Сенбі, 23 Қараша 2024
Біртуар 6623 0 пікір 8 Қаңтар, 2015 сағат 11:44

«МӘДЕНИЕТ ЖАЛҒЫЗ...»

Қазақта «Домбыраның сырлы сазымен ауызданбаған бала, уызына жарымаған көтерем қозыдай болады» деген сөз бар. Ел көкейінде жүрген талант жайлы тебіренсең, өзіңнің де көкірек көзің ашылып, өткеніңе еріксіз көз жүгіртесің.

Мәдениет Ешекеевтің есімін ертеден естіп жүрсем де, тікелей өзімен кездесемін деп ойламаппын. Семейге оқу іздеп  келген алғашқы  жылдары бірден оқуға түсе алмай, Семей филармониясында аз уақыт көркем сөз жетекшісі болып қабылданып, Мәдениет Ешекеевтің тобымен шығып, концерт жүргізетінмін. Ел мақтан тұтатын таланпен қатар жүріп, сахнадағы жүгін арқалау маған оңай болған жоқ. Алғаш сахнаға шығып, Мәдениет ағаның есімін дүйім жұртқа хабарлағанда аузымдағы сөзімнен жаңылып, тізем дірілдеп сахнадан зорға шыққаным әлі есімде. Сонда жан сүйенерлігі мен өнер алдында ешқашан ірілігін көрсетпейтін нар тұлға менің қылығыма балаша мәз болып, «Сен бала қорықпа, бәріміз де осы жолдан өткенбіз. Бір бес концерттен кейін қалыптасып аласың» дейтін. Өзі мұрат тұтқан әншіліктің өнеге нұсқасы алдында кішілік пен кісіліктің ізет-ілтипатын шын пейілден-ақ ұқтыратын. Үлкен сахнаға қалыптасып үлгермеген мені алдымен шағын ауылдар мен аудандарға алып барды. Сонда байқағаным – күй, күтім, бап таңдамайды. Лып етпенің де адамы емес. Бір әнді кемінде 7-8 ай дайындайтын. Ән орындау барысында да көп күттіріп барып, сезімге бойын алдырып, әнге әбден өзін жеңдіріп барып көшеді. Ән орындау алдында тосаңсып барып, сегізінші тоғызыншы әннен кейін нағыз бабына келеді. «Сұржекей», «Жайқоңыр», «Аққұм», «Әудем жер», «Ақ ерке», «Жамбас сипар», «Бір мысқал», Ғалия», «Адасқақ» бірінен-соң бірі толассыз төгіледі-ай келіп. Тым ұзаққа шабатын құлагер сияқты,  Бір отырыста 20-25 ән орындаушы еді. «Ән сал» десе, кергуі жоқ, бұлдамай айта береді. Бойы тіп-тік сымдай тартылған сұңғақ, үнемі бұйраланған қою қара шашын артқа қарай қайырыған қалпын бұзбайтын, аққұбаша сұңғыла жігіт ағасы әнге тағдыр ғұмырын қосқан ән сүйер құлақ пен зер сарайдың аңсаулы серігі еді. «Восход» дүкенінің қасындағы кішкентай шағын екі бөлмелі үйінен адам үзілмейтін. Қашан барсаң, шайын өзі дайындап, бар жиған тергенін айтып балаша қуанатын.  Шынында да өнерде өмірдің қан қыздырар қуанышы, азарт лебізі болады.  

Әншінің әкесі - Сейтжан сері дауысымен ән салып, күмбірлетіп күй төгіп, таңды-таңға қосып жыр-дастандарды жатқа айтқан дарын болса, анасы Айбике әйгілі әнші Әміренің алдында ән салған деседі.  Он үш жасқа енді толған шағында құлын дауысымен «Құлагерді» шаршы топ алдында шырқап, тыңдаушының құмарын маздатқан Ешекеев Мәдениет 1936 жылы 12 желтоқсанда бұрынғы Семей облысының Жаңасемей ауданы Құрманқожа ауылында туған.

1954 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін Мәдениет колхозда жұмысшы болып еңбек етті. 1955 жылы Алматы қаласында Республикалық көркемөнерпаздар байқауында ерекше көзге түсіп, әншілік дарыны ашылды. Көз алдыңда сылаң қаққан «Сұржекейдің»бүлкілдеген жүрісін әкелген:

Мінгенім дәйім менің Сұржекейім,

Бүлкілдер әнге салсам көмекейім.

Кіші іні, үлкен аға бас қосқанда,

Алдыңнан Сұржекеймен бір өтейін. – Есіңді алар іңкәрлік. Тыңдай бергің келеді. Ән қалықтап барып тоқтағанда тыңдап отырған шаршы топ үдере қол соғып, «Балаңды әртістің оқуына бер, болайын деп тұрған бала екен» деп бата беріпті.

Он екісінде қолына домбыра алып, он төртінде топ алдына шығып, он тоғызында Жүсіпбек Елебековтей әншіліктің асқан сарапшысының қуаныштан жүрегін соқтырған, бірден қуаныш құшағын өзіне аштырған Мәдениет Ешекеев Жүсекеңнің бірден көрінген, ең айқын танылған шәкірті боп, ән ауылына халық әні «Сұржекей» ,Естайдың «Айқоңырымен» келген.
Халқымыздың біртуар талантарының бірі Жәнібек Кәрменовтың сөзімен айтсақ: «Жүсекең - асыл тас, Мәдениет - сол асылдың сәулесі секілді. Сәуленің аты- жарық,сұлулық нұры ғой. Ол өнер ән болып құйылғанда жүрек шіркін қалай толқымасын. Мәдениет Ешекеев – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасып, қанына сіңген әншілік дәстүрдің жалғасы. Бұдан кейін де жалғаса жатар. Әзірше Мәдениет жалғыз...»  Бұл сөз кімді болса толқытпауы мүмкін емес.

Шындығында да, әзірше қазақты табындырған Мәдениет жалғыз. Мәдениет - өзі айтқандай бүгінгі артынан ерген К.Өлмесеков, Б.Үдербаева. Т.Сембаев, Т.Рахимов, Г.Еруова, сынды шәкірттері, бақытты ізбасарлары бар. Ең қуаныштысы, елі құрметтеген, жұрты аялаған, өз ортасы қадір тұтқан дара тұлға.

 «Жақсының аты өлмейді»,- дейді, Жүсекеңнің шәкірттерінің ішінде көзге бірден көрінген шәкірті болып танылуына халық әні «Сұржекей», Естайдың әні «Айқоңыр» еді. Дауыс ырғағы табиғатпен үндес Мәдениетті сол 1955-56 жылдары радиодан тыңдаған жұрт көпке дейін Жүсіпбек Елебековтен айыра алмай жүріпті. Ән сөзіне ұқыпты, әр сөз мәніне екпін түсіргіш шеберлдігі де ұстаздан алған ұлағат. Сол 1975 жылдан өмірінің соңына дейін Семей облыстық Ә.Қашаубаев атындағы филармониясында еңбек етті. Даусы әсем үнді, кең диапазонды, лирико-драмалық тенор әншінің концерттік бағдарламасында қазақтың халық әндерінен бастап Абайдың, Біржанның, Ақанның, Жаяу Мұсаның, Балуан Шолақтың, Кененнің, сазгерлер Шәмшінің, Болаттың шығармалары кеңінен танылған. М.Ешекеев әсіресе Абайдың музыка мұрасын кеңінен насихаттаушы ретінде танымал әнші. Әр әнді түрліше құлпыртып, жаңа тыныс, тың серпінмен, еркін,  байсалды толықтырады.

Сахнаға шыққанда ерекше бір сәуле шашып, үнемі айнымайтын сыптай қалпымен жайлап отырып, «Жайқоңырды» бастайды, «Ғалиямен» аяқтағанда ажары енді ғана кіргендей одан сайын дауысы ашылып, базары енді ғана ашылып құмарлана түседі.

Белгілі ғалым Қайым Мұхаметханов: «Мәдениеттің ән салғанын естісем, сонау 20-шы жылдар есіме түседі, Жүсіпбектей әнші болу үшін соның заманында туу керек», - депті.

 Өмір жолындағы сапарында Алтайдан Атырауға дейін қазақ сахарасын әлденеше рет аралаған құрметті әншінің есімі  өнердің ерекше шыңына шыққан Қазақстан Республикасының «Алтын кітабынан» орын алуы да тектен –тек емес. 1981 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі», 1987 жылы Қазақстанның халық әртісі құрметті атағын алды. Алғаш тәуелсіздік алған жылдары Ел мен ел қосылып, ақ түйенің қарны жарылғанда Алатаудың баурайына ұлы құрылтай шақырылғанда сол дүбірдің ортасында Мәдениет те болды. Атажұртын аңсап келген ағайын ортасында ән салды. Әншілерге арнайы тігілген киіз үйге ат басын тіреген ел басы уақытының тығыздығына қарамастан Мәдениеттің әнін тыңдап Әсеттің «Інжу-Маржанын» екі қайтара ризашылықпен тыңдағанын әншінің өз аузынан есіп біз де қуанғанбыз.

1996 жылы Семей жұрты әншінің 60 жасқа толған мерейтойын атап өтті. Өнер сүйер қауым мен Семей жұртшылығы қаумалап өткізген мерейтойынан кейін Мәдениетті сахнадан көп көре алмадық. Абай мұражайында өтетін әдеби-сазды кештерде үнемі қатысыып жүретін аяулы, бала көңілді аға көптен төбе көрсетпеді. Өмірде аға көп болғанымен, өнерде дара ағасы Мәдениетті ұстаз тұтып, соңынан еріп жүрген шәкірті Толғанбай Сембаев «Мәдениет ағаны зейнет жасқа шығуына байланысты қызметінен босатты» деп қынжыла айтқанын естігенбіз. Атақты әнші Ж.Елебековтың шәкірті, арқа өңірінің Біржан сал бастаған әншілік мектебінің жалғастырушы ірі тұлғасының табиғат берген дауысын сол қалпында сақтаған даралығын ескермей, жергілікті басшылардың аяқ асты осылай шешуі – әншіні күрт құлатты. Бүкіл ғұмырын сахнада өткізіп, басынан өткен қилы тағдырын сахнамен бөліскен, сахнамен бомысы бір қайран аға бұл жайды естіп қатты күйзеліпті. Бар ғұмыры әнмен өткен, ән үшін ғұмырын сарп еткен әнші күйзелістен ауруханаға түсіп, құсалықтың құрсауынан құтыла алмады. Көп ұзамай «Восход» дүкенінің үстіндегі екі бөлмелі ұядай бөлмесінде жападан -жалғыз жатып көз жұмды... Өкініштісі сол, әйгілі әншінің дүниеден озғанын бірнеше күннен кейін білді...  Қазақ сахнасының бозторғайы атанған Мәдениеттің кіп –кішкене шағын домбырасымен шырылдата шырқайтын «Қанаттталды» әніндегі:

Қалықтап қайран дүние қанатталды,

Әнім ең сүйіп айтқан «Қанатталды».

Бұл әнім балқытушы ед тыңдағанда,

Өмірден өз еркіме орын тапппай,

Кейінге «Қанатталды» әнім қалды.- дейтін тәкәппар тіршіліктің әнші тағдырына дәл келгенін қарашы... Бұл әнді орындағанда көк әлемінде бой жаза алмаған бейшара  бозторғайдың үніндей үзілдіретін... Тегінде өнер адамына бақ қона бастаса, алыстан емес, айналасындағы бақай есеп пенделердің  қызғанышынан  бас ала алмайды.

Думанды күндерді артқа тастаған қайран уақыт! Әр мезетін алтынға балаған қимас сәттердің білінбей өте шығатыны - осындай өкініштермен де өлшенетін шығар бәлкім.Уақыттың ұрымтал да қатерлі арнасында  толқынға ілескен салынды шөптей ығыса бермей, өз шамаң, өз өрең жетер биігіңе көтеріліп, қазақтың ертеңге керек тірі сөзін қастерлеп, ұлағатын ұрпаққа өнеге еткенге не жетсін?!. Бірін-бірі асықтырып, бірінен-бірі иықтан басып, шапшаң жетіліп келе жатқан ұрпақты жылы ниетіңе иландырып, кеуде қусына ізгіліктің шамын жақсаң - өнеге сол.

 Иә, өмір күнде той емес. Өнегелі дәстүрлер өз әлінше жалғасын тауып жатыр... Қайтеміз енді?..

Алмахан МҰХАМЕТҚАЛИҚЫЗЫ.

Астана қаласы.

Абай.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3232
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5341