервалының) үш тоннан тұруы – қазақ әуенiне мүлде жат. Ал, минор жүйесiнiң бесiншi дыбысынан жоғары қарай үшiншi дыбысқа секiру (кiшi секста интервалы (к.6.) – негiзiнен славян музыкасына тән. Мысалы, орыстың “Ах, ты, душенька”, украинның “Стоит гора, высокая”, М.Балакиревтiң “Обой-ми, поцелуй” әндерiнің, А. Дворжактың № 2 “Славян биi” (бiрiншi жинақ) басталуы. Мiне, осы сияқты, мажор және минор жүйелерiнiң әр дыбысынан құрылатын: 1). қазақ музыкасына тән; 2). тән емес; 3). өзге халықтарда да бар көптеген интервалдарды атауға болады. Музыкалық шығарманың ұлттық сипатқа ие болуы, я ие болмауы осы аталған интервалдардың үш тобының қайсысы шығармада басым қолданылуына байла-нысты. Егер шығармадағы дыбыстар тiзбегi қазақ музыкасына тән емес және өзге халықтарға да ортақ интервалдармен құрылса, шығарма қазақша болмай шықпақ.

Музыкасында диатоникалық 7 дыбыстық жүйе қолданатын Батыс пен 5 дыбыстық пентатоника жүйесiн қолданатын Шығыстың ортасында орналасқандықтан болар, осы жүйенiң тек 6 дыбысын пайдалану (және дыбыстардың арақатынастарында пента-тоникалық жүйеге тән иiрiмдерді қолдану) қазақ музыкасына ерекше ұлттық сипат бередi. (Мысалы, халық әндері “Жеңеше”, “Хайләйлiм”, "Ахау, керiм” т.б.)

Сондай-ақ, тек қазақ әуендерiне ғана тән үш, төрт дыбыстан тұратын иiрiмдер (әсiресе, шығарманы аяқтарда жүйенiң 2-7- 1-ші дыбыстарынан иiрiм) шығарманы ұлттық ерекшелендiрсе, керiсiнше, гитара, фортепиано аспаптарымен әндi сүйемелдеу фактурасына елiктеуден пайда болған иірімдер (арпеджиоланған аккорд дыбыстары бойымен әуен құру ) қазақ музыкасына тән емес.

Сөйлеу тiлiмен бiрлiк. Әр халықтың сөйлеу тiлiндегi екпiн заңдылығы оның музыкасындағы ырғақпен сәйкестiкте болуының да музыкаға ерекше ұлттық сипат берудегi маңызы зор. Европалықтар мен қазақ музыкасының ырғақтық алшақты-ғының себебi, бiрiншi кезекте, европалық халықтар тiлiнiң үндiевропа тобына, ал қазақ тiлiнiң алтай тобына жататындығынан. (Тіпті, үндіевропа тобына жататын европалық (славян) халықтардың өз арасында да тілдеріндегі екпін түсу заңында айырмашылықтар баршылық. Мысалы, "Алматы" сөзінде чехтар екпінді "Ал" буынына түсіріп айтса, поляктар "ма" буынына түсіреді. Ал орыс тіліндегі сөздерде екпіннің тұрақты орны болмайтындықтан, мысалы, үш буынды "корочка" сөзінде екпін бірінші буынға, “корова” сөзiнде екiншi, ал “каравай” сөзiнде екпiн соңғы буынға түскен. "Алматы" сөзінде орыс тілінде екпін қазақ тiлiндегiдей соңғы "ты" буынына түседі. Тек, орыстар таза "ы" дыбысын айта алмайтындықтан осы буынды "ый" (Алматый) деп айтады. Орыстілділердің "Алма-Ата" деуге құмарлығының сыры осыда).

Қазақ тілінде екпiн, негiзiнен, сөздің соңғы буынына түсетіні белгiлi.Тек, сирек жағдайда, етiстiктегі (кейбір райлары, шақтарында ) есімше, көсемше жұрнақтарына, сондай-ақ, сын есімдегі кейбір сөздерге жіктік жалғауы жалғанудан пайда болатын "келші, келсеңші, білерсің, барады, зулайды, қалмашы, жүрмін, балдай, шайдай т.с.с. сөздерде екпін соңғы буынға түспейтін кездер болады. Әйтсе де, дәстүрлі қазақ әндерінде, осыған қарамастан, мұндай сөздерге де екпінді соңғы буынға түсіріп орындау кездеседі.

Сөздердегі екпiн түскен буындағы даусты дыбыс өзге буындағы дауыстымен салыстырғанда ұзағырақ созылатыны белгiлi. Сөздi әуенге қосқанда да осы қасиетi сақталынып, әлгi, екпiн түскен буындағы дауысты дыбыс ұзағырақ өлшемдi нотамен айтылмақ. Сондықтан шетелдiк вокалдық шығарманың (ән, опера, т.б.) мәтiнiн өзге тiлге аударғанда, әуендегi ырғақ екпiн заңын бұзбайтындай буын саны бар сөздердi тауып-қолдану мәселесi аудармашыдан аса мұқияттылықты талап ететiн жұмыс. (Мысалы, "Біздің сүйікті дәрігер" фильміне жазған А.Зацепиннің "Көктем вальсі" қазақшаға аударылғанда сөз екпіндері: "Көк жібек жамылып,бәйшешек тағынып келді көктем" т.с.с. орындалады. Қазақша дұрыс екпін: "жібек, жамылып, бәйшешек, тағынып" болып түсуге тиіс еді.) Әр халықтың сөйлеу тiлiндегі екпін заңы мен музыкасындағы ырғақтың бiрлiгі сақталынбаған жағдайда ән сөздері түсiнiксiз быды-быдыға айналмақ.

Қазақ музыкасына айрықша сипат беретiн ұлттық музыкалық жүйелер мен интервал, иiрiмдердi қолдануды композиторлар тым азайтқан 1980-шi жылдардағы әндерге жұртшы-лық: "Сөзiнен өзге қазақша түгi де жоқ” деген сын айтқан едi. Ал 1990-жылдардан, әлгiндей әуендерге екпiндерi шым-шытырық ауыстырылған сөздердi қосақтағанда, “Қазақ әнi” деп атауға ауыз бармайтын шығармалар пайда болды. Әндеріміз тек космопо-литтеніп қана қоймай, Батыс елдерінде "Кич әуендер" деп аталатын (немісше: халтура, құнсызданған) деңгейге түсті. Кезінде Абай терең ойы жоқ, жеңіл әндерді тыңдайтындар жайлы: "Жаманға "Жар" деген-ақ ән көрінер"– деген еді. Бірақ, адам сезімін философия-лық тұрғыдан толқытпаса да "Жар-жар", т.б. салт-дәстүр әндерінің ұлттық ғұрыпта-рымызды сақтауда өзінің атқарар міндеті бар ғой. Ал қазір, патшалық Ресей кезеңіндегі шарапханалық дырду "Надя қыз" әніне еліктеп шығарылған:

Аппақ гүлім-ай,ай,

Қызыл гүлім-ай,ай,

Қызықтырдың ай,ай"...– деген, немесе орыстың "Крутиться, вертиться шар голубой" сияқты ескі "қалалық әні" сарынындағы:

Сендерге әрдайым орын бар,

Ақ отау төріне қоныңдар"– т.б., сондай-ақ, орыстың ескі «Черный ворон» атты «қарақшылар әні»-не еліктеп:

Жаным дескен,

Жалын кескен,

Күндер қайда, қарағым?..– деген, шұқып қалсаң жат ел әуендері сопаң етіп шыға келер қазақ "кич"-терін еш қымсынып, ойланбастан "Ән"-деп езулетіп жүргендер қаншама?! Мұндай дарақы "көше әндері" әзірше, құдай сақтап, Қазақ радиосындағы "Алтын қорға" түсе қоймапты. Бірақ ұлт тәрбиесіне бас қатырмай, тек ақша қуған "халтурашыл топтар" үнтаспаға жазып, таратып, той-томалақтарда синтезатор-ларының ызым-қиюымен жұрттың делебесін қоздыра, осындай парасаттылықтан жұрдай ойсыз титәкулер арқылы қоғамның рухани талғамын қоқыс құрдымына сүйреуде.

Шын мәнісінде, “Қазiргi қазақ әнi” – деп композиторларымыз шығарып, халыққа насихатталынып жүрген шығармалардың көпшiлiгi әлемнің әр тарапынан естілетін, тек делебе қоздыруды мақсат ететін "порно-ритмдер" сарынынан құран-ды ғана. Мыңдаған жылдар бойында қалыптасып, түзілген ұлттық сипаттан (жүйе, иiрiмдер, философиялық ойдан) жұрдай мұндай жасанды “музыкамен” қазақтың сезiмiн ұлттық бiрлiкке ұйыстыру, отаншылдыққа тәрбиелеу мүмкiн бе?!

Қазiр, сөйтiп, отаршылдық саясат салдарынан және өзiмiздiң жауапсыздығымыздан, бiр кездерi шетелдiктер таңданып: “Казахи выделяются среди всех своих соседей даром речи. Речь каждого казаха течет плавно и спокойно. Казах так владеет словом, что он не только может произносить длинные импровизации в стихах, но и обычная его речь отличается определенным ритмом в построении фраз... Нет ничего удивительного, что именно у такого народа возникла особенно богатая народная литература” (В.Радлов. “Из Сибири” кiтабынан) деген тiлiмiз тәуелсiз ел бола тұра ошақ басынан аспай, ал “Европалық он халықты қосқанда да табылмайтын” музыкамыз әлдеқашан бетi әрi қараған масқара, ұят жағдайдамыз. Егер күнделiктi өмiрдiң кез-келген сәтiнде адам-дармен арақатынаста, тiршiлiкке қажет материалдық мәселелердi реттеуде қолданыла-тындықтан сөйлеу тiлiмiздiң жай-күйi халықтың әрдайым назарында болса, ал астарлы сезiм тiлi болғандықтан музыкадағы құбылыстарды, ахуалды әркiм оңай байқай бермейдi. Осы себептен, қазақ музыкасының бүгiнде ана тiлiмiзден әлдеқайда апатты жағдай-ға душар болғанын түсiне алмай, мән бермей келеміз. Ал, ұлттық болмысты сомдау-дағы маңызы айрықша музыкалық өнерiмiзге немқұрайды қарау – ұлтымыздың тағдырының тамырына балта шабу болмақ. Сондықтан бұл мәселе де терең зерттеудi: :ұлттық сипатын жоғалтқан музыкалық шығармалардың пайда болу себебi, осы құбылыс, әсiресе “демократияшыл жанр" болып есептелетiн ән жанрында кiмдердiң шығармалары арқылы, қашаннан, қалай көрiнiс бергенi кеңірек тоқталып, сөз қылуды қажет етедi.

(Жалғасы бар)


Хасен Қожа-Ахмет

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5351