Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Мәйекті 5472 0 пікір 2 Қазан, 2014 сағат 11:07

ЖАСЫҢ ЖЕТІП СЕНДАҒЫ ҚАРТАЯРСЫҢ

 

Әкең де осы жерде өлер енді,

Тәңірдің жазуына көнер енді

О, жалған, сағындым ғой тым болмаса

Алып кеп бір иіскетші немеремді...

 

(Алтынбек Қоразбаев. «Қара шал» әні)

 

Күнделікті күйбің тіршілікпен көп нәрсені елемейтініміз рас.  Бірде  уақытты сылтауратсақ, кейде қысқа жіптің  күрмеуге келмейтінін айтып  ақталып жатамыз. Қарапайым отбасылық жылуға  зәру  жандар тек жылына бір келетін мереке  кезінде ғана  өз туыстарына  болмаса да,  қоғамға қажет екендіктерін сезінеді.

Айтулы мейрам қарсаңында  біз де  Ақтөбедегі  қарттар мен  мүгедектер  үйіне бас сұқтық. Мерекеге жиналған  тағдырластардың қуанышында шек жоқ.   Кейбірі  студенттер  мен   оқушылар  шырқаған әндерге билеп жатыр. Алайда, біржолғы мереке қарияларға перзент қамқорлығының орнын толтыра ала ма?

56  жастағы байғаниндік  Найзбек Сатқанның  мұнда келгеніне көп бола қоймапты. 2-топтағы  мүгедек  жан жұмысқа  жарамсыз болғандықтан,  отбасылы балаларына салмақ салғысы келмегенін айтады. 

Ал Болат  атаның   екі көзі су қараңғы. Бұл жерді паналағанына 2 жылдан асыпты. Кішкентайынан әнді жанына серік еткен ақсақал аз уақытта  өз ортасының  мақтанышы болып үлгерген.

Болат  МҰХАНОВ, қарттар  мен мүгедектер  үйінің тұрғыны:

-         Бірінші көзім қызылшадан көрмей қалды. Екіншісінен жұмыс барысында  айрылдым. Қандыағаштан 15 шақырым қашықтықтағы  Жарық деген жерде тұрғам.  35 жыл шопан болдым.  Бір қызым, бір ұлым бар. Ұлым белгілі бір себептермен 7 жылға сотталып  кетті. Қазақ халқы қыздың қолында тұрмаған ғой. Сосын осында келуді ұйғардым. Келгеніме 2 жылдан асты. Бастапқыда 2-3 ай қиын болды. Көз көрмегендіктен,  асханаға  жетудің өзі  мұң  еді. Қазір үйрендім. Шайымды өзім  құйып ішем,  радионы қосып,  хабар тыңдаймын.  

 «Ән  қоржынымда» Заттыбек Көпбосынұлының  10-ға жуық әні бар, -- деп атай өзінің қоңыр даусымен әншінің  «Балапан бақыт» әнін орындап берді.

Тағдырдан опық жеген қарияны  арам ниетті адамдар да айналып өтпепті. Ембі түрмесінде  отырған   баласын  құтқарам  деп несие алған Болат зейнетақысын банкке  беруге мәжбүр. Айтуынша, уәде берген адам ізін суытқанға ұқсайды.  Алайда  қарттың үміті үзілген емес.

Келер күнге  үлкен сеніммен қарайтындардың бірі – 41 жастағы  Алпысбай  Нарымбаев.  Көзі көрмесе де,  көңілі  ояу жігіт ағасының   отбасын  құрсам деген  ойы бар. Келу себебін сұрағанымызда сөзін:  «Бойдақпын, бұл ортаға негізінде өзіме тең жар іздеп келдім. Бірақ  әзірге реті болмай тұр» деп  әзілмен бастады. 27 жасында тамыры байланып оң  көзі мүлдем  көруден қалған. Сол жақ көзі  тек аяқ астындағы  жарықты ғана ажаратады. Ата-анасынан  15 жасында айрылған.

Алпысбай НАРЫМБАЕВ, қарттар  мен мүгедектер   үйінің тұрғыны:

-         Бес ағайындымыз.  Ауылда 15 жыл үлкен ағамның қолында тұрдым.  Кейін қалада үш жыл тұрдым. Балконға шығасың... Көзің көрмегесін сыймайсың ғой. Сөйлесетін адам  да  жоқ.  Бұл жерден өзіме жақын достар таптым.  Көңілім бөлінеді. Жұмыс та жасағым келеді....

Қарттар үйінде көңіл жарастырып, жұбайлық бақытқа жеткендер де бар. Ольга Лымарь  мен  Геннадий  Голубенконың  бір бөлмеде тұрып жатқандарына көп бола қойған жоқ.   Мекеме қызметкерлері  осыдан кейін бұрын қаңғыбастыққа салынып, күтусіз  жүрген Геннадийдің  денсаулығы  жақсарғанын, үсті-басы түзелгенін айтады.

Аядай бөлмеден жылулықтың лебі еседі. Бірақ  өз отбасыңа   не жетсін?!  Сөз арасында  Ольга  Константиновна  балаларына деген өкпесін де жасырмады.

Ольга Лымарь, 65 жаста: 

-         Екінші топтағы мүгедекпін. Өз еркіммен келдім. Екі балам бар. Біреуі - Мәскеуде, екіншісі - Орынборда тұрады. Жағдайлары жақсы, бірақ  көмектеспейді. Хат жазбайды. Қоңырау шалмайды.  Тіпті шешесінің аты кім екенін де  ұмытып қалған шығар?! Әкелері ертеректе қайтыс болды. Оларды жалғыз өзім тәрбиелеп жеткіздім.

        Қазір балалары ұмытқан  кейуана  қалалық  прокуратураға алимент  өндіру жөнінде  арыз дайындап жатыр. Осылайша, ол  балаларын   заң алдында  жауапқа тартпақ.

Ал бұл жерге келгенге дейін  тұрақты мекенжайы жоқ  тұлғаларға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығында тұрған  Геннадийдің үйсіз қалуына  қарындасы себепкер көрінеді. Іс-сапарда жүргенде пәтері мен саяжайын сатып жіберіпті.  Өзіне тағдырлас, әрі мұңдас жанды тапқан  қарт осы күніне  де шүкіршілік ететін сыңайлы.

Бүгінде қарттар үйін барлығы  296  адам тұрақтап жатыр. Оның 108-і зейнет жасына жетпеген мүгедек болса, 188-і қарт адамдар. Мекеме  директоры Ермек  Бейсқалиевтің айтуынша, олардың әрқайсысының өз тағдыры бар. Бірін балалары  бақпаса,  кейбірі - жас кезінде  қателік жасап,  абақтыдан соң барар жер, баспана таппағандар. Енді бірінен  мүгедектігіне  байланысты отбасы  мүшелері бас тартқан. Араларында  кезінде лауазымды  қызмет атқарған  белгілі тұлғалар да бар.

Қариялар  бұл жерде өздеріне   барлық жағдай жасалғандығын айтады.  Бес мезгіл тамақтанады. Кітапхана, медициналық пункт, демалыс залы мен мерекелік шараларға арналған салтанат залы бар. Бос уақыттарында  еңбекке араласуына, тігін тігіп, етік жамауларына да болады. Жасы жетіп, өмірден өтсе, өз әдет-ғұрпына, дініне сәйкес о дүниеге арулап  шығарып салады. Мемлекеттік мекемеде қанша жерден үлде мен бүлдеге оранып отырса да,   туған  үйінің  түтініне, немеренің  тәтті  қылығы  мен  отбасының  жылылығына  ештеңе жетпейтінін анық ұғады олар.

 

Р. S:   Қарттар мен  мүгедектердің интернат  үйінен шығып  бара  жатып  көзім еріксіз   мекеменің  қаспетіне түсті. Онда  көрнекі  әріптермен  «Қарттарын қадірлеген ел бақытты» деп жазылыпты. Жүрекке жылылық оятатын мақал мені еріксіз ойға қалдырды.  Ата-анасын   осы  жерге әкелерде   безбүйрек балалары  бастарын  жоғары  көтеріп  қарады  ма екен?  Қараса, балалық  махаббаты оянып  ниеттерінен қайтар ма еді?  Өздерін  бағып-қаққан,  бүгінгі күнге жеткізген  ата-аналарының қадірін түсінер ме еді? Әй қайдам, байқамаған  шығар?! Әлде көрсе де,  көңіл түкпіріне жетпеген болар?!

Жансая Есмағанбет

jansaya_ar@mail.ru

Суретке түсірген Лилия БЕЛИКОВА

Ақтөбе облысы

Abai.kz 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2047