Сәрсенбі, 11 Желтоқсан 2024
Билік 4855 0 пікір 10 Қараша, 2014 сағат 03:00

«САЛАМАТТЫ ҚАЗАҚСТАН»: АЛЫС АУЫЛДАҒЫ АХУАЛ ҚАЛАЙ?

«САЛАМАТТЫ ҚАЗАҚСТАН»: АЛЫС АУЫЛДАҒЫ АХУАЛ ҚАЛАЙ?

Еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытуға 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы­ның негізгі мақсаты еліміздің орнықты әлеуметтік-демографиялық дамуын қамтамасыз ету үшін халықтың денсау­лығын жақсарту болып табылады. Соны­мен қатар бағдарламаның бірінші кезе­ңінде халықтың өмір сүру ұзақтығы 69,5-ке дейін болса, екінші кезең 2015 жылға қарай 70 жасқа дейін ұлғаю күтілуде.

Елбасы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақ­стан» атты Жолдауында жаңа кезеңдегі елдің дамуындағы саясаттың бір бағыты медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту және денсаулық сақтаудың жоғары технологиялық жүйесін дамыту керектігі атап көрсетілген еді. Сондай-ақ денсаулық ұйымдарының материал­дық-техникалық базасының жарақталуы, клиникалық мамандардың кәсіби дең­гейін арттыру және бұл салаға медици­налық көмектің ұйымдастырылуы мен көмек көрсету үдерістерін басқарудың қазіргі технологияларын енгізуді, меди­циналық көмекке ақы төлеудің тиімді әдістерін енгізуде айтылған болатын.

Сонымен қатар Жолдауда Елбасы «Саламатты өмір салты мен адамның өз денсаулығы үшін ынтымақты жауапкер­шілігі қағидаты – міне, осылар денсаулық сақтау саласындағы және халықтың күнделікті тұрмысындағы мемлекеттік саясаттың ең басты мәселесі болуы тиіс» деп атап көрсеткен болатын. Елбасының бұл Жолдауынан кейін, халықтың сол кездегі денсаулық жағдайына сәйкес «Саламатты Қазақстан» бағдарлама­сының басым бағыттары мен іске асыру тетіктері айқындалған болатын. Қазіргі таңда бағдарламаның 2014-2015 жылдар аралығындағы ІІ кезеңі жүзеге асуда. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында облыста көптеген медициналық ұйымдар жаңадан бой көтерсе, бірша­масы күрделі жөндеуден өтіп, өңірдегі денсаулық саласының жұмысы қарқынды жүруде.

Өткен аптада мемлекеттік «Сала­матты Қазақстан» бағдарламасы аясын­да аймақта денсаулық саласы бойынша жаңадан салынып және күрделі жөндеу­ден өтіп жатқан денсаулық ұйымдарының жұмысымен танысу үшін облыс орталы­ғындағы бір топ бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері Қармақшы ауданына жолға шықтық. Аудан облыс орталығынан шалғай жатқанымен жаңадан салынып жатқан жол алыс жолды аса сездіре қоймады.

Көзді ашып-жұмғанша Қармақшы ауданына қарасты ІІІ Интернационал ауылына да жеттік.

Бұрынғы балабақшадан жаңа емханаға

Пресс-турдың алғашқы бағыты оннан астам ұлттың өкілі қоныстанған ІІІ Интернационал ауылы болатын. Бүгінде ауылда 2578 тұрғыны бар. Оның 1782-і ересектер, 81-і жасөспірімдер болса, 715-і балалар екен. Түрлі ұлт өкілдері тіршілік етіп келетін ауылдың негізгі кәсіп көзі – егін шаруашылығы. Өткен аптада сәрсенбінің сәтті күнінде ауылда егінге орақ түсіп, диқандар ала жаздай еткен еңбегін жинауға кіріскен екен.

БАҚ өкілдері ат басын бұрған бұл елді мекенде «Саламатты Қазақстан» бағдар­ламасы аясында жаңа дәрігерлік амбу­латория бой көтеріпті. Бұған дейін халыққа қызмет еткен медпункт 2003 жылдан бері ескі балабақша ғимара­тында орналасқан. Он жылдан астам шағын ғимаратта орналасқан дәрігерлік амбулаторияда бүгінде бір дәрігер 9 медбике қызмет атқаруда екен. Сонымен қатар 5 орынды күндізгі емдеу ста­ционары мен дәріхана да жұмыс жасап келеді. Пресс-тур барысында медпункт­тің күндізгі емдеу стационарында ауыл тұрғындары күнделікті ем қабылдап жатқанын байқадық. Ауыл ақсақалдары ақ халатты абзал жандарға дән риза екендіктерін айтып, жаңа емхана салып берген облыс басшылығына алғыстарын жеткізді.

Дәрігерлік амбулаторияның дәрігері Зульфия Муханбетованың айтуынша, ауылда соңғы он жыл ішінде ана өлімі орын алмаған. Өткен жылы 50 бала дүниеге келсе, ағымдағы жылдың 8 айында 37 нәресте дүние есігін ашқан екен. Дәрігер ауылдың аудан бойынша туу көрсеткіші бойынша алдыңғы қатар­да екенін мақтана айтып өтті. Дәрігер З.Муханбетова өткен жылдар­мен салыс­тырғанда ауылда анемия ауру­лары азайып, есесіне бүйрек аурулары күннен күнге артып келе жатқандығын жасыр­мады. Сондай-ақ облыс әкімі өткен жылы елді мекенге келген уақытында ауылға жаңа дәрігерлік амбулатория салу жос­парға енгізілетінін айтып, биыл құрылыс жұмыстары басталып, аз уақыт ішінде жаңа ғимаратта халыққа қызмет көрсе­тетініне қуанышты екенін айтып өтті.

Ауылдағы жаңа дәрігерлік амбула­тория ғимаратына тоқталсақ. Облыстық құрылыс басқармасының тапсырысы бойынша медпункт құрылысын бас мердігер «Атамекен» ЖШС жүргізген. Ғимарат құрылысын жобалаған «Пром­медконтракт» ЖШС. Құрылысқа бөлінген қаражат 83 584 182 теңгені құрап отыр. Ағымдағы жылдың наурыз айында басталған құрылыс жұмыстары құжат бойынша шілде айында аяқталуы тиіс болатын. Алайда межелі уақытында аяқталмаған жұмыс қазан айына дейін пайдалануға берілмек. Алдағы уақытта жаңа ғимаратқа орналасатын дәрігерлік амбулаторияда 2 дәрігер, 14 медбике жұмыс жасамақ. Елу келушіге арналған жаңа дәрігерлік амбулатория ғимараты­ның іші кең, әрі жаңа құрал-жабдық­тар­мен жабдықталмақ. Онда 10 адамға арналған күндізгі емдеу стационары да бар екен.

«Дәрігерлік амбулатория жаңа ғимаратқа көшкен уақытта, ескі ғимарат балабақша болатын шығар?» деген БАҚ өкілдерінің сауалына аудандық ауруха­наның бас дәрігері Б.Нысанбаев «Бала­бақша болмайды, бәлкім кәсіпкерлік бөліміне берілетін болар» деп жауап берді.

 Ауданда гинеколог маман жетіспейді

Пресс-турдың келесі бағыты Қар­мақшы ауданы болды. Аудан орталы­ғында үш қабатты 250 келушіге арналған емхана құрылысы жүріп жатыр екен. Өткен жылдың наурыз айында бастаған құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың қазан айының орта шенінде аяқталу жоспарланған. Құрылыс жұмыстарын «ҚазҚұрылыс Сервис» ЖШС жүргізіп келеді. Құрылысқа 1 млрд. 480 млн. теңге қаржы бөлінген. Кең сыйымдылықтағы бұл емхана «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізіліп келеді екен. Қазіргі таңда аудандық емхана медициналық құрал-жабдықтармен 86,4 пайызға қамтылған көрінеді. Сондай-ақ емхана ғимараты автономды жылу орталығымен қамтылған.

Амбулаториялық-емханалық қызметі бар, Қармақшы аудандық аурухананың бас дәрігері Б.Нысан­баев:

Қармақшы аудандық денсаулық сақтау саласы бойынша үстіміздегі жылы жоспарланған аудандық емхана күніне 250 келушіні қабыл­дайтын болады. Қазіргі таңда емха­наның құрылысы аяқталуға жақын. Аудандық орталық емхана пайда­лануға берілгеннен кейін аудандағы денсаулық саласының деңгейі жақсара түспек. Өйткені жаңа ем­ханаға жаңа құрал-жабдықтар келіп, емхананың материалдық-техни­калық базасы нығая түсетін болады. Және жаңа құрал-жабдықтарды пайдалана отырып, халықтың ден­саулығын жақсартуға тиянақты жұмыс жасайтын боламыз.

Сонымен қатар ІІІ Интернационал және Ақай елді мекендеріндегі дәрігерлік амбулатория құрылыс­тары аяқталуға жақын. Алдағы уақытта бұл денсаулық мекемелері іске қосылып, пайдалануға берілмек. Өткен жылы Төретам кентінде ауыл­дық емхана құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген болатын. Қазіргі таңда ғимарат та, құрал-жабдықтар да жаңарып, жұмыс жасауға толық жағдай жасалды.

Аудан орталығындағы маман мәсе­лесіне келер болсақ, ауданда 88 дәрігер, 414 орта буын медицина қызметкері жұмыс жасауда. Өткен жылы аудандағы денсаулық ұйымдарына 4 жас маман жұмысқа орналасқан. Биыл да 3 дәрі­гердің, бірі Ақжар, бірі Ақай, енді бірі аудандық емханаға жұмысқа орналасқан. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жолдамамен ауылға келген жас мамандарға бір реттік көтерме қаржы беріліп, төмен пайыздық мөлшерлемемен несиеге үй берілген.

Бас дәрігер Б.Нысанбаевтың ай­туынша, аудан бойынша жүрек қан тамырлары аурушаңдығы бірінші орында тұр екен. 2013 жылы бұл аурушаңдықтан көрсеткіш 47,9 пайызды көрсетсе, үстіміздегі жылы 51,8 пайызға өскен. Одан кейінгі кезекте травматологиялық аурулары және онкологиялық аурушаң­дығы екен. Аудан тұрғындары арасында туберкулез ауруы өткен жылмен салыстырғанда біршама төмендеген. Мәселен өткен жылы көрсеткіш 60,8 пайызды көрсетсе, биылғы жылы 39,3 пайызды көрсеткен. Алайда аймақта онкологиялық аурушаңдығының өсуі қарқынданған. Бұл ауру түрінен көрсеткіш былтыр 92,5 пайыз болса, биыл 106,3 пайызды құрап отыр екен. Соңғы уақытта белең алып келетін ауру түрлерінің алдын алуда тыңғылықты жұмыстар атқары­луда. Мәселен аудан тұрғындары ара­сында скринингтік тексеру жұмыстары 75-80 пайыз аралығында орындалып, науқастарды ерте сатысында анықтау, емдеу шаралары қолға алынған.

Аудандық орталық емхана құрылысы аяқталғанша, емхана аудандық аурухана ғимаратына жайғасқан. Аурухананың бірінші қабатында жұмыс жасап келетін емхананың жұмысы тыңғылықты деп айтуға болады. Себебі ауданда соңғы 3 жылда ана өлімі тіркелмеген, ал бала өлім-жітімі 7,9 пайызды құрап отыр екен. Бүгінде емхана жанында ана мен бала, салауатты өмір салты, қант диабеті кабинеттері жұмыс жасап келеді.

Аудандық емхананың құрылыс алаңында болған БАҚ өкілдері мұнан соң аудандық аурухананың бу қазандығына бас сұқты. Бұрын дау болып келген бұл бу қазандығы биыл күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңа пештер орнатылған екен. Алдағы қыс маусымына аурухана бу қазандығы сақадай сай көрінеді.

Қармақшы ауданындағы орталық аурухана 1986 жылы пайдалануға беріл­ген. Ағымдағы жылдың шілде айынан бастап аурухананы күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары қолға алынған. Күрделі жөндеу жұмыстарына 166 млн. теңге қаражат бөлінген. Сонымен қатар ауру­хананың кәріз жүйелеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында қажетті құжаттамалар дайындалып қойылған екен. Алдағы уақытта кәріз жүйелері толық жаңартылмақ. Оған қоса, аурухана айналасын абаттандыру жұмыстары да қолға алынған. Пайдалануға берілген уақыттан бастап, күрделі жөндеу жұмыс­тары жүргізілмеген аурухана бүгінгі күні қайта жаңғыртылып жатқа­нына аурухана қызметкерлері мен науқастар да риза.

Аудандық аурухана, терапия бөлімінің меңгерушісі, С.Кенже­баева:

Барлығының тозығы жетіп, ауру­хана ғимаратының келбеті төменгі деңгейде болатын. Сондықтан биыл күрделі жөндеу жұмыстары басталып кетті. Осыған орай ауру­хана қызметкерлері өте қуанышты, ем алушы ауыл тұрғындары риза­шылығын білдіруде. Жаңа ғимаратқа көшкендей әсер алудамыз. Ауру­хана ғимаратының жөндеу жұмыс­тары ойдағыдай жүргізілуде.

Аудан тұрғындарының арасында аурушаңдық деңгейі азайды деп айта алмаймын. Себебі біздің ай­мақтың экологиясына байланысты науқастар саны көбеймесе, азаймай отыр. Терапия бөлімшесі 35 орынға арналған болса, оның 10-ы күндізгі емдеу стационар орындары. Өткен жылы УДЗ және рентген аппарат­тары пайдалануға берілген болатын. Алдағы уақытта физ.кабинеттің құрал-жабдықтарын жаңарту қажет. Қазіргі таңда аурухана ашылған жылы пайдалануға берілген құрал-жабдықтар, оның барлығы ескі. Аурухана толық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген.

Аурухананың есік, терезелері жаңаланып, бу қазандығы да жөн­делгеннен кейін алдағы қыс мау­сымында аурухана іші жылы бола­тынына сенімдіміз.

Ауыл тұрғыны, емделуші А.Бө­лек­баева:

Ауруханаға ауыр жағдайда түс­кен болатынмын. Қазір жағдайым біршама жақсарды. Ақ халатты абзал жандарға ризамын, алғысым шексіз. Дәрігерлер мені аяғыма тік тұрғызды. Уақытылы дәрілерін егу­де. Аурухананың жаңарып, жөндеу жұмыстары жүріп жатқанына ауыл тұрғындары өте риза.

Бүгінде ауруханада жеңіл оталар, яғни ішкі ағзаларға және сыртқы сынықтарға ота жасалынып келеді екен.

 Байқоңырлықтарға қолжетімді

Пресс-турдың келесі аялдамасы Төретам кенті болды. Бүгінгі күні кентте 11 мыңнан астам халық қоныстанған. Кентте өткен жылы ауысымына 100 келушіге арналған емхана пайдалануға берілген болатын. Қазіргі заман талабына сай салынған бұл емханада бүгінде 116 адам қызметпен қамтылған екен. Сонымен қатар емхана жаңа құрал-жабдықтармен қамтылып, халыққа қызмет етіп келеді. Атап айтар болсақ, гинекология кабинетінде «Кольпоскоп» және флюрография кабинетінде «Рентгенпром» аппараттары бар екен.

БАҚ өкілдері емхана жұмысымен танысуға келген уақытта мұнда профилактикалық тексеру жұмыстар жүргізілуде екен. Емхана меңгерушісі Нәбира Бектасованың айтуынша, бұған дейін емхана 1994 жылы салынған шағын ғимаратта жұмыс жасаса, қазіргі таңда барлығы қолжетімді, мамандар да жеткілікті. Емхана меңгерушісі басты мәселе деп – Байқоңыр қаласындағы қазақ азаматтарының ішінде мүмкіндігі шектеулі жандардың тегін дәрі-дәрмекке қол жеткізе алмай жүргендігін айтып өтті. Осы мәселеге байланысты емхана қыз­меткерлері Байқоңыр қаласының бір­шама тұрғындарын емханаға шақырып, есепке алып, осы аймақтан тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп келеді екен. Бүгінгі күні кент емханасына есепке тұру қолжетімді көрінеді.

Тағы бір айта кетерлігі, Байқоңыр қаласы тұрғындарының медициналық қызметпен толық қамтамасыз ету мақ­сатында Ресей мемлекеті мен Қазақстан арасында мемлекетаралық келісім шарт арқылы Байқоңыр қаласында көпсалалы емханасы бар аурухана жыл соңына дейін іске қосылады деп күтілуде екен.

Пресс-тур барысында емхана жанын­дағы жылжымалы «Маммокар-У» мамог­рафиялық автокөлігінде скринингтік тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын байқадық. Рентген-лобарант Мария Әбілованың айтуынша, 50-60 жас ара­лығындағы әйелдер арасында тексеру жұмыстары жүргізіліп келеді екен. Маманның айтуынша негізі әйел адам 35 жастан кейін 2 жылда бір рет мамограф дәрігерге қаралу қажет көрінеді.

 

 Ақайда да жаңа емхана

Байқоңыр қаласына іргелес жатқан Ақай елді мекенінде 5 мыңнан астам тұрғын тіршілік етуде. Осы уақытқа дейін ауыл тұрғындары медициналық көмек алу үшін Төретам кентіне жол тартатын. Алдағы уақытта ақайлықтардың өз дәрігерлік амбулаториясы пайдалануға берілмек. Дәлірек айтсақ, Ақай ауылында 30 келушіге арналған медпункт құрылысы бой көтеріп, ғимарат алаңы қоршалуда. Дәрігерлік амбулатория құрылысына 79 млн. 775 мың теңге қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстарын «Азия Даму» ЖШС жүргізген. Санаулы күндерден кейін халық игілігіне берілетін дәрігерлік амбулаторияның жалпы тәжірибиелік дәрігері қызметіне орналасатын жас маман Салтанат Мергенбаева ауыл тұрғыны екен. Ақтөбе медицина акаде­миясын тәмамдаған жас маман «Дип­ломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасқанына риза екенін жеткізді.

Бүгінде құрылыс алаңына ай­налған Қармақшы ауда­нындағы денсаулық саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар қарқынды деп айтуға болады. Жаңа ғима­ратта соңғы үлгідегі озық тех­нологиялармен жұмыс жа­сайтын қармақшылық дәрі­герлер алдағы уақытта қар­мақ­шылықтардың денсау­лығын сақтауда аянбай еңбек етеді деген сенімдеміз.

Д.МАХАНОВА,

Қызылорда облысы.

Абай.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1662