ИТ ТІРЛІК
Әңгіме
Бисмиллаһ деп сары машинасына мінген Саматтың жаны жай тауып, көлігін баяу жүргізіп келеді. Оған жер бетінде сары машинаның үстінен басқа тыныш орын жоқ. Бұл сәт Саматтың ит тірліктен бір сәтке алыстап тынштыққа шоматын шағы. Осы бір тыныштықты бұзғысы келмей күнде үйінен ерте шығып жұмысына абдырамай барып, үйіне асықпай келеді.
Зулаған көліктер легі еш толастар емес. Ерсілі-қарсылы құйындай жүйткиді. Саматтың артынан аз еріп одан түк шықпасын сезіп сигнал береді, болмағасын жанынан бебеулетіп қарсы бағытқа шығып кетіп жатты. Тағы біреулер «ішің ауырып келе ме-ей, айдамайсың ба жылдамырақ» деп жанынан өте терезесін түсіріп былапыт сөздерді басына саңғырта салады. Асыққандар Саматты одан сайын сыбап келеді. Мүддесіне еш қатыссыз нәрсеге «кайфын» бұзғысы келмеген Самат көлігінің төрт жағындағы жылтылдаған шырақтарын қосты. Алапат жүргізушілер ептеп қарсы бағыттың босай қалған сәтін пайдаланып «гу» етіп жанынан зулайды. Қалағада ілінді. Сеңдей соғылысқан сан көлік, иін тіресіп, құйрық тістеседі. Көлдей көлкіген көліктер теңізі, көшеде ине шаншар орын жоқ. Миллиондар мекені – Алматы. Кептеліс. Көліктер бір жүріп екі тоқтап, үш жүріп төрт тоқтайды, Саматтың іздегені де осы одан сайын жаны жайланды. Райымбек даңғылынан көтерілгені сол темір тұлпарлар ауыздықпен алысып бірін-бірі қуып құйын-перен болды да кетті. Соңғы кездерде қаланың барлық жері тас бауыр, без бүйрек камераларға толып, төбелерінен төніп, аяусыз шатырлатып түсіріп тұрса да, сол сәттегі ырғақты бұзғысы келмеген қазақтар газді еш азайтпастан құйындатады. Айыппұлын несие алып төлей салады. Самат жұмысына жетіп көліктен түскен беті аз күннен бері мұғалімдердің мазасын алып жүрген «индавни фонд» деген сөз басына сақ ете қалды. Осы қу сөз шыққалы бері, өзі баласынан әкесі жамбас ақы сұрағандай өз аулаларына көлік тоқтату ақылы болды. Бұл қу термин бас бухгалтердың миына мықтап еніп алғалы қашан. Қылдан тайған мұғалімнің жалақысын қиып түсіреді, сол жақ иықтағы күнәңді жазып отыратын періште сияқты. Үлкен есіктен кірген-шыққаныңды жазып тұратын қондырғысы тағы бар. Сағатына қараған Самат енді сабақ уақытының таяғанын көріп, адымын жиілетіп аудиторияны асыға ашты. Бір түрлі күлімси иіс қолқаны қабады. Мынау сасытып тұр ма дегендей Самат төрде ілулі тұрған қытай ойшылы Күң Зының ұйқымен ояудың ортасындағы кейпіне қарады да терезе ашты. Суық жел бірдеме іздеген «овчаркадай» ішке тіміскілей енді. Көкшулан бұлттар көкте тынымсыз жылжып барады. Алты ай бойы аспанда паңдана тұрған ағаш жапырақтары, күздің қоңыр желімен жерге баяу түседі. Тақтаның қиғаш қапталында қалқиып мүлде қосылмайтын ескі теле жәшік тұр, оң қаптал лықсыған кітаптарға толы. Заңзуша, Монғолша, Ұйғырша, Қырғызша кітаптарда жүр арасында, басқасы дерлік қытайша медицина саласының кітаптары. Мамандықтарымен еш қатысы жоқ. Түкке керексіз кітаптар құдды мамандығы келмесе де көз қысты бармақ басты болып жұмысқа кіріп алатын біреулер сияқты сөрені жаулап алған. Самат бұлар қайда жүр кешігіп деп өзіне-өзі сөйлеп қояды. Аузында шайнамасы, қолында қолфоны, құлағында қабы бар Арман есіктен енді. Артынша бетімен мойын терісі екі бөлек Арзу да келді.
– Қалғандар қайда?
– Ағай Арыстан ауырып қалыпты. Жаңа маған хабарлама жіберіпті, – деді Арзыу сыңси еркелеп.
– Гүлсім және Талшын, Бериман қайда?
– Оларды білмейміз, – деді екеуі жарыса.
Бүгін жаңа лекция деп Самат ағай қара тақтаның дәл ортасына "Чүй Юан" ақын және оның "Чу бәйіттері" деген тақырыпты қытайша бадырайтып жазды. Үш жыл бойы есімдерін де дұрыстап қытайша жаза алмайтын олар, бес ироглифпен жазылған жазуды танымай қолфондарымен іздеп жатты. Бұларға қытай тілінде лекция оқу «сиырдың құлағына домбыра шерткенмен бірдей» екенін білген Самат амалсыз сабағын қазақша бастады.
Чүй Юан ақын біздің жыл санауымыздан бұрынғы 340-278 жылдарда өмір сүрген, әуелгі аты Миң Пиң, жауласқан бектіктер дәуіріндегі Чу елінің тумасы... Кенеттен есік ашылды. Пістиген мұрын алдымен көрінді. Шашы жалбыраған екі мұғалима есік жамылып тұрып
– Шабдарбаев сіз бе? – деді.
– Иә, иә – деп безектеген Самат сабақ тексергіштерден құтылды. Оларға не сабақ өтіп жатсың, қанша студентің бар, қандай пән деген қызықтырмайды тек класта отырсаң болды. Болмасаң жалақыңа қол салғыштар осылар. Ол сабағын қайта жалғады.
Чүй-Юан ғұмыр бойы қайырымдылық пен әділеттілікті, халықшылдықты дәріптеген ақын. Ол өз отанының жойылып бара жатқан тағдырына ренжіп, жер басып тірі жүргісі келмей, Ми-Луо Жияң өзеніне секіріп өлген. Бүгінде қытай елі оның қайтыс болған күнін отаншылдық күн ретінде еске алады. Шырылдаған қолфон Саматты тоқтатты. Үнсіз бас изектеген ол:
– Дереу толтырмаса болмайтын қалың қағаз келіпті, сіздер отыра беріңіздер, қоңырау болғанда шығыңыздар, – деп есіктен жалғыз-ақ аттап шығып кетті. Асығыс кафедраға кірді. Түсі сұрланған бастық әйел қаңтардағы бурадай бұрқылдап мұғалімдерге "мына қағаздарды жарты сағаттың ішінде толтырасыңдар" деп тасырлата шығып кетті. Бұл қатал әмірші өзі басқаратын ұжымның тілін де ділін де білмейтін жан. Ол бар болғаны уағы өткен «қорқанын сыйлайды» деген ескі тәсілді мықты ұстанғаны соншалық, тақыр жерден шаң шығарып "қыста неге қар жауады?", "неге әжетханаға барасың" деп шыбыннан піл жасайтын ұрда жық менеджер. Ұстаздар сабақтарын бір жолата сырып қойып жоғарыдан келген «modle hand book» деп аталатын бұл бланкіні толтыру үшін әр кафедраны аралап, пән мұғалімдерін іздеп тентіреп кетті. Әр пән туралы толық мәлімет жинау, пәннің маңызы, мақсаты, нысанасы, міндеті, күтілетін нәтижелері мен пайдаланған әдебиеттерін егжей-тегжейлі ағылшын тілінде жазу шарт. Самат та шала сауат ағылшыншасымен кафедра аралап жүр. Кейбір пән мұғалімдері декреттік демалыста болса, кейбірі ауырып қалған, кейбірі сұранып кеткен. Ондайлардың жан телефондарына хабарласып мәліметтер жинады. Осында жүрген оқытушылар өздері сияқты басқа кафедраларды кезіп кеткен. Оларды іздеп кафедраға айналып бірнеше мәрте келді. Сөйтіп жүріп Самат түскі асты, сабақты тәркі етіп түс ауа бар мәліметті жинап болды. Енді бланкіні толтыруға отырды. Шамасы келмеген жерді «Google» мен іздеп жанталасты. Кеш бата зорға бітірді. Құтылдым-ау дегенде "Аударма жасайтын дүниелер келді, соны аударып келіңіз. Бұл кезекті шетел университеттерімен жасалатын келісім шарттар" деп қолына ұстатты бастық. Амалсыз оны арқалап, кептелген көліктердің арасынан жол тауып үйіне жеткенше құптан мезгіл де болды. Есіктен кіре әйелі:
– Осы уақытқа дейін не істеп жүрсің ? – деп қалш-қалш етті.
– Не істегені несі, жұмыстан шықан беті, кептеліске кептеліп жеткенім осы емес пе.
– Елдің байлары бағана келіп алды, сенің жүрісің мынау артта қалып.
– Олардың жұмысы солай да.
– Ерте кетіп, кеш келгенде табатының мардымсыз бірдеңе. Қарашы ана Ерзаттың өзі де, қатыны да, баласы да машина мініп жүр. Мен қашан машина мінем, – деп долданды.
– Үйде отырған әйелге машина не керек.
– Керек-перегіңді білмеймін, қазір жесір әйелдер де темір тұлпар тақымдап жүр, қашан көлік мінем?
– Неменеңе аласың, тапқанымыз тамақтан артылмаса.
Артылмаса қойсын, банктер күнде телевизорда жарнамалап жатыр. Ап-арзан пайызбен көліктерді бекер беріп жатыпты. Ертең жұмыстан ерте шық та, үйге келіп мені ертіп бар, – деп одан сайын көзін шарасынан шығара долданды. Балалары бұрышқа тығылып бастарына сүлгі жауып алыпты, кішкентай қызы мөлт-мөлт етіп жылап тұр.
– Оттапсың, қайдағы көлік саған.
Тумай тұрып тіркеліп қойған балалары әлі бақшаны армандап келеді. Сан барып қузағанда кезек келді. Бірақ "Алғашқы жарнасы мен бірге бала бақшаға 100 доллар берсеңіз алам, болмаса кезегі келмесе де ақшасы көп адамдардың баласын алам" деген бақшаның еркек болмай қалған, сары бет, жуан бас қожайын әйелінің сөзі есіне түсіп: «Балаларды бала бақшаға да бере алмай жүргенде, жөнсіз шүйгіме», – деп ақырып қалды.
– Сен, қайыршы, ертең мектепкеде бере алмайсың. Ол жақта да ақша жинайды.
– Жап аузыңды, – деп шыдамы таусылған Самат амалсыз үйден қайта далаға шыға бергенде "әке" деп қызымен ұлы балағына жармасты. Бастарынан сипап аз ашуы тарады. Бірақ әйелі долданып, буырқанып, бірде шыңғырып, бірде тоқтаусыз бұрқылдап Саматтың басына бар айыпты тағып, жерден алып жерге салып жүнше сабап жатыр.
Амалы таусылған Самат енді үйде тұрса, өзін ұстай алмай бірдеңе бүлдіріп қоямын ба деп, үйреншікті әдетімен өзіне жақындау маңдағы медрессеге жаңағы әйелі айтқан «күнәларын» жуу үшін таң атқанша кезекшілікке тұруға келді. Суық суға бетін қайта-қайта жуып жүріп ұйқысыз таң атырған Самат түнімен бастығының берген аудармасын аударды. Ертемен жұмысына келді. Есіктен кірісіне "аударма дайын болды ма" деген дауыстан ұйқысы шайдай ашылды.
Аудиторияға кірді. Іште жалғыз қыз бала. Бұл топта осы бір ғана студент. Қытай ироглифінен оң-солын таныған оған жүргізіп отырған пәні – көркем аударма. Самат алдыңғы сағаттағы ұлттық бояуды шығарып аудару тәсілі жайлы оқыған лекциясының семинар сағатын бастады.
– Ағай, мен дайын емеспін. Кішкене дайындалсам.
Төрт кереге там Саматқа қарайды, Самат тамға қарайды. Бір-бірінен ұялады. Үнсіздік жалғасты. Ұйқысы келейін деді.
– Ағай, мен оқысам да түсінбедім.
– Иә, сенің түсінбейтініңді білем.
– Қалай білесіз, – деп шырт ете түсті ерке қыз.
– Сен екінші курссың, әлі сөздік қорың жоқ. Ал мына көркем аударманың үдесінен шығу үшін, қомақты сөздік қор болумен бірге, аударма жасайтын екі ұлттың тіл заңдылықтарын, әдебиетін, этнографиясын, тарихын, мәдениетін жақсы білген де ғана көркем аударма жасап ұлттық бояуды шығаруға болады.
– Ағай сонда менің мына оқып жүргенім өтірік болды ғой.
– Солай, сен шамаң келмейтін шоқпарды беліңе байлаған жанға ұқсайсың. Мен амалсыз, жоспар бойынша сабақ жүргізем.
Есік ашылды. Күнделікті ақша қиюдың жолын іздеген сабақ тексергіштер есікті жамылып келген ізімен кері шегінді.
Артынша есік қағылды «кір» деуін күтпестен есік екі елі ашылып ағай сізді бастық шақырады деді бір жіңішке дауыс.
– Былтырғы жылы бітірген студенттердің қайда, қандай жұмыс істеп жатқаны немесе қайда оқығаны туралы тез маған мәлімет бер. Он бес минуттан кейін деканға есеп берімін.
Жан-жаққа ала шапқын болып қоңырау шалды, почталарына хат жазды. Былтырғы бітірген 28 студенттің 15-нен хабар алып, қалғанын жалған ақпармен толтырып кафедра меңгерушісіне ұстатты. Сайлау қарсаңы келді. Соған қазіргі оқып жатқан студенттер туралы мәлімет керек: «Мұнда қай жылы қай жерде туылды, өзінің және әке-шешесінің телефоны, электронды почтасы, тұрақты және жылжымалы мекен-жайы, студенттер қазір қайда, қандай адамдармен бірге тұрады, осының бәрін толықтаңдар» деп факультеттің аға эдвайзері қысқа жиналыс ашты. Енді аудиторяға бара бергені сол тағы телефоны безекетді. Самат кафедраға келді «студенттерді алып ақжағалылар тұратын қалашыққа жиналысқа барасыз» деді бастық байыз таппай безектеп.
Кафедра дәстүрлі сейсенбілік жиналысы, кейде үстелді жұдырықпен түйіп, кейде орнынан атып тұрып, аузынан көбік шаша бұрық-сарық болып, қазандағы тұшпарадай қайнаған меңгеруші, барлық оқытушылар жылына «инфакфактор» бойынша шетелде бір мақала, болмаса «кксон» бойынша үш мақала, айына «жиглвль»-ға бір мақал шығару керек деп өзі де түсіне бермейтін шетелдік терминдерді тізбектеп мына келісім-шартқа қол қойыңдар деп аюдай ақырып барып тоқтады, естері шыққан жаңа келген мұғалімдер қорыққаннан қолдары дір-дір етіп қалай қол қойғанын білмей де қалды. Осы бойынша жұмыс жасамасаңдар есіктерің ашық деген бастық орнынан атып тұрып кафедра есігін ашып жіберді. «Ритингі» бойынша балдарыңыз төмен болса келесі жылғы «конкурсқа» бармайсыңдар деп қайтадан есікті жаба салды. Сонымен бірге мен тапсырған кез-келген жұмысты дәл уағында орындамасаңдар тағы да есік ашық деп орнынан тұрып қайта отырды. Бастық ақ тер-көк тер болып жиналысын зорға бітірді. «Ритингі дегенің ақша ғой деп тарқасты оқытушылар, сол үшін апта сайын бір кездесу, бір дөңгелек үстел, бір балалар үйіне баруды жоспарлап, сабақты ұмытқан оқытушылар бүгін де менеджердің қол астындағы шабарманға айналып кеткендерін өздері де білимей қалды. Сары машинаға міне «мырс» еткен Саматтың есіне Канададағы бір конференцияда тек қазақтың қыз-келіншектері барып алыпты деген болашақпен оқып жатқан досының әңгімесі есіне түсті. Жаны жай тапқан Самат осы бір күйдің үзілмеуін тілеп, үйіне не жұмысына асығып бара жататындарға таңғала жағасын тістеп көлігін жылтылдата баяу айдап келеді...
***
Отбасының бар жағдайын жасау үшін ол бүгінде үш жерде жұмыс істейді. Ақшалары көбейді. Самат азып жағы шүмейді. Оның отбасының тыныштығы аз күнге жалғасты. Бүгін тағы есіктен кіре әйелі апжыландай апшысын қуырып тура бетіне шапшыды. Ол түнгі күзетке медересеге тағы қашты. "Неткен кереметсіз! нағыз тақуалық" деп ондағы ұстаздар Саматқа бір түрлі қызыға қарады. Бірақ ішінде ұлыған иттің жатқанын тек Саматтың өзі ғана білді. Күндіз күлкіден түнде ұйқыдан айырылған ол әбден титықтап құр сүлдері қалды.
Амалы таусылған ол әйелін ұрып та көрді, одан сайын сазарап өтірік талып жатып алатын әдет тапты. «Отбаслық соғыс» кезінде Алладан тілеп алған балалары үрпе-шүрпесі шыға бұрышқа тығылғаны есіне түскенде, сары машинада қара көзілдірік киіп алып егіліп жылап та алады. Балаларның тыныштығы үшін Самат халық банкіне барып қарызға белшесінен батып, үйде отырған әйеліне көлік алып берді. Ол сол күні ғана тыныш жатып түс көрді. Түсінде сабақ өтіп тұр. Отбасындағы молшылықты үзбей қарызды төлеу үшін Самат төртінші жұмыс орынды түнгі күзеттен тапсам деп армандап сары машинаның үстінде келеді…
Нұрқалық Абдурақын, жазушы
Автор туралы аңдатпа
Нұрқалық Абдурақын 1976 жылы мамырдың 25 жұлдызында Өртекстің Ақдала деген жерінде дүниеге келген. ҚХР Іле педагогикалық институтында, ҚХР ШУАР университетінде жоғары білім алды. ҚХР Ухан педагогикалық университетінде қытай тілі мамандығы бойынша Ph доктранты. 1997 жылдан бері ұстаздық жұмыспен шұғылданып, 2004 жылдан Түркістан қаласындағы Қ.Яссауи атындағы қазақ-түрік халықаралық университетінде оқытушы. 2007 жылдан бері Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде аға оқытушы. 2010 жылы Ан-арыс баспасынан шыққан «Иірім» атты романы бар. «Қазіргі қытай тілінің грамматикасы», «Жаңа заман қытай әдебиеті», «Қытай мифтерінің аудармасы», «Қытайша-қазақша фразеологиялық сөздігі» «Қытай-қазақ-орыс және Қазақ-орыс-қытай экономика және мұнай-газ саласындағы терминдер сөздігі» қатарлы оқулықтар мен сөздіктердің авторы. Бүгінгі таңда әңгімелері мен ой толғамдары мерзімді баспасөзде жарық көріп келеді.
Abai.kz