Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5356 0 пікір 11 Мамыр, 2010 сағат 04:55

Әбіш Кекілбаев. Тіл және тәуелсіздік

Кезеңдерді зерттегеннен гөрі
кешенді мәселелерді
зерттеген әлдеқайда тиімді.
Лорд АКТОН,
Кембридж профессоры,
1895 жыл.

Кезеңдерді зерттегеннен гөрі
кешенді мәселелерді
зерттеген әлдеқайда тиімді.
Лорд АКТОН,
Кембридж профессоры,
1895 жыл.

Ана тіліміздің жай-күйі кейінгі жылдары жұртшылығымызды қатты алаңдатып, тіпті абыржытып жүргені белгілі. Осыған орай Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев "Ана тілі" (2006, №17) газетіне берген сұхбатында мемлекеттік тілдің жайы туралы ойларымен бөлісіпті. Оны оқығанда менің жадыма бір оқиға оралды. Африканың XIV ғасырдағы ең қуатты елдерінің бірі Малидің императоры Конку Муса, көршілесі Янтеги патшаға елші жіберіп, мұсылман дініне өтуге ақыл береді. Сонда патша: "Бұл үшін әуелі ата-бабаларымның алдарынан өтуім керек қой", - деген екен.
Расында да, ол елде мұндайда әуелі аруақтарға арнап құрбандық шалынатын көрінеді. Содан кейін: "Аруақтар не дер екен?" - деп жаппай аңыс аңдапты. Көрген түс пен берілген аян сәуегейлерге жорыттырылыпты. Ол жору ақылдастардың алқасына салыныпты. Ондағы қорытынды қалың әлеуметтің назарына ұсынылыпты. Ата-бабалардың да дәл мұндай жағдайда дәл осылай еткендеріне көздерін әбден жеткізген шешім ғана көптің көңіліне қоныпты. Тек сондай жолмен қабылданған тоқтам, қазіргіше айтқанда, легитимді деп табылыпты.
Ол жораны біздің бабаларымыз да мықтап ұстанған сыңайлары бар. "Ата жолын аттама", "көргені көппен мұңдас, естігені көппен сырлас", "біреуді көріп - пікір ет, біреуді көріп - шүкір ет", "кеңесіп пішкен тон келте болмайды" деп жататындары да тегіннен-тегін емес шығар.
Сол айтқандай, аталмыш сұхбаттағы тұжырымдар бізден бұрынғылар армандап өткен өсиеттермен де, қазіргілердің көкейін тесіп жүрген өмірлік мүдделермен де тереңнен табысып тұрғандай. Солардан туындаған нақты ұсыныстарды көпшілік пайымдауына ұсыну қоғамды алаңдатқан мәселелерді әлеуметтің өзімен ақылдасып шешу лазым екендігін ұғындырғандай.
Айтылған сегіз ұсыныстың әрқайсысы жеке сараптау мен жеке салмақтауға әбден лайық. Біз соның бәрін бір арнаға тоғыстырып тұрған кіндік пікір - "Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде" деген қағиданың ұлттық тәжірибенің де, әлемдік тәжірибенің де тұрғысынан қаншалықты дәйекті екендігіне тоқталғанды жөн көрдік.
Төл тәжірибеге жүгінсек, өткен ғасырдың басында алаш баласын қайткенде азамат, қазақ қауымын қайткенде мемлекет етеміз деген ой бір топ атпал арыстарымыздың аузынан түспепті. "Қазақ ісіндегі (тіршілігіндегі деп ұғыңыз - Ә.К.) неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде оқумен түзеледі... Елді түзетуді біз әуелі бала оқытуды түзеуден бастауымыз керек", - (А.Байтұрсынов. Ақ жол. Алматы,1991 жыл, 252-бет) деп ойлаған олар, өздерінше айтсақ, "оқу жайына", "оқыту жайына", әсіресе "қазақша оқу" жайына баса көңіл бөліпті.
Монтескьенің: "Бағынышты халық қашан өз тілін біржолата ұмытқанша ел болудан үмітін үзбейді", - дейтін әйгілі сөзінен шығарып, "сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады" деп күйзеле дабыл қағып өткен сабаздар, ең алдымен, төл тілімізде оқытуға, оны үздіксіз дамытуға баса назар аудартуға қажетті бар амалдардың бәрін де істеп бағыпты. Отаршылық әкімшілікпен алысыпты. Өзгелердің тәжірибесімен танысыпты. Жұрттан "жылу" жинап, мектеп аштырыпты. Өздері жазып, өзгелерден аударып, кітап бастырыпты. Сауаттылардың бәрін былайғы елдің сауат ашуына жұмылдырыпты. Армандарына түгел жетпесе де, арттарында айта жүрерліктей өнеге қалдырыпты. Олардың көздерін көрмесек те, әлгіндей өнегелерінен кешегі кесір тоталитаризм тұсында туып, дәурен кешкен біздің ұрпақ та дәм татты.
Мектепте оқып жүргенде, орысша "русский язык", "родная речь", "чистописание" пәндеріне жарыстырып, "қазақ тілі", "ана тілі", "көркем жазу", "тіл дамыту" дейтін сабақтар оқып, қаралай көңіліңді үздіктірер бірінен бірі өткен әсем атауларына таңғалушы едік. Ол кездегі тіл мен әдебиетіміздің оқулықтарын былай қойғанда, математика, физика, география, табиғаттану оқулықтары қазақша қалай-қалай сайраушы еді?! Бастауыш, баяндауыш, анықтауыш, пысықтауыш, түбір, жалғау, жұрнақ, үстеу, зат есім, сан есім, сын есім, етістік, көсемше, есімше, шылау, одағай, нүкте, дәйекше, үтір, тырнақша, кеңістік, биіктік, жазықтық, көлбеу, тік бұрыш, сүйір бұрыш, доғал бұрыш, тежеліс, қозғалыс, үйкеліс, үдеу, оттегі, сутегі, көміртегі, қышқыл, сірке су, етқоректі, сүтқоректі, қосмекенді, тікенжапырақты, қылқанжапырақты, т.т. Шіркіндердің сөз саптастары қандай еді?! Санаңды кідіртер, тіліңді мүдіртер кедір-бұдырдан атымен ада еді ғой! Оқығаныңда, ойыңды елпілдетіп, ілгері жетелеп, қаралай қызықтырып, құнықтырып, тас бұлақтың суындай қайнап шығып, мөлдірей тұнып, өз-өзінен лақылдай төгіліп, асып-тасып жатушы еді-ау...
Сөйтсек, енді түсініп отырмыз, оларды жазғандар мен қазақшалағандар, негізінен, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мұхаметжан Тынышбаев, Тұрар Рысқұлов, Халел Досмұхамедов, Құдайберген Жұбанов, Әлімхан Ермеков, Нәзір Төреқұлов, Жүсіпбек Аймауытов, Санжар Аспандияров, Жақып Ақбаев сынды ұлт көсемдерінің алдын көріп, дәрісін тыңдап өскен өнегелі ұрпақтың өкілдері екен ғой! Бірақ, олар іштерінен имандай сенген елді дамыту үшін оқуды, оны дамыту үшін тілді дамыту керек дейтін түзік қағиданы "тілін құрту арқылы елін де құртуға болады" дейтін қаскөй бұзық қағида біржолата белден басып, типылдап таптап кете жаздағаны мәлім. Сондай кесепаттың беті бір қайтарылса, енді қайтарыла ма деп отырған қазіргідей кезеңде: "Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде!" - деген ұрымтал да ұғымтал ұран тасталуы, естір құлаққа да, айтар ауызға да аса қонымды, аса сүйінішті.
Үлкен стратегиялық маңызға ие бұл кескіндеме, төл тарихымыздың тұрғысынан алып қарағанда, жоғарыда айтылған ұлттық-азаттық қозғалысы сардарларының ой-армандарымен тікелей үндесіп жатқан ұрпақтар сабақтастығын, адамзат тарихы тұрғысынан алып қарағанда, бүгінгі кезеңде бүкіл әлемдік аяда өткір қойылып отырған ең өзекті мәселені жан-жақты қозғап отырған байыптылығы мен жіті өміршеңдігімен тартымды. Не де болса, бодан кезімізде көкейімізді тескен үміттің бостан кезіміздегі іс-қимылымыздың өзегін айқындайтын басты мұратқа айналып жатса тіптен ғанибет.
Ең бастысы - тілдің болашағы ұлттың болашағымен, тілдің дамуы ұлттың дамуымен өзектестіріле қаралыпты. Бұл өзектестік, шын мәнінде, бір ұлттың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани тәжірибесінің түп бастау қайнарына барып тірелетіні белгілі. Өйткені, кез келген тілдің тек ұлттық тарихпен шектелмей, әу баста екі аяқты нәсілдің сөйлей бастауымен тамырласып жатқаны аян. Ал даму дегеніміздің өзі де бағзы бабаларымыздың сөйлеу арқылы калған тіршілік иелерінен ірге ажыратып, көш бойы ілгері озып кеткендігінен өрбіген ғой. Ендеше, тіл туралы ойлану - бәрі туралы ойлану. Тіл келешегін ескеру - артымызда қалған мен алдымызда тұрғанның бәрін де еске алу деген сөз.

1. Әңгімені әлімсақтан бастасақ

Алға қарай өзек үзе өңмеңдеп келе жатқан адамзаттың жаралуы мен таралуының ұзын-ырғасын жайып салар нақты деректер жоқтың қасы. Содан да болар, дүниенің жаратылуы мен адамзаттың шығуы жайында әр сарынды әңгіме көп. Олардың бір парасы - абыздық қауымдағы әуелде көктен аян ретінде беріліп, кейін сондай тылсым сырларды білуге лайық болып, тумысынан айрықша жаратылғандарға құпия жолмен арнайы дарытылған эзотеристік қисындарға саяды. Екінші парасы - зайырлы ғылымның жария түрде мәлімдеп жүрген нақты деректеріне келіп тірелдік. Эзотеристер жалпы ғаламдық сана мен адам санасының арасында үндестік күшті, тіпті екеуі бір-бірінен жаратылған деп түсіндіреді.
Олар адамзаттың алғашқы нәсілі ай бетінде жаратылған, сондықтан олар нұр-шұғыла іспеттеніп тұрады деп біледі. Олар үш жүз миллион жыл жасап, өздерінен гөрі қоймалжыңдау екінші нәсілге алмасып кеткен көрінеді-міс. Екінші нәсілдің соңғы өкілдері өсімдік сияқты бүр жару жолымен емес, "жұмыртқадан шыққан ұрық" арқылы өсіп-өрбіпті. Үшінші нәсілге геологиялық мезозой, кайнозой дәуіріндегі лемурлар жатады-мыс. Олардың бойы 6-9 метр болыпты. Бұдан 18 миллион жыл бұрын пайда болып, 700 мың жыл бұрын қырылып қалыпты. Ал төртінші нәсілге осыдан 4-5 миллион жыл бұрын өз өркениетін жасақтап, 100 мың жыл бұрындары өзін-өздері құртқан атланттар кіріпті. Әйгілі философ Платон олар жайында "Критий", "Тимей" деген диалогтар жазғаны мәлім. Оның айтуынша, атланттар өз құдіреттеріне өздері мастанып, жаратушының сыйлаған ақыл-ойынан атымен алжасып, астамсып кеткеннен өз түптеріне өздері жетіпті. Олардан кейінгі бесінші нәсілге, эзотеристердің айтуынша, қазіргі өмір сүріп жатқан адамзат жатады дейді. Бұл нәсіл әуелде Мысырдан (Египеттен) тарап, кейін жер бетіне түгел жайылыпты. Көп ұзамай олардың орнын алтыншы нәсіл келіп иемденетін көрінеді-міс.
Зайырлы ғылымның да көзбен көріп, қолмен ұстайтындай нақты деректері аз. Алайда, ол бұрыннан келе жатқан құпия, жария әдеби мұралар мен аңыздарға ғана емес, ғарыштану, ғаламтану, адамтану, табиғаттану, қоғамтану зерттеулерінің нәтижелеріне сүйене отырып, ақылға сыйымды тұжырымдар жасауға жеткілікті мүмкіндіктерге ие болған сияқты. Оның пайымдауынша, адам - ғаламдық эволюциялық дамудың түлегі. Ал ол эволюция ғарыштық, биологиялық, мәдени деп аталатын үш кезеңді қамтиды. Тіршіліктің түп негізін түлеткен ғарыштық эволюция басталғанына 10-15 миллион жыл өткендей.
Оған күн жүйесінің қалыптасуы, планеталардың орналасуы мен бірін-бірі айналуы сияқты әлемдік қуат алмасуға тікелей қатысты үдерістер мұрындық болғандай. Солардың нәтижесінде 5 миллиардтай жыл бұрын Күннен 150 миллион километрдегі қашықтықта біздің планетамыз - Жер орнығыпты. Онда өлі ғарыштық эволюцияның жалғасы ретінде бұдан 4-5 миллиард жыл бұрын тіршілік пайда болып, 2 миллиардтай биологиялық түрлер өрбіпті. Тірі мақұлықтардың бәрі, Л.Окенемнің айтуынша, "әзелгі шырыш жалқаяқтан" ("первичная слизь") тарапты. Ж.Лемарктың пайымдауынша, олардың одан арғы дамуы қоршаған ортаға бейімделу барысында жүзеге асыпты.

<!--pagebreak-->
Сөйтіп, эволюцияның биологиялық кезеңі басталыпты. Алайда, бұл ғарыштық үдерістердің тіршілік дамуына тікелей ықпалы осымен тоқталып қалды деген сөз емес еді. Француз ғалымы Жорж Кювье биологиялық өзгерістердің көбі тікелей ғарыш ықпалынан болып жатқанын анықтады. Ол жердің кіндігіне (полюс) әсер етіп, соның әсерінен көктемгі күн мен түн теңесуі жыл сайын 16 минут ерте келеді екен. Содан 105 ғасыр өткен сайын теріскей жарты шар мен күнгей жарты шардағы климат түбірімен өзгеріп, бұрынғы ыстық жер суық жерге, бұрынғы суық жер ыстық жерге айналады екен. Белгілі болғандай, жыл санауымыздан бұрынғы 9252 жылы теріскей жарты шар ең қатты суыққа ұшырапты. Содан қайта жылына бастап, 1248 жылы ең шыңына жетіп, одан әрі ауа райы қайтадан салқындай түскен. Алдымыздағы 11747 жыл тағы да ең қатты суық жыл болмақшы.
Әрине, мұның бәрі тіршілікті айта қаларлық өзгертулерге ұшыратары сөзсіз. Палеомагнитологияның деректеуінше, арасына 5 немесе 10 мың жыл салып, жер кіндіктері өзара орын алмасып тұрыпты. Соңғы 76 миллион жыл ішінде 171 рет солай болыпты. Солардың бірінің тұсында, бұдан 70 миллион жыл бұрын сүтқоректілердің жоғарғы тобына жататын адам тақылеттес жан иелері жаратылыпты. Олар осыдан 4-5 миллион жыл бұрын жоғарыда айтылған геомагниттік инверсияның әсерінен былайғы жануарлар дүниесімен ірге ажыратып, бөлініп кетіпті. Бұдан 350-150 мың жыл бұрын өмір сүрген ақыл-есі бар бабалардың қаңқасының жұрнағы Палестина аумағынан табылды.
Ал бүгінгі бізге ұқсайтын екі аяқтылар бұдан 50 мың жыл бұрын дүниеге келіпті. Жалпы, алғашқы адамға ұқсастар ағаш басынан түспегендіктен дриопитектер аталыпты. "Ағаш басының хайуаны" дегенді білдірсе керек. Одан жерге түсіп, екі аяқпен жүрген австралопитектер ("оңтүстік адамдары") өрбіпті. Олардың миының көлемі 600 текше сантиметр екен. Құрал пайдалана қоймапты. Содан кейін, бұдан 700 мың жыл бұрын шыққан питекантроптардың миы 900 текше сантиметрге жетіп, 20 түрлі тас құралын қолданыпты. Бұдан 250-40 мың жыл бұрын дәурендеген неандерталдардың миының көлемі 1400 текше сантиметрге дейін ұлғайып, 60 түрлі тас құралын пайдаланыпты. Ал осыдан бар болғаны 40-30 мың жыл бұрын көрінген ақылды адамдар (homo sapiens) миы 1500 текше сантиметрге жетіп, 90 түрлі тас құрал иемденіпті.
Тіл мен сананың дамуына сара жол сосын ашылғандай. Өйткені, жартастардағы суреттер соны аңғартады. Тас құралдардың даму сапасына қарап, оларды осыдан 100 мың жыл бұрын аяқталған төменгі палеолит, 45-50 мың жыл бұрын аяқталған ортаңғы палеолит, 12-10 мың жыл бұрын аяқталған жоғарғы палеолит, 8 мың жыл бұрын аяқталған мезолит, 5 мың жыл бұрын аяқталған неолит кезеңдеріне бөлуге болады. Оң өзгерістер мезолит заманынан бастап жеделдей бастаған тәрізді. Садақ, бумеранг, шанышқы, қармақ, ұрғы, томардан ойып жасалған қайық, өрмек ағаш сол кезде шығыпты.
Талай уақыт адамдар жер шарының әр қиырында пайда болған деген полицентризм қисыны басым түсіп келді. Әлемдік діндердің шығуына байланысты, адамдар әуелде бір жерден таралған дейтін моноцентризм қағидасы үстем түсе бастады. Неміс философы Гегель адамзат отанын Азия деп санады. Алайда, өткен ғасырда бастан-аяқ жүргізілген кешенді зерттеулер Африканың австралопитек, питекантроп, неандертал, хомо сапиенстердің жаратылулары мен орын алмасуларын нақты дәлелдейтін деректер түгел табылған бірден бір құрлық екенін анықтады.
Олдувей аңғарларынан ұшырасқан ең ежелгі адам тұрағы мен қаңқасы басқа құрлықтардың ешқайсысынан кезіккен емес. Олдувей жерасты дүмпуінен жер қабатының қақ жарылып, қарс айырылуынан пайда болған секілді. Онда кезіккен тас құралдар бұдан 2,5 миллион жыл бұрын жасалыпты. Сонда адам да әлгіндей алапат аса қуатты радиоактивті дүмпудің нәтижесінде пайда болған боп шығады. Генетикалық зерттеулер жер бетіндегі адамдардың, түптеп келгенде, бір тектес, бір қандас екенін анықтады. Әуелде бәрі де бір әйелден немесе апалы-сіңлілі үш әйелден таралуы мүмкін секілді.
Моноцентризм теориясының айтуынша - тіршіліктің жаратылуына күн сәулесінің мұхит суына түсуінен өрістеген фотосинтез үдерісі себеп болған. Одан балдыр сияқты анайы өсімдіктер өрбісе керек. Солай бастау алған тіршілік клеткалары бірте-бірте дамып, жанды мақұлықтарға айналыпты. Олар одан әрі жетіліп, құрлықтарға аяқ басыпты. Ондағы өркендеудің нәтижесінде ақыл иелері жарыққа келіпті. Қайткен күнде де, тіршіліктің сақталуы үшін өсімдік биомассасы жоғалып кетпей, ұдайы қайтадан қалпына келіп отыруы шарт екен. Ол үшін өсімдіктер құрайтын биомасса шөп қоректілер құрайтын биомассадан 10 есе, ал шөп қоректілер құрайтын биомасса ет жейтіндер құрайтын биомассадан 10 есе көп болуы тиіс екен.
Мұндай арасалмақ бірден барлық жерде бірдей болып қалыптаспапты. Әуелі күн көзі көп түскен экватор маңында ғана солай болыпты. Оның үстіне адам - көп қоректі мақұлық қой. Бәрін де жей береді. Қорек табуға қалғанда ол кеңістікке тіптен тез тарап үлгере алады. Оны әзелгі жаралған аймағынан жан-жаққа шашыратпай, жинақы ұстаған себеп басқа. Ол салқынқанды (мәселен, балықтар сияқты) жануарлар тобына емес, ыстыққанды мақұлықтар тобына жатады. Дене қызуы 36,6 градус. Одан не төмен, не жоғары ауытқыса, бірден мерт болады. Сондықтан да, ең түпкі бабаларымыз көпке дейін экватордың екі жағындағы ендіктерден алысқа ұзап кетпепті. Сөйлейтін қабілетке де сол арада жүріп жетілсе керек. Бір деректер бойынша ол бұдан 700 мың, екінші деректер бойынша 400 мың жыл бұрын пайда болса керек.
Мұның анық-қанығын ешкім білмейді. Алайда, археология екі аяқтылардың алғашқы баспаналары - кеуектер мен үңгірлер екендігіне еш күмән келтірмейді. Ендеше, олар күн батып, ай тумай тұрып, қараңғылық құшағына енбекші. Сонда жан-жақтарынан қандай қауіп төніп тұрғанын біле алмай, үрейленісері сөзсіз. Одан құтылар амал іздеуден сана қалыптасады. От жағу да әуелі сондай үрейді серпілтер әдіс ретінде пайда болған түрі бар. Ал тіл одан көп бұрын жаратылған секілді. Оған, ағылшын антропологы, дұрысында, Краковте туған поляк Малиновскийдің тұспалдауынша, бағзыдағылардың фатостық қатынастары түрткі болса керек.
Фатос - грекше "үн қатысу" деген сөз. Тас қараңғыдағылар маңайында басқа мақұлықтардың бар-жоғын білмек болып, дауыстарын шығарып, үн қатысқан. Сонда таныс дауыстар жауап берсе, жандары жай тапқан. Қазақтардың "ат кісінескенше, адам сөйлескенше" деуінің төркінінде де осы тақылеттес ежелгі дағды жатса керек. Осылай үзбей үн қатысып тұрғандардың ақпарат алмасуының тұрақты жүйесі қалыптасуынан әзелгі тілдер пайда болған тәрізді.
Наом Хомскийдің пайымдауынша, барлық тілдердің ішкі құрылымы, негізінде, бірдей. Әрбір адамның генетикалық мұрасы бүкіл адамзаттың өз тарихының ең ерте кезеңінде, сөйлеу қабілеті қалыптасар тұста жинақтаған тәжірибесінен тұратын сыңайлы.
Бағзы бабалар үңгірден шыққан соң да үрейден құтыла қоймағандай. Олар өзендер мен көлдер бойына топтасыпты. Жер бетіне де соларды бойлап таралыпты. Бірақ, қайда барса да, тосын аяға тап болып, сырын білмейтін таңсық нәрселер қоршауында қалып отырыпты. Үйір-үйір болып жүрмесе, қатерге ұшырапты. Өткен ғасыр этнографтары жолықтырған "жабайы" үйірлер 25-30 адамнан аспапты. Соған қарағанда, бағзыдағылары да сол шамада болса керек. Ағаш басынан миуа, шөп басынан дән, жерге үңіліп жейтін сабақ пен тамыр, түйін мен түбіршік теріп, аң қамап, күн көріпті. Әйелдері үйде қалып, бала бағып, ошақ жайғапты. Еркектер түз кезіп, азық іздепті.
Бұл әзелгі үрдіс тым ұзаққа созылғандай. Осы заманғы ғылым осыдан 10 ұрпақ бұрын өнеркәсіптің, 20 ұрпақ бұрын жазудың, 400 ұрпақ бұрын егіншіліктің болмағанын, ал 100 мың ұрпақ бұрынғы адамның бас сүйегі қазіргіден екі есе кіші болғанын анықтап отыр. Ол кездегі екі аяқтылардың бас бағып, бала табудан басқа мұраты жоқ былайғы жануарлардан өзгешелігі көп бола қоймаған. Соған қарағанда, ақпарат алмасу дамыған мәдени даму кезеңінде ғана эволюция шындап қарқын алған секілді.
"Шошқаны қолға үйретудің маңызы Наполеонның "жеңістерінен" бір де кем емес", - дейді П.Кууси. Аталмыш дәуірді аңшы-терімшілік, аграрлық, ғылыми-техникалық деп үш кезеңге бөледі. Аграрлық кезеңнің өзі дайын ырзық айыру және өндірмелі шаруашылық кезеңі деп екіге жіктеледі. Алғашқысының тұсында адамдар аңшылықпен, терімшілікпен күн көріп, өз-өзінен өніп-өсіп жатқан табиғи ырзықтарды иемденген. Сондықтан да оны иемдену кезеңі деп атайды. Екінші кезеңде жануарларды қолға үйретіп, малшылықпен, дақылдар мен миуаларды егіп өсіріп, диқандықпен және бағбандықпен ырзық айырған. Сол себепті де, оны өндірмелі шаруашылық кезеңі деп санаған.

<!--pagebreak-->
Мамандардың айтуынша, біз жануарлар дүниесінен бір миллион жыл бұрын ірге ажыратыппыз. Содан бергі уақыттың 99 пайызы терімшілік пен аңшылыққа кетіпті. Соншама ұзаққа созылған бұл кезеңде айта қаларлықтай эволюциялық өзгерістер орын ала қоймапты. Өйткені, қалған жан иелерінен ірге ажырату кезеңінен бергі бір миллион жыл уақыттың тек бір пайызын құрайтын соңғы бөлігінде ғана өркендей бастаппыз.
Неге бұлай болды? Бұл тарихқа одан әрмен үңілтеді. Жер бетіндегі адам санының жер бетіндегі дайын ырзықтар мөлшерінен айта қаларлықтай асып түсіп, өндірмелі шаруашылыққа амалсыз көшетіндей кезеңі бұдан бес мың жылдай бұрын туыпты. Ал алғашқы адамдардың алғашқы мекені болған Шығыс Африка мен Күнгей Африканың дайын ырзықтары бұдан 7 мың жыл бұрын сарқылыпты. Өйткені, әр аңшы мен терімші өз қорегін табуы үшін күн сайын 2-2,5 шаршы километр аумақты кезіп шығыпты. Сонда бүгінгі Франция аумағы 20 мың аңшы мен терімшіге ғана азық тауып бере алыпты. Алайда, адамзат ұзақ уақытқа дейін құрлықтың 30 пайызын құрайтын, 40 мың шаршы километр ауқымнан аса алмаған. Оның да себебі бар еді.
Осыдан 17 мың жыл бұрын жер бетін соңғы рет мұз басты. Адамзат Карпат, Балқан, Кавказ, Копетдаг, Памир, Тянь-Шань, Гималай, Жоңғар Алатауы, Алтай, Саян, Алдан, Сухотэ-Алинь болып, керуеннің түйесіндей бір-біріне тұмсық тіреп, тізіліп жатқан сеңгір таулар белдеуінің теріскей бетіне аттап баса алмады. Өйткені, ол жақтағы ұлан-ғайыр кеңістік сірескен мұз астында жатты. Ендеше, желең киініп, жеңіл баспанамен жер кезіп, қорек айырып жүрген аңшы мен терімшілер, экватормен іргелес ендіктерден алыстап кетер өркениеттік әлеуетке әлі жетіле қоймаған-ды. Сөйтіп жүріп те, олардың саны аталмыш кезеңде 4-5 немесе 5-6 миллионға жетіпті. Ол кездегі ойкумена ол кездегі халықтың санына көзапара тарлық етті. Қатып жатқан мұздың үстімен батыста Бретаннан Англияға, шығыста Азиядан Америкаға ауа көшуге тәуекел еткендер табылыпты. Бірақ, мұндай жанкештілікке жаппай бара бермепті.
Палеостатик Ж.Н.Биробанның есептеуінше, осыдан он мың жыл бұрын жер бетіндегі адамдар саны тең жартысына қысқарыпты. Сөйтсе, ырзық айыру аясының тарылып кетуіне байланысты аштық жайлап, індет көбейіп, бала көтеру шектеліпті. Орта жас отыздан аспапты. Азықтың жетпеуінен әуелі кәрі адамдарға, сосын қыздарға, ең соңында сәбилерге тамақ беру доғарылыпты. Мігірсіз көші-қон үстіндегі әйелдер сәбиін 7-8 мың километрге дейін жаяу арқалапты. Сондықтан, емізулі нәрестелері төрт жасқа шыққанша құрсақ көтермепті. Түсік тастау көбейген. Сөйтіп, көз ашпай жатып шетінегендердің саны жарыққа келген сәбилер санының жартысына жуықтаған. Бұл - адамзат көрген алғашқы экономикалық дағдарыс еді.
Одан тек қалыптасқан өмір салтын түбегейлі өзгертіп қана құтылуға болатын еді. Сөйтіп, дайын ырзық айыру өндірілмелі шаруашылықпен алмасты. Бұған, әсіресе, аштық қаупі көбірек төнген аймақтар алдымен көшті. Мәселен, Америка ауып барғандар мұз кеткен соң елдеріне қайта алмады. Мұз дәуірінде Америкада да аң-құс азайған-ды. Күндері өсімдікке қарады. Сондай тығырыққа Таяу Шығыстағылар да тірелген-ді. Екеуі де дәл бір уақытта егіншілікке көшті. Оған қолайлысы - жабайы дақылдар өскен аймақтар еді. Ондай ең ежелгі (бұдан 10-9 мың жыл бұрынғы) егіндік Тайландтан табылды. Өткен ғасырдағы академик Н.Вавиловтың зерттеуінше, жер бетінде осындай 8 орталық бар болып шықты. Олардың қатарына Солтүстік Африка, Оңтүстік-Шығыс Еуропа, Күнгей Азия, Үндістан, Орталық Азия, Шығыс Гималай, Орталық Америка, Үндіқытай жатқызылды. Таяу Шығыста дәнді дақылдар егілді. Үй малы өсірілді. Мүйізді ірі қара, жылқы қолға үйретілді. Доңғалақ ойлап табылды. Адамдар Теріскей Еуропаға аяқ басты.
Мұның бәрі демографиялық қарқындауға әкелді. Тас дәуірі толығымен аяқталып, еңбек құралдары түбегейлі өзгерген кезеңде, бұдан 5-4 миллион жыл бұрын адамзат 250-280 миллионға дейін көбейген. Ал жаңа жыл санауымыздың 1000 жылы 300 миллионға жеткен. 1500 жылы жер бетіндегі адамдар саны жарты миллиардты әлі толтырмайтын. 1820 жылы, тұңғыш рет адамзат 1 миллиардқа жеткен. Содан кейін көз ілестірмей шарықтап өсе бастаған. Араға жүз жыл салып, 1927 жылы 2 миллиардқа, одан 33 жыл салып, 1960 жылы 3 миллиардқа, одан бар болғаны 15 жыл өтпей жатып, 1975 жылы 4 миллиардқа ұлғайды. Мұндай алапат қарқынның шамалыда бәсеңдей қояр түрі көрінбейді. Біріккен Ұлттар Ұйымы сарапшыларының айтуынша, 2030 жылға дейін 14,4 миллиардқа жетеміз. 2100 жылы 36 миллиардқа иек артатын көрінеді. Адамзат пайдаланатын қуат көздерінің қазірдің өзінде төрттен үші қайтадан қалпына келмейтінін ескерсек, мұндай демографиялық асқындаудың қаншалықты күрделі мәселелерді туындататынын айтпай-ақ біле беруге болады.
Одан әрі не болатынымызды көзге елестету үшін бұдан бұрын қалай болғанымызды қайта-қайта еске алуға тура келеді. Адамзаттың саны көбейе бастаған соң, ырзық айырар өрісі де кеңейе бастады. Соған орай әлеуметтесу үдерісі де үдей түсті. Ежелгі екі аяқты үйірлердің әуелі руларға, сосын тайпаларға бірігуі, негізінен, қандастық жолымен жүзеге асты. Қоршаған табиғи орта мен шаруашылық жүргізер кеңістікті бірігіп ұлғайту мен бірігіп қорғаудың қамы ықпалдастықтың бұл ауқымын да місе тұтпай, бірнеше тайпа бірігетін тайпалар одағын құруды талап етті. Содан бастап, бұрынғы қандастық жолмен ынтымақтасу енді ырзық айырар өрістердің көршілестігіне орай аумақтастық жолымен ынтымақтасуға ауысты. Сөйтіп, батыста халық (орысша - народность - Ә.К.), ал бізде ұлыс делініп жүрген жаңа этностық бірлік пайда болды.
Ежелгі Эллада мен Мысырда сонау құл иеленушілік дәуірде басталған бұл үдеріс Еуропада феодализм дәуірінде етек жайды. Орыс, поляк, неміс халықтарының қалыптасуы - соған куә. Алдымен бұларды ауызға алып отырғанымыз - олардың қалай ұжымдасқаны жайында жеткілікті деректер бар. Соларға жүгінсек, аталмыш этностық бірлік кейде бір тілде сөйлейтін, кейде әр текті тайпалардан жиналған. Мәселен, орыстар полян, древлян, вятич, т.б., поляктар поморян, вислян, мозавшан, т.б. қандас славян тайпаларынан, немістердің дәл сондай сакс, алеман, т.б. герман тайпаларынан тұратыны мәлім. Ал француздар мен провансалдар әр тектен тараған, әр тілде сөйлейтін бұрынғы галлдардан, рим колонистерінен, сондай-ақ түбі германдардан шыққан франк, вестгот, бургунд сынды тайпалардан түзіліпті.
Мұндай үдерістің барысында ең күшті, саны көп бір тайпаның тілі ортақ тілге, ал қалғандарының тілі диалектілерге айналыпты. Тіпті біржолата жоғалыпты да. Мәселен, Францияда "тіл алауыздығын" жою үшін жұртты Ильде Франс аймағындағылардың тілінде сөйлеуге мәжбүрлеп, одан кем емес дамыған Пикардия, Прованс, Бретан тілдері көзапара құлдырапты. Дәл сондай жағдай Испанияда да болыпты. Бұрынғы Кастиль корольдігінде тұратындардың тілі ортақ тіл саналып, Арагон, Каталон, Валенсия, Гренада, Баск аймақтарының тілдерінің тағдыры күні бүгінге дейін талас туғызып келеді.
Бұлай ету, көптеген табиғи дамып келе жатқан тілдердің обалына қалдырады. Бірақ оның есесіне әлгіндей бірігулер аумақтық, мәдени, шаруашылық тұтастығына, жасампаздық пен әскери айбындылыққа жеткізіпті. Күшейе келе, белгілі бір аумақты тұрақты мекендеп, сондағы жер асты, жер үсті игіліктерді толықтай иемденіп, сенімді қорғайтын, өзара жігі ажырамайтын, ұйытқылы ұлттар қалыптасыпты.
Мұндай үдерістің тұсында бұрынғы ұлыстардың кейбірі сол қалпында, кейбірі бірнешеге ыдырап (мәселен, орыстар ұлы орыс, ақ орыс, аз орыс болып бөлініп), кейбірі бірнеше ұлыстан бірігіп, дербес ұлттарға айналыпты. Соңғысына тагал, висаия, илоктардан тұратын филипиндер, ява, сунд, мадур және басқаларынан тұратын индонезиялықтар жатады. Ал кейбір ұлыстар санының аздығынан, мәдениетінің кенделігінен, кемелденуге тырыспаған енжарлығынан, өзара алауыздықтан дербес ұлтқа айнала алмай, басқаларға сіңіп, біржолата жоғалыпты. Бұрынғы ұлыстар, кейінгі ұлттар арасындағы мұндай этностық қатынастар, негізінен, ұжымдасу, сіңісу, ықпалдасу деп үшке жіктеліпті.
Тарих көрсетіп отырғандай, тілдері, мәдениеті ұқсас, қоныстары шектес тайпалардың ұжымдасуы ұлысты, олардың одан әрі бірігуі ұлтты туғызыпты. Ал бір этностық топтың өкілдері екінші сондай топтың ортасына тап болып, бірте-бірте өз сипатын өзгертіп, өзгелердің сипатына көшуі сіңісу деп аталады. Орысшасы - ассимиляция. Ол кейде этностың әлгіндей өз еркімен, кейде үстем этностың тікелей не жанама түрде тізеге басуымен жүзеге асыпты. Ал мұндай түбегейлі құбылуға ұшырамай, дербестіктерін жоғалтпай, бірнеше этностық топтың күш біріктіріп даму жолындағы әрекеттері ықпалдасу (интеграция) деп есептеледі. Адамзаттың тіршілік аясын ұлғайтуы барысында қалыптасқан бұл үрдістері әліге дейін бар. Олар жер шары түгел ойкуменаға айналып, тіршілік ресурстарын әділетті бөлісуді көздейтін болашақ әлемдік тәртіпті қалыптастыруға қаншалықты атсалыса алмақшы?
Бұл - бүгінгі адамзаттың шақшадай басын шарадай қылып отырған шырғалаң мәселе. Оның бүгінде бүкіл әлемде қызу талқыланып жатқан ұлт пен тіл болашағы мәселелерін айналып өте алмайтыны түсінікті. Оған тарихқа үңіліп те, бүгінгі дүниеге байыптырақ көз салып та қапысыз қанығамыз. Ең алдымен ескеретін жағдай: адамзат әлі бір миллиардқа жетпей тұрып, жер шары тұтасымен ойкуменаға айналды. Оған дейін демографиялық көбеюден туындайтын күнкөріс айыру, негізінен, бос жатқан кеңістіктерді игеру немесе өзгелер иемденіп қойған кеңістіктерге басып кіру жолымен шешілгені белгілі. Осының өзінен-ақ біз жоғарыда сөз болған жер шарының ойкуменалануы барысында туындаған әлеуметтесу құбылысы нәтижесінде қарабайыр күнкөрістің экономикаға айналғанын байқаймыз.
Оған өндірмелі шаруашылықтың өрістеуі себеп болды. Соның нәтижесінде күнделікті ырзық айырудан артылып қалатын қосымша өнімді көбейте түсуге мүдделі күштер көбейді. Тайпалардың одаққа бірігуінен бастап, өзара игілік бөлісу айта қаларлықтай ауқымдана түсті. Басқарушы билік, әскер, абыздар қауымы алды алдарына жіктеліп, әрқайсысы дербес сыбаға дәмелі. Бітпейтін де қоймайтын алыс-жұлыстар молайды. Тарихы тіркелген бес жарым мың жыл ішінде бар болғаны үш жүз-ақ жыл бейбіт өтіпті. Аталмыш кезеңде 14,5 мың әскери жанжалдар туып, 3,6 миллиард адамның бастарын жалматыпты.
Қосымша өнімнің шығуы қорек іздеп табандарынан таусылған аңшылар мен терімшілерді құнарлы жерлерге шоғырландырып, отырықшыларға айналдырды. Ондай алқаптарға сыймағандар бұрынғысынша бос жатқан кеңістіктерді іздеді. Отырықшылар топырағы құнарлы, ауа райы қолайлы, шөбі шұрайлы жерлерге тұрақтады. Бірақ, жер шарында ондай өлкелер аз еді. Көп аймақ - шөлдер мен шөлейттер, тайгалар мен тундралар-тұғын. Миллиондап көбейген екі аяқтылар ондай кеңістіктерде де өмір сүруге бейімделіп, әрқилы шаруашылық үрдістерін қалыптастырды. Әрқайсысы әрқилы табиғи аяда өмір сүруге машықтанды. Содан әрқилы шаруашылық өрбіп, әрқилы технологиялық тәсілдер үрдіске енді. Бұдан тек әртүрлі этностық бірліктер ғана емес, әртүрлі өркениеттік бірліктер қалыптасты.
Мұндай көп үрдістілік адамзат қауымын этностық жағынан да, өркениеттік жағынан да, ала-құлаландырып, бір-бірімен жарысудан гөрі бірі-бірімен алысуға көбірек мәжбүрлепті. Философ В.Хесле: "Барлық экологиялық дағдарыстардың алғышарты - өзіңді өзгелерге қарсы қойып, оқшау көзге түсуге тырысушылық болып табылады", - дейді. Соған қарағанда, жан түгіл мал, мал түгілі өсімдік жер бетіндегі құнар мен нәрге таласатын болып шықты.

 

(Жалағасы бар)

25 маусым - 20 шілде, 2006 жыл.
АЛМАТЫ - АСТАНА.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377