Сенбі, 23 Қараша 2024
Құсни хат 9968 0 пікір 19 Желтоқсан, 2014 сағат 10:31

ТӨЛЕГЕНГЕ ОРАЛУ

 

 

                                                          I.

     Соңғы кезде қазақ поэзиясына соны леп әкелген Төлеген Айбергеновке оралу керек деген ойға келдім.

Оралу дегенім – қазіргі жастардың оның шығармашылық ізденгіштігінен үйренсе дегенім. Әйтпесе «болмай жатып Белинский, толмай жатып Толстой болғандар» (М. Әуезов) өзінен басқаны жазушы, ақын санамайтын, өзіне дейінгінің бәрін жоққа шығаратын дүмбілез «жұлдыз ақындар» көбейіп, арам шөптей қаулап, шырмауықтай болып таза әдебиетті шырмап барады.

 

    Саламатсың ба, жас достым! Тірлігім бәз-баяғыша. Тек әдебиетке құштарлығым арта түсті.

   ... Станислав Лемнің фантастикасымен галактикаға да ұшып көрдім. Жуырда И. Буниннің Чехов туралы естелігін оқып шықтым. Үйретері көп. Достоевский алпауыт Бальзакты түгел оқыған деседі. Мен үш-ақ романын еңсердім. Чеховтың «В овраге» атты әңгімесі жадыңда ма? Енді сұмдық! Сондай ғажап дүниенің бар-жоғын білместен, Липа сықылды бейшара да  әсем, «қыздың» нала-мұңын сезбестен қалай жер басып жүргенмін: аз білгенімді көпсініп күмпиюмен болыппын.

    Әнеу күндері ептеп Саттарды оқыдым. Білімі көл-дария ғой, шіркіннің. Еңбеккештігін ауызға алмасақ та мақұл. 23 жас. Байқасам, Саттарды-Саттар еткен талантынан да гөрі жаңағы екі артықшылығы сияқты. Жұлдыздардың ерте сөнетіні жаман. Бейімбетті оқып шұбырған сілекейімді әлі жинай алмай жүрмін. Жас, талантты қазіргі кейбір жазушылар Бейімбеттің тым сирек стилистикалық кедір-бұдырларын көргіш, мұрнын шүйіреді. Түсінбеймін, қайта үйрену керек емес пе?! Бейімбет пен Шукшин екі түрлі топырақта өскен бір жеміске ұқсайды.

    Мен тілге мін таққыш сыншыл әдебиетші, ғалымдарға да түсінбеймін. Ә. Болғанбаев, М. Балақаев Тәкенге тиіскен еді, басқалары Дулаттың тілін ілмелеген.

    Сонда, Оңтүстік диалектісін Әуезовтің кейіпкерінен басқа жазушылар қолдануына болмай ма? Мәселен, ұлы Мұхтар «Өскен өркенді» не үшін жазды деп ойлайсың? Ал оны менің ішім сезеді, Мұхаң кемеңгер кісі нақ өмірінің соңғы жылдарында ғана оңтүстік қазақтарының шұрайлы тілін білді. Бәлкім, бұрыннан да білген шығар, бірақ, ол кезде оның бұған көңіл аударуға мұршасы болған жоқ. Сондықтан да ол соңғы жылдарда Шымкент жаққа жиі келгіштеді. Тілін үйренді, халқының дүние-таным, тыныс-тіршілігін зерттеді. Сөйтіп, «жүдәсі» бар ма, басқасы бар ма бәрін-бәрін «Өскен өркенде» қалай-қалай пайдаланды. Мұның өзі әдебиетшілерді ғана емес, тіл білімі ғалымдарын да ойландыруы тиіс еді. Әр ғалым өз әдеби тіл нормасын жасағанынан тек ұтыламыз. Менің ойымша, оңтүстік ақындары үйренген Науаи, Низами, Физули түркі халықтарының ортақ шайырлары болғандықтан, олардан үйренген халық ақындары оларша сөйлемей тұра алмады. Олардан Абайдан соң терең үйренген Төлеген ғана...

    Шойынқұлақтың жаны, киіктің ішіндегі сандықта болса, ақындардың жаны өлеңінде деп білем. Мұхтар Шахановпен кездесуде ол Поэзия туралы өте жақсы әңгімелер айтты. Менің оқырман ретінде пікірім мынау.

    Ақындық – құр ұйқас пен жылтыр, жауыр, жаттанды, әсіре-қызыл, әсемпаз сөздер емес, оған сонымен бірге мағына да керек қой. Мағына болғанда жеңіл-желпі, арзан-қол, жадағай желең қабаты емес, терең де мазмұндысы қажет. Мен о баста жаңа поэзияны оқуды Төлеген мен Қадырдан бастадым. Содан соң, Мұқағали мен Мұхтарды қостым. Байқадың ба, ойшылдарын, пәлсапашылдарын ұнататынымды. Кейінгілерден Жұматай, одан да гөрі, Есенғали ұнайды. Өз ақылыңа, өз күшіңе сенгенге, не жетсін, шіркін?

   Адамдар бірін-бірі түсінуі керек. Түсінісуде – кітаптың орны ерекше деп ойлаймын. Кітап оқымайтындар – түсініксіз құрбандықтарға барады. Сондықтан, бүкіл білімді бойына жиып болып, өзін өртетуге мүмкіндік берген ақылды Бруноны да түсінуіміз керек болар, бәлкім. «Өтірік пен шындықтың арасы бір-ақ елі» демекші, ақымақ пен ақылдының арасы да сондай көрініп кетеді кейде. Әр кеудеде – бір қиял. Әркім бақытты өзінше түсінеді. Дегенмен, сен секілді адамдар көп болғанымен, нақ сен тәрізді ақындар некен-саяқ екенін айдан ақиқат етіп дәлелдеу керек досым! Сондықтан, ойларымды саған жазып отырмын. Сен білесің бе, кейінгі күндері мен өз-өзімді ұнатпай бара жатқан секілдімін. Түктің есебін таппайтын құдай аманат біреумін-ау тегі. Бірақ, ойласаң, сабадағы қозғалған қымыздай ақыл пісе бермек. Ойсыз өмір – қамсыз өмір.  Қамсыз өмір – шамсыз өмір. Не де болса шамға ұмтыла берейік те? Қараңғылықта бар-жоғың білінбей өткенше, жынды көбелек-пәруанадай бір жарқ ете алсақ та жақсы екен-ау. Мысалы, Төлеген Айбергенов сияқты. Осындай асқақ ойлардың артынша есіме Илья Ильич Обломов және оның неміс досы түсіп өзімнен өзім ұяламын. Мұнан кейін сол жалқауға ұқсатамын да қоямын бар тірлігімді.

    Дегенмен, ұлы Чеховтың: «Біз бүгінде жаза білу дегенді ақ қағаздың бетін сөйлемдерге толтыра білу деп жүрміз. Ал шынында жаза білу дегенміз – сол сөйлемдердің ішіндегі жарамсыздарын сыза білу» - деген өсиетін ұмытпасақ екен...

 

                                                            II

      Баспасөздегі жас әдебиетшілердің аяқалысы мен аста-төк, өзді-өзін классик санап, бір-бірін мақтаған көбік сөздері бұрын да көкейде қордаланып жүрген көп ойға қозғау болды. «Уақыт бәрін алып кетеді, жылдар тізбегі есімді де, сыртқы пішінді де, мінез-құлық пен тағдырды да өзгертеді» депті Платон. «Жоқ олай емес» деп Уақыт туралы ақиқатқа мойынсынбай алғашқы махаббат сезімін қорғағандай жанұшырып – жас кезде құмартқан жақсылықтарыңды қорғағың келеді. Қазақ халқының аяулы ақындарының бірі Төлеген Айбергеновтің тағдырын еске сондықтан аламын. Ол өзіміздей жастардың, қазіргі елудегілердің студент кезде жатақхана жарығын сөндірмей, жастық астында сақтап, құмарта оқыған Төлеген жырына деген ғашықтықтарының әлі де суымағандығынан болар?! Дегенмен, найзағай-ғұмыр, қысқа өмір иесін – Ақынды жынды көбелекке теңеуіме оны сүйген сенің жүрегің келісе қоймас. Жә, мәселе теңеуде деймісің?! Төлеген есіміне қатысты барлық нәрсе белгілі емес. Кез-келген жалқау қазаққа дайындап берсең зор талант иесі сияқты оның өмірі сондықтан қызықты: жұртшылыққа танылмаған өлеңдері қосылған толық жинағы «Жазушы» баспасынан «Бір тойым бар» деген атпен жарыққа шыққанын көріп қуанып едім. Бірақ, «Әуезов өлген жоқ» деген өлеңін одан көрмедім де тағы да екі ұдай ойда қалдым. Неге біздер, қазақтар Абай, Қасым, Төлеген кітаптарын қалай болса солай қате-қате, көріксіз шығарамыз?!

     Біздің қазаққа таланттылардың өміріне қатысты титімдей белгіні теберіктей көріп қастерлеу қасиеті дарымай-ақ келеді. Ақансерінің қабірін, Құрманғазының бейітін, Қажымұқанның үй, мұражайын жөндеу, сақтау туралы айта-айта ауыз, жаза-жаза қол ауырды. Жамбылдың даусын магнитофон таспасына жазып алып қалмағанымызға енді өкініп жүргеніміз сияқты хас таланттардың өміріне қатысты елеулі нәрселердің көбі елеусіз қалып бара жатқаны жанға батады. Ақселеу аға ән салдырып, талдап әңгімелеген Жәнібек Кәрменов даусының үстіне теледидарда лента жетпегендіктен хабар жазып жіберіпті. Әрине, бұл мәселелерді көбейтіп мысал келтіріп айта беруге болар еді. Мың сөзден бір сөз артық. Шөпті қалай орамыз деп жиналыс жасағаннан гөрі, жиналғандардың шөпті орып тастағаны дұрыс қой.

     Кезінде «Лениншіл жас» газеті Төлегеннің беймәлім жырлары мен күнделігін жары Үрнисадан алып жариялағанда мың арманымның біреуі жүзеге асқандай қуандым. Мұқағали мен Төлеген күнделіктерін жариялағаны үшін «рухани» қартайыңқырап» кеткен «Лениншіл жасты» қаншалықты жақсы көргенімді сен түсінсең еді! Қалайда, тауып оқы! Кейін кітап болып шықты.

   «Ақынның аты өлмейді» дейді халқымыз. Шынайы талант – мәңгілік ғұмыр. Төлегеннің өмірден көшкеніне біраз уақыт өтсе де есімі елімен бірге келе жатуы соған дәлел. Оның өлең өлкесіндегі құс жолындай нұрлы соқпағы кейінгі толқын-інілерге өшпес өнеге. Жастарды ақын мұралары қашанда қызықтырып, өзіне тартып тұрады. Қалың оқырман қауым Төлегеннің беймәлім күнделігі мен өлеңдерін өте жылы қабылдады.

     Ақынның отты ғұмырының шежіресіндей күнделік пен өлеңдері Төлегеннің жұбайы Үрниса Айбергенова дайындап ұсынған. Ақын күнделігі толық нұсқасында тұңғыш рет жарық көріп отыр. Жазылғалы бері ондаған жылдар өткенімен Төлегеннің әдебиет жайлы ойлары құнын жоғалтқан жоқ.

    Ақынның ендігі бір күнделігі жиырма үш күнгі өмірі, көңіл-күйі мен толғаныстары, жора-жолдастары ортасындағы күндері туралы сыр шертеді. «Ақын мұрасы – халық мұрасы. Таланттар туралы әр сөз, олардың әрбір ойы жас жүректері тербетіп, сезімдерді тәрбиелейтіні ақиқат қой. Адал ойға жетелейді. Мынау қым-қуыт уақытта адал ой, таза пікірден асқан байлық жоқ. Ақынның қызы Салтанат дәл осы бағытта жұмыс істеп, әндер, фильмдер, кітаптар шығару үстінде. Төлеген айпай ма:

«Өзгеге қалай көрінетінін білмеймін, мен үшін ойлану мен қиялға берілу бүкіл өмірімнің бас қызығындай саналады. Осы аз өмірім ішінде ойланып өткізген уақыттарымды өз міндетін атқарып өткен, саналы өткен, даңқты өткен уақыт деп есептеймін. Сондықтан да мен ойлар үшін, ойлану үшін қанша уақытым кеткен болса да,ол үшін өмір бойы өкінбей өтем ғой деп ойлаймын. Мен үшін өкініштісі сол, арзан күлкі мен болмашы ләззәтқа бола жылап кеткен алтын сағаттарым болса керек. Мен осы күнге дейін қаншама ойларды ойладым десеңші! Соның бәрін де дер кезінде қағаз бетіне түсіре бергенде ғой – басқа үшін дүние болмағанмен өзіме көп пайдасын тигізер еді-ау, шіркін!» деп.

     Ұлылық жасқа қарамайды. Асқақ ойлы ақынның қаршадай кезіндегі осы ойларының «Талант иелері уақыттарын өзін-өзі болашақ ұрпақ құрмет тұтатындай етіп пайдаланулары керек. Игілігіне ештеңе қалдырмасақ, ұрпақ біз жайлы не ойлайды?» деген Д. Дидроның пікірімен астасып жатқаны таңқалдырмай қоймайды. Төлеген өз ойын міндетті түрде құптауға тіпті де ұмтылмайды. Өйткені, ол ақиқатты жұрттың бәрі сырттай болмаса да іштей мойындайтынын жүрегімен сезеді. Төлегеннің «жұрт не десе о десін, мен адамға бір берілгенде құлай берілуді құптар ем. Менің ойымша құлай берілу, ессіз сүю – шексіз адалдықтың белгісі. Өмірде өзінен басқаға құлай берілмейтіндер достықта, жолдастықта, махаббатта қателеспеуі мүмкін, бірақ оның шын адал достарының аз екендігіне, тіпті жоқ та екендігіне сенімім кәміл» деген пікірлеріне қалай келіскенімді өзім де білмей қаламын. Ұлы Пушкиннің бала кезіндегі өлеңдерінің ұстаздарынан асып түскені сияқты, бала күнгі Төлегеннің ойлы пікір-толғамдарының өзі де өлеңге бергісіз жырдай оқылады.

 

                                     III

   Қазақтың бар ақыны Төлегенге өлең арнады десем артық болмас.

                       Қолыма алсам – кітабың,

                       Күйдіріп тұрған секілді, - деп Төлегенге арнау өлең жазып еді, менің ел губернатор Төлеев туралы кітаптарымды  жақсы білетін шардаралық досым Жұмабек Мұқанов. Ойсыз жуан кітаптан, ойлы жұқалтаң кітапшаның ауыр болатынын таланттылар өмірі бізге қанша рет дәлелдеді.

  Ұзақ сапарға кеттің сен,

  Келер ме ең бір күнге азат боп,

  Сағынып жүрміз өзіңді,

  Ойдағы, қырдағы қазақ боп – деп Кенимех ауданынан Бақтыбай

Жүнісов іздесе,

Құйын боп өткен бір,

Қыршын аға көкейімде көптен жүр,

Сұрасаңдар, оның аты – Төлеген,

Жүрегі оның – өшпейтұғын өр өлең! – деп семейлік Әубәкір Қайранов жырлайды;

Сыңсыған сағыныштың пернелерін,

Тап басқан күйші-ғұмыр,зергер – өлім.

Қайтадан тәңірі мені жаратса егер,

                    Тағдырын Төлегеннің бер дер едім, - деп Атыраудан Светқали Нұржанов ақын рухымен сырласады;

 Бір Бауыржан Жақыпов:

                   Жырыңды оқимыз да табынамыз,

                   «Төлеген, Төлеген!» деп біз де бүгін, - деп жүрекжарды сырын айтады, екінші Бауыржан Үсенов:

                  Айбергенов Төлеген кім дегенде,

                  Төбеңнен жай ұрғандай білмей қалдың, - деп тұрғыласына өкпе артады. Бұл өлеңдердің бәрін жақсы деп ұнатқандықтан емес, жас толқынның ақынға деген адалдығы мен құштарлығын көріп қуанғандықтан саған жазып отырмын ғой. Жастардың өзіне дейінгі жаман шығарманы оқымаса да, жақсы жазушы-ақынды мойындап оқығаны дұрыс қой. Дегенмен, жүрекке-жақсы, көру, жек көру сезіміне келгенде – әмір жүрмейді.

     Әрине, бұл тұста Төлегеннің ақындығы туралы айтпауға болмайды. Ол туралы «Қазақ әдебиетіндегі» (1958 жыл, 10 шілде) «Жыр неге жұтаң?» деген мақала ғана Төлегеннің ақындық рухын көтермей, поэзиясының сыр-сипатын ашуға қызмет етпей сынады. «Қазақ әдебиетіне жалынды ақын Төлеген Айбергенов әр жол, әр шумағынан тер иісі мен тіршілік тынысы аңқып тұрған «Құмдағы мұнаралар» атты өлең кітабын алып келді. Біз осы кітап арқылы поэзиядағы бүгінгі Маңғыстауды ашқандай болдық. Төлеген Айбергеновтың осы жыр жинағын оқырман қауым да, әдебиет сарапшылары да кезінде бір ауыздан поэзиядағы тың үрдіс, жаңа құбылыс деп қабылдады. Ол жырлардың небәрі оншақты жыл көлемінде көп тиражбен әлденеше рет басылып шығуы сол пікірлердің дұрыстығын байқатса керек. Әрине, ешқандай тақырып бір жазушының , немесе бір ақынның жеке меншігі бола алмайды. Сондықтан жұмысшы Маңғыстау тақырыбы да Төлегенмен басталып, Төлегенмен аяқталып қалған жоқ. Бүгінгі Маңғыстау бейнесі қазір де көптеген ақындардың творчестволары арқылы молыға, дами түсуде, яғни әрбір ақын поэзиядағы «өз Маңғыстауын» ашуда. Қанағат ету - творчество адамы үшін, жалпы әдебиет үшін қатер» дейді ақын Темірхан Медетбеков.

    Төлеген туралы сөз айтқандарға риза болып, жақсылығымды үйіп-төккім келеді де, жазбағандарға «жазыңдар, жақсы сөздеріңді аямаңдар, кейінгі жастар білсін Төлеген туралы» дегім келеді.

 

 

                                          IV.

                  Байқасам талай ақын мінездерін,

                  Санайды дербес құдай дүр өздерін, - деп ақын Кәкімбек Салықов айтқандай қазіргі жас ақындар бойындағы бір нашар қасиет – өзіне дейінгіні де, кейінгіні де көзге ілмеу, өз өлеңін өзгеден жоғары қоюшылық, кеудеге нан пісушілік, керемет дүние тудыруға кедергі жасайды. «Лениншіл жаста» Мұқағали Ғабит Мүсіреповпен кездескені туралы жазды. Сонда «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын мақтағанда ыңғайсызданыпты. Ақын Төлеген туралы Ғабекең естелігі де осыған саяды. Ғабит Мүсірепов: «Маған жастардың ішінен марқұм Төлеген Айбергеновтің менмендігі жоқ қарапайым ғана адамдық мінезі қатты ұнаушы еді. Бір күні ойда жоқта екеуміз жолыға қалдық. Алдында біраз өлеңдерін оқыған едім, солардың өзіме ұнағанын айттым. Байқап тұрмын, мақтауымды ол жай сыпайылық үшін ғана қабылдаған сияқты. Айтқандай-ақ сөзімді аяқтаған кезде:

-        Ой, Ғабе, жаңа сіз айтқан жақсылықты да, жаңалықты да мен өзіміздің халық ақындарынан алып жүрмін ғой. Тіпті: сіз Ақансерінің мына бір-ақ өлеңіне еліктеуден туған өлеңімді де байқамадыңыз-ау,  - деді күліп. Амал бар ма, біз қазақ әдебиеті екі-үш дарыннан ерте айырылдық. Олар – Абдолла, Баубек, Төлеген». Шын жақсы ақын әрі қарапайым, әрі талантты. Басқаша айтсақ:

Біреу мықты өркенді тармағымен,

Біреу күшті шен-шекпен салмағымен.

Даналықтың мұраты қайда десең,

Ол биік қой өзінің арманымен.

Тағы да Кәкімбек Салықов. Дұрыс! Төлегеннің ұйқастарда жеткен жетістігі өз алдына әңгіме етуге тұрарлық дүние. Шәмші Қалдаяқов туралы Қадыр Мырзалиевтің «Қайырмадан қайырма тудыратын композитор» дегені бар еді. Төлеген «ұйқастан ұйқас тудыратын ақын-өлеңінің музыканты», «Қаратау» өлеңінде:

Есен-сау бармысыңдар, армысыңдар,

Армысыңдар, қария қарлы шыңдар.

Төсінен керуен-керуен көш өткен тау,

Сен менің керуен-керуен алғысымды ал.

 

Сенбісің сияқты орман күй ақтарған,

Ұзатқан қыздың көші сияқтанған.

Жаныңда саз қалды ма, наз қалды ма,

Сан тұлпар дүбірлеткен тұяқтардан.

«Құтбайға».

Термесі қою арман маужыраған,

Зердесі ескен самал тау – жырадан.

Теңдесін бұл аймақтан таптырмайтын,

Кеудесі күмбірлеген ән-жыр ағам, - деп жазады. Төлегеннің бір мықты ерекшелігі – ол ұйқас қуып кетпейді. Мағынасыздыққа ұрынбайды. Оның зәресі ұшып қорқатыны да сол мағынасыздық, сылдыр сөз. Сұлу тіркес. Қазіргі жас ақындардың көбінде сұлу сөзге құмарлық басым. Олар құр жылтырақ болып көзге ұрып, ой салмағын мүлдем жеңілдетіп жібереді.

  Төлегеннің бала кезіндегі өлеңдерінің өзінде шарқ ұрған ізденіс аңғарылады. Бұған Мағираш Сарикованың әңгімесі дәлел. «Асқар ақынға (Тоқмағанбетов) Төлеген келді. Қағілез қара бала. Екеуі әңгімелесіп отырған екен, үстеріне кірген едім, Асқар аға таныстырды:

-        Міне, Мағираш!

Төлеген орнынан ұшып тұрды. Осы ұшып тұрған сәті есімнен кетпеді. Ол кезде мен білмедім. Бұл – екі жыл бұрын маған хат жазған Төлеген еді. Қарақалпақ жағынан келген, қисық жаға, оюлы көйлек киген қағілез қара бала ерекшеленіп тұрды. Біраздан соң, Төлеген маған келіп:

-        Хатымды алдың ба! – деді.

-        Алдым.

-        Неге жауап жазбадың!

-        Жалқаулығым ұстады, - деп көңілін жықпай жауап бердім. Өлеңі аса ұнамаған болатын. Әлсіз еді. Бұл – бірінші кездесуіміз болатын», «Бір тойым бар» (1989жыл) кітабына енген «Мағирашқа хаттан» үзінді келтірейік:

 

Саңқ еткен Қызылорда қаласынан,

Үніңді естіп жаным аласұрған.

Болашақ шабытыңа нұр тілеймін,

Қол созып Қарақалпақ даласынан.

Көп болған жоқ өлеңнің аймағына,

Менің де құшағымды жайғаныма.

Шыңына шығам деген үмітім бар,

Тайсам да, жығылсам да тайғағына.

Мен сендей өзен емен күркіреген,

Жырым бар өткіншідей сіркіреген.

Қусам да құйрығынан ұстатпай жүр,

Бір сырлы, сегіз қырлы сылқым өлең.

    Әрине, бұл дос болмақ ақ ниетпен жазған Төлегеннің өлең-хаты ғана. Өзі оны жинақтарына ендірмеген, әлсіз дүние санаған.

    Екінші кездесуде, ҚазМУ-де болған жарқырап жанып кеткен көзі есімде қалыпты. Ақындық қуат белгілі ғой, от болып жанып кетті. Ақкөңіл болатын. Сәбит Мұқанов басқарған бұл әдеби кеш қызықты өтті. Әбіш, Әділбек, Қадырлардың студент кезі. Сонда Төлеген «Жаныңа жаңбырлатып жақын келдім» деп басталатын өлеңін оқыды. Соңына таман шықты. Қарақалпақстаннан келді деп таныстырды. Көзі жарқырап, буыршындай бұрқырап тұрып оқыды өлеңді. Кейін мұндай болады деп кім ойлаған. Кейін іздесем де ізін таппай қалдым ғой. Қайта менің хат жазысып, үміт күткендерімнен түк те шықпады. Төлегенмен неге хат жазыспадым деген ой қинайды кейде...».

    Тағы бір айтпағым – Төлегеннің өзіне дейінгі ақындардың шығармаларын түгел оқып, көбісінің өлеңін жатқа білгендігі.

 

                                                  V.

    Тұтқабай Иманбеков: «Бауырлас Қарақалпақ елі Төлегеннің жырына қанықтығын танытты, ықыласы бөлек екенін аңғартты. Біз соған сүйіндік.

    Осынау ықыласты Төлеген өзінің сыршыл өлеңдерімен, айрықша достық жүрегімен, сағынышымен жаулап алған ғой. Нөкістегі Қарақалпақ университетінде Төлегенге еліктеп жыр жазатын Төлегенше елтіп өлең оқитын, Төлегенше әр жырды жатқа төгетін жастарды көргенде жаңаша сезіммен сергіп едік.

    Жатқа оқу дегеннен шығады. Тегінде Төлеген жырын қағаздан шұқылап оқуға қатты қынжылатын. Ал өзі бүкіл өлеңін басынан аяғына дейін дауылдатып оқып шығып, ол аз болғандай бәрін аяғынан басына  қарай түгел кері оқып, керемет қызықтыратын-ды. Мұның өзі жұртқа өрлеме әсер тудырайын деген әуейіліктен емес, жүрегінің кеудесіне сыймаған жұтынған сәттері екен-ау, шіркін.

    Төлегеннің бойындағы тамаша қасиеттің бірі өзгенің қуаныш өз қуанышындай қабылдайтындығы еді. Жақсы бір өлеңің шықса жаны шаттанып, желпіне оқитын. Ол менің 1967 жылы жарық көрген «Ақ қайың» атты алғашқы жыр жинағыма өзімнен кем толқымаған сияқты».

   Иә, Төлеген фольклордан, Абайдан, Ілиястан, шығыс поэзиясы алыптарынан жас басымен көп үйреніп, қабылдап, қорытып, өзінше жол таба білгендігімен де ерекшеленеді. Бұл 30 жас үшін аз емес.

   Сырбай Мәуленов: «Сырдария облысында үш-төрт кездесу өткізілді. Төлегеннің жолда жазылған махаббат өлеңдерінде Шығыс поэзиясының сарыны молырақ жатқан сияқты көрінеді. Соны бір ескерткенімде:

-        Мен Қарақалпақстанда туып өстім ғой. Қазақ ақындарымен енді-енді араласып келеміз. Сіз Абдолла мен Қасым жайында айтыңызшы. Оларға сенімді серік болдыңыз ғой, - деді Төлеген.

Абдолланың жанының тым нәзіктігін, Қасымның қажыр-қайратын өршіл рухын айтқанда оның жас баладай жаны толқиды.

-        Шіркін, екеуі де ерлікке емтихан тапсырған қаһарман ақындар емес пе? Өздері батыр, өздері батыл халықтың ойын деп басып, елдің арманын шертетін өлеңдерді жазып кеткен ғой, - дейді. Ал, құрметті жазушы Тәкен Әлімқұловтың «Жұмбақ жан» кітабында Төлеген ұйқастары туралы айтылған сөздерді артық және асығыс пікір деп ойлаймын. Әйтпесе, Ілияс Жансүгіровтың  1960 жылы шыққан (шығармалар жинағының бірінші томындағы «Шаттық жыры» атты ағыл-тегіл сезіммен 1934 жылы жазылған өлеңінің:

Күніміз әлемді алсын жарқылдаған,

Үніміз жерді жарсын саңқылдаған.

Шуымыз шаттығымен шалқып көкке,

     Туымыз тұрсын биік алтындаған, - деген жолдарын оқығанда Төлеген екпіні еске түсетіні несі екен?! Кейінгі жас толқында мұндай ұйқастар мазмұнға қызмет етсін, етпесін асып-төгіледі, артығымен табылады. Олардың көбі Төлегенге еліктеуден ғана тура қабылдана салған, әсерден туған ұйқастар. Ал арғы-бергі поэзия інжу-маржандарын ізерлей оқып, қопара төңкеріп, жақсы-жаманын екшеп-айырып, қорыта жыр жазу қазіргі жастарда сирек. Мұқағали Мақатаев күнделігінде 1976 жылдың 25 ақпанында былай деп жазыпты. Оның пікіріне қосылған артық емес: «Фольклорымыздың бай екені даусыз. Оны кез келген халықтың кез келген фольклорымен қатар қоюға болады. Егер фольклорымызды әдебиетімізбен салыстырсақ, онда соңғысы көп кедей көрінеді. Ол оның әлі жасаңдылығынан, буыны қатпағанынан. Жазғыш көп болғанымен, жазылғаны (мәнді толыққандысы) әлі аз. Біз жазылған нәрсенің санына қарап қарықпыз. Көркем әдебиеттің коллективті еңбек емес екенін ойлайтын уақыт жетпеді ме? Ол мейілінше даралықтан туады. Және белгілі бір уақттың есебі де, фотографиясы да емес. Ол қоғамның, дәуірдің сынынан өтуге тиіс... Егер қадір-қасиеті миллиметрлік қана болса, шақырымға созылған тізімдер әдебиетті құрай алмайды».

Ақынның өмірдің қиыншылығы мен қызығын бірге бөліскен жары Үрниса: - Төлегеннің ішінде бір поэма кетті. Әбден пісіріп, жатқа айтып жүріп, қағазға сосын түсіретін, - дейді, - «Сен айт, мен жазайын» десем, «қоя тұр» дейтін. Әлі піспеген деп есептеген шығар. «Бір магнитофон алайықшы» деумен кетті...

Кезінде Төлегенмен дәмдес, қаламдас болған жандардың мен ауызша әңгімеде жазып алған байқампаздықпен айтқан бірер ой-түйіндері де маған ақын мінезін ашатын сияқты көрінеді.

Сабырхан Асанов: - Бір сүйсе өле сүйіп, бір жек көрсе толайым жек көріп кететін ақын мінезі көзге ұрып тұратын.

-        Көз тілімен көріктім,

Көңіліңе салдым ба ой.

Лағындай еліктің

        Елең ете қалдың ғой, - деген өлеңін Толғанайға арнап шығарып еді. Жас кезде не болмайды?

      Темірхан Әліханов: - Төлеген туралы аз жазылған жоқ, бірақ көп те емес. Кейбір әдебиет жанашырларының мақалалары мен үлкен ақындардың сөздерінде аты аталып, мойындалмағанымен, оның бүкіл творчествосы жан-жақты талданып, жете зерттелген жоқ. Бұл келер үндер еншісіндегі – игі іс. Төлеген Айбергенов өлеңдерін оқығанда еш бір жалғандық белгісін көре алмаймыз. Мұның басты себебі – оның өзіне қатал да қатаң талап қойып, тек «не айтса да жүрегімен айтуды» қасиетті қағида етіп ұстағандығы деп білеміз. Сағыну арқылы өмір сүретін ақын творчествосының өзегі – сағыныш. Егер Төлегеннің әнші Ғарифоллаға арнаған өлеңін бұрып өзіне арнасақ: «Көкірегінен әсем әннің көк мұхитын шайқаған, сендей саңлақ бұл өмірге келер ме екен қайтадан».

   Аян Нысаналин: - Алпысыншы жылдардағы қазақ поэзиясын алып қарайтын болсақ, осы өзге үн, өзгеше жазылған жырларымен келген Төлеген Айбергеновке тоқтамай кете алмаймыз. Қазақ поэзиясындағы Қасымнан кейінгі өзіндік өзгешелігімен дараланған ол жайлы көп айтуға болады... Оның баспасөзге алғаш көрінуі «Ақ қайыңдар», мен одан соңғы жырлары.

   Тұрап Айдаров: - Тәрбиемде болып, лекцияларымды тыңдаған студенттер арасынан Төлеген Айбергеновтей аса талантты ақын, пблицист-журналистер, оншақты ғылым кандидаттары мен оқу-ағарту және партия-совет қызметкерлерінің шыққаны ұлағатты ұстаз еңбегінің сәтті жемісінің нәтижесі деп орынды мақтаныш көремін.

    Үрниса Айбергенова: - «Арман сапарында», «Жақсылық жыры» деген өлең бар. Оны Төлеген жыршы Жақсылық Мамытовқа арнаған. Ол біздің үйлену тойымызда жырлады ғой. Сол кісінің әсері Төлегенге өтті. Екінің бірі Жәке болып ән салушы еді. Жыршы, әнші боламын деуші еді. Ол кісі келіп Жібек әжемізге тамақ жасатып жүруші еді. Төлеген домбыра тартып, ән салмайтындарды сауық кешке қатыстырмайтын. Оның жақсы көретін өлеңі «Мен саған басыбайлы бол демеймін». Мен қырыққа жетсем жұрт өлеңін жинастырып қояр еді деп мақтанып қоятын...

 

                                                  VI.

   Төлеген көнбіс адам бола алмады. Күнделікті тірліктің айдауынан шығармайтын көнбістікке ақын жүрегімен көне алмады. Басқалар оның басындағы ең үлкен осалдық деп есептеген – тік мінезділігін жеңе алмады. Жеңуге тиіс те емес еді. Өйткені, шаблонға көнбеген шабыт иесі – ақынды еркін ұшқан құс деп сезінді мынау өзі сүйген өмірде...

   Көптеген әдебиетшілер Төлегенді (жалпы басқа талантты ақындарды да) қайтыс болған соң танылған ақын ретінде көрсетеді. Меніңше бұл – қате, ұшқары пікір. Төлеген кітабы шықпай тұрып-ақ әдебиетті түсінетін талайлардың құрметіне бөленіп, жастардың ұстазына (отызға жетпей-ақ) айналып үлгерген-ді. Ол – кітап шығаруды емес, Өлеңге адалдықты, Әдебиетте арлы болуды көбірек діттеген ақын. Өлең аспанында құйрықты жұлдыздай жарқ етіп көрініп ғайып болған Төлегеннің бұрын жарық көрмеген бір топ өлеңдері Сарыағаш аудандық «Қызыл ту» газетінің 1960-1964 жылдарындағы сандарынан жинап алынды. Екі өлеңі 1985 жылы «Сыр» бірлестігі мүшелерінің ұсынуымен «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрді.

   Төлеген Айбергенов атты есімді есіткен сайын жыр құмар қауым әлі де бір елең ете қалары сөзсіз. Жарық дүниемен қоштасқан соң Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты деген құрметті атаққа ие болған оның әлі де жинақтарына енбей келе жатқан өлеңдері баршылық.

   Исмаил Сапаров: Мен Төлегенді бірінші ақын-жазушылардың өлкелік кеңесінде көрдім. Ол кезде әлі Төлегеннің бір-бір кітабы жарық көрмеген болатын. Шағын кешімізде тұлғасы шымыр келген бұйра шашты, тұғырынан ұшқалы тұрған қырандай айбынды қағылез қара жігіт:

-        Жігіттер, мынау өлеңді тыңдап көріңдерші, - деп «Кегейлі дәптері» өлең циклдарын тебірене оқи бастады. Ақын өзін-өзі ұнатқандай өлең оқыған сайын өрши түсті. Демімізді ішімізге тартып ұйып тыңдап отырмыз. Құдіретті өлең жолдары өзіне баурап алып барады.

     Сол бір кезде өлең жазып жүрген біздер Төлеген өлеңдерінің таудан атылып шыққан бұлақтай екпінді, ағыны бөлекше екендігін сезіндік. Сол күні жиналғандар түгел өлең оқыды. Кеште бізбен бірге сол кезде кітабы шығып танымал бола бастаған Сабырхан Асанов, Күлән Шілдебаева және Надежда Лушниковалар да бар еді. Ертеңінде бәріміз естелік ретінде суретке түстік.

     Төлеген одан соң Шымкентке, көбіне біз оқып жатқан педагогика институтына келіп жиі өлең оқып, өзі өлең тыңдайтын. Осындай кешімізге бірде сол кездегі өлкелік комсомол комитетінің бірінші хатшысы Қалаубек Тұрсынқұлов та қатысып отырды. Біз өлең оқыдық. Мен сонда әлі есімде: «Т-ға» деген өлеңімді оқырмандар талқысына салдым. Сонда:

Түсінбедім сенімен,

Сыр ұқтырып жүрсің бе?

Бір суытып, бір жылытып әлде сен –

                      Махаббатқа шынықтырып жүрсің бе? – деген жолдарға талас туды. Қалаубек аға: - Махаббат темір емес шыңдайтын, - деді. Төлеген аға оның пікіріне қарсы шықты. Төлеген Айбергеновті өлеңнің нағыз жанашыры екенін жан-тәнімізбен түсінетін болдық.

     Бірде Төлегенмен Шымкенттің жазғы паркінде кездесіп, ұзақ отырып әңгімелестік. Әңгімеміздің тақырыбы әрине, поэзия туралы болды. Қарапайым Төлеген сонда шын достық көңілімен жүрек сырын ақтарып еді.

    Төлеген ақын емес, жақсы өлеңнің жолдасы еді. Ол кезде әлі жас Мұхтар Шахановты танып, болашағынан үлкен үміт күткен де Төлеген еді. Арада көп кешікпей Төлеген кітабы жарық көрді. Сонда ол бәрімізге:

-        Жігіттер, мынау менің тұңғышым. Мынау менің дүниеге айтар алғашқы сөзімнің бастамасы, -деген еді.

      Не керек қатыгез ажал Төлегендей қыранды мезгілсіз қағып түсті, арамыздан ерте әкетті.

 

                                                     VII.

     Ғұмырының соңғы жылдарындағы кезекті бір сапарында Мұхтар Әуезов Ташкент қаласында болды. Педагогика институтында оқитын қазақ жастарымен кездесті. Заңғар жазушыны қаумалай қоршап таласа-тармаса суретке түскен шәкірттердің арасында болашақ ақын Төлеген Айбергенов те бар еді. Ол да ынтық көңілмен ұлағаты мол суреткердің тағлымды дәрісін тыңдады.

    Ұлы қаламгер көшкен күні көз жасына тұншыққан көкірегі шерлі Төлеген тас жүрек тағдырдың кесіміне көнгісі келмей қасарысып:

Әуезов өлген жоқ,

Өлген жоқ соны ұқ!

Өлгендердің талайын тірілтіп кетті.

Ажалды аш бүйірінен соғып,

Ұрынтып кетті.

Әуезовті

Өлді дейтіндер –

Өз халқының бақытын тілеместер,

Әуезовті өлді дейтіндер –

Тірі еместер.

Әуезов өлген жоқ,

Күн сайын бұны сезем мен.

Келді ол асып бізбенен,

Сан асу, сан қыр, кезеңнен.

Әуезов өлмеген,

Ажалдың өзі өлген.

деп жазды өзінің күнделігінде. Бірақ қазақ поэзиясының аспанында құйрықты жұлдыздай пайда болып, тез ағып кеткен – отызға жетер-жетпесінде опат болған Төлеген ол кезде дәл сол қатыгез тағдырдың ақындығын дәлелдеуге он жылға жетер-жетпес өмір кесіп тұрғанын білген жоқ еді. Бұл өз алдына бөлек әңгіме ғой. Төлегеннің ізбасар інісі Мұхтар Шахановтың «Мені неге Мұхтар қойған» деген өлеңінде:

Көре алмады тағдырдың мергендігін,

Ұланының жырдан гүл тергендігін.

Абай, Мұхтар бастаған елге әйгілі,

Ұлы көштің соңынан ергендігін, - деген жолдар бар. Сол айтпақшы, ұлы Әуезов өзінің әр басқан қадамынан гүл бітіріп, әр айтқан сөзінен жүректерге жыр бітіп, Төлегендей жүздеген шәкірт қаламгерлердің өз есімін ту көтере шығатынынан хабарсыз да болған шығар?!

 Не дерсіз?! Уақыт заңы сондай. Бізге беймәлім ұлы Галактиканың мың-сан жұмбағының бірі – мықтылардың рухани әлемі өзара астасып, үндесіп жататыны да өзгеше бір құбылыс қой. Оны сезінуге кеңістік өлшеміндегі қас-қағым сәттей адам ғұмыры жетпейтіні өкінішті-ақ. Осымен Төлеген туралы толғанысымды аяқтаймын. Мен оны – Ұлы Ақынды шынымен-ақ сағынып қалыппын.

Мылтықбай Ерімбетов, Жазушылар одағының мүшесі

Abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377