Жұма, 29 Наурыз 2024
46 - сөз 7593 0 пікір 6 Қаңтар, 2015 сағат 14:18

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ. БІЗДІҢ... БОСБЕЛБЕУ ЕРКЕК

Жаңа жылда жатып алып теледидар көрдік. Дүниенің шаруасын тындырып тастағандай, төрдің алдында көсіліп жатуымыз жаман-ды. Сонда байқағанымыз не болды? 
Қазақстан телевизиясы қазір екіұдай күйде тұр екен. Жолайрықта тұр. Бұдан бұрынырақта, 20 жыл шамасы бұрын дәл осындай жағдайда емес-ті. Ол кезде мақсат айқын, жол даңғыл болатын. Не бүлінді дейсіз бе?

Қазір біздің телевизия анасына да, жарына да жалтақтап тұрған босбелбеу еркекке ұқсайды. Анасының сөзін сөй­лейін десе, әйелінің қабағы түюлі. Әйеліне жақтасайын десе, анасын қимайды. 

Яғни таза қазақы дүние жасағысы келеді, бірақ таза орыстілді аудиторияның талабынан да шыға алмайды. Сондықтан да орта деңгейлі, арбаны да сындыр­майтын, өгізді де өлтірмейтін дүниелер фабрикасына айналуға мәжбүр. Оның үстіне, өнімінің жартысынан астамын аутсорсингке беріп, өзі эфирлік студияға ғана айналып бара жатқан кебі және бар. Заман талабы, өркениетті елдердің теледәстүрі деген сияқты ұзын-шұбақ сылтаулар тізімін келтіруге болар, бірақ мемлекет құраушы ұлттың мүддесін белінен сызып тастау туралы заң әлі шыққан жоқ. Шықпайды да. 

Байқағанымыз, бүкіл телеарна шоу форматына көшіп алыпты. Ойда да – той, қырда да – той. Ұятты жиып қойып, әлемдік үздік тележобалардың жадағай көшірмесін эфирге тоғыта беру дәстүрге айналыпты. Кабельдік емес, эфирлік 12 арнаның жаңажылдық шоуларын көріп отырып, осындай әсерде қалдық. Ауыстыра-ауыстыра, пульттен де ұят болды. Кемпір болып киінген еркектер (тьфу, қандай жиіркенішті), иығын жалаңаштап, көйлегін төсіне тіреп қойған жүргізуші қыздар (әлде әйелдер), қағанағы қарқ, сағанағы сарқ әншілер. Өз әзілдері өздеріне керемет болып естіле ме – жыртың-жыртың күлкі. Өмірге разы көзқарас. Құдай-ай, олардың «тапқан бағын» қызғанып отырғанымыз жоқ, әнін айтсын, күйін тартсын, бірақ халық деген таразыны ұмытпасыншы. 

Мұның себебі неде болуы мүмкін? Кез келген арнаның құлағын қайырып отырған басшылар, былай қарасаң, өз халқына жамандық ойлайтын жандар емес. Жанын салып еңбектеніп жүр. Бар жақсысын еліне бергісі келеді. Бірақ... олардың бәрі «рейтинг» деп аталатын «құдіреттің» құлдары ғана. Егер дайындаған өнімінің рейтингі төмен болса, бишік келіп сарт ете қалуы мүмкін. Оның иесі кім екенін «ішіңіз білсін, әлуәй»...

Рейтингті сыртқы жұрт әбден мойын­даған компания жасайды. Әрине, ол компания ұлан таудың қуысында қоңырқай тіршілік кешіп жатқан, қазақша ойлап, қазақша сөйлейтін, «Отау-ТВ» спутниктік арнасын өркениеттің ең соңғы жетістігі көретін ауылға барып, арнайы құрылғысын қосып қояды дейсіз бе? Кемі 100 мың тұрғыны бар, аудиториясы негізінен орыстілді қалалардан ғана рейтинг түзеді. Сондықтан да қазақы хабарлардың «белі бүкір, аяғы ақсақ». «Өзін-өзі ақтай алмағасын», яғни қалалардағы орыстілді бауырларымызды қызықтыра алмағасын, мұрағаттарда қалса қалды, қалмаса – шейіт кетіп жатыр. Соның әсерінен мемлекеттік тапсырыс орындайтын арнаның бәрі шоуға ғашық, шоуға іңкәр. Одан басқа ойлы бағдарламаның бәрі рейтинг жинауға қызмет ете алмайды. Сондықтан да қазақы хабарлар «прайм-таймның» есігінен сығалай алмайды. Жұрт жұмыста жүргенде, я ұйқыға бас қоятын шақта жылт етіп, жоқ болады. Апта өткеннен кейін оның рейтингі сол күнгі эфирлік арналардың 0,02 пайызы болып тұратыны даусыз.

Ең өкініштісі, қарапайым көрермен де шоу мен сериал аңсаушы деңгейіне түсіп кетіпті. Жасы отыздан асқан жігіт «Қазақстан дауысына» дайындалып жүргенін мақтана айтты. Әуелде әзілі шығар деп ойладық. Жоқ, шыны екен. Күнделікті жұмыртқа ішіп, ән айтып жүр екен. «Жолың болсын» дедік те қойдық. Ал үнді сериалына арбалғандарда есеп жоқ. «Өзің сақтай гөр, Кришна-құдай!» деп анасының шапалағынан қашып жүрген баланың әрекеті алғашқыда күлкілі болып көрінер, бірақ бет алған бағытынан түзелмесе ше?

Қазақ телевизиясына соңғы жылдары тағы бір жаман үрдіс сіңіпті. Жаңа жылдық шоуларды көріп отырып, мемлекеттік телеарналар жүргізушісінің ком­мер­циялық, я жеке арналардың шоуын оп-оңай тізгіндейтініне куә болдық. Нұрдәулет Шертім, жаңы­лыспасақ, осымен үшінші арнада өзінің бесас­паптығын паш етіп жүр. Бұған дейін «Қазақстандағы» «әр түрлі ойындар ғылымдарының докторы» Дәулет Бижанов «Балапанда» да жүрді, НТК-да да «қорқынышты» бағдарламаның көшін сүйреді. Бұл, енді, өркениетті елдің те­левизиясына тән нәрсе емес. Әрине, әр бағдарламаның түбінде құлағы шошайып бір аутсорсингтік компания тұрғанын ішіміз сезеді. Әр бағдарлама жүргізушіге имидж, табыс екенін де білеміз. Бірақ әр телеарна өз айнасы, өз тұлғасы үшін күресуі де керек қой. Бүгін – мемлекеттік, ертең жеке арнада «бәріне үлгеріп» жүрген адам бір арнаның бет-бейнесі деп қабылдана ма? Өзіміз үлгісін көбірек сіңіретін ресейлік арналарда бір теле­жүргізуші басқа арнаға ауысса, бүкіл­халықтық талқылауға түспейтін бе еді? Бағдарламадан бағдарламаға секіріп жүріп, арнадан арнаға ауысып жүріп, біздікілер ортаңқол шоумен дәрежесінде қалып жатқаны да содан шығар. Демек, қазақ телевизиясы ерекше жүргізушілерге де зәру. 

Жаңажылдық бағдарламалардан және бір байқағанымыз – отандық телеарналар дайын өнімдерге көбірек иек арта салудан аспайды екен. «Еуразия бірінші арнасы» төрт күн бойы түс уақытында «Мұз дәуірі» мультсериалының төрт шы­ғарылымын кезек ұсынды. 31 арнада қазіргі сұранысқа ие шетелдік фильмдер көбірек көрсетілді. «Мұражайдағы түннің» екі нұсқасын көріп, «Түйсік» фильміне тербеліп, уақытымыздың біразын өлтірдік. КТК мен 7 арна ежелгі дәстүрінен жаңа жылда да айныған жоқ: ресейлік сериалдар мен фильмдерді эфирге тоғытты да жатты. Ара-арасында «Жұлдыздар ақиқаты» сияқты қаптаған жұлдыздардың қаңсық-таңсығын көрсеткені болмаса...

Көрермен ретінде алған ләззатымыз шамалы. Шоулар шаттандырған жоқ, шаршатты. Шаруасы шаш етектен болса да, шоуға шомылып жатқан жұртты аядық. Қайырын берсін...

«Айқын» газетіндегі мақаласынан.

Дереккөз: http://aikyn.kz/articles/view/6320

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2264
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3557