Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 29500 1 пікір 19 Тамыз, 2015 сағат 10:23

ҚАНЫШ СӘТБАЕВ ЖӘНЕ «ЕР ЕДІГЕ» ЖЫРЫ

 1927 жылы жиырманың ішіндегі жас жігіт, Томск технологиялық институтын бітірген, тау-кен инженері Қаныш Имантайұлы Москва қаласынан «Ер Едіге» атты кітап шығарды. Жинаққа жазған алғысөзінде келешек ұлы ғалым Едіге әңгімесінің бір шеті Алтайды, бір шеті Қырымды мекендейтін түркі нәсілдестердің барлығында айтылатындығын ескерте келіп (Сәтбаев Қ.И. Ғылым және мәдениет туралы таңдамалы  мақалалары, Алматы, 1989, 356-бет.), өзі шығартқалы отырған аталған кітаптың 1842 жылы Шыңғыс Уәлиханов пен баласы Шоқанның қыпшақ Арыстанбай мен Жұмағұлдың аузынан хатқа түсіріліп, 1905 жылы Санкт Петербургте П.М. Мелиоранскийдің кітап етіп шығартқан нұсқасын Қаржас Қопабай дейтін ақсақалдың айтуындағы жырмен салыстырып, бірсыпыра қазақшаланған түрі екендігін еске салады. Және бұл жерде алғысөз иесі П. Мелиоранский басылымының кейбір сөздерінің татаршалану себебін шығарманы Шыңғыс пен Шоқан жазбасынан «аққа көшірген» Ахмет есімді татар мен өткен ғасырдағы «ноғайша сөйлеуді» сән көретін қазақ жақсыларының әдет-дағдысымен байланысты түсіндіреді. Солай дей отырып, Қопабай айтуындағы жырдың өзінде де жиырмасыншы жылдардың оқырманына тосын көрінетін біраз көне сөздердің бар екендігін, ал соның өзі халықтың «тіл сақтау», «тіл байыту» сияқты мәселелерінде айырықша бағалы екендігіне ерекше көңіл аударады (Сәтбаев Қ.И. Ғылым және мәдениет туралы таңдамалы  мақалалары, Алматы, 1989, 351-352-беттер.). Сөз жоқ, мұның барлығы ғылыми тұрғыдан қарағанда, барынша қадірлеуге тұратын пікір, ал еңбектің мүмкіндігіне қарай Қопабай сынды ақсақалдың аузымен айтылатын  нұсқамен салыстырылып, қазақша қалпын баспадан шығарту, бұл кемеңгер ғалымның Едіге жырына, қазақ фольклорына жасаған үлкен қызметі болатын.

Ғалым негізінен жырдың дүниеге келуіне себепкер болған Алтын орданың билеушісі Тоқтамыс пен Едігенің өзара қарым-қатынасына арнайы тоқтала келіп айтқан мына пікірлері: біріншіден, «тарихи жағынан алғанда Едіге батырдың әңгімесі ХІV ғасырдың ішінде басталуы керек» дейтін, екіншіден, араб тарихшысы Ибн-Арабшахтың пікіріне қарағанда, Тоқтамыс пен Темірдің арасындағы жанжалға әу баста Едіге себепші болса керек, Едігенің сүйенгені Орысханның баласы Құтлұғ Темір дейтін сұлтан болған, дей отырып, сондай-ақ, Темірдің Тоқтамыс ордасына ауыр қолмен аттануына Ақорда мен Алтынорданы жеке билеген Тоқтамыстың баққа мастанып 1388 жылы Түркістан жағына шеру тартқандығын айтатын, үшіншіден, Едіге әңгімесінің әртүрлі түркі халықтарында барлығын ескерте келіп «қай жұртта болсын, барған сайын басқы сөзге өз тұсынан түрлі жалғаулар қосып отырмақшы» (Сонда 353-356-беттер.) дейтін, төртіншіден, ел біреуді сүйсе оның бойына тағылмаған жақсылық болмайды; Едіге осындай елдің шын сүйген, шын ардақтаған ерлерінің бірі дейтін, бесіншіден «Ел аузында тарап жүрген Едіге туралы тағы да сораптар бар шығар, солардың бәрі де тегіс жиналып қағаз бетіне түссе, Едіге батырдың толық сыны сонда айқындалар еді» деген (Cонда. 352- бет.), ой-түйіндері Едігемен Тоқтамыс, Ақсақ Темірдің заманын, негізінен олардың өзара қатынасын жыр еткен ауыз әдебиетінің көне мұрасы «Ер Едігенің» танымдық қасиетін, шыншылдық беделін толық бағалау үшін бүгінгі күннің де, келешек күндердің де зерттеушілері назар аударарлықтай құндылыққа ие екендігін көрсететіндігін де дау жоқ. Өйткені, Едіге жырының да, оның орталық кейіпкерлерінің е шын кейпі мен шынайы бағасы осы мәселелерді жете ескергенде ғана толық ашылмақ. Енді осы пікірлерге байланысты өз пайымдауларымызды ортаға салғымыз келеді.

Біріншіден, Алтын орда билеушісі Тоқтамыс хан мен Едігенің араздығы шарықтаған уақыт – 1391 жыл (Ибатов А. ХІV ғасырдағы хандар жарлықтарының тілі. Алматы, 1990, 13-бет.). Жырда  олардың араздық себептері жадағай түрде бейнеленгенмен, жыршы бір нәрсені айқын аңғартады: Едігенің Сәтемірге, яки Темір әміршіге қарай сапар шегуі бүкіл ұлысты үрейлендіріп, осыған орай Тоқтамыстың төңірегіндегі басшы, қосшыларымен ақылдасқандығы. Сонда талай би, талай батыр пікір білдірген, ең ақырында көпті көрген көненің көзі – елдің абызы Сыпыра жырау жыр толғаған. Демек, бұл туындының негізгі өзегі осы оқиғадан басталып, әрмен қарай әртүрлі толықтырулармен безендірілген, қырналған, жонылған деп мөлшерлеуге болады. Ал, жырдың бас қаһарманының солайша жаңғырып, жаңаруына көзі тірісінде қарсы болмағаны хақ. Олай болса ғалым айтқандай, жырдың ХІV ғасырдың ішінде, дәлірек айтқанда тоқсаныншы жылдардың ақырында қандай көлемде болса да жырлана бастағандығы күмәнсіз.

Екіншіден, Тоқтамыс пен Темірдің араздығы және осыған байланысты Едіге, т.б. бет-бейнесі туралы мәселелер. Қаныш Имантайұлының осы пікірі күллі Алтын Орданың ыдырау үдерісіне қатысты мәселенің де, Едіге туралы жырдың да нағыз шиелі түйінін шешетін жері деп айтуға болады. Шындығында егер тарихта Едіге мен Тоқтамыс араздаспаса, өмірде Алтын орда дәуірінің Тоқтамыс хандық құрған кезеңі дәл сол тұстың адамдары куәгер болғандай жайды кешуі екі талай  болар еді. Ал, ондай оқиға болмаса, қазір әр халық өкілдерінің  елдік рухани мұрасы боп жүрген Едігенің де мазмұны басқаша болар еді.

«Жами-ат – Тауарихтың» авторы Қадырғали Жалайырдың жазуынша, Тайхожаұлы (Туйхожаұлы) Тоқтамыш ханның Едіге Құтлуқиаұлы шорасы еді (Жами-ат-тауарихтың тексі // Сыздықова Р., Қойгелдиев М. Қадырғали би Қосымұлы және оның жылнамалар жинағы. Алматы,1991, 232-бет.). Оның тарих сахнасына шығуы – әкесі  Құтлу-Қабаны (Едігенің әкесі әр авторда әрқилы жазылады. Қутлуқия, Құтлу-Қаба, сол сияқты Тоқтамыстың әкесінің аты да Тайхожа, Туйхожа болып келеді. – Ж.Т.) өлтірген Ақорда ханы Орыс ханның Тоқтамыс пен араздасқан кезіне тұспа-тұс келеді. 1376 жылы Тоқтамыс Темірден Орыс ханға қарсы көмек сұрай барғанда Едіге оның қасынан табылды. Сөйтіп, ол Тоқтамысқа әрі ақылшы, әрі әскербасы қолбасшы болып біраз уақыт қызмет көрсетті. Бірақ, 1381 жылы Тоқтамыс Алтын ордаға әмірін жүргізіп тұрған Мамайды орнынан тайдырып, бүкіл Дешті – қыпшақтың билігін өз қолына алғаннан кейін Едіге онымен де шығысып, жиені Темір-құтлұғ екеуі Темірге барып қызмет етеді, оның Тоқтамысқа қарсы күресіне көптеген еңбек сіңіреді. Әйтсе де, 1391 жылғы Темірдің  Тоқтамысты жеңгеннен кейінгі ұлы жорығынан кейін ол Темірмен де байланысын үзеді. Өйткені, Алтын орданың құлауына Темірге жетеқабыл еңбек сіңірген адам Едіге (Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений в пяти томах. Том 1, Алма-Ата, 1984, с.369; Тынышпаев М. История казахского народа. Алма-Ата, 1993, с.125.), міне, осы кезден бастап қолына биліктің тізгінін мықтап ұстай бастаған еді. Ендігі жерде ол қалған шаруаны біреуден көмек алып, соған тәуелді болып отырып шешетін қауқарсыз би емес, соңынан мыңдарды ерткен, керегінде хандардың өзін айтқанымен жүргізіп отыратын дәрежеге жеткен аққаптал саясатшы, айбынды қолбасы болатын. 1395 жылы Темір Алтын ордаға хан сайлатқан Құйыршық хан оның Сүйдүнім атты әйелінің әкесі еді (Жами-ат-тауарихтың тексі. Алматы,1991, 255-бет.). Тегінде, Темірдің Құйыршықты әуелі хандық лауазымға көтеріп алса да, араға жыл аралатпай,  оның орнына Темір-Құтлұғты хан сайлатуында осы тұстағы ордадағы жағдайды білмейтін көп елге жұмбақ біраз сыр жатуы мүмкін. Бұл қылығы арқылы, бәлкім, Темір әміршінің өзінен ат тонын ала қашып жүрген Едігені қолдайтын билік иесі, ықпалды адамдардың жолын бөгеуге деген ниеті жатуы ғажап емес. Қанша жерден Темір-Құтлұғ Едігеге жиен болса да оның бойындағы мансап құмарлық дерті мұны Темірге адал қызмет еттіртіп, нағашысы Едігенің жетегінде жүргізбес, ал оған қол жетпес жақындардың арасына жік түсіп, одан әрмен өзіме жалтақтауын күшейте түседі деп ойлауы да мүмкін. Қалай болғанда да Темір әміршінің бұл қылығы Тоқтамыстан гөрі Едігеге көбірек байланысты екені хақ.

Ақсақ Темір мен Тоқтамыстың ара қатынасы олармен замандас тарихшылардың еңбектерінде де, кейінгі дәуірдегі ғалымдардың зерттеулерінде де біраз жазылған (Клавихо Руи Гонсалес де. Дневник путешествия в Самарханд ко двору Тимура 1403-1406 // Перевод со староисп. СПб, 1881; Лянглэ. Жизнь Тимура // Пер. Французского. Ташкент, 1890; Вамбери Г. История Бухары. //  Пер. с англ. СПб, 1873; Иванин М. О военном искусстве и завоеваниях монголо-татар в среднеазиатских народов при Чингиз-хане и Тамерлане. СПб, 1875.). Олардың 1376 жылы Темірден Тоқтамыстың көмек алуға келетін сәтін суреттеуі, 1391 жылы екі мың шақырымдық құла дүзді басып өтіп, қалың қолмен жер түбіндегі Тоқтамыстың жер қайысқан көп әскерін күйрете жеңетіндігін баяндаулары – бірінде қысқа, бірінде ұзақ сипатталатыны болмаса, негізінен болған оқиғаның дерегін беруі жағынан айырмашылықтары жоқ. Ал, 1391 жылы Темірдің Тоқтамысқа қарсы қол жиып аттануын бергі заманның оқымыстысы А. Якубовский былайша түсіндіреді. 1379 жылы Ақорда тағын Темір жәрдемімен иеленген Тоқтамыс келесі жылы Алтын Орданың әміршісі Мамайды күйрете жеңіп, билікті қолына алғаннан кейін бұрын екіге бөлініп кеткен Жошы ұлысының басын біріктіріп бір өзі билейді де, 1372-1374 жылдарға дейін Алтын орданың құрамына кіріп келген Солтүстік Хорезмді Шағатай ұлысынан қайтарып алуды сылтауратып, 1387-1388 жылдары Темірдің елде жоқ кезінде Мавераннахрға шабуылдап, Хорезм шахы Сулейман Суфиді Темірге қарсы шығуға айдап салады. Бұған тез көне кеткен Хорезм билеушісі, бірақ, Темірден сазайын тартады. Астанасы Үргеніш жермен-жексен етіледі. Халқы Самархандқа көшіріледі. Сонан кейін боданын өзіне қарсы айдап салып жүрген Тоқтамысқа қарсы жорық басталады (Якубовский А.Ю. Тимур // Тамерлан. Эпоха. Личность. Деяния. М., 1992,      с. 28-32.).

Әрине, Темір бастаған ауыр қолдың әскери дайындығының жоғары сапада болғандығы негізгі жеңіске жеткізуге себепкер екендігіне дау жоқ. Бірақ, сол кезеңде дүниедегі ең бір әлеуетті билеуші Тоқтамысты тізе бүктіру үшін оның ордағысындағы ықпалды дұшпандарымен дер кезінде жасырын байланысып, оларды өз жағына қаратып отыруды да Ақсақ Темір есінен шығармаған (Иванин М. И. Состояние военного искусства и  среднеазиатских народов при Темерлане. // Тамерлан. Эпоха. Личность. Деяния. М., 1992, с.424.). Басқаны былай қойғанда Темірдің арбауынан Тоқтамыстың ту ұстаушысының өзі құтылмаған (Лянглэ Л. Жизнь Тимура // Тамерлан. Эпоха. ... М., 1992, с.378.).

Жарты дүниені дірілдеткен әмірші бұл турасында өзінің «Заңдар жинағында» ұлы даламен алты ай бойы жол шегіп келе жатқан оның әскерінің ұзақ жүріс пен аштықтан әбден қалжырап, әскер басыларының өздерінің соғысуға құлқы жоқ болғанын айта кеп, «керісінше бізге қарағанда онікі тың, қунақы еді... соны білген Тоқтамыс өздеріне бұдан артық қолайлы сәт болмайды деп есептеп құмырсқадай қаптаған қалың қолымен маған тап берді... Мен жауымның ту ұстаушысын сатып алған едім, ол маған екі жақ айқасқа кірген кезде өзінің туын жығамын деп уәде берді... Тоқтамыс туы құлаған бойда не істерін білмей бірден абдырап, қашумен болды. Сөйтіп, ол бүкіл әскерін үрейге билетіп, қырғынға ұшыратты» (Уложение Тимура // Тамерлан. Эпоха. Личность. Деяния. М., 1992, с.179.) – деп жазады.

Осы оқиғаға байланысты өзінің сарай маңындағыларының араласы болғанын, соның ішінде Едігенің елеулі қызмет атқарғанын Тоқтамыс ханның өзі 1393 жылы Ягайлаға жолдаған жарлығында:

 

«Бұрнағы жылы Бекболат, Қожамедін бастаған бірнеше ұландар, Бекіш, Тұрдышақ-берді, Дәуіт бастаған бектер Едіге деген кісіні Темірге астыртын жіберген екен, ол тіл (хабар) алып келген еді. Олардың арам ниетпен хабар жіберіп келгенін сезіп, жиылып, соғыспақшы болып тұрғанда, ол арам ниетті кісілер бұрын қозғау салып, әрекет жасағандықтан ел қарсы көтеріліп, бұл істің жөні осылай болған еді. Тәңірі бізді жарылқап, дұшпандық қылған Бекболат, Қожамедін, Бекіш, Тұрдышақ-берді, Дәуіт бастаған ұландар мен бектерді мұқалтты, (Ибатов А. ХІV ғасырдағы хандар жарлықтарының тілі. Алматы, 1990, 13-14-беттер.) -деп жаздыртқан.

Демек, жырда айтылатын Едіге мен Тоқтамыстың араздасуы, Едігенің Сәтемір еліне сапар шегуі, бәрі де ақиқат. Оны Тоқтамыстың хатқа түсірілген сөзінен артық дәлелдеуді қажет етер куәлікті іздеудің өзі артық. Және Тоқтамысқа риза емес  адам бір ғана Едіге емес. Жарлықта да осылай айтылған, жырдың ішінде де солай болатын. Тіпті, жырдағыға қарағанда Ягайлаға жөнетілген пәрменнің ішіндегі Едіге тілектестері көбірек. Мұны Ақсақ Темір былайша мағұлымдайды:

– Менің Тоқтамыспен соғысым кезінде оның әмірлері маған хат жүзінде бірнеше ұсыныс жасады. Мұның өзі олардың тарапынан өздерінің басшысы, менің дұшпаныма жасалған сатқындық болатын. Мұндай ұсыныстарға менің зығырданым қайнап өзіме өзім іштей: «Қазір өзінің билеушісіне опасыздық жасап тұрған олар сені де сатады» дейтінмін (Уложение Тимура // Тамерлан. Эпоха. Личность. Деяния. М., 1992, с.113.).

Бұл сөздерге қарағанда Алтын Орданың ішіндегі Тоқтамыс пен Едіге тұсындағы алауыздық тек  қана хан мен бидің арасындағы араздық емес, одан гөрі құлашын кеңге жайған үлкен бақастық пен бақталастықтың жайынан хабар береді. Темір әміршінің соған мұрындық болып отырған кісілердің есімдерін, арада жүрген елшілерінің атын атамайтыны болмаса, бұның да Тоқтамыс айтып отырған жаймен байланысты кептен әңгіме қозғап отырғандығында күдік жоқ. Өзінің сол адамдардан жиренетіндігін айта отырып, әрине, олардың көрсеткен қызметтерін пайдаланғандығы да даусыз. Сосын, бәлкім, уақыты келгенде олардың көзін құртып жіберуден де тайынбаған. Тегінде жоғарыдағы Тоқтамыстың хатындағы: «Тәңірі бізді жарылқап... ұландар мен бектерді мұқалтты» деуінде бір сыр жатыр. Темірдің осындай әдіс-айласын білетін Едігенің 1391 жылдан кейін оның маңайына жоламай кетуінде де осындай гәп болуға тиіс.

Қысқасы, тарихи құжаттардың сөзіне сенсек, әрине, оған сенбеске амал жоқ, Едіге тек «ел қамын жеген» Едіге ғана емес, ол – осы жайды жиырмасыншы жылдардың ақыры, отызыншы жылдардың басында зерттеген ардагер ақын, көрнекті мемлекет қайраткері һәм ғалым Сәкен Сейфуллин айтқандай «атқамінер, партиягершілдігімен» (Сейфуллин С. Әдебиет тарихы. Алматы, 1932, 185-бет.) де ерекшеленетін тұлға. Бұл жырдағы Едігенің Сәтемір жұртына кету оқиғасын тарихи болмыспен салыстырғанда, араздықтың түпкі жайын іздегенде ескерілер жай. Әрине, мұнымен біз тарихи тұлға Едігені жазғырудан да, дәріптеуден де аулақпыз. Тарих та, тарихи тұлға да кейінгі дәуірдің өкілінің ырқымен, соның ойлағанындай бола қоймайды. Тарих пен оның көрнекті өкілдеріне шамасы келгенінше сол тұстың ықпалды адамдары, қоғамы ғана ықпал етпек, не өздері соның ықпалында болмақ. Мұның барлығы тұтас қарастырылатын, кілтипаны да, кірпияздығы да жеткілікті өте күрделі қоғамдық үдеріс. Сондай-ақ, шығарма өмірге келген тұстан бастап, бізге жеткен кезге дейін жырға шығармашылық үлесін қосқан жыраулар мен жыршылардың таным-түсінігі жайлы пікір білдіргенде де оларға сол заманның құйтырқы құлқын қолға ұстатқандай неге баяндамаған деп өкпе артуға болмайды. Қайта белгілі жырды ұзақ жылдар бойғы үзілістен кейін жан-жақты қарастыруды алдына мақсат етіп қойған көрнекті ғалымымыз Р. Бердібаев жазғандай: «Эпостың құрылысына тірек болған бас оқиға тарихи шындықтан туындайтынын  ескере отырып, сол бас оқиға қалайша жырланған, оның солай жырлану себебін ашу ғылым үшін парыз болмақ. Сондай-ақ, тарихи кейіпкерлердің рухани бет-бейнесін танытар, өмірінен дерек берер туындыда тағы да қандай жарасымын тапқан жайттар бар, жырдың С. Сейфуллин, В. Жирмунский, т.б. айтып жүрген полистадиялылығы, көп қабаттылығы неде, болмаса әртүрлі нұсқадағы әңгімелердің әрқилы болу себебін қалай түсінеміз, сол әралуан болып жырланған нұсқалар оны дүниеге келтіруші, кейінгілерге жеткізуші жырау, жыршылардың керауыз қисықтығынан ба, әлде олардың да әу баста елге жариялауды мақсұт тұтқан, өздері білетін тосын деректері болған ба, мінеки, егер қисынын тауып көрсете білсе, мұның бәрі де көңілге қонымды жайлар екендігінде шәк жоқ. Осыларға жауап беру арқылы Қаныш Имантайұлы сөз еткен үшінші, төртінші мәселелердің де шешімінің табылатыны даусыз.

Едіге батыр туралы жырлардан сол заманның біраз тарихының сұлбасын ғана емес, шындығын да табуға болады. Бірақ, сол шындық тек бір ғана нұсқада емес, әртүрлі нұсқалардың бойында  шашырап  жатыр.  Бұл орайда академик Қ.И. Сәтбаевтың «Едіге батырдың» толық сыны ол жайлы әртүрлі жыр сорабтары толық жиналғанда айқындалар еді деген сөзінің (Сәтбаев Қ.И. Ғылым және мәдениет туралы таңдамалы  мақалалары, Алматы, 1989, 352-бет.) өз тұсы үшін де, бүгінгі күннің межесінен де қарағанда  да дұрыс айтылғандығында дау жоқ. Мәселен, М.О. Әуезовтің «Едіге батыр» әңгімесіне негіз етіп алған Әбубәкір Диваев нұсқасында еліне барған Едігеге Ақсақ Темір бір уәзірінің айдап салуымен өшігіп, басын алудың амалын қарастырады (Әуезов М. Әдебиет тарихы, Алматы, 1991, 59-60-беттер.). Рас, мұнда да кейінгінің жамауы, эпостық әңгімеден гөрі Тоқтамыстың әйелі Данабикенің күйеуі мен Едігенің араздасуына себепкер болғанындағыдай, ертегілік элементтер көп. Бірақ, шығарманың дәл осы жайға байланысты айтпақ болып отырғаны – әйелдің қандай болғандығын, Темірдің де азғырынды әңгімеге сеніп қалатын аңқаулықтан құралақан адам еместігін айту емес, оның Едігеге өштесуін, соның көзін жойып, өлтіруге біржола бел буып, ниет еткен сәттердің болғанына назар аударту деп білеміз.

Тарихта осындай жай болған ба? Болған. Бұл турасында 1403 жылы Темір әміршіге жіберілген Испания королінің елшілігі құрамында болған Клавихо Руи Гонсалес де өзінің күнделігінің бір тұсында, 4 қыркүйек күні Темірдің император Тоқтамыстың елшілерін жөнелткенін (Клавихо Г. История великого Тамерлана // Тамерлан. Эпоха. Личность. Деяния. М., 1992, с.305.) жазса, бір жерінде атышулы әмірші шеттен келген елшілерді қабылдаған кезде оның төменгі жағында отырғандардың арасында, елдің айтуынша, Тоқтамыстың баласының да болғандығынан хабардар етеді (Сонда, 307-бет.). Сондай-ақ, бір кезде Темірге бағынышты болған, оған қызмет еткен Едігенің бұл күндерде бүкіл Дешті – Қыпшақтың тізгіні өз қолына тигеннен кейін бұған қарсы шығып, шамасы жетсе өлтіруден ойы болғанын, сондықтан қазір Темірдің Едігеден басқа жауы жоқ екенін, тіпті бір жолы Темірдің оған қарсы қол бастап шыққанда, Едігенің қашқанын, бірақ, оның екі жүз мыңнан астам қарулы қолы үнемі жанында болатындығын, қазір де Тоқтамыс пен Темірдің екеуінің өзара тіл табысып, екеуі бірігіп Едігені торға түсіргісі келетінін, бұл ретте Темірдің Едігеге бірде кісі жіберіп, өзінің оны жақсы-көретіндігін және өткендегі бұған жасаған қателіктері болса, соның бәрін де кешетіндігін, сөйтіп бір немересін оның қызына үйлендіргісі келетіндігін хабарлағанда, Едіге бұған өзінің қасында жиырма жыл бірге өмір кешкенде одан артық сенген кісісі болмағанын және оны бес саусағындай жақсы білетіндіктен мұны әлгіндей амал-айламен алдай алмайтындығын айтып, егер біз достасар болсақ, тек қана қолға қару ұстап, қан майданда ғана достасармыз дегенінен (Сонда, 340-341-беттер.) мағлұмат береді.

Бұл – Ақсақ Темірді көзімен көріп, елінің хабарын құлағымен естіген сырт адамның сөзі. Ол, Едігенің, Тоқтамыстың әңгімелеріне жанынан бірнәрсе қосып айтуы мүмкін емес. Өйткені, ол бұлардың бұрынғы жағдайларын әрі білмейді, әрі ол оған мүдделі емес. Бірақ, сонда да болса, қалайша Тоқтамыс пен Темір тіл табыса қалмақ, олар бір-бірімен енді қайтып жүз көрісе алмастай болған жаулар емес пе еді деп ойланасыз. Сөйтсе, олардың бір-бірімен бәтуаға, бітімге келгені рас екен. Ол жайында сол оқиғалардың куәгері болған Шераф-ад-дин Иезди: 1405  жылы 14 қаңтар күні Қытайға қарсы жорыққа аттанып бара жатқан Ақсақ Темір Отырарға келіп кідіргенде Тоқтамыстың қарт қызметшісі Қарақожа деген кісі арттарынан келіп, Тоқтамыс ханның өз басы тілмен айтып жеткізгісіз қайырын көрген Темірге опасыздық жасап, содан сазайын тартқанын, қазірдегі жалғыз үміті одан кешірім алу екенін, егер ол осыған қолын жеткізсе, ендігі  қалған өмірінде құл болып қызмет етіп, басқа жолға бұрылмайтындығын, – мағлұмдаған ант реуіштес сәлемін жеткізгенін және Темірдің хабар алып келген кісіге сый-құрмет көрсете отырып «Құдай сәтін салса осы жорықтан кейін Жошы ұлысын (яки, Алтын Орданы) бір жөнге келтіріп, оның билігін Тоқтамысқа  тапсырмақ екенін хабарлағанын»... сөйтіп, Қарақожаны тарту-таралғысымен Тоқтамысқа аттандырғанын, бірақ, тағдырдың басқаша шешім қабылдағанын (Зимин Л. Подробности смерти Тимура. // Тамерлан. Эпоха. Личность. Деяния. М., 1992, c. 499-500.), – жазады.

Демек, жоғарыда айтқанымыздай, Едіге жырындағы Темірдің Едігені өлтірмек болатыны тарихта бар жай. Сосын ілгеріде Г. Клавихоның келтіруіндегі Темірдің сәлемін жеткізушіге Едігенің: егер біз достасар болсақ, тек қана қолға қару ұстап, қан майданда ғана достасармыз, дейтіні «Ер Едіге» жырында Тоқтамыстың соңынан қудыртып жіберген адамдарына оның: «Тексіз иең Тоқтамыс, енді еңкейіп барман-ды. Өкпе-пани сөзімді көктен оғым зуылдап, зымырап барып айтпаса, сірә, аузымнан айтпан-ды. Еркек боп атқа мінген соң, бір жол алып жүрген соң, қатындай болып қайтпан-ды» (Сәтбаев Қ. Ғылым мен мәдениет туралы таңдамалы мақалалары. Алматы. 1989. 373-бет.) – деп айтатын шамырыққан мінезді сөздерін еске салады. Сол сөздер арқылы тарихи Едігенің шын өмірдегі бірбеткей, алған ойынан қайтпайтын қайсар тұлғасының сұлбасы елестейді.

Жоғарыда Ақсақ Темір мен Тоқтамыстың Едігеге байланысты шиеленісі күрделі мәселеде, қалай болғанда да өзара мүдделес кісілер ретінде татуласуға мәжбүр болғанын айқын аңғардық. Табиғи болмысында тек ұлы әскери қолбасшы ғана емес, тереңнен пайымдайтын сұңғыла саясаткер Темір әміршінің егер Қытайға қарсы аттанып  бара жатқан жорықтан аман-есен жеңіспен оралса, ендігі айқасы Дешті-Қыпшақ даласының жаңа арыстаны Едігемен арада болатындығында дау жоқ еді. Ондай жағдайда бұл іске Темірден әрмен мүдделі Тоқтамыстың да сырт қала алмасы сөзсіз болатын. Өйткені, өзін Темір мен Едіге екеулеп жеңгенін басқа кешірсе де, мұның кешірер жөні жоқ. Сондықтан ол өзін талағандар өзара араздасқан тұста баяғы өздерінің бұған жасағанын талай жыл қасында кеңесшісі болған Едіге биге бұл да көрсетіп бақпақ. Ол үшін қазір жарты дүниені табанының астында ұстап тұрған Темір әміршінің қандай жолмен болса да кешірімін алып, қолтығына кіруі керек. Сосынғысын көреді. Темірге де керегі сол. Шексіз даланың бір бұрышында жан-жаққа алақтап қашып жүрген қашқын Тоқтамысқа әскер шығарып, оның қасықтай қанын шашқаннан гөрі бүгінде алдына елшісін жіберіп жалынып отырғанда кешірімін беріп, қолтығынан демеп, кеше өзін орға жығып кеткен табақтасына қарсы көрсетер қайратын көріп алуы керек. Бірақ, «Зафарноманың» авторы Шераф-ад-дин Иезди айтқандай, «тағдыр басқаша шешім қабылдады». Дүниені дірілдетіп тұрған Темір әмірші өліп кетті. Мұның өзі Темірге елшілерін қайта-қайта жіберіп, өзіне құрылып жатқан тұзақтың бір шетін тартып қалмақ болып отырған Тоқтамысты Едігенің тездетіп көзін құртуына жол ашты. 1406 жылы  (Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений в пяти томах. Т.І. Алма-Ата, 1984. С.386.) қарауылға Тобыл батыр мен Ятым батырды, арғын Қарақожаны қойып, өзі бірнеше нөкерімен дем алуға жатып қалған жерінде, Едігеұлы Нұрадын әскерімен келіп әуелі қарауылдағыларды, соңынан бейқам жатқан ханды нөкерлерімен опат етті (Сонда, 233-бет; Араб графикасынан транскрипцияланған «Жами -ат-тауарихтың тексі // Сыздықова Р., Қойгелдиев М. Қадырғали би Қосымұлы және оның жылнамалар жинағы. Алматы. 1991, 233,252 беттер ). Бұл да Едіге атымен байланысты жырда әңгіме болатын оқиға. Бірақ, халықтық шығармада әсірелеу басым: Қасында ешбір серігі жоқ жападан жалғыз қалған Тоқтамыс ханды Нұрадын жекпе-жекте айқасып, басын алатын (Сәтбаев Қ. Ғылым мен мәдениет туралы... 386-бет). Бұл, әрине, батырлық жырдың табиғатына, ежелгі ерлердің бірме-бір жекпе-жекке шығып, қай басымы жеңетініне ілтипат көрсететін дәстүрді сыйлайтын елдің жыршысының харекетінен көрініп жатқан шығармашылық мінездің табы, әрі халықтық салттың айқын бейнесі екендігінде дау жоқ. Әйтпесе, жиырма жыл бойы ұлы мемлекеттің қожасы болып тұрған айбарлы хан Тоқтамысты қаншама басынан бағы тайғанда да, соңына ешкімнің ермей, жалғыз жіберуі қисынға келмейтін жай ғой.

Бірақ, батырлықты, мәрттікті қатты қастерлейтін елдің батырлық жырының қаһарманының қылықтары қалай болғанда да сол елдік салттың дәстүрлік шеңберіне сиюы қажет, сөйтіп өзін жұртқа жексұрын көрсететін қылықтан аулақ болуы керек. Мұндай шарттылық тек Нұрадынның Тоқтамысты өлтіруге байланысты оқиғада ғана емес, кейін Тоқтамыстың ұлы Қадырбердінің әкесінің түбіне жеткен Едіге мен Нұрадынды  өлтіру тұсында да көрініс береді. Әкелі-балалы ел билеп тұрған  екі ер Қадырбердінің «Ер болсаң өлерсің, қор болсаң жүрерсің» деп Едігенің басынан үш қайтара аттап өткен қорлығына шыдай алмай құса болып өледі (Сәтбаев Қ. Ғылым мен мәдениет туралы таңдамалы мақалалары. Алматы. 1989. 389-390-беттер.). Сөз жоқ, мұның барлығы – әрі эпостық дәстүрдің күші, әрі ерлікті, намыстылықты бағалайтын, оған  үлкен өлшемдермен қарайтын халықтық сананың рухының асқақтығының белгісі. Ал, сол асқақтық күшті қастерлі санап қадірлеу Тоқтамыс, Едіге заманының түркі нәсілдестеріне, бергі дәуірдегі қазақ батырларына ғана емес, оны сонау ерте замандарда  тағдырдың айдауымен ел асып Мысыр топырағына қоныс тепкен мамлюктердің өзі өткен ғасырдың ақырына дейін ұмыта алмаған. Ұмытпағандығы сол, атақты қолбасшы Наполеон Бонапарт 1799 жылы Оттаман империясының боданы болып саналатын, бірақ, әлі де Мамлюктер билігінен шыға алмаған Мысырды жаулап алуға барғанда, сол елдің басшылығында жүрген мамлюк батыры француз қолына қарсы ат ойнатып шығып, қарсыластың қолбасшысын жекпе-жекке шақырған. Бірақ, оның бұл қылығының байыбына барып, қызықтап жатуды француздар артық деп санаса керек, әлгі азаматты зеңбіректің оғымен жер жастандырған (Неру Джавахарлал. Взгляд на всемирную историю. Т. 2. М., 1989. с.148.). Міне, елдік дәстүрдің қадірлілігі, – өміршеңдігі деген осы. Әйтпесе тарихтағы Едіге мен Тоқтамыс және олардың ұрпақтарының бір-біріне деген кісілік қатынастары – бұлар жайлы жырдағы әңгімеден әлдеқайда төмен жатыр. Соның айқын бір белгісі: өлерінің алдында жыр кейіпкері Тоқтамыс хан елінен кетіп бара жатып:

«Жалғыз да қалқам Қадырберді,

Қадырберді сұлтан туған жұрт...

Жалғыз да қалқам Қадырберді,

Маңдайынан иіскеп сүймедім, – деп зарланады. Неге олай? Тоқтамыстың шын мәнісінде Қадырбердіден басқа Жалаладдин, Күшік, Жафарберді, Қалымберді деген ұлдары, Жәнике деген қызы болған ғой. Жәникені Едіге ел басшысына айналғанда тоқалдыққа алған. Қадырберді солардың ішіндегі ең кенжесі (Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений в пяти томах. Т.І. Алма-Ата. 1984. c.233; Сыздықова Р., Қойгелдиев М. Қадырғали би Қосымұлы және оның жылнамалар жинағы. Алматы.1991. 252-бет.) Қадырғали Қосымұлы өзінің белгілі шығармасы «Жами-ат-тауарихта»: «Жәнике үш жасар інісі Қадырбердіні Едіге бектен өтініп алып қалып, бір кеште жасырын қашырып Қырымға жіберді» («Жами-ат-тауарихтың тексі». // Сыздықова Р., Қойгелдиев М. Қадырғали би Қосымұлы және оның жылнамалар жинағы. Алматы.1991. 252-бет.),–деп жазады. Сірә, тұтқын болып тұрған сорлы қыздың қалған туыстарына араша түсуге шамасы келмеген.

 

1406 жылы Тоқтамыс хан дүниеден өтіп бара жатқан кезде бұл жайды, яки өзінің Қадырбердіден басқа ұлдары өмірде қала алмайтынын білді ме, білмеді ме, бірақ сол турасында жыр толғайтын баба жырау, 1406 жылдан кейін Тоқтамыстың тікелей өзінен туған еркек кіндіктіден жалғыз ұлдан басқалары жер жастанғанын біліп отыр. Сондықтан оны жалғыз ұлдың әкесі етіп суреттейді. Ал, басқаша айтуға, яки болған жайды түгелдей тізуге Едіге тұқымдарынан айбынады. Сөйтіп тұрып ол болған жайдың, арғы-бергісін білетін адамға бір кездегі түкірігі жерге түспей тұрған Тоқтамыстың Қадырбердіні «жалғыз» деп қақсаған сөзі арқылы-ақ көп нәрсеге ишарат жасайды. Ол ишарат тек осы жерде ғана емес, ілгері де халықтық салтпен байланыстырып айтылғандай, Қадырбердінің кейін «жездесі» Едігені келіп өлтірген тұсында да бар. Шындығында Едіге батыр «балдызының басынан аттап кеткен «бейәдеп» қылығынан өле қалмаған.

Бір кезде үш жаста болғанмен, 1419 жылы ержеткен Қадырберді хан Қырым жұртынан әскер бастап келіп, Еділден өтіп, Едіге бекпен соғысты. Едіге қатты жаралы болды. Қадырберді де жарақат алды. Екі жақ бірін-бірі қырып салды. Сол жорыққа аттанар алдында Қырым елінің әскербасылары: «бұл жылы жаз осында болайық та, атымызды семіртіп, өзіміз біраз күш жинайық, Еділ қата қыста барамыз» дегенде, ол сөзді Қадырберді жаратпаған. Бұл турасында:

«Еділ тоңса кім кешпес,

Едіге өлсе кім бармас,

Еділ тоңбай тұрып,

Едіге өлмей тұрып» – дейтін түркі өлеңі бар. Қысқасы, алапат соғыстан кейін екі жақ шегініседі. Сол кезде Қадырбердіге Едігенің мініс атының күтушісі /атшысы/ Ешкілі ұлы Хасан деген кісі Едігенің жатқан жерін айтып, хабар жібереді де, Қадырберді келіп Едігені өлтіреді. Біраз күннен кейін соғыста алған жарақатынан Қадырбердінің өзі де өледі (Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений в пяти томах. Т.І. Алма-Ата, 1984. с.234; «Жами-ат-тауарихтың тексі». // Сыздықова Р., Қойгелдиев М. Қадырғали би Қосымұлы және оның жылнамалар жинағы. Алматы.1991. 234-235, 252-беттер.). Бұл, Қадырғали Қосымұлы Жалайыридың сөзі. Оның шындығына күмән келтіре алмаймыз. Ал, енді осында белгілі тарихшының Қадырбердіні үнемі хан деп атауына қарағанда, оны сол тұста Қырым жұрты өздеріне хан сайлап алуы да мүмкін. Әскербасыларының айтқанына көне кетпей, әкесінің кегін қайтару үшін қалың қолды ертіп келіп, Едігені өлтіруіне қарағанда, ол, не болғанда да жалғыз жүрген елеусіз бозбала емес, белгілі бір жұрттың тізгіні қолындағы азамат. Қадырғали Жалайыри, бірақ, оны сол сапарында Едігемен бірге Нұралынды да өлтірген етіп көрсетпейді, Нұралын әкесінің көзі тірісінде отыз жеті жасында іш ауруы тиіп, содан қаза тапты (Сыздықова Р., Қойгелдиев М. Қадырғали би Қосымұлы және оның жылнамалар жинағы. Алматы.1991. 238-бет.) деп жазады. Бұл жердегі тарихшы мен жырдың сөзі бір-біріне дәлме-дәл келмегенмен пәлендей алшақ та кетіп жатқан жоқ деп ойлаймыз. Өйткені, Нұралын мырзаның Қадырбердіден бұрын қайтыс болған Едігенің алдында көз жұмғаны рас болса, бәлкім оның қазасына да Тоқтамыс баласының араласы болуы, тіптен сол іші ауруы тиіп өле қалуының өзі солардың маңайында жүрген Едігенің атын күтуші Хасан сияқты біреудің қолымен жасалуы мүмкін. Ал, ондайды, жоғарыда айтқанымыздай, жырдың авторы осындай бір қауесет естідім деп ащы шектей созып отырмақ емес. Бірақ, ол осындай бүкпесі көп туындысының ішінде барлық жайды тайға таңба салғандай етіп, анық етіп, нақтылап «айқайлатып» айтпаған демесек, сол заманның тарихын бір кісідей-ақ білуін білген-ау деп ойлайсыз... Соның тағы бір дәлелі: тоқпақ жалды атына мініп, жұртын жиып алып тұрған Тоқтамыс хан еліне айтқан соңғы сөзін:

«Бұл барғаннан барармын,

Телікөлден асармын.

Көкелдінің көліне

Баса барып жатармын.

Тілеу тілеп тұрғайсың,

Алдам ие ес берсе,

Аруақтар дес берсе,

Он үш жылдың жүзінде

Қайта айналып жетермін» (Сәтбаев Қ. Ғылым мен мәдениет туралы таңдамалы мақалалары. Алматы. 1989. 384-бет.), – деп бітірмейтін бе еді? Осындағы он үш жылдың ішінде менен бір хабар болар, бұл шаруа аяқсыз қалмас деген Тоқтамыстың сөзі жай айтылған әңгіме емес. Бәлкім, тарихи Тоқтамыс дәл осы «он үш жыл» деген межені айта қоймауы да мүмкін, бірақ, жырау оның аузына осы сөзді салып отыр, демек ол Тоқтамыс өлген уақыттан кейін он үш жыл өткенде барып Едігені Қадырбердінің өлтіргенін біліп отыр. Бұл басқаны емес, соны меңзеу. Егер жыр авторы бұл тарихты шала білетін болса ол цифрды айтпаған болар еді, тіпті айта қалғанның өзінде де басқа санмен шатастыруы әбден мүмкін деп ойлаймыз.

Бұдан шығар қорытынды: жырдың 1419 жылғы оқиғадан кейінгі сорабын жырлаған данагөй адам Едіге мен Тоқтамыстың жайын біраз білген сияқты. Бірақ, ол өзіне дейін негізгі қаңқасы сұлбаланып қалған туындыны түгел өзгертуді мақсатым деп білмеген.

Дегенмен, туындының полистадиялылығы тұрғысынан ойланғанда, шығармада назар аудартар жайлар да жоқ емес. Мәселен, Едігенің қарсыластарының бейнесін алайық.

Шығармада Тоқтамыс жексұрын, жағымсыз пішінде кейіптелмеген. Оның елімен қоштасып тұрып:

«Едігем менің бар еді...

Ескіден кегі бар еді,

Кете алмай-ақ жүр еді.

Көре алмасы көп болды,

Көтермесі жоқ болды.

Едіге сынды батырдан

Қапыда сөйтіп айырылдым,

 Сұм жыраудың айтқаны

 Ақырында дөп келді»  (Сәтбаев Қ. Ғылым мен мәдениет туралы таңдамалы мақалалары. Алматы. 1989. 482-бет.), – деп толғануының өзі – әр ісіне обьективті қарайтын кісінің қалпын аңғартады. Бұл сөздеріне қарағанда оның еліне жаудан әскер әкеліп отырған Едігені кезінде ордадағы әртүрлі іші тар адамдардан қорғай алмадым, деп, соған өзін кінәлап тұрғаны байқалады. Және ол еліне: «Ей, жұртым, қойларыңды сойыңдар, қол қусырып алдына барыңдар. Сендерге тимес, мен үшін бүлінбеңдер» – деп, жеке басының абыройын елінің бүтіндігі үшін құрбан етіп, халқын Едігемен тіл табысуға үндейді. Елі де тағынан өз еркімен кетіп бара жатқан Тоқтамыстың айтқанын тыңдайды. Сондай-ақ, оның баласы Қадырберді де құйтырқы қылықты ішмерез емес, даланың салқар мінезді, салиқалы азаматы болып бейнеленеді. Оның Едігені жазалар сәт туғанда, жауының бірден басын шаппай: «ер болсаң өлерсің, ез болсаң жүрерсің» – деп, басынан аттап кетулерінің өзі соның дәлелі. Ал, мұның барлығы, сөз жоқ, кейін Едіге мен оның ұрпақтарының Дешті-қыпшақты сан рет аласапыранға айдап салып, елдің алауыздықтан әбден титықтағаннан кейін жаңғыртып қосқан жамаулары екендігіне де күмән жоқ. Әйтпесе, егер шығарма әу баста туындының бас жағындағыдай халықтың Едігеге іш тартуынан туындап, өзгеріске ұшырамаған болса, оның ерекше тұқымның ұрпағы болып, иығына елдің жүгін арқалаған алып бітімі – шығарманың аяқ жағында соншалықты аласарып, баласының қарғысынан көзі шығып, қолы сынатындай, Қадырбердінің үстінен аттап өткеніне ұлы мен екеуі бірдей құса болып өліп, тұқымы құритындай жөні жоқ.

Бірақ, Едіге туралы жырда оның тұқымы құрығанмен, шын мәнісінде тарихта олай болмаған. Сосын жырдың біз сөз етіп отырған нұсқасында Едігенің ата-тегі – өз әкесі Бабатүкті шашты Әзиз, оның әкесі Бабағұмармен ғана шектелсе, ол жайлы ел шежіресін Қадырғали Қосымұлы Жалайыри былайша таратады: Әуелгі бабасы Әбубәкірден Махмұд аталығ, одан Катиб аталығ, одан Сұлтан Һармаз, одан сұлтан Халид, одан сұлтан Уалид, одан Сұлтан Қыдыр, одан сұлтан Мулуд, одан Абу Алфеис, одан сұлтан Салим, одан сұлтан Садық, одан сұлтан Абулхақ, одан Жалаладдин, одан Баба Туклас, одан Терме, одан Каричи, одан Ислам-Қия, одан Қадыр-қия, одан Құтлу-қия, одан Едіге би (Сыздықова Р., Қойгелдиев М. Қадырғали би Қосымұлы және оның жылнамалар жинағы. Алматы.1991. 254-255-беттер.).

 Белгілі тарихшы одан әрмен бұл кісілердің қайсысының қай жерде патшалық құрғандарынан хабардар етіп, елдің айтуы бойынша Баба – Тукластың атасын Өзбек хан мұсылман болғанда Узак Чора деген кісі арқылы Каабадан шақыртып алдыртқандығын, сосын ел ішінде Баба-Тукластың біреулер үш ұлы, біреулер төрт ұлы бар деп айтатынын әңгімелей кеп, Едігеден кейін елдің тізгінін ұстаған оның ұрпақтарының жалпы тізімін береді (Сыздықова Р., Қойгелдиев М. Қадырғали би Қосымұлы және оның жылнамалар жинағы. Алматы.1991. 255-256-бет.). Бұл жерде, әрине, Қадырғали Қосымұлы Жалайыридың Едіге туралы шежірені сипаттауы керемет-ақ. Әсіресе Едігенің өзінен кейінгі Мансұр, Қасым, Қази, Наурыздар жайлы, Нұрадиннен қалған, сондай-ақ, ілгергі төртеуден өрбіген ұрпақтардың атқарған істері туралы мәліметтерінің құндылығын айтпағанның өзінде, Мұхамед пайғамбардың серігі Әбубәкірден Едігеге дейінгі жиырма буынның есімін қамтитын геналогиялық кестесі, елдің аңызындағы араб әулиелерінің қазақ даласына қоныс аудару себептерін қиынын тауып қиыстыруы – Едігемен байланысты жырдағы Ніл дариясы, т.б. біздің отанымыздан шалғайда жатқан географиялық мекендердің, басқа аймақтан шыққан кісілердің қазақы ортамен аралас-құралас жүруіне құқықтылық бергендей болатын жайлар. Сонымен бірге осы тізім арқылы бұл мәселені қарастырар зерттеушілердің талайын ойландыратын бірқатар жайлардың ұшығы шығады. Соның бірі – Едігенің шыққан нәсіліне байланысты  мәселе...

 

Біздіңше, Қадырғали Қосымұлының Едігенің арғы тегін соншалықты ұлылардың ұрпағы, күллі мұсылман әлеміне белгілі кісіден өрбитін етіп көрсетуі, тегінде, оның қолынан шыққан нәрсе емес. Өйткені, оның мұндай геналогиялық кестені жасауға мүдделі болатын жөні жоқ. Себебі, ол қоғамдық тұлға ретінде бұл тұқымға тәуелді, немесе қандастық тұрғыдан жақындығы бар кісі емес-ті. Соған қарағанда бұл кесте ерте кезде, тіпті Едігенің өзінің көзі тірісінде бір жүйеге келтірілген шежіренің ізі деуге лайықты. Содан ол жырға көшкен. Ал, жырда белгілі бидің ата-тегі қысқадан қайырылады. Өйткені, жыршы үшін Едігенің жиырмасыншы атасына дейінгі тізімді атап шығу міндет емес, тек ол бас кейіпкерінің күллі мұсылман қауымы қастерлейтін ұлы әулие Бабатүкті Шашты Әзиздің тұқымынан екенін есінен шығарып алмаса болғаны. Сол арқылы-ақ Едіге қандай зордың ата-бабасымен де әруақ, тек салыстырғанда олқы соқпайтын ұлы тұлға болып шыға келмек. Міне, жырдағы да, шежіредегі де Едігенің ерекше жаралған әулеттің лайықты ұрпағы болып әңгімеленетін себебі осыдан. Тек ол үшін Едігенің  сол белгілі ата-бабасының мұрат тұтқан дін жолына, ізгіліктерге үндейтін мұсылманшылық қағидаларына қызмет етуі қажет.

 Ал, өмірде Едіге мұсылман дініне қалай қараған? Бұл жайлы жоғарыда айтқанымыздай, Темір әміршінің астанасында елшілікте болған Г. Клавихо: «Ал, сол Едіге осыған дейін, мұсылман дінін қабылдағанша, еш нәрсеге сенбей келген татарларға мұсылман дінін қабылдаттырды және қабылдаттыру үстінде», – деп жазады, өзінің белгілі күнделігінде (Клавихо Руи Гонсалес де. Дневник путешествия в Самарханд ко двору Тимура: 1403-1406. // Тамерлан. Эпоха. Личность. Деяния. М., 1992. C. 342.). Әрине, бұл жерде Г. Клавихоның татарлар Едіге билік жүргізгенше ешбір дінді тұтынбайтын деген сөзіне шошынудың қажеті жоқ болар. Олар тіпті Едігеге дейін мұсылман болғанның өзінде де аса діндар болмаулары ғажап емес. Ал, Едіге сол халықтарды арғы бабасы Әбубәкір, бергі бабасы Бабатүкті шашты Әзиздердің ұрпағына лайықты болардай іждаһатпен дін жолына күрт бет бұрдырған. Әйтпесе, қарауына кірген елдерінің бәрін де мұсылман дінін тұтындыруға барынша жұмылдырып келген Темір әміршінің ордасында болып отырып, Едігенің қарамағындағы қауымын мұсылманшылыққа бет бұрдыртудағы қадамдарын шет елдік саяхатшы Г. Клавихо бұлайша жазбаған болар еді деп ойлаймыз. Ал, дін үшін ондай қызмет етіп жүрген қайраткердің сол діннің әулие-әнбиелерінің ұрпағы болып жырда суреттелуіне де, арнайы шежіреге енуіне де таңдануға болмайды. Ол сол еңбегі арқылы соған лайықты. Едіге заманында да, оның ұрпақтарының тұсында да өмір сүріп, белгілі жырды жырлағандарда солай түсінген, арнайы ата-тек кестесін мұқияттылықпен тізген шежіреші де осы ойдың үдесінен көрінген. Ал, Темір Тарағайұлы сияқты бірнеше атадан кейін барып Шыңғыс ханның бабаларымен бірге туысатын, моңғолдардың ұлық ұрпағына жақындығы жоқ Едіге батырды бұл идеяның шошындырмағаны былай тұрсын, керек болса соған оның мүдделі болуы да ғажап емес. 

 Бүгінгі таңда азат ел болған Қазақстанның өткен тарихына көз салғанда, ойландырарлықтай да, шошындырарлықтай да жағдайлар аз болмаған. Соның бірі – жиырманың ішіндегі жас тұлпар Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың біз сөз етіп отырған «Ер Едіге» атты жинаққа байланысты тағдырына қатынасты.

 1944 жылы 9 тамызда БПК /б/ Орталық Комитеті «Татарстан партия ұйымының бұқаралық саяси жұмысының жайы және оны жақсартудың шаралары туралы» қаулы алып, онда республика тарихшыларына Алтын Орда дәуірінің тарихын көтере көрсетіп, Едіге туралы эпосты насихаттаған деген бірсыпыра қатал сындар айтылған болатын (КПСС в резолюциях и решениях сьездов, конференций и пленумов ЦК. 1971. т.6, с. 119.). Мұның жаңғырығы араға жыл салып Қазақстанға да жетті. Республиканың негізгі басылымы «Социалистік Қазақстан» газетінің бетінде жоғары жақтың нұсқауымен жазылған, белгілі тарихшының қолы қойылған «Едіге – халықтың зұлым жауы» деген елді дүрліктірген мақала 1945 жылдың 2 қазанында жарық көрді. Мұнан кейін төрт жыл соғыстың азабынан мойны босағандай болып, елмен бірге еңсесі тіктеліп, барлық жігер-қайратын ғылымға жұмсап жатқан ғалымдар ауылына, оның ішінде Алтын Орда дәуірі, жалпы қазақтың Қазан төңкерісіне дейінгі халықтық тіршілігін зерттегендерге тыныштықпен жұмыс істеу мүмкін болмай қалды. Өйткені, 1947 жылдың басында, яки 21 қаңтар күні Қазақстан КП /б/ Орталық Комитетінің «Қазақ ССР Ғылым академиясының тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел саяси қателер туралы» қаулысы шықты. Шортанбай, Дулат, Мұрат, Күдері, Досқожа, Әбубәкір, Ғұмар Қарашев сияқты ХІХ-ХХ ғасыр басында қазақ әдебиетінде елеулі орны бар ақындарға кертартпа, ұлтшыл деген айдарлар тағылды. Олар туралы жазған, шығармаларын оқулықтар мен хрестоматияға кіргізген кісілердің басында найзағай ойнады. Соның жалғасындай болып  1950  жылдың  26  желтоқсан  күнгі  «Правда»  газетінде   Т. Шойынбаев,    А. Якунин, У. Айдарованың «Қазақстан тарихын марксистік-лениндік бағытта игеру үшін» деген мақаласы шықты. Осыған орай Қазақстан Коммунистік Партиясының Орталық Комитетінің бюросы 1951 жылдың сәуір айының 10 күні қаулы қабылдады. Сол жылдың қазан айында республика Партия активінің жиыны болды. Көп ұзамай Қ. Жұмалиев, Е. Ысмайылов, Б. Сүлейменов, Е. Бекмаханов, Қ. Мұхаметханов, т.б. бірсыпыра белгілі ғалымдар айдалып кете барды. М. Әуезов жұмысынан босатылды. Жазушылар қауымы да назардан тыс қалған жоқ. Азуын айға білеп, «шаш ал десе, бас алуға дайын»  отырған саяси қайраткерлер сол кезде бір уақыт та «Едіге батырды» кітап етіп баспадан шығартқан, ал, 1951 жылы дүниенің алтыдан бір бөлігін алып жатқан Кеңестер елінің ғылыми қауымы бірауыздан мойындаған, күллі шығыстағы кеңестік республикалардың жергілікті тұрғындарының ішінен шыққан СССР Ғылым академиясының тұңғыш академигі Қаныш Сәтбаевты естеріне алады. Ақыры осы науқанмен байланысты Қазақстанды тексеруге келген комиссияның басшысы, БКП /б/ Орталық Комитетінің инспекторы Шикин деген қоймай жүріп Қаныш Имантайұлын Республика академиясының президенттігінен түсіруге, сол кездегі Қазақстан КП /б/ Орталық Комитетінің бірінші секретары Жұмабай Шаяхметовті мәжбүр етеді (Сәтбаев Қ.И. Ғылым және мәдениет туралы таңдамалы  мақалалары, Алматы, 1989, 415-бет; Шәріпов Ә. Сойқанды жылдар // Жұлдыз, 1992, №7, 20-бет.).

 1951 жыл. Одан бері де жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Тәуелділіктің торы ыдырағалы да бірсыпыра жылдардың жүзі ауысты. Бірақ, елдіктің туын көтерген елге құт болған кемеңгерлердің арпалыспен өткен өмірі мен жүрген жолына көз салғанда осынау қиямет-қайым атаулының баршасы күні бүгінгідей болып сананы тілгілейді. Ел деп жүріп сүрінген, ел деп жүріп мерт болған ерен тұлғалы ерлер болмаса, олардың арман-мүддесін жанмен ұғар елі болмаса ұлт пен ұлыстың тізгінін кім ұстамақ деп, ойланасың. Кенеулі ой кемеңгерді түсінуге бастайды. Ал, Қаныш Имантайұлы Сәтбаев – дүниеге сирек келетін – кемеңгерлердің өзінің көшін бастайтындай көшелі болып жаралған көсемі болса керек-ті.

 

Жұмат ТІЛЕПОВ

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5441