Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 7497 0 пікір 17 Қаңтар, 2015 сағат 12:07

Тұрсын ЖҰРТБАЙ. ҚАЗАҚ - ОЛАР ҮШІН ТЫЛСЫМ ҰЛТ

Абай.kz порталы жазушы Тұрсын Жұртбайдың «Америка күнделіктері» атты жолжазба кітабының соңғы тарауларын жариялауға көшті. Кітаптың алғы бөлімдерін мына сілтемелер арқылы таба аласыз: 

http://abai.kz/post/view?id=2606

http://abai.kz/post/view?id=2587

http://abai.kz/post/view?id=2564

http://abai.kz/post/view?id=2551

http://abai.kz/post/view?id=2533 

http://abai.kz/post/view?id=2505 

http://abai.kz/post/view?id=2489

http://abai.kz/post/view?id=2464     

http://abai.kz/post/view?id=2450

http://abai.kz/post/view?id=2410 

http://abai.kz/post/view?id=2392

http://abai.kz/post/view?id=2365

http://abai.kz/post/view?id=2341

http://abai.kz/post/view?id=2328

http://abai.kz/post/view?id=2298 

http://abai.kz/post/view?id=2264

http://abai.kz/post/view?id=2251

http://abai.kz/post/view?id=2238 

 

20.01.2014.Нью-Йорк.

Бүгін қайтудың қамына кіріскен күн болды. Ел еске түсті. Елдегі ағайын-туыс, жеңге қарындас, немерелер көз алдыға келді. Осында келерде еске алған жерлер еске оралды. Сонымен, жаяулата серуендеп, бізді осында келуге мұрындық болған, Америка тарихындағы екінші жоғары оқу орны – Колумбия университеті қалашығына келдік. Нью-Йорктің мақтанышы – Манхэттен бағының етегін баса орналасқан қалашық жалпақ және бітеу жартасты биік текшеге салыныпты. Ертегідегі кейіпкерлер шағын көлшікке төніп тұрған жартастарға ескерткіш боп бедерленіпті. Әр тұстан көк тас баспалдақтар шоқыға шақырады. Аспалы көпір арқылы қаламен жалғасып жатыр. Тас дауалдар, тас қабырғалар, төменгі жертөлелері таспен өрілген.

Университеттің маңы ежелгі сәулет мәнеріндегі 5-7 қабатты салмақты үйлер. Бас ғимараты жуан дінгектерге шынтағын тіреген күмбезді, баспалдақты. Алды кең. Бітірушілер сол алаңқайда дипломдарын алу рәсімін өтейді. Кітапханасы да ежелгі тас ғимарат. Қарсы алдындағы қарнездің маңдайына – Гомер, Геродот бастатқан тарихшылардың, ал шығыс қабырғасының кәрнезіне Шекспир бастатқан жазушылардың аты ойылып жазылған. Әрине, кітапхана бүгінгі техникалық жабдықтармен жарақталған.

Назымның докторлық ғылыми жұмысы осы кітапханамен тікелей байланысты. Бізбен алаң боп диссертациясына орнығып отыра алмай жүр. Біз Хамильтонның құрметіне қойылған оқу корпусын араладық. Музыка, мәдениет, әдебиет, этнография дәрістері осында өтетін  сияқты. Қабырғадағы бір кестеден Антон Павлович Чеховтың суреті мен оның шығармашылық өмірбаянына берілген түсініктемені көрдім. Аудиториялары  шағын, арқасы бар орындық, шынтақсүйеуге ғана жарайтын стол. Зады, біздегі сияқты қанатын жайып жіберіп, қалқаланып, ұйқыға басуға не өзге бір нәрсемен айналысуға еш мүмкіндік  бермеу үшін жасалған сияқты. Бәрінде де экран мен қондырғы бар. Студенттер саны аз ба, әлде, магистрант пен докторанттарға арналған ба, шағын.

Жатақханалары – кампустары да іргелі, салмақты үйлер екен. Дәріске қатысатын емес, мұнда ондайға рұқсат берілмейді, айналаға таңырқай қарап, баламызға орнықты білім берсе екен – деп метроға беттедік. Ендігі бет алыс – қытай қоржасы. Қытайдың ордасы мен қордасын көріп, әсері ұмытыла қоймағандықтан ба, әлде, Американың «China town» туралы қылмыс хикаяларын көп көргендіктен бе, сондай бір алып бара жатқан «қарбаласты» байқамадым. Біздің «қара базарлардың» бұдан көрі  қара-құрасы көп сияқты. Биік үйлер, ашық жаймалар, ұсақ дүкендер. Көшеде зәңгілер мен оңтүстік америкалықтардың да қарасы молаң. Әрине, өздерінің қаралары тіпті мол. Мұнда саяхатшылар басым. Көп қыдырмай кері бұрылдық.

Метроға тақай бергенде сол жақ бұрыштан көрген көрінісім әлі есімде. Тура екі үйдің қоспасында, бізге де таныс, қоқыс орап салатын үлкен қара целлофандар сатыланып үйіліп тұрған. Бір нәрсе арасынан жылт еткендей болды. Селт ете қалдым. Сөйтсем... астына да, екі қолтығына да, кеудесіне де, басына да әлгі қоқыр-соқыр салынған аузы буулы қара целлофанды орап алған, беті мен көзі ғана жылтырап көрінген қытай өңдес кемпір әлденеге қарап бақзор отыр. Бет әлпеті мен көзі – мына «қоқыс кемпірдің» қайыршы емес екенін  бірден білдіреді. «Мен де, міне, қоқыспын» – деп әлденеге қырыстанған қырсық кемпір сияқты. Балаларым суретке түсіруге рұқсат бермеді.

***  

Нью-Йорктің жаратылыстану мұражайын араладық. Мұнда дүниенің төрт бұрышындағы жер жаратылғаннан бергі адам-атаның сүйек, буын, қан (ДНК) бездері мен шыбын-шіркейге дейінгінің қатырмасы бар. Ең үлкен жарылыстан кейінгі планеталардың пайда болуы, он сегіз мың ғалам, біздің галактика, соның ішінде күн жүйесінің құрылымы туралы түрлі-түсті сағымды көріністер санаңды ашып, таңданудың өзінен адасып қаласың.

 

Суретте: Жаратылыстану мұражайының кіреберісі.

Соның ішінде, ғалам жүйесінің құм сағат сияқты жиылып кеп, бір кеңістіктен екінші ықылымға (антимир!) тар ғана қуыстан өтуі, жарылыс арқылы  ұсақ планеталарға айналу көрінісі – менің санамда  он бес жылдан бері сағымданып жүрген арсы, күрсі (мәңгілік қуат мекені), ықылым заман  (Мықан ағашы) жөніндегі қияли пікірлерімді растағандай көрінді.

Мұнда өзбектің де, қырғыздың да, түрікменнің де, якуттың да мұразаттары бар. Әрине, қазақтан еш экспонат жоқ. Соған қарап біз Америка ғалымдары үшін тылсымдағы ел болғанымыз ғой деп ойлайсың. Одан басқаша түсіндіруге амалың бар ма?

Осындай көңілсіз ойдан кейін күнделік толтырудың өзі де еріккеннің ермегі сияқты мағынасыз сезіледі екен. Алған әсерім ғажап, бірақ, ғажап болғанын қайтейін, арты осындай түңілумен аяқталды. Іздеп жүріп тапқаным, әлемдегі қасіретті табиғи апаттың тізіміне ілінген Арал теңізінің алпысыншы жылдардағы жиегі мен қазіргі жиегі салыстырылған бір парақ қағаздың көлеміндегі сызба. Соны көріп: «Тым болмаса қасіретіміз аян екен ғой!», – деген оймен өзімді жұбаттым. Оның өзінде де таңқаларлық құбылыстарға да бұртия көз салғанымды, оның түпкі себебін сезген қызым Алманың осы сызбаны тапқан еңбегін еш жібергендей болмайын деп, «жұбандым». Сонда деймін-ау, тыба мен сақа ілінген жаратылыстану пен этнографиялық мұражайға, әлемдегі элемент атаулының түп тұқиянымен бізде кездеседі деп кеудемізді тесіп жіберердей соққылаған біздің әлгі минералдарымыз бен алтын адамдарымыз қайда қалған? Әлде оларымыз жасанды ма? «Жылқыны үйреткен көшпелілер екен, оның отаны Ботай деп америкалықтар мойындады» – деп күрпілдетіп жүргеніміз де жай мақтан болып шықты ма? Біздің кемпірлердің  кимешек-шылауышы қырғыз бен башқұрттардың кемпірлерінің кимешек-шылауышынан кем бе?

 

 

Суретте: Арал туралы, тіпті бүкіл Қазақстан туралы мұражайдағы бір көрнекі құрал осы.

 

Суретте: Арал теңізінің суалу көрінісі.

Мәселе, басқада жатыр-ау деймін. Халықаралық көрмелер мен ғылыми конференцияларға өзге халықтар сол саланың мамандарын жібереді. Ал бізде, Гүлзада ашынып айтса – айтқандай, тоғышар шенеуніктер мен дүмбілез депутаттарды, алыпсатарларды, қу құдасы мен сумақай құрдасын, ғылым мен мәдениеттен мақұрым мәжусилер мен шөпжелкелерді жібереді. Олар да сыйлық апаруын апарады, бірақ, ұлттық өнердің үлгісін емес, алтын мен платинадан құйылған «құнды «параның»қатарына жататын бағалы заттар сыйлайды. Ал оны мұражайға қоя алмайсың. Дереу тергеу астына алынады. Әйтпесе, америкалатқан атжалмандардан кенде емеспіз. Қатты назаланғаным сондай: «Мен де профессормын, мен де мұражай қызметкерімін. Мамандармен кездесейінші», – деп өзеуреп жүріп біреуіне жолыққамын Вашингтонда.

Сонда олар: «Сіздер ұсынған мұразаттардан ұлттық ерекшелік аңғарылмаған болар. Қазіргі кездегі жасанды қымбат заттардан жасалған мұраларды сыйға тартқаны есімізде. Бізде олар құндылыққа жатпайды. Саудалық қолданыстағы зат ретінде қаралады және ондағы түсініктер өз тілдеріңізде жазылмапты, орысша, ағылшынша толтырылған. Сіздер өзгенің ықпалына (әрине, орысты мекзеп отыр) қатты ұшырағансыздар. Аэропорттан орысша сөйлеп қарсы алады екенсіздер. Біздің бір ғалымдар үш ай қазақша үйреніп, бір конференцияға барып еді, қазақшаның керегі болмай қалыпты. Үш ай уақытымды бекер босқа жіберген екенмін», – деп өкініп, сыйға берген заттарыңызды «ұлттық ерекшелігі жоқ» деп бағалап, аукциондық бөлімге жіберді ғой деймін. Мазасызданбаңыз. Айтайын. Алдағы уақытта ескеріледі. Сіздердің өздеріңіз де маман алмасып тұрыңыздар. Мен көрменің маманы емеспін. Бірақ жаңағыдай сөзді естіп қалғаным бар. Айып етпеңіз», – деп дымымды ішіме киіз тығынмен нығарлап кіргізіп жіберді.

О, Алла! Енді кімге шағынамын?!. Мында да сол жағдай, сол жауап алдымнан шығары анық. Босқа қорланбайын деп енді дымымды өзім сыртқа шығармадым. Баяғы мазақ – бір мазақ, баяғы қазақ – сол қазақ! Біздің елшілігіміз, ондағы мәдениетке жауап беретін дәбіршік сондай сарамес пе еді.

Ұлы әсермен әрі құмыға қорланып пәтерге қайттым. Көргенімді күнделікке толық түсіре алар емеспін. Кешіріңіздер. Жүйкем тағы да шүйкеленіп келеді. Бұл да бір өмірдің табасы да, қайтеміз. Қаламның орынына бармағымды тістедім.

(Жалғасы бар...)

 

Абай.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364