Жұма, 22 Қараша 2024
Құйылсын көшің 9925 0 пікір 2 Қазан, 2014 сағат 18:10

М. БАҚТИЯРҰЛЫ: ЭТНИКАЛЫҚ КӨШІ-ҚОНҒА ЖЕҢІЛДІКТЕР ЖАСАЛУЫ ТИІС

Бүгін құрамы жаңартылған Парламент Сенатының жалпы отырысында

Сенатор Мұрат Бақтиярұлы Қазақстан Республикасы

Премьер-министрі К. Қ. Мәсімовтың атына депутаттық сауал жолдап көші-қон мәселесін көтерді. Депутат көші-қонға кедергі болып тұрған Үкімет қаулылары мен әкімшілік-құқытық бюрократияны алға тарта отырып «Тәуелсіз еліміздің ұлттық қауіпсіздігі түптеп келгенде мемлекет құрушы ұлттың  өз  жерінде  мүлде  басымдылығына   тікелей  тәуелді екендігін  түбі  бір туысқан екі ел: Ресей мен Украина  арасындағы халықаралық жанжал айқын дәлелдеп берді» деп қадап айтты. Мұрат Бақтиярұлының сауалын әріптестері: Қ. Айтаханов, Қ. Баймаханов, Ж. Ерғалиев, Н. Оразалин қолдады.

 

Құрметті Кәрім Қажымқанұлы!

Осы депутаттық сауалдың жолдауына Қытай Халық Республикасының Үрімші аймағындағы тұратын қандастарымыздың хал-жағдайларын көзбен көріп танысу мен елімізге Қытайдан көшіп келген бір топ оралмандармен кездесіп пікір алысу себеп болды. Оның үстіне Үкіметте бұрын қабылданған «Халықтың Көші-қон туралы» заңына байланысты өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жұмыс жасалып жатқанын білеміз.

Тәуелсіздігімізді алғалы бері алыстағы қандастарымыздың Атажұртқа оралуына, олардың Қазақстан азаматы атануына Елбасы Н.Назарбаев орасан зор роль атқарды. Президентіміз Үкіметке шетелдегі қазақ диаспорасын қолдау жөнінде стратегиялық міндетті белгілеп, дер кезінде нақты бағдарламалар жасаттырып, оның заңдық-құқықтық негізін дұрыс қалыптастыруға үлкен қолдау көрсетті. Нәтижесінде Ата қонысқа оралған қандастарымыз еліміздің өсіп-өркендеуіне,мәдениетіміз бен ана тіліміздің дамуына сүбелі үлестерін қосып келеді.

Алайда көші-қон саласындағы атқарылған жұмыстарды талдау барысы көрсетіп отырғандай, соңғы жылдары бұл мәселеде көптеген кемшіліктер мен олқылықтар орын алғанын айтуымыз керек. Ел өміріндегі күнгейлі тарихи шешімге соңғы кездері «көлеңке түсіру» әрекеттері байқалады. Президент пәрменімен жүзеге аса бастаған ел көшін тоқтатуға болмайды.

Сондықтан төмендегі жайларға назар аудару қажет  деп ойлаймыз:

1. Көші-қон мәселелерін кешенді шешу мақсатында тікелей айналысатын мемлекеттік басқару органдарының іс-қимылы толыққанды үйлестірілмегендіктен, осы сала бойынша шешімдер қабылдаудағы  сабақтастық пен бірізіділіктің болмауы - қоныс аудару шараларына мемлекет тарапынан бөлінген мол қаржыны талан-таражыға салып, сыбайлас жемқорлық көріністері орын алды. Алдағы уақытта мұндайды болдырмас үшін, көші-қонға қатысты бар мәселелерді үйлестіріп, шешіп отыратын нақты бір орталық не қоғамдық кеңес құру қажет деп есептейміз.

2. Соңғы жылдарда елге оралып жатқан өз қандастарымыздың ҚР азматтығын алып, тұрақты тұруы үшін құқықтық және әкімшілік кедергілердің айтарлықтай көбейіп кеткендігі себепті олардың өз елінде қоныстануы мүлде   қиындап кетті.

Жақында  Республика Үкіметі қолданыстағы заңдар мен құқықтық актілерге қажетті өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы қазақ көшін қайта түлетуге шешім қабылдады. Мұны да ел-жұрт ұлттық мемлекетімізді мәңгілікке бекемдеу жолындағы Елбасы саясатымен тікелей байланысты деп біледі.

Біз бұл барыста өз күшіне енген құқықтық жүйені жаңғыртудың белгілі мерзімге созылатындығын жақсы түсінеміз. Ал, әкімшілік кедергілерді тез арада жоюға тек Үкімет басшысы Сіздің өз құзіретіңіз шегіндегі шешіміңіздің өзі шешуші бетбұрыс жасай алады. Аталған кедергілер Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 28 наурыздағы №362 Қаулысы мен  2014 жылғы 19 ақпандағы №111 қаулысы негізінде соңғы жылдарда тұрақты тұруға және азаматтық алуда өз қандастарымызға жасалған ең басты кедергіге айналды.

Аталған қаулыларға сәйкес, тұрақты тұруға және ҚР азаматтығына өтініш берген өз қандастарымыздан «оның азаматтығы мемлекетінің жазбаша келісімі ретiнде болуы мүмкiн кету парағы не шетелге тұрақты тұру үшiн шығуға рұқсатты растайтын басқа құжат» және «келген елінде соттылығының бар болуын не жоқтығын растайтын құжатты» талап ете бастаған болатын.

Ал, келген елінен алып келген сол құжатқа сол елдің осындағы дипломатиялық өкілдіктері мөр басып мақұлдайтын болған. Ашығын айтқанда, аталған екі түрлі құжатты әкелу қарапайым оралмандар үшін құқықтық тұрғыдан мүмкін болғанымен, іс жүзінде мүлде мүмкін емес. Қазақ көшінің жиырма жылдан аса тарихында елге оралған қандастарымыз дәл осындай қолдан қиындатылған кедергіге кездескен жоқ еді. Әрине,  ҚР Үкіметінің аталған қаулылары елімізге сырттан келетін келімсектердің көші-қон ағынынан туындайтын қауіп–қатерлердің алдын алу мақсатында қабылдағандығын түсінуге болады. Бірақ, бұдан бұрын мұндай талаптардың этникалық қазақтарға қатысы жоқ болатын. Және бұған дейінгі Үкімет Қаулыларының   көбінде мәселе шетелдегі қазақтарға қатысты болған жағдайда, «этникалық қазақ өкілдерінен өзге» деген тіркес арнайы қосылатын. Өкінішке қарай, соңғы бірнеше жылдың көлемінде шетелдегі қазақтар мүддесі көбінде ұмыт қалып, олардың құқықтық дәрежесі өзге де шетелдіктердің дәрежесіне дейін құлдырап кетті.

Елбасымыз 2011 жылы Дүниежүзі қазақтарының төртінші құрылтайында «қандастарымыздың құжат тапсыруда, тіркеуге тұруда, азаматтық алуда кездесетін түрлі кедергілерді жоюды» қадап тапсырған болатын. Ең өкінерлігі, қазір қазақ көшінде қалыптасқан күрделі жағдай Елбасымыздың сол тапсырмасының мүлде орындалмағандығын көрсетеді.

         Тәуелсіз еліміздің ұлттық қауіпсіздігі түптеп келгенде мемлекет құрушы ұлттың  өз  жерінде  мүлде  басымдылығына   тікелей  тәуелді екендігін  түбі  бір туысқан екі ел: Ресей мен Украина  арасындағы халықаралық жанжал айқын дәлелдеп берді. Сол себепті, шетелдерде тұратын өз қандастарымызды өздерінің бірден-бір тәуелсіз отаны Қазақстанға топтау кезек күттірмейтін қасиетті міндет.

         Сол себепті Сізден Үкіметтің аталған қаулысының (2014 жылғы 19 ақпандағы №111қаулы) қандастарымыз тұрақты тұруына ең басты кедергіге айналған сол екі түрлі құжаттың алдына «этникалық қазақ өкілдерінен өзге» деген бір ауыз тіркесті қосып толықтыруыңызды сұраймыз.

3.  Отанына көшіп келген қандастарымызға азаматтық берудің мерзімін бір жылға дейін созбай әуелгідей үш айдың көлемінде беру қолға                      алынса. Елімізге еңбек көші-қонымен келушілерге қойылатын шарт-талаптарды бүгінгі уақыт талаптарына сай қайта қарап, жетілдіру кезінде, этникалық қазақтар яғни оралмандар көшіне еш зияны тимеуі керек. Көптеген өркениетті елдер еңбек көші-қоны мен этникалық көші-қонға екі түрлі көзқараспен қарап, еңбек көші-қонының талаптарын барынша қатайтып, ал этникалық көші-қонға барынша жеңілдіктер жасайды. Сондықтан да, алдағы уақытта этникалық көші-қонымен келетін қандастарымызға барынша жеңілдіктер жасалуы тиіс.

  1. Оралмандар мен олардың отбасы мүшелерін бейімдеу мен ықпалдастыру тетігін жетілдіру, оларға қаржылай және басқа да түрлі көмектер берілгенде олармен нақты келісім шарт жасау мәселесін де қолға алу керек.
  2. Көшіп келген және көшіп келетін оралмандарды әлеуметтік қолдау жүйесі жетілдіруді қажет етеді. Оларды тұрғын үймен қамтамассыз ету бүгінгі күннің талаптарына сәйкес келмейді. Сондықтан да отандастарымызды  баспанамен қамтамассыз етудің жаңа тетіктерін қарастыру қажет.
  3. Қазақстанға оқу мақсатымен келетін шетелдердегі этникалық қазақ өкілдері ұл-қыздарының Елімізде тұрақты тұруына және азаматтық алуына барынша қолайлы жағдай жасауға, сондай-ақ Алматы және Астана қалаларындағы оқу орындарының жатақханаларына тіркеліп, тұрақты тұрғызып және Қазақстан азаматтығына қол жеткізуге қолайлы мүмкіндік жасалуы қажет деп білеміз.

Құрметті Кәрім Қажымқанұлы! Біз көтеріп отырған осы мәселеге үкімет барынша назар аудара отырып, шет елдердегі қандастарымызды көшіріп алудың бүгінгі күннің талаптарына сай жауап беретін жаңа жүйесін тез арада жасалатынына сенеміз.

 

Құрметпен,                                                                 М. Бақтиярұлы,

                                                                                     Қ. Айтаханов,

                                                                                     Қ. Баймаханов,

                                                                                     Ж. Ерғалиев,

                                                                                     Н. Оразалин.

Abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1443
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3206
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5196