Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Алашорда 12877 0 пікір 22 Мамыр, 2014 сағат 12:09

Ордалы ҚОҢЫРАТБАЕВ. ӘЛИХАН мен ТҰРАР

Қазақ ұлт-азаттық қозғалысының көшбасшылары Тұрар Рысқұлов пен Әлихан Бөкейхановтың өмiрбаяндары жақсы зерттелгенiне қарамастан, өкiнiшке қарай, әлi де тереңдете, жан-жақты аша түсетiн жайттар жеткiлiктi. Сондай келелi мәселенiң бiрi – аталған қайраткерлердiң бiр-бiрiне деген өзара қамқорлығы болып табылады.
Әлихан Бөкейханов — ұлт зиялыларының аға буын өкiлдерiнiң көшбасшысы ретiнде патшалық монархиялық билiк тұсында-ақ қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысын идеологиялық және практикалық тұрғыдан негiздеген саяси тұлға болса, ал Тұрар Рысқұлов – тоталитарлық кеңестiк билiк жағдайында егемендiк үшiн күрес жүргiзген жас буынның жетекшiсi болды.

Ә.Бөкейхановтың қазақ мемлекеттiлiгiн қалпына келтiруге күш салып, бұл мақсатта либералдық бағыттағы орыс партияларының бiрi – кадеттердi жақтағаны белгiлi, бiрақ Ресей кадеттерi тарихи мүмкiндiктi тиiмдi пайдалана алмай, революциялық дүрбелең дәуiрiнде саяси аренадан ығысып қалды да, оларды қолдаған ұлт қайраткерлерiнiң көпшiлiгi азамат соғысы жылдарында большевиктермен тайталасуға мәжбүр болды. Қызыл әскердiң жеңiсi либералдық бағыттағы ұлт зиялыларының үмiтiн сөндiрiп, жаңа билiктi амалсыз мойындауға мәжбүр еттi. Алашорда жетекшiсi Ә.Бөкейханов бұл тұста Семейден Қарқаралыға қоныс аударып, жергiлiктi билiк орындарының қырағы бақылауына алынады.
Түркiстан өлкесiнде де осы сипаттағы процестер өрiс алды. Түркiстан зиялылары­ның бастамасымен өмiрге келген Түркiстан Мұхтарияты 1918 жылы Ташкент большевик­терi тарапынан талқандалды. Өлкедегi саяси билiк 1919 жылдың ортасына дейiн толығымен орыс большевиктерiнiң қолында болды. Мұхтарият талқандалғаннан кейiн саяси билiк пен әскери күшке ие болып отырған Ташкент большевиктерiмен ымыраға келу мақсатында жаппай партия қатарына өте бастаған түркi мұсылман жастары Т.Рысқұлов құрған Мұсылман Бюросының ұйымдастырумен шовинистiк ниеттегi орыс большевиктерiн рес­публикадан ығыстырып шығарып, Түркiстан Республикасының егемендiгi мен Түркiстан конфедерациясы туралы мәселе қояды. «Тұтас Түркiстан» идеясын көтергенi үшiн Т.Рысқұлов Кремль тарапынан қатты қуғын-сүргiнге ұшырап, Түркiстаннан Мәскеуге «жер аударылды». Жаңадан табылған тарихи деректердiң мәлiметiне қарағанда Т.Рысқұлов РКП(б) қатарына, өзi жазып көрсеткендей 1917 жылдың қыркүйегiнде емес, 1918 жылдың басында өткен.
Осылайша қазақ ұлт-азаттық қозғалысы­ның қос жетекшiсi де Кремль үшiн сенiмсiз саяси тұлғаларға айналған болатын. Ә.Бөкей­хановтың 1920–1922 жылдары ашық саясатпен айналысуына ешқандай мүмкiндiгi болған жоқ. Ал РКП(б) Орталық Комитетi Саяси Бюросының шешiмiмен И.В.Сталин басқаратын РСФСР Ұлт iстерi жөнiндегi халық комиссариатына қызметке жiберiлген Т.Рысқұлов үшiн аталған жылдар аса ауыр болды. РСП(б) Орталық Комитетiнiң Саяси Бюросы Т.Рысқұловты Мәскеуде қызметте қалдырудың өзiн қауiптi санап, 1921 жылы комиссариаттың Әзербайжан Республикасындағы өкiлi етiп алыстағы Бакуге жiбередi. Теңiз жағасында орналасқан Бакудiң климаты Түркiстанның құрғақ ауа райына үйренген Т.Рысқұлов үшiн жайсыз болып, оның үстiне ол Балқан, Кiшi Азия, Кавказ аймағында кең тарай бастаған жұқпалы өкпе ауруын жұқтырып, қатты науқастанады да, азық-түлiк пен қаржы тапшылығы жағдайында бiр жылдай емделуге мәжбүр болады. Денсаулығы түзелгеннен кейiн Т.Рысқұлов комиссариаттың орталық аппаратына оралып, коллегия мүшесi, артынан комиссардың орынбасары болып сайланады.

Жиырмасыншы жылдардың басында толық саяси-әскери жеңiске жеткен большевиктер арнайы жазалаушы органдар (ВЧК, iшкi iстер бөлiмдерi, әскери округтар мен майдандардың ерекше бөлiмдерi, трибуналдар және т.б.) арқылы азамат соғысы жылдарындағы саяси қарсыластарын iздестiрiп, жаппай қуғындау саясатын бастайды. Мұндай саясат ең алдымен большевиктерге жау жалпыресейлiк саяси партиялар (кадеттер, эсерлер, монархистер және т.б.) мен ұлттық ұйымдарға, ақтар жағында соғысқан әскерилерге, үстем әлеуметтiк топ пен дiн қызметкерлерiне, сондай-ақ партия iшiндегi оппозициялық топтарға қарсы бағытталды. Кешiрiм жариялағандарына қарамай-ақ бұрынғы алашордашылардың да алғашқы кезекте қуғын-сүргiнге ұшырайтыны анық едi. Осыны сезген алашордашылардың көпшiлiгi түрлiше мүмкiндiктi пайдаланып, Қазақстан аумағынан Түркiстан өлкесiне қоныс аударып үлгерген болатын. Арнайы органдардың қырағы бақылауында жүрген Ә.Бөкейханов та 1922 жылы Сарыарқадан Түркiстанға кетудi жоспарлай бастайды.
Ә.Бөкейхановтың құпия түрде Ташкентке кетуiнен қауiптенген ГПУ-дiң (Мемлекеттiк Саяси Басқарма) Қарқаралыдағы жергiлiктi бөлiмшесi 1922 жылы 14-қазанда оны тұтқынға алады. ГПУ-дiң Қарқаралы бөлiмшесiнiң iс-әрекетiне наразылық бiлдiрiп, өзiн босатуды талап еткен Ә.Бөкейханов түрмеден таныс­тары арқылы қол жалғап Мәскеуге, РСФСР Ұлт iстерi жөнiндегi халық комиссариатына «Әлиханов» деп қол қойылған шұғыл жеделхат жолдайды. Жеделхаттың «Әлиханов» деген атпен жiберiлуiнiң өзiндiк сыры бар, өйткенi оның нағыз иесi кiм екенiн бiлсе, Қарқаралының телеграф бөлiмiндегi ГПУ агенттерi тәркiлеп алары сөзсiз едi. Жеделхат үш кiсiнiң — РСФСР Ұлт iстерi жөнiндегi халық комиссары И.В.Сталиннiң, халық комиссарының екiншi орынбасары Т.Рысқұловтың және РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесi мен Еңбек және Қорғаныс Кеңесi төрағасының орынбасары А.Д.Цурюпаның атына жолданған: «16-10-22. Мәскеуге. Қарқаралыдан. Жолдас Ста­линге. Көшiрмесi — Халық Комиссарлар Кеңесi төрағасының орынбасары А.Д.Цурюпа мен Ұлт iстерi жөнiндегi халық комиссарының орынбасары Т.Рысқұловқа. 14 қазанда Мемлекеттiк Саяси Басқарма (ГПУ) бұйрығымен тұтқындалдым, менi Семей қаласына аттандырмақ. Мәскеу қаласына өз еркiммен келуiме рұқсат берiлуiн сұраймын. Әлиханов».
Ә.Бөкейхановтың жеделхатын 16-қазанда қабылдап алған РСФСР Ұлт iстерi жөнiндегi халық комиссариатының пошта-байланыс бөлiмi мәтiн жазылған телеграф лентасын жеке параққа желiмдеп, №13873-іншi қатынас нөмiрiмен мөрлеп, 1922 жылы 17-қазанда Кремльдегi И.В.Сталинге жолдаған. И.В.Сталин 1917–1923 жылдар аралығында Кремльдегi басқа да қызметiмен қатар РСФСР Ұлт iстерi жөнiндегi халық комиссары қызметiн қоса атқарғанымен де, комиссариаттың iстерiне көп араласпаған, өйткенi ол осы жылдары комиссариат коллегиясының небәрi 20 мәжiлiсiне ғана тiкелей қатысқан екен. Комиссариаттың жұмысын түрлi уақыттарда орынбасарлық қызмет атқарған С.С.Пестковский, Н.Н.Нариманов, ­Т.Рыс­құлов, М.Х.Сұлтан-Ғалиев, Г.И.Бройдо, М.П.Павлович, Г.К.Клингер, М.Д.Гусейнов және тағы басқалар жүргiзiп отырған.
И.В.Сталин арнайы үкiметтiк байланыс арқылы Кремльге жеткiзiлген Ә.Бөкейхановтың жеделхатымен танысқан соң, «Әлиханов» деген кiсiнiң Ә.Бөкейханов екенiн бiрден түсiнген және оның тұтқындалуы қазақ қайраткерлерi ортасында жағымсыз реакция туғызып отырғанын аңғарған да, нақты көңiл-күйдi бiлу үшiн жеделхат желiмделген параққа қара қаламсаппен «Қазақстан мен Түркiстан басшыларынан сұралсын» деп жазып, комиссариатқа керi қайтарған. И.В.Сталин жеделхаттың бiр көшiрмесi жолданған А.Д.Цурюпаның фамилиясын «бұл мәселеде оның пiкiрiнiң қажетi жоқ» деген ниетпен белiнен сызып тастаған. Жеделхаттың бiр көшiрмесi жолданған Т.Рысқұлов бұл күндерi Мәскеуде емес едi. 14-қазанда Қарқаралыда тұтқындалған Әлихан аталған мезгiлде Тұрардың қайтадан Түркiстанға қызметке ауыстырылып жiберiлгенiн естiмеген.
Кеңес елi Азамат соғысынан арылып, жаңа экономикалық саясат арқылы қираған шаруашылықты қалпына келтiруге жанталасқан қысылтаяң шақта большевик көсемдерi мақта өнеркәсiбi шоғырланған Түркiстан сияқты аса маңызды стратегиялық аймақтың экономикасын жандандыру үшiн Т.Рысқұлов сынды талантты ұйымдастырушыға зәру болып, оны Түркiстанға керi қайтару туралы мәселе қояды. РКП(б) Орталық Комитетi Орта Азия Бюросының төрағасы Я.Э.Рудзутак РКП(б) Орталық Комитетiнiң Саяси Бюросымен келiсе отырып, РКП(б) Орталық Комитетi Ұйымдастыру Бюросының 1922 жылы 25-қыркүйектегi мәжiлiсiнде Түркiстанның саяси-экономикалық жағдайы туралы арнайы баяндама жасайды. Түркiстанның қираған шаруашылығын қалпына келтiру үшiн РСФСР Ұлт iстерi жөнiндегi халық комис­сарының орынбасары Т.Рысқұловты Түркiстанға қайтару, оны РКП(б) Орталық Комитетi Орта Азия Бюросының мүшелiгiне өткiзiп, Түркiстан Республикасының Халық Комиссарлар Кеңесiнiң төрағасы етiп тағайындау туралы ұсыныс бiлдiредi. РКП(б) Орталық Комитетiнiң Ұйымдастыру Бюросы Я.Э.Рудзутактың ұсынысын қабыл алып, Т.Рысқұловты Түркiстанға қайтару туралы шешiм шығарады.
РКП(б) Орталық Комитетiнiң Ұйым­дас­тыру Бюросының шешiмiмен танысқан соң Т.Рысқұлов РСФСР Ұлт iстерi жөнiндегi халық комиссарының орынбасары ретiнде комиссариат коллегиясының 1922 жылы 26-қыркүйекте өткен мәжiлiсiне соңғы рет қатысып, күн тәртi­бiндегi бес мәселе бойынша баяндама жасайды:
РСФСР Ұлт iстерi жөнiндегi халық комиссариаты жанындағы Халық ағарту iсi бойынша Федеральдық комитет туралы БОАК қаулысының жобасын қабылдап, оны комиссариаттың Ұлттар кеңесiне жiберу мәселесi бойынша жасаған баяндамасында Т.Рысқұлов РСФСР Ұлт iстерi жөнiндегi халық комиссариаты жанында РСФСР Халық ағарту халық комиссариатына тәуелсiз және аталған комиссариаттың ұлт аймақтарындағы саясатын қадағалап отыратын Халық ағарту iсi бойынша Федеральдық комитеттiң тұрақты жұмыс iстеуi қажет екенiн дәлелдеп шығады және өзi жетекшiлiк жасаған арнайы комиссия даярлаған БОАК қаулысы жобасының мiндеттi түрде қабылдануы тиiс екенiн атап көрсетедi. Коллегия Т.Рысқұловтың жобасын аздаған өзгерiспен қабылдау туралы шешiм шығарады.

Шығыс еңбекшiлерiнiң Ком­мунистiк университетi жанынан Жұмысшы факуль­тетiн ұйымдастыру туралы БОАК қаулы­сының жобасын қабылдау мәселесi бойынша жасаған баяндамасында Т.Рысқұлов осындай арнайы факультет ашудың маңызы мен қажетiлiгiн жан-жақты негiздейдi. Коллегия Т.Рысқұловтың жобасын аздаған өзгерiспен қабылдап, БОАК төралқасына жолдау туралы шешiм шығарады.

Т.Рысқұлов өзi басқарып отырған Шығыс халықтарының Орталық бас­пасы құрамындағы Түрiк-әзербайжан секциясының редакциялық коллегиясын бекiту мәселесi бойынша жасаған баяндамасында секцияның қызметiн дұрыс жолға қою үшiн бiлiктi мамандардың аса қажет екенiн атап көрсетедi және редакция коллегиясына Невширанов, А.Т.Гисматуллин, Шахтинский және Г.Давлетчин сияқты мамандарды кiргiзудi ұсынады. Комиссариат коллегиясы Т.Рысқұлов ұсынған кiсiлердi толық қолдайды.
Шығыс халықтарының Орталық баспасының орналасар мекенжайы туралы жасаған баяндамасында Т.Рысқұлов өзi басқарған арнайы комиссияның баспаны орналастыру үшiн жарамды деген бiрнеше ғимаратты аралап көргендерiн, дәл қазiр «Собачья площадка» аталатын алаңдағы №10 үйдi лайықты санап отырғандарын хабарлайды. Коллегия Т.Рысқұловтың ұсынысын қолдап, аталған ғимаратты күрделi жөндеуден өткiзгеннен кейiн Шығыс халықтарының Орталық баспасына беру туралы қаулы қабылдайды.
Мәскеу қаласында Шығыс еңбекшiле­рiнiң үйiн ұйымдастыру үшiн арнайы ғимарат бөлу мәселесi бойынша жасаған баяндамасында Т.Рысқұлов Мәскеу қаласында пәтер мен қонақүй мәселесiнiң аса шиеленiстi жағдайына байланысты астанаға Шығыс республикаларынан арнайы сапармен келетiн делегацияларды, жекелеген адамдарды, студенттердi қабылдап, уақытша орналастырудың қиындығын айта келе, тез арада РСФСР Ұлт iстерi жөнiндегi халық комиссариатына қарайтын жатақхана ашудың қажеттiгiн атап көрсетедi. Коллегия Т.Рысқұловтың ұсынысымен келiсiп, Мәскеу қаласында Шығыс еңбекшiлерiнiң үйiн ұйымдастыру туралы қаулы қабылдайды.
Коллегия мәжiлiсi одан әрi Мәскеу Шығыстану институтында қалыптасқан ахуалды талқылап, Т.Рысқұлов пен М.Н.Павловичке аталған ұжымды қайта тексеру, институт ректоры Е.Мазуровты орнынан алып, оны РКП (б) Орталық Комитетiнiң қарамағына жiберу туралы қаулы шығарады.
Қазан айының басында Ташкентке келген Т.Рысқұловты РКП(б) Орталық Комитетiнiң Орта Азия Бюросы 1922 жылғы 5-қазандағы мәжiлiсiнде бюро мүшелiгiнен және қызметiнен алынып, Мәскеуге ауыстырылған Қайғысыз Атабаевтың орнына Түркiстан Республикасының Халық Комиссарлар Кеңесiнiң уақытша төрағасы етiп тағайындайды, ал Түркiстан Орталық Атқару Комитетiнiң 8-қазандағы мәжiлiсiнде Т.Рысқұлов Түркiстан Республикасының Халық Комиссарлар Кеңесiнiң төрағасы болып ресми түрде бекiтiледi. Халық Комиссарлар Кеңесiнiң 1922 жылы 11-қазанда жарияланған №479 қаулысында Т.Рысқұлов былай деп атап көрсетедi: «Түркiстан Орталық Атқару Комитетi төралқасының 8-қазандағы №142 қаулысын орындау үшiн  мен бүгiннен бастап Түркiстан Республикасының Халық Комиссарлар Кеңесiнiң төрағасы қызметiн атқаруға кiрiстiм. Т.Рысқұлов».
Осылайша 1922 жылы қазан айында қызыл империя көсемдерi қазақ ұлт-азаттық қозғалысының қос жетекшiлерiнiң бiрi – Әлихан Бөкейхановты Қарқаралыда тұтқындап, абақтыға жапқан болса, ал екiншiсi – Тұрар Рысқұловқа екi жылға созылған қуғын-сүргiннен кейiн Түркiстанға қайта келуге рұқсат бередi.
Т.Рысқұловтың Түркiстанға кеткендiгi себептi РCФСР Ұлт iстерi жөнiндегi халық комиссариатының коллегиясы И.В.Сталин оқып, комиссариатқа қайтарып берген Ә.Бөкейханов жеделхатының түпнұсқасын арнайы поштамен Ташкенттегi Т.Рысқұловқа жолдайды. Жеделхатпен танысқан соң Т.Рысқұлов Ә.Бөкейхановтың қиын жағдайын жете түсiнiп, Орталыққа жолданатын арнайы хаттың даярлануын күтпей, телеграф лентасы желiмделiп, И.В.Сталиннiң пiкiрi жазылған парақтың төменгi жағына өз қолымен: «Әлиханов деген кiсi – Бөкейханов, кадеттер партиясының iрi өкiлi, Алашорда үкiметiнiң төрағасы, Ленин мен Ресейдiң басқа да ардагер қайраткерлерiмен жақсы таныс. Кеңес өкiметiмен жұмыс iстеуден бас тартуда, бiрақ Семей облысында жақтастары көп» деп жазып, поштамен Мәскеуге шұғыл түрде керi жөнелтедi. Т.Рысқұловқа И.В.Сталиннiң Ә.Бөкейхановтың кадеттер партиясының Орталық Комитетiнiң мүшесi және Алашорда үкiметiнiң төрағасы болғанын жақсы бiлетiндiгi аян болатын. Сондықтан да ол И.В.Сталинге Қазақстан басшыларының тапсырмасымен тұтқындалған Ә.Бөкейхановтың большевиктер көсемi В.И.Ленинге және Ресейдiң басқа да ардагер қайраткерлерiне танымал саяси тұлға екендiгiн және оның кеңес билiгiне қарсы болса да, қазақ даласында көптеген жақтастары барын, сондықтан да Ә.Бөкейханов сияқты белгiлi тұлғаның негiзсiз тұтқындалғаны халық ортасында түсiнбеушiлiк тудыратындығы туралы пiкiрдi нақтылап жеткiзген.
Әлиханның тұтқындалғаны туралы жағымсыз хабарды Тұрарға келген жеделхаттан естiп-бiлген Түркiстан қайраткерлерiнiң ортасында үлкен алаңдаушылық орын алып, олар Ә.Бөкейхановты тұтқындауға нұсқау берген Қазақстан басшыларының әрекетiне наразылық танытады. Ташкенттегi қазақ қайраткерлерi өзара кеңесе келе Әлиханды ГПУ тырнағынан арашалап алуға бел байлап, оны босатуды талап еткен хатты даярлауды Түркiстан басшылығындағы жастар – Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановқа тапсырады. Олар РКП(б) Орталық Комитетiне жолданатын наразылық жеделхатты даярлауды өз мойындарына алады. 1922 жылы қазан айының екiншi жартысында (шамамен қазан айының 23-iне дейiн) Т.Рысқұлов пен С.Қожанов төмендегiдей мазмұндағы жеделхатты Мәскеуге жолдайды: «РКП (б) Орталық Комитетiне. Қазақ республикасы өкiметiнiң 14-қазандағы бұйрығымен Әлихан Бөкейханов тұтқындалыпты. Алашордашыларға кешiрiм жасау туралы қаулыны басшылыққа ала отырып, Қазақстанда Кеңес өкiметiнiң жергiлiктi халық бұқарасымен байланысының әлсiздiгi мен Қазақстан кеңестерiнiң соңғы съезiнде қалыптасқан ахуалды, сондай-ақ бұл хабардың қазақ бұқарасына мүмкiн болар жағымсыз ықпалын ескере келе, Сiзден бұл iске араласып, қамауда ұстауға жеткiлiктi негiз болмаса, онда Бөкейхановты тез арада тұтқыннан босатуға ықпал жасауыңызды өтiнемiз».
Тұрар мен Сұлтанбектiң Әлихан Бөкей­ханов­ты түрмеден босату туралы жеделхатын РКП(б) Орталық Комитетiнiң Секретариаты 1922 жылы 2 және 4-қарашада екi дүркiн талқылап, Қазақ облыстық партия комитетi мен Мемлекеттiк Саяси Басқармаға Ә.Бөкейхановтың тұтқындалуының себептерiн түсiндiрулерiн талап еткен жеделхат жолдайды.
Қазақстан тарапынан бұл жеделхатқа 1922 жылы 11-қарашада облыстық партия комитетiнiң хатшысы Г.А.Коростелов төмендегiдей мазмұндағы жеделхатпен жауап берген: «Бөкейхановтың тұтқындалуы оның Қазақ Орталық Атқару Комитетiнiң бұйрықтарына бағынудан бас тартуымен және Түркiстанға қашуды жоспарлағанымен, сондай-ақ Семей губерниясындағы Моңғо­лия­мен байланысы бар және қазақ жастарын iштей iрiтiп жүрген Алашорданың ымырасыз пиғылдағы басшы топтарын жою шараларымен тығыз байланысты. Қазақ облыстық партия комитетiнiң хатшысы Коростелов».
Қарқаралыда тұтқындалған Ә.Бөкей­хановты ГПУ өкiлдерi күшейтiлген күзетпен Семей түрмесiне әкелiп қамайды, артынан Орынбордағы абақтыға аттандырады. «Бөкейханов iсi» Мемлекеттiк Саяси Басқарманың орталық және республикалық органдарының қырағы бақылауында болды. 1922 жылы 20-21 қарашада «Бөкейханов iсiмен» РКП(б) Орталық Комитетiнiң бөлiм меңгерушiсi С.И.Сырцов танысып, жинақталған материалдарға қорытынды жазады (Сергей Иванович Сырцов – iрi қоғам және мемлекет қайраткерi. 1929-1930 жылдары РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесiнiң төрағасы болып iстедi және өзiнiң орынбасары Тұрар Рысқұловпен өте жақсы қарым-қатынаста болған. С.И.Сырцов 1929-1930 жылдары БКП(б) Орталық Комитетiнiң Саяси Бюросының мүшелiгiне кандидат және КСРО Орталық Атқару Комитетiнiң мүшесi бола жүрiп, И.В.Сталиннiң тоталитарлық билiгiне қарсы оппозициялық топ ұйымдастырады. И.В.Сталиннiң индус­трияландыру және ұжымдастыру саясатын iске асыру тәсiлдерiн елдi дағдарысқа, халықты қырғынға алып баратын саясат ретiнде сынап, оны «топас бас адам» (тупоголовый человек) деп атаған. «Кремль қожасын» Бас хатшылық қызметiнен кетiру үшiн ашық әрекеттер жасаған. Сол үшiн саяси қуғын-сүргiнге ұшырап, 1937 жылы 10 қыркүйекте атылды).
Орынбордан Мәскеуге жеткiзiлген Ә.Бөкейханов көп кешiкпей түрмеден босатылып, Мәскеуде қалдырылды. Кремль басшылары оған Мәскеуден пәтер бергiзiп, үйқамақ жағдайында ұстайды.
Түркiстан жастарының араласуымен абақтыдан босап шыққан Әлиханға Қазақстанға келуге қатаң тыйым салынады. Әлихан Бөкейханов «сталиндiк үлкен террор» уақытында қайта тұтқындалып, атылғанға дейiн Мәскеуде тұрды. Соңғы тұтқындауда Әлекеңе араша түсер ешкiм қалмаған-ды, өйткенi Тұрар да, Түркiстанның басқа да тарландары бұл уақытта Мәскеу түрмесiнде тұтқында отырған болатын.
Әлихан Бөкейхановқа араша түсiп, абақтыдан алып шыққан Тұрар мен Сұлтанбек бiрден-ақ ГПУ-дiң қара тiзiмiне iлiгедi. ГПУ-дiң Қазақстандағы өкiлеттi өкiлi И.Д.Каширин мен Құпия бөлiм бастығы Якубовскийдiң ГПУ-дiң Шығыс бөлiмiнiң бастығы Я.Х.Петерске 1923 жылы 14-нау­рызда жолдаған құпия есептi баяндамасында Тұрар мен Сұлтанбектiң iс-әрекеттерiне үлкен саяси мән берiп, былай деп атап көрсеткен: «Бөкейхановтың тұтқындалуына ташкенттiк алашордашылар қызу жауап бердi. Олар Сталиннiң атына Рысқұлов пен Қожановтың басшылығымен және солардың қолы қойылған жеделхат жолдап, Бөкейхановтың жазықсыз тұтқындалуы далалы аймақтарда бүлiншiлiк пен қазақ бұқарасы ортасында түсiнбестiк тудырады да, оларды Кеңес өкiметiнен ажыратады, сондықтан да оны босату үшiн тиiстi мекемелерге ықпал жасау қажет деген талап қойды».
Мәскеуде тұруға мәжбүр болған Ә.Бөкейхановтың жұмыссыз, жалақысыз қиналып жүргенiн естiген Т.Рысқұлов жолдастарымен байланысып, оны РСФСР Ұлт iстерi жөнiндегi халық комиссариатында қызмет атқарған кезiнде өзi ұйымдастырып кеткен Шығыс халықтарының Орталық баспасына орналастырады. Ә.Бөкейханов ұзақ уақыт аталған баспада аударма iсiмен айналысып, қаламақы алып тұрды.
Тұрар Голощекиннiң қуғынына ұшырап, Мәскеуге кеткен Әлекеңнiң күйеу баласы Смағұлға да көп көмек көрсеттi. Смағұл мезгiлсiз қайтыс болған кезде Әлекеңе сүйеу болған Тұрар мен Нығмет едi. Тұрекең Әлекеңнiң ұлы Сергейге де тiреу болды. Бұл өз алдына бiр бөлек әңгiме.

Ордалы ҚОҢЫРАТБАЕВ,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың доцентi,
тарих ғылымдарының кандидаты

"Ана тілі" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2050