Сенбі, 23 Қараша 2024
Сатира 5620 0 пікір 20 Қаңтар, 2015 сағат 23:12

Мұхтар ШЕРІМ. АСТАНАДА СИЫР ЖҮР...

Астанада сиыр жүр! Дә-ә-әу сиыр! Бөксесінде «бюджет» деген таңбасы бар! Тезек жабысқан, жалпа-ақ жамбасы бар... Мүйізі теректей, емшектері... «дутый» шелектей... Емшек демекші, санап шықтым, арғы-бергі жағына шығып, қарап шықтым, желіні жетеу, жеті желінде жетпіс «соскасы» бар» өлә, құлағына ілінген мықты соткасы бар...

 Үкімет үйінің алдында күйіс қайырып тұр еді, полиция инспекторлары айдап шыққысы келіп, дубинкамен ұра бастаған. Сиыр оқыранып, пысқырынып, қайқы кірпіктерін қағып-қағып жіберіп, тұра ұмтылғанда, полицейлер майда тары сияқты шашылып кетіп, жан-жаққа қашты.

 Сол екен, білектеріне шелектерін іліп, облыс, аудан әкімдері, тіпті министрлер, департамент басшылары, араларында бас дәрігерлер де бар, бәрі жиылып, үкімет сиырын сауа бастады. Байғұс сиырдың желіні сыздап кеткен соң ашуланған екен, жан-жағынан жаппай бас салғандарға сүзіле қарап қойып, тіпті тоңқаңдап сауып жатқан бір шенеуніктің құйрығынан жалап қойып, күйіс қайырып тұра берді.

–Былай тұрыңыздар, алдымнан құрыңыздар! Ауылға, ауылды өркендету үшін сүт– қаржы, қаймақ– доллар керек! –деген бір облыс әкімі желінге жабыса кетіп, екі емшекті қатарынан аузына салып, сорып жатыр, сорып жатыр...

–Менің де емгім келіп кетті... –деп тамсанды анадай жерде қарап тұрған, ернін сылп-сылп еткізіп жалап тұрған тұрғын үй құрылысының мердігері Жұтқанбай Тоймасұлы.

–Еме ғой, –деді тендерлік комиссияның төрағасы да тамсанып. Сол екен, екеуі де тұра ұмтылып, емшек жетпеген соң, сиырдың жамбасына жабыса кетті. Тоймасұлы таңырқап қалды, біреу пыс-пыс етеді. Жалт қараса, шекера генаралдары да сиырдың тобығынан тістелеп сорып жатыр екен.

–Сиырдың тобығында емшек болмайды, –деп қалды Тоймасұлы ыржалақтап.

–Сен не, сиырдың жамбасынан сүт ағады деп ойладың ба?

–Ойбай ішім...–деген біреу жерге жалп ете қалды. Бір министрдің орын­ба­сары екен, сауын сиырдың құйрығын көтеріп, алтын тезегін жалап жатқанда, бір теуіпті! Министрдің орынбасары ұялғансып, төмен қарады. Өйткені, көше толы кедейлер еді. Халық сауын сиырды сырттай тамашалауға жина­лып­ты, бәрінің де тегін сүттен ішкісі келеді-ақ, бірақ ар-ұяттарының жібер­мей тұрғаны... Ал, ұятсыздар... Үкімет сиырын сорып жатыр, сорып жатыр... Байғұс сиырдың іші қабысып, желіндері жабысып, резина болып қалса да шайнап сорып жатыр. Сүт орнына қан шықса да, бүлкілдетеді дейсіз! Құ­дай­ым­ау, қазақ атқа мінерлері осынша ашқарақ, осынша дүние құмар, осынша жағымпаз болар ма еді? Жағымпаз демекші, бір кезде қымбат шетел­дік көліктен шіренген біреу түсті. Екінші біреу жағымпазданып, астына орындық қойды. Анау отырды. Сол екен, әлгі жағымпаз шенеунік сиырдың желініне жабысқандарды итеріп, бірін қытықтап, бірінің тұмсығынан бір періп жүріп, бір емшекке жетті де, шлангі тығып, оны байлап, байланған жеріне мөр басып жатты. Анау отырған жерінде бүлкілдетіп сорып жатыр еді, бір кезде айқай салды:

–Шлангімді біреу басып тұр!

–Менен аулақ қашып тұр! –деп гүжілдеді шлангіні басып тұрған үлкен бастық. Енді таныса керек, анау орнынан ұшып тұрып, басын төмен иіп, көздері жыпылықтап, біртүрлі ықылықтап, кейде өтірік сықылықтап, шлангінің ұшын бет орамалымен сүртті де, лауазымы өзінен үлкен шенеуніктің аузына тоса қойды.

Сиыр... сиыр мөңіреп жіберді...

 

Абай.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5379