Сенбі, 23 Қараша 2024
Не дейді?! 9314 0 пікір 11 Қараша, 2014 сағат 12:13

2016 жылы жаңа білім жүйесі енгізіледі

2016 жылы Қазақстанда мектеп бітіруші түлектер мен абитуриеттердің білімін бағалаудың жаңа жүйесі енгізіледі деп мәлімдеді Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов. Оның айтуынша, қазіргі кезде министрлік орта білім мазмұнын жаңартумен қатар білімді бағалаудың жаңа жүйесін әзірлеу бағытында жұмыс жүргізуде. – Бұл жүйе тек қорытынды емтихандарды бағалаумен шектелмей, жоғары оқу орындарына түсу мәселесін де қамтиды. Шынында да қазір жоғары оқу орындарының өздеріне абитуриенттердің білім деңгейінің бір бөлігін анықтауға мүмкіндік беру мәселесі қарастырылып жатыр,- деді министр.

Ведомство басшысы шығармашылық емтихан тапсыру үлгісіндегі мұндай тәжірибенің әлемдегі жоғары оқу орындарында бұрыннан қолданылып келе жатқанын айтты. Әсіресе, мұндай тәсіл медициналық оқу орындарына қажет екені сөзсіз. Сондықтан, министрлік бұл мәселені халықаралық сарапшылармен бірлесе отырып, талқыға салмақ. Жалпы алғанда, жаңа стандарттарды мақұлдау мен енгізу шаралары 2015 жылы, ал білімді бағалаудың жаңа жүйесі 2016 жылы толығымен енгізіледі.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев білім беру саласының елімізді инновациялық тұрғыда дамытуда үлкен рөл атқаратынын жиі-жиі айтып келеді. «Біздің жастарымыздың орта, техникалық-өндірістік, жоғары білім алуының аса үлкен маңызы бар. Елімізде жұмыс істейтін компаниялар мемлекеттің көмегімен жас мамандарды даярлау мәселесін өз жауапкершілігіне алу үшін дуалды білім беру жүйесін дамытқанымыз дұрыс. Ол үшін Еуропа елдерінің үздік тәжірибесін тағы бір рет қарап шығу қажет»,- деп қадап айтты Н. Назарбаев Білім және ғылым министрін Ақордада қабылдаған кезінде.

 Жақында Атырауда өткен дуалдық жүйені енгізу мәселелеріне арналған республикалық мәжілісте Аслан Сәрінжіпов неміс дуалдық жүйесінің артықшылықтарына тоқталды. Айтпақшы, біздің елімізде осы жүйені енгізуге Елбасы Н. Назарбаевтың 2012 жылғы ақпандағы ГФР-ға сапары аясында кәсіби-техникалық мамандарды даярлауда неміс моделін пайдалану туралы мәлімдемесі негіз болған-ды. Ал, өткен жылдың сәуір айында «Қазақстандағы дуалдық оқытуды енгізу» атты пилоттық жобаны жүзеге асыратын келісімге қол қойылды. – Бұл жүйе көптеген алдыңғы қатарлы елдерде қолданылып, өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Яғни, ол 2+2 моделін қолдану: екі жыл теорияны оқыту және екі жыл кәсіпорында тәжірибеден өту. Германияда маман даярлаудың 70 пайызын – жекеменшік сектор, 30 пайызын – мемлекет мойнына алған. Ал, бізде керісінше ғой. Сол Германияда егер компаниялар білім беру саласына инвестиция салмаса, оны салық түрінде төлейді,- деді А. Сәрінжіпов.

Әрине, әлемдегі ең үздік болып саналатын немістердің бұл саладағы тәжірибесі бізге қажет-ақ. Мысалы, онда мектеп бітірген түлектердің жартысынан көбі дуалдық жүйенің аясында мемлекет ресми түрде мойындаған 350 мамандықтың бірін алып шығады. Мамандық алу басқа елдердегі кәдімгі мектептегі кәсіби оқудан бөлек. Аптаның төрт күнінде кәсіпорында практикалық дәріс жүргізіледі, ал теориялық білім аптасына екі рет кәсіби мектепте оқытылады. Оқу мерзімі – 2-ден 3,5 жылға дейін. Атап айтарлығы, кәсіби-техникалық оқудың ақысы дәріс тыңдаушыларға ақшалай сыйақы төлейтін кәсіпорындар мен мемлекеттің мойнында. Қазіргі кезде Германияда бұл бағыттағы жұмыспен 500 мыңға жуық кәсіпорындар, мемлекеттік қызмет жүйесі және ерікті мамандықтар өкілдері айналысады. Оқушыларға қажетті орындардың 80 пайызын шағын және орта дәрежедегі фирмалар ұсынады. Сайып келгенде, дуалдық жүйенің арқасында осы елдегі 15 пен 19 жас аралығындағы жастардың мамандығы жоқтарының үлесі бар-жоғы 4,2 пайызды құрайды. Яғни, Қазақстанның осындай үздік халықаралық тәжірибені өзіне үлгі етуінің өзі білім беру саласын жетілдірудің жаңа кезеңіне өткенін көрсетеді.

 

Әмірлан Әлімжан

 Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5351