«БIР ТОБЫЛҒЫ ЖҮЗ, ЖҮЗ ТОБЫЛҒЫ МЫҢ БОЛА МА»? (жалғасы)
ІІІ. «БIР ТОБЫЛҒЫ ЖҮЗ, ЖҮЗ ТОБЫЛҒЫ МЫҢ БОЛА МА»?
Көне түркі қағанаты тұсында мәйегі ұйыған «Мәңгілік ел» идеясы мен Біртұтас алаш идеясының күретамырлана ұстасатын да, ұштасатын екінші тамыры – «мәңгілік Өтүкендегі» «мәңгілік елдің» құзырындағы «жердің астындағы-үстіндегі, аспанындағы қазынаға» мәңгілік иелік туралы аманат. Ел абыздардының өсиеттерi де мәңгiлiк. Бiлге қаған да, Күлтегiн де, Тоныкөк те, Құлашор да, Мойыншор да, “барлық айтар сөзiн мәңгi тасқа басты”. (Балбал тастарды қариялар қасиеттi санап: ”Мәңгi тастың киесi атады” –деп балаларды оған жолатпаушы едi. Сонда бiзге “мәңгiтас” – “мәңгүрт тас”, “мәңгiртас” деген ұғым беретiн сияқты көрiнетiн. Сөйтсек, бұл үлкендердiң “мәңгiтасты” мәңгi сақтау үшiн жүгiрмектерден қорғаудың амалы екен-ау!).
Жыл қайыруымыздан жетi ғасыр бұрын өмiр сүрген Анақарыс данышпанның кiсiмсiнген элладалыққа: “Мен үшiн елiм қайғы, ал сен – елiңнiң қайғысысың” деп жауап беруiнде сондай тәңiрлiк сыпат жатыр. ҮIII ғасырда қағаз бетiне түскен ең көне түрiк жазуы “Ырық бiтiктегi”: “Хан таққа отырып, сарай тұрғызды. Оның елi мықты болды. Айналадан жақсылары жиналып келiп сүйiншi сұрады, қуанды... Соны бiл. Бiр тобылғы жүз болды, жүз тобылғы мың болды, мың тобылғы түмен болды, соны бiл. Пайдасы бар игi iс ол”– деген өсиет те Мәңгiлiк елдiң ұрпаққа аманаты. Мұндағы: «Бiр тобылғы жүз болды, жүз тобылғы мың болды, мың тобылғы түмен болды, соны бiл. Пайдасы бар игi iс ол» – деп отырғаны өзге емес, тура жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық шикізат.
Сол “мәңгiлiк ел” мен жер, қазынасын игеру үшiн қағандар мен бектер, оғландар: “Бiресе iлгерi шапты, бiресе керi шапты. Қаны судай құйылды, сүйегi таудай үйiлдi. Әкемiз, ағамыз құрған халықтың аты, даңқы өшпесiн деп, түркi халқы үшiн түн ұйықтамады, күндiз отырмады”, “төрт бұрыштағы иесiз көк түрiк халқының жаңылғандарын, көшкендерiн жиып Өтүкен қойнауына қоныстандырып, ел еттi, ілгерi – күн шығысында, оң жақта – күн ортасында, кейiн – күн батысында, сол жақта – түн ортасында ел ұстап, төрелiк еттi”, көркейттi, көтердi, “мәңгiлiк ел” орнатты.
Қаған – қағанатты (елін, жерін), сол арқылы қағанаттың жерінің астындағы, үстіндегі, аспанындағы қазынаны қорғайды. Қаған – қағанаттың азаттығы мен амандығының, ырысының кепілі.
Міне, бұл – «Мәңгілік ел» ұстынының да ұстанымы. Біртұтас Алаш идеясының екінші ұстанымы да осы «мәңгілік ел» аңсарымен тікелей ұштасып жатыр. Жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық шикізаттық игілікті игеруде қазақ мемлекетінің үлес салмағы үстем түсуі керек, яғни, Ә.Бөкейханов айтқандай: «Оның әр бір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы» тиіс. Жер байлығы әуелі қазақ мемлекетінің игілігіне жұмсалуы қажет. Яғни, бұл – өз жеріміздің игілігін – әуелі өз еліміздің игілігіне айналдырсын, одан асса ғана жатқа салауат. Одан асса, шетелге инвестицияға шығаруға болады» – деген емеуірін.
Мен үнемі статистикалық мәліметтерді жиып жүремін. Мысалы, Ресейге барып, компьютерді қосып қалсаң, Қазақстанның экономикасы туралы ақпараттар самсап шыға келеді. Түркияға, Монғолияға, Қытайға, Америкаға барсаң да сайттардан барлық статистикалық цифрларды ашық оқи аласың. Ал біздің сайттарымызда ондай ақпараттар неге жоқ? Бары – бар-ау, бірақ ол ақпараттар бір-бірімен неге сәйкес келмейді. Басымызға ұрып тұрып өткізген халық санағының нақты есебінің анық-танығын шығару үшін алты ай жұмсап, нәтижесін екі рет өзгертіп барып, бір жылдан соң ресми жария еттік қой. Ал өнеркәсіптің нақты өнімімен ресми көрсеткіші сай келмейтін, ресми көрсеткіші мен көлеңкелі жасырын көрсеткіші сай келмейтін, үш түрлі қиқыматқа құрылған статистика арқылы қазақ жерінен өндірілген қазынаның көлемі қанша, оның қаншасы кімге тиесілі, түсімі қайда жұмсалып отыр, мұның барлығы «мәңгілік елдің» тұрғындары үшін «мәңгілік құпия» мәліметтер. Менің аннан-мұннан шым-шымдап жиған там-тұм мағлұматыма қарағанда жеріміздің асты мен үстіне, оның қазынасына иелік ететіндердің қатарынан «мәңгілік елдің» мұрагерлері некен-саяқ қана.
Аманкелді Айталы ағам жоғарыдағы «Алаш аманаты» атты пікіралысуда: «Жер асты байлығымыздың қолды болып кетуі мұнай, газ, металл шығатын жерлерде... Бірақ, мынадай бір ақиқат бар екен. Ақтөбедегі Дөң кен байыту комбинатының еншілестері тек шетелдіктер ғана емес. Өзіміздікі де бар екен. Жергілікті ұлттық буржуазя шетелдіктермен бірігіп, жұмыс істеп жатқан көрінеді. Бірақ, бұл құпия. Десек те, қанша құпия болса да, шығып қалады» – дегені ғана медеу. Аспанды айтпай-ақ қояйын, өйткені «Қазсаттың» қайда қаңғып жүргенін білмеймін. Қара металлургия Машкевич пен Ибрагимовтің, Шодиев үшеуінің, түсті металлургия мен мыс Ким, Нилердің, мұнай мен газдың қырық пайызға жуығы қытай компанияларының қолында, ал қанша жүрек жұтқан болсам да уранның иесін тәуекел етіп ашық айта алмаймын. «Екібастұздың» көмірі Ресейдің ауыр стратегиялық өнеркәсібінің қазандығын тегінге жуық жылытып жатқаны анық. Қай өндірісті алсаң да, қожайынының жүнді қолы шекараның ар жағынан сұғынып тұр. Әйтеуір, қазақ ұлтының өкілі емес. Сонда, бабаларымыз «Бiр тобылғы жүз болды, жүз тобылғы мың болды, мың тобылғы түмен болды, соны бiл. Пайдасы бар игi iс ол” – дегендегі «игілімізді» таландатып жібергеннен саумыз ба? Әлгі, «еуразиялық одақ», «еуразиялық экономикалық одақ», «ақылға бірлік», «малға бірлік»», «антұрған бірлік» деп таңдайымыз тақылдап жүрген «бірлігіміздің» мына «жүз тобылғығы мен түмен тобылғыға» қатысы қандай? Әй, қайдам, менің бұған да күдігім мен кәдігім бар.
Бізге, нақты статискалық ақпараттар мен талдаулар керек. Халық Қазақстанның нақты экономикалық көрсеткішін білсін. Бюджеттегі ашық қаржыдан «қарабауыр қаржының» көлемі бір, біржарым есе көп – деген мәліметті айтып жүрген бұрынғы министрлердің сөз рас па, жоқ па? Мұны бейресми Үкімет құруға шақыру деп те түсінулеріңізге болады. Сол «қарабауыр қаржы» да еуразиялық экономикалық одақтың қоржынын толтыра ма, жоқ, Қайрат Келімбетов айтқандай, «мәңгілік елдің» бүйірін бұлтита ма? Бұған күдігі мен кәдігім тіпті көп.
ІҮ. «САУДАМЫЗ – АР МЕН ИМАН БА?»
«Мәңгігіл елді» – мәңгілік ел ететін үшінші ділгір мәселе, ол – эконмикалық тәуелсіздік. Кезінде айбынды көк түрік қағанаты экономикалық тәуелділікке ұшырап, “алтынды, күмiстi, дақылды, жiбектi соншама шексiз берiп жатқан табғаш халқының сөзі – тәттi, бұйымы асыл табғаштарға (қытайларға) алданып, бектерiнiң, халқының ымырасыздығынан, табғаш халқының тепкiсiне көнгендiгiнен, арбауына көнгендiгiнен, iнiлi-ағалының дауласқандығынан, бектi халқының жауласқандығынан түрiк халқы елдiгiн жойды, қағандығынан айырылды, табғаш халқына бек ұлдары құл болды, пәк қыздары күң болды. Түрiк бектерi атын жоғалтып, табғаш бектерiнiң табғаш атын тұтынып, табғаш қағанына бағынды, елу жыл iсiн-күшiн бердi”.
Ал біз елу жыл емес, 250 жыл (!) iсiміз бен күшiмізді бердiк! Және дәл сондай күйдi бiз қазiр де басымыздан кешiп отырмыз. Жайма мен қара базар толған табғаштардың заты. Сөзi жылы, iшi суық. Қағанатымызды ежелгi Кунзының тұсындағы тақыс саясатына салып, “жапырақты бiлдiрмей жеген жiбек құртынша” кемiре кеулеп барады. Ақыл-санамыз да, жүрiсiмiз бен тұрысымыз да, бөзiмiз де, сөзiмiз де жаттың үлгiсiне ауысты. Енді «қайыс ноқтаны» басымызға киіп тұрып, оның үстіне «темір ноқтаны» еуразиялық еркін одақ арқылы» (Анна Иоановнағаға өз еркімізбен қосылмаппа едік) қайта кидік. Сонда «мәңгілік еркін еліміз» қайда қалады? «Жигули» мен «Газелді», «Ниваны» қайтадан ауыздықтармыз-ау, бірақ енді соған тақымымыз үйрене қояр ма екен? Енді, қазақ теледидары көрсеткеніндей, әуелі өздері шомылып барып, денесінің кірін қосып бізге жіберген орман жұртының сүтін шайға қатып ішу қалды ма? Сүт екеш сүтті өндіре алмаған елдің «мәңгілік ел» атануға қақысы бар ма өзі? «Мәңгілік ел» ұстанымында бұл мүттәйімдікті жоюдың жолы қарастырылған ба?
Алаш идеясының үшінші ұстанымы сол «саудасы – ар мен иманы» (Абай) болған «анұрғандықты» жоюға бағытталған. Яғни, Әлихан айтқандай, «қойдың үстінен қырқылған бір уыс жүн қазақ халқының үстіне тоқыма болып тоқылуы керек» еді. Мұның себебін алаш көсемдері: «Отарлық жүйеде басқаға қарайлаумен күніміз өтті. Тәуелсіз экономика жасамасақ, емінсек ел боламыз. Ол біздің алған тәуелсіздігімізді он бес жылда екінші бір тәуелді мемлекетке айналдырады» деп түсіндірмеп пе еді.
Ал біздің тәуелсіздігіміз ширек ғасырға жуықтады. Біздің бүгінгі күйіміз – шарасыз мүттәйімнің күні. «Қашаған» сияқты алып заводымыз бен үй құбырындағы нәзік бұранда сынып қалса, қолымызды қусырып, иығымызды қағып, мүттәйім бола қаламыз. Өйткені әлгі бұранда елімізде шықпайды. Демек, шәйек пен шәугімге де тәуелдіміз бе? Тәуелдіміз. «Тым болмаса кеттің ғой мал баға алмай» – деп Абай айтқандай, ХХІ ғасырдың өзінде мал баға алмай отырмыз. Ауылда мал жоқ. Ең болмаса малды да баға алмай отырмыз. Ресейге жыл сайын өткізетін алпыс мың тонна етті доңыздың етімен өтеп отырғанымыз туралы «Егемен Қазақстанда» жарияланған мақала біразымыздың шымбайымызға батты, ал ресми мекемелер үнсіз дымын ішіне тартумен тиылыпты.
Өз көзіммен көргенімді айтайын. Менің ауылым Шыңғыстау мен Абыралының түйіскен тұсындағы Көксеңгір деген бұрынғы егіндік пен шабындықтың, жайлаудың етегінде. Ондағы ел малына қыстық азыққа шөп таба алмай қиналады. Екі-үш жыл бұрынғы қалың қарда біразының малы жұтап қалды. Ал әлгі Көксеңгірде қаншама жердің шөбі шабылмай бос жатыр: «Әй, мына шөпті неге шаппайсың?» – деп ағайыныма ұрыссам, ол: «Болмайды» – дейді. Неге? Өйткені, біреудің жері. Ойбай-ау, қазақ өзінің жеріне шыққан шөпке өзі ие болып, өз малын өсіріп, өзінің үстіне киетін тоқыманы өз қойының жүнінен есе алмаса, күні не болмақ? Жұмыссыздық деген осы емес пе?!. Тағы да сол Абай дегдардың «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» дегенінің кебін құшып тынбаймыз ба?
«Мәңгілік елдің» ұйытқысын ұйытқан көне түркі жазуындағы бас ерiктерiнен айырылған түрік бектерiне: «Тәтті сөз, асыл қазынасын беріп, жырақтағы халықты (өзіне) сонша жақындатты. Жақын қонып, сосын (олардан) әдепсіз қылықтарды үйрендің... Тәтті сөз, асыл дүниесіне көп алданып, түркі халқы қырылдың, түркі халқы жойылдың» («Күлтегін» жазуы), “Хан бердiм. Ханыңды тастап, бағындың. Бағынғаның үшiн Тәңiрi сенi өлiмшi еттi. Түркi халқы қырылдың, әлсiредiң, жойылдың. Түрiк сiр халқы жерiнде тiршiлiк қалмады” (Тоныкөк” жазуы ) – деп ескертпеп пе еді. Қаһарланып барып, қайтадан елдi ел етуге ант берісіп: бiрлiктiң, қағанын силағандықтың, бауырын бауырына басқандықтың нәтижесiнде ғана: “Елсiреген, қағансыраған халықты, түрiк иелiгiнен айырылған халықты ата-баба мекенiне қайта оралтты. Төлiс, тардүш (тарға), жабғы, шад сайлады”, яғный, көк түрiк қағанаты тұсындағы 28 дәрежелi мемлекеттiк билiктi қалпына келтiрдi.
Осыдан 1 500 жыл бұрын бабаларымыз тасқа жазып тұрып ескерткен «Өтүкен қойнауында отырсаң ғана сен мәңгілік елдігіңді сақтайсың. Онда түркі халқы тоқ. Сен ашсың ғой (кедейсің), Аштықта тоқтықты түсінбейсің, бір тойсаң аштықты түсінбейсің. Соның үшін алдандың... Түркі, оғыз бектері, халқы тыңдаңдар! Төбеңнен тәңірі баспаса, астыңнан жер айырылмаса, түркі халқы, ел-жұртыңды кім қорлайды? Түрк халқы, өкін! Бағынғаның үшін!» («Күлтегін» жазуы) – деген, «жер, су иесіз қалмасын!» деген аманатты неге жадымызда ұстамаймыз. Неге ұмытамыз? “Күлтегiннiң” кiшi құлпытасындағы жазуда: “Ақылды кiсiлердi, батыл кiсiлердi табғаштар қозғай алған жоқ... (Егер) бір кісі алданса (онда) руы, халқы тұқымына дейін қалмас еді. ”– деген жолдар бар. Иоллық тегiн жыраудың “мәңгiлiк ел” ұстанымы қазір де сондай бір «ақылды, батыл кісінің» шешім қабылдауына мұқтаж.
Аманкелді Айталы қайраткер бұл тұрғыда «Тәуелсіз экономика дегенге келсек, бүгін біз өзімізді өзіміз асырай алмай отырмыз. Басқаны айтпағанда, «30 корпоративтік көшбасшы» деген бағдарламада ауыл өндірісіне арналған жоба жоққа тән. Бір кездері ағылшынның бір премьері Үндістанға қатысты былай депті: «Тәуелсіздікті алу бар да, оған қол жеткізу бар. Үндістан әлі біраз уақыт бізден кетпейді». Бізде сол тәуелсіздікті алдық, бірақ шынайы тәуелсіздікке қолымыз жетпей жатыр» – деген еді. «Мәңгілік ел» ұстанымында сол «қолымыз жетпей жатқан шынайы тәуелсіздікке» қол жеткізетін кепілдік қарастырылуы тиіс.
Қош, сонымен, елдiң елдiгiн сақтап қалу үшiн “Тәңiрi, Ұмай, Жер, Су түрiк жұртына Мәңгiлiк жеңiс» пен жер, яғни, шикізат, қазына, берді”. Сол «пайдасы бар игiлікті (“Тоныкөк” жазуы), шикізатты, жер қойнындағы қазынаны қорғап, ол игіліктің қызығын жат жұрттықтар көрмес үшін “ақылды кiсiлер, батыл кiсiлер» “Iнжу өзенiн кешiп, Тiнесi ұлының мекенiндегi Мәңгiкөк тауынан мәңгi асыра қуады”. Сол үшін, “Түрiк халқы үшiн түн ұйықтамаған, күндiз отырмаған, қызыл қанын төккен, қара терiн ағызған, күш-қуатын аямай жорыққа шыққан” Тоныкөк пен Күлтегiндi “Тәңiр жарылқады, бақ бердi, сәтiн түсiрдi”, сөйтiп, “өлiмшi халықты тiрiлттi, жалаңаш халықты тонды, кедей халықты бай қылды. Аз халықты көп қылды, тату елге жақсылық қылды”.
“Бәрi бейбiт, бәрi тату, бәрi қағанды” (“Күлтегiн” жазуы) болса деп тiледi. Соны тiлей отырып, түрiк елiн де сыйлауды, онымен санасуды талап еттi. Елiнiң “басын идiрiп, тiзесiн бүктiрмедi... Көп екен деп қашпады, аз екенбiз деп қорықпады. Неге басындырады? Шапты! Қуды! Кiнәлi жауды алдына келтiрдi. Бүкiл түрiк халқына қарулы жау келтiрмедi. Атты әскер жолатпады. Елтерiс қаған жауламаса, оған ерiп Тоныкөк пен Күлтегiн жауламаса; елi, халқы жойылар едi.. Сол әрекеттiң нәтижесiнде: елi қайта ел болды, халқы қайта халық болды. Өзi қартайды, халқына көсем болды” (“Тоныкөк” жазуы). Ақыры “құл – құлды болды, күң – күңдi болды”. Құл мен күң ұстау – “мәңгiлiк ел” нысанасының мүддесi емес, сол замандағы ұлт пен ұлыстың бәрiне ортақ соғыс заңдылығы болатын.
“Мәңгiлiк ел” нысанасының рухани мәйегi – елдiк қасиет, яғни, ел бiрлiгi идеясы. Ықылым заманнан берi әлемдiк өркениеттiң ажырамас бiр бөлшегi ретiнде қанаттаса өмiр сүрiп келе жатқан көшпелi түрiк дүниесiнiң барлық рухани мұраларының негiзгi түйiнi – “Ел”, басты құлақ күйi мен мазмұны - “елдiк, бiрлiк” деген ұғым. Ал соны түрiк қауымы сияқты ұлттық аңсарына айналдырып, заманалар бойы әфсаналарына арқау еткен. Жоғарыда аталған жазбалардың бәрi де “бiрлiк” мәселесiн “мәңгiлiк елдiң” түрiктiк кепiлi ретiнде бағалайды. Сол береке-бiрлiк, ынтымақ, елдiк қасиет үшiн дұшпанына да бейбiт өмiр тiлейдi. “Бектерi жау болды. Тиiспейiн деп ойладым. Тиiскенi үшiн жандым, соғыс жүргiзе үйге қарай беттедiм. Жауға тиiп, iнiме, ұлыма өсиет қалдырып: Елтерiс қағаннан айырылма, Тәңiр тектi Бiлге қағаннан айырылмайық, азбайық дедiм. Солай оқыттым. Керi кеттi. Бiлге қағанның халқы (берекесiз боп) кеттi. Өз бақытын, күш-жiгерiн өз қағанына жұмсады” (“Құтлық қаған” жазуы).
Тұрсын Жұртбай, жазушы, алашттауншы ғалым.
(жалғасы бар)
Abai.kz