ТОҚСАН БЕСТІҢ ТӨРІНДЕ
Қазақ баспасөзінің «қара шаңырағы» аталып жүрген ел газеті «Егемен Қазақстан» 95 жастың төріне шығуда. «95-ің құтты болсын, «Егемен», оқырманыңмен озат шығып, уақыттың бел-белесінен талмай өте бер» дей отырып, біз Сауытбек Абдрахманов мырзаның «Тоқсан бестің төрінде» атты толғау мақаласын жария еттік.
Abai.kz
«Рауандап таң атады, күлімсіреп күн шығады. Ел ұйқыдан оянады. Дәл осы шақта әр үйдің терезесінен таза ауа, есігінен «Егемен Қазақстан» кіреді. Газет!.. Бас газетіміз!.. Таңғы ауадай тап-таза, жап-жаңа!.. Таза ауа бойымызды сергітсе, газет ойымызды өрбітеді. Күн көзінен үйімізге нұр тараса, газет бетінен санамызға сыр ұялайды».
Академик Зейнолла Қабдолов осылай жазған еді. Қазақ даласында әр үйдің терезесінен енген таза ауамен бірге бас газетіміз кіре бастағалы тұп-тура 34 699 күн болыпты. 95 жылды 365 күнге көбейтіп, сол кезеңнің кібісе жылдарындағы 24 күнді қоссаңыз, осындай сан шығады.
Газет қалай дайындалады? Тағы бір рет еске түсірелікші.
Әуелі ой туады. Сосын сөз шығады. Жазылады. Жолданады. Оқылады. Бағаланады. Тексеріледі. Түзетіледі. Теріледі. Тазартылады. Оқылады. Тағы түзетіледі. Тағы оқылады. Қол қойылады. Бір мақала дайын болды. Бір бетке осындай қанша мақала керек! Бір нөмірге осындай қанша бет керек! Нөмір жоспарланады. Беттер макеттеледі. Мақалалар бетке түседі. Корректор оқиды. Кезекші редактор оқиды. Басшылық оқиды. Тағы түзетіледі. Қысқартылады. Толықтырылады. Безендіріледі. Қол қойылады. Баспаханаға жіберіледі. Реттеледі. Беттеледі. Басылады. Тасылады. Поштаға барады. Үйді-үйге жеткізіледі. Газет оқырманның қолына тиеді. Газеттің бір нөмірі!
Ертеңіне бәрі басынан қайтадан басталады…
("Егемен Қазақстан". Кеше және бүгін: бас редакторлар)
Ал енді ала таңнан қолға алынып, келер таңға ұласатын осы шұбатылған шаруаның 1919 жылдың 17 желтоқсаны мен 2014 жылдың 17 желтоқсаны аралығындағы 34 699 күннің ішінде 28 470 рет атқарылғанын ойша шамалап көріңізші!.. Ғажайып жұмыс, ғаламат еңбек!
Тоқсан бес жастың төріне көтеріліп отырған ел газеті «Егемен Қазақстанның» жүріп өткен жолы бұл. Ұлы жол. Жаңа өмірдің соны сүрлеуіне түскен халықтың соқтықпалы-соқпақты, тайғақ кешулі жолының, жетпіс жылдайғы социалистік дәуірдің, ширек ғасырдайғы тәуелсіздік кезеңінің шежіресі жарқырап жатыр бұл газеттің сарғайған беттерінде. Оның тігінділерінен ғасырға жуық уақыттың ішінде сөз алған жүз-жүз мыңдаған адамдардың дауысы күңгірлеп естіліп тұрғандай. Бас басылымды қазақтың Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ғабит Мүсірепов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев сынды титан тұлғалары басқарғанының өзі «Егемен Қазақстанның» қандайлық қасиет, киеге ие екенін даусыз дәлелдейді.
Бұл газет – ұлттық рухтың ұлы ұстындарының бірі.
Ұзақ жылдар бойы партиялық басылым саналып, «Ұшқын», «Еңбек туы», «Еңбекшіл қазақ», «Еңбекші қазақ», «Социалды Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» атанып келген бұл газет әр сөздің саңлауынан сығалайтын сол цензуралы заманда да халықтық сипатын, елдік мінезін сақтай білді. Тәуелсіздік таңы атқаннан-ақ басылымның бағы жанды, ой шідері ағытылып, тіл тұсауы шешілді. «Егемен Қазақстан» атанып, шын мәнінде еркін елдің жалпыұлттық газетіне, нағыз халықтық мінберге айналды.
("Егемен Қазақстанның" нағыз ел газетіне айналған тұсы. Ұжым. Ортада әйгілі бас редактор, халық жазушысы - Шерхан Мұртаза)
Егемендіктің елең-алаңындағы елдің есін кетірген қиындықтар тұсында таралымы күрт түсіп кеткен басылымның беделі соңғы он-он бес жылда ұдайы биіктеумен болды. 2000 жылғы 38 мыңдық таралымнан 2014 жылы 201 мыңдық таралымға жету, яғни бес еседен астам өсу әр мақаланың, әр сұхбаттың жолында жанын жеп, жылт еткен жақсылықты жұртқа жеткізгенше жанталасқан редакция журналистерінің жүйелі жұмысының жемісі болумен қатар, бізге орнықты ойға құрылған, салмақты сөзбен өрілген материалдарын жолдап отырған ардақты авторларымыздың да арқасы екенін атап айтып, той тұсында ел газетінің деңгейін көтеруге атсалысқан азаматтардың бәріне, газетке жазылуға жылда жұмылып, елдік қасиет, азаматтық белсенділік, мемлекеттік тілге жанашырлық танытудан танбаған қалың оқырман қауымға алғысымызды білдіреміз.
Ерекше алғысымыз газет жұмысын әрдайым назарында ұстап, ұжымға нақты қамқорлық көрсетумен келе жатқан, тоқсанға толар тойымыздың тұсында редакцияға сегіз қабаттық сәнді ғимарат салдыртып, оны өзі келіп ашып берген, журналистерді, ардагерлерді шын ықыласпен құттықтаған, басылымды «Отанымыздың бас газеті» деп атаған Елбасына – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа арналады. Елбасы сеніміне алдағы кезде де сай болу жолында егеменқазақстандықтар білімін де, білігін де, қажырын да, қайратын да аямайды деп ұжымды 2000 жылдан бері басқарып отырған тәжірибелі адам ретінде анық айта аламын. Қазақтың сөзін ұстаған небір жақсы мен жайсаңның қасиетті жолын жалғастыру бақыты бұйырған тағдырыма тәубе деймін, халқымыздың бас газетінің тізгінін тапсырған Елбасына шексіз разылығымды білдіремін.
Елдіктің сөзін сөйлеу – біздің қасиетті парызымыз.
Ел газеті атанған «Егемен Қазақстан» қай кезде де парызға адалдығынан айнымайды.
Ел газетінің тоқсан бестің төріне көтерілген тойы – елдің де тойы.
Тойымыз құтты болсын, қадірменді оқырман!
Жазар жақсылық, жеткізер жаңалық көп болсын!
Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті.
(Суреттер "Егемен Қазақстан" газетінің сайтынан алынды)