Сенбі, 23 Қараша 2024
Қаржы 4808 0 пікір 7 Қараша, 2014 сағат 16:35

82 НЫСАН САТЫЛДЫ

Еліміздегі жекешелендіру аясында бірқатар нысандардың дұрыс бағаланбауы салдарынан олардың сатылымдағы құны бастапқы құнынан бірнеше есеге артқан ,- деп мәлімдеді Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Эдуард Өтепов. Айтпақшы, журналистер комитет төрағасына осындай сауал қойып, түпкілікті құны бастапқы құнынан 25 есеге қымбаттаған Шығыс Қазақстан облысындағы «Ритуал-Сервис» ЖШС-інің оқиғасын мысалға келтірді.

«Менің ойымша, бұл нысанды әуел бастан дұрыс бағаламаған. Екінші жағынан, оны табыс әкелетін тәсілдермен бағалай ма, әлде, шығынды тәсілмен бе, ол бағалаушының өз құқығы. Демек, бұл жерде негізгі баға есебінде нысанның теңгермелік құны алынған. Ал, атауынан байқалып тұрғанындай, қызметтің бұл түрі бизнес үшін қызықты, яғни, өте табысты екені айдан анық. Сондықтан да ол нысан тез сатылып кеткен»,- деп түсіндірді министрлік өкілі «Ритуал-Сервис»ЖШС-іне қатысты сауданы. Эдуард Карлұлының айтуынша, кейбір жағдайларда жақсы нысандардың өзі жаңа қожайынын таппай, құны тым төмендеп кететін көрінеді. – Менің ойымша, қандай да бір нысанның құны ең басында шынайы бағаланатын болса, мұндай шарықтаған бағалар болмас еді. Бірақ олар әлі де рекордтық көрсеткіштердің басында тұр,- деді ол.

Жекешелендіру аясындағы сауданың нәтижелері келсек, 2014 жылы сатуға шығарылған 311 нысанның 82-сі сатылған. Оның ішінде, құны 325,9 млн. теңге республикалық меншіктегі 4 нысан, 381,5 млн. теңгеге бағаланған коммуналдық меншіктегі 36 нысан, 3,6 млрд. теңгені құрайтын ұлттық холдингтердің 13 активі, 303,9 млн. теңге ұлттық компаниялардың 32 активі бәсекелестік ортаға өткен. Атап айтарлығы, жоғарыдағы нысандардың бастапқы құны 3 млрд теңгені құраса, олар 4,6 млрд. теңгеге сатылыпты, яғни, бастапқы құнынан 1,51 есеге қымбатқа сатылған.

Қазақстандықтардың мүлік сатып алуға деген қызығушылығы күннен-күнге артып келеді. Мұндай жағдайды қазан айындағы сауда нәтижелерінен де көруге болады. Мысалы, өткен айда сатылған 24 нысанның 2-уі – республикалық меншік («Астана құс» асыл тұқым шаруашылығы» АҚ және «Жер қойнауын кешенді игеру проблемалары институты» ЖШС-і), 13-і – коммуналдық меншік нысаны. Сонымен қатар, сол 24-тің ішінде «Самұрық-Қазына» АҚ-ның 5 («Марс» ЖШС-і, «Ертіс Сервис» ЖШС-і, «МАК Екібастұз» ЖШС-і, «Қазығұрт Оңтүстік» ЖШС-і, «Биоинжиниринг» ЖШС-і), әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың 4 нысаны бар.

Қазанда сатылған ең қымбат нысанға құны 1,021 млрд. теңгеге бағаланған «МАК Екібастұз» ЖШС-ін жатқызуға болады. Ал қатысушылар саны (5 адам) мен бағаны өсіру қадамының саны (50 қадам) бойынша ең көп таласқа түскен нысан – «Қазығұрт Оңтүстік» ЖШС-і. Бұл екеуі де «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның еншілес компаниясы болып табылатын «Қазақстан темір жолы» АҚ-на тиесілі. Сондай-ақ, сатып алуға ниет білдірген адамдарды қызықтырғаны – қызмет түрлері. Аталған екі компания да темір жолдағы жылжымалы құрамды, жол техникасын және темір жол жүк көтергіштерін жөндеумен, қосалқы бөлшектерді дайындаумен, вагондар және арнайы контейнерлерді жуумен айналысады. Қызықты деген өндірістік нысандардың қатарына «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының «Қандыағаш ГТЭС» АҚ-ның акцияларын да жатқызуға болады. Себебі, бұл компания электр қуаты мен жылуды өндірумен және таратумен айналысады. Республикалық меншік бойынша ең тартымды болған нысан – «Астана құс» асыл тұқымды шаруашылығы» АҚ-ы. Өйткені, асыл тұқымды, етті құс өсіріп, оның өнімдерін сатуға шығаратын кәсіпорын кез-келген кәсіпкерді қызықтыратыны сөзсіз.

Әмірлан Әлімжан

Abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364