Сенбі, 23 Қараша 2024
Сараптама 7867 0 пікір 9 Желтоқсан, 2014 сағат 21:35

ТРАКТОР, БҰРАНДАСЫН БҰРАП ТҰР

Елімізде ауыл шаруашылығы техни­каларының 80-85 пайызы әбден тозған. Олар ауыл шаруашылық дақылдарын өсіру және жинаудың агротехникалық талап­тарына мүлде сәйкес келмейтінін мамандар ашып айтып шаршады. Сондықтан жарамсыз техникаларды есептен шығарып, шаруашылықтарды заманауи жаңа техникалармен қамтамасыз етудің маңызы зор болып тұр.

Елімізде ауыл шаруашылығы техникаларының жетіспеушілігінен егін және өсімдік шаруашылығындағы көптеген техноло­гиялық тәсілдер толық орындалмай, агротехникалық талаптар бұзылуына әкеп соққаны белгілі. Осылайша өнімділік 20-25 пайызға кеміген. Демеу қаржы тек жанар-жағармай, тұқым, тыңайтқыш, гербицидке беріледі, ал қажетті техниканы сатып алуға қаржы бөлінген емес. Ма­шина-трактор паркін жаңарту дәрежесі соңғы 20 жылда 10-12,5 пайыздан 1-3 па­йызға дейін төмендеді. Ауыл шаруашы­лығының техникамен қамтылу деңгейі әр 1000 гектар егістік жерге шаққанда Германияда – 124, Голландияда – 91, Ұлыбри­танияда – 86, Францияда – 85, Бельгияда – 82, Италияда – 70, Данияда – 58, АҚШ-та – 35 трактордан келсе, бұл көрсеткіш ТМД-ға қарасты Өзбекстанда – 26, Украинада – 12, Беларусьте – 19, Ресейде – 4 дананы құ­райды.

Астықты орып-жиып алу науқаны орташа 30 күн десек, дән биологиялық жағынан піскеннен кейін 5 күн ішінде оның 5 пайызына дейін төгіледі, 10 күнде – 20, 20 күнде – 33, 40 күнде – 44 пайыз өнім ысырап болады. Яғни агроөндіріс кешенін қажетті техникамен қамтамасыз ету – өнімді толық және дер кезінде ысырапсыз жиып-теріп алу­дың кепілі болып есеп­теледі.

Ауыл ша­руашылығы техникаларымен толық қамтылған елдер егін орағын 5-10 күнде толық аяқтайды. Ал бізде егін орағы айдан астам уақытқа созылып, талай өнім рәсуа болады. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек өнімділігін арттыру үшін техникамен жарақтандыру ісіне баса мән берген жөн.

Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ден қойған мемлекеттер 10-15, 20-30 жылға арналған қысқа, орта және ұзақ мерзімді ауыл шаруашылы­ғын механикаландыру бойынша тұжы­рымдама қабылдайтыны белгілі. Ал бізде ауыл шаруашылығы техникасын жасау мен оны сату жүйесі қалыптаспаған.

ТМД елдері арасында Беларусь пен Өзбекстан трактор және ауыл шаруашылық машиналарын жасау саласын сақтап қалғаны белгілі. Беларусь мем­лекеті трактор және ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласы – негізгі өндіріс саласы болып есептеледі. Мұнда 80-нен аса зауыт және кәсіпорындар ауыл шаруашылық техникасын және оларға қажет қосалқы бөлшектер дайындап шығарады. Жалпы, өндірісте 300-ден аса түрлі ауыл шаруашылық техникалары дайындалады. Беларустер 90 пайыз өз техникасымен қамтылған. Өзбекстанда соңғы 10-12 жылда 230-ға жуық ауыл шаруа­шылық техникалары жасалды және жаң­ғыртылған. Соның ішінде 80-і алыс және жақын шетелдерден алып келінетін тех­никаның орнын басатын машиналар. Мұнда 40-тан аса зауыт пен кәсіпорындар ауылшаруашылық техникаларын және олардың қосалқы бөлшектерін дайындап шығарады, соның ішінде 10-ы шетелдік фирмалармен біріккен кәсіпорындар. Жалпы, Өзбекстанның ауыл шаруа­шылығы 80 пайыз өз техникасымен қамтамасыз етілген. Бұл мемлекеттердегі тәжірибе Қазақстанда индустриялық-инновациялық бағдарламаны дамытуға және ауылшаруашылық машиналарын жасау саласының аяққа тұрып кетуіне өте тиімді болары сөзсіз.

Бауыржан САБЫРБЕКОВ.

Абай.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5409