КҮРЕҢБЕЛ АУЫЛЫНДА «ДАМЫҒАН 30 ЕЛДІҢ» БЕЛГІСІ БАР
Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Кербұлақ ауданындағы егіс жұмыстарымен танысты. Әкіммен ере барған жолсапарда бірнеше ауылдық округтің территориясына тиесілі шаруа қожалықтары жұмысшыларымен әңгімелесіп, шаруаларының жай-жапсарын біз де біліп қайттық.
Талдықорған қаласынан Ескелді ауданының территориясына дейін, Ескелдіден Кербұлаққа дейінгі көлік жолдары шұрық-тесік, ойпық-тойпық, гармошка-балалайка. Шенділердің джиптерінен қалмау үшін қара жорға биледік. Қара жорға деймін-ау, балеттегі қыздар құсап секірдік, тек аяқтың ұшымен емес, отырған қалыпта құйрықтың өзімен. Осы сапарда айтылған көп әңгіменің арасында Жетісу өңірінің басшысы 12 миллиард теңге жол жөндеуге бөлінді деген еді. Кербұлақ ауданының әкімі Бағдат Әлиев жолды жөндеп жатқанын айтты.
Дала төскейінде қауырт жұмыс. Біркелкі, жинақы өскен сабанды абажадай комбайн ырсиған өткір тісімен орып жатыр. Техниканың жүріп өткен ізі қарайып, топырағы борпылдап, шаңы аспанға көтерілді. Әлгінде ғана күн сәулесімен шағылысқан сап-сары алқаптың ұмар-жұмары шықты. Айналаға көз салсаңыз, сарғайып жатқан егіс алқаптарын көресіз. Бірі асығыс, бірі алаң, бәрінде де бұйығы тірлік жоқ. Өз жұмысына машықтанып алған диқаншылар өнімді неғұрлым көп алудың барлық амалын жасап бағуда.
Облыс әкімі Амандық Баталов ең әуелі Көксу ауылдық округіне қарасты егістік алқапқа ат басын тіреді. Онда «Зарина», «Абыкан» мен «Ақылбай-2» шаруа қожалықтарының тыныс-тіршілігі мен шаруасының жәй-күйімен танысты. «Зарина» шаруа қожалығына 5000 гектар жер тиесілі. 3000 гектар егістік алқап болса, 2000 гектары жайылым жерлер. 2550 гектар масақты дәнді дақылдар және 200 гектар көпжылдық шөп өсіріледі. Қазіргі уақытта масақты дәнді дақылдарды жинау науқаны жүріп жатыр. «Табан ақы маңдай тердің алғашқы жемісін де көрдік. Шүкір, биылғы көрсеткіш жаман емес. Ауа райы қолайлы болды. Бүгінгі күні 500 гектар жиналып, 850 тонна астық бастырылды. Өнімділігі де көңіл көншітерлік. Орташа есеппен, әр гектарына 17 центнерден айналды. 4600 тонна өнім алу жоспарланған. Малды қыстату науқанына 800 тонна шөп дайындалды», - дейді «Зарина» шаруа қожалығының басшысы Марат Чуженов. Оның айтуынша, шаруашылықта 42 дана ауыл шаруашылығы техникасы, онымен қоса 250 бас мал сыятын мал қора, 1000 тонна сыйымдылығы бар астық қоймасы, картоп қоймасы, сондай-ақ механикаландырылған қырман да бар. «Ерінбегеннің еңбегі жанады» демекші аталмыш шаруа қожалығы мемлекет тарапынан ауыз толтырып айтарлықтай қолдау тапқан. Нақтырақ айтсақ, 2014-2015 жылдары «Агробизнес 2020» бағдарламасы аясында 36,7 миллион теңге көлемінде субсидия алған. Ал, «Абыкан» шаруа қожалығының басшысы Серік Абыханов былтыр «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорынан 70 миллион теңге несие алғанын, биыл шаруашылығы 20 миллион теңге көлемінде несиелік қолдауға ие болғанын айтады. «Кеше шабындық жерлерді игеруді бастадық. Әр гектарына 26 центнерден өнім алынуда. Арпа мен ашытқыны Текелідегі арнайы зауытқа өткізіп отырмыз. 1250 гектар егістік жер, 3000 гектар жайылым жеріміз бар», - деп шаруашылығының жұмысымен таныстырды. «Абыкан» шаруа қожалығы былтырдан бастап био отын шығаратын зауыт ашқан. Мұндай зауыттар жоғары мінберлерде көп айтылатын жасыл экономикаға қосқан үлесі болып саналатын көрінеді. Ол туралы Көксу ауылдық округінің әкімі Ерғали Сатымбаев кеңірек әңгімелеп берді.
Ерғали Сатымбаев, Көксу ауылдық округінің әкімі:
Био отын шығаратын зауытта 12 адам жұмыс істейді. Күніне 8 тонна гранул өндіріп шығарады. Гранул дегеніміз – сабан, қурай, шөпті жинап теріп арнайы құрал-жабдықтарына салып, химиялық қоспа қосқанда дайын болатын өнім. Оның артықшылығы сол, отын ретінде пайдаланылады, күлі болмайды. Әдеттегі отыннан үш есе төмен бағаланатындықтан, отын үнемдеудің ең тиімді жолы осы. Былтырдан бері әлеуметтік нысандарды жылытуға пайдаланылып келеді. Мәселен, 640 орынға арналған мектеп алты ай қыста 60 тонна жанар жағармай жағады. 60 тонна жанар жағармайдың әр литрін 100 теңгеден есептесек, қыруар қаржы шығады. Био отын осыдан 3 есеге арзан. Тек био отын жағу үшін арнайы қазандығын орнату керек. Оның өзін біздегі «Факил» фирмасы жасайды.
Сонымен қатар, күреңбелдіктер энергияны да үнемдеудің жолдарын қарастырыпты. Нәтижесінде, «Жарық Энерго» компаниясымен бірлесе отырып, Көктал өзенінен энергия алатын технологияның құрылысын жүргізуде. «Көксу, Ескелді ауданында энергия тапшылығы болуы мүмкін. Кіші көлдерден энергия алып, энергия қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында осындай жоба іске асуда. Біз энергияның линиясын тарттық, бұл Қорғастағы құрғақ айлаққа дейін барады. Қазіргі күні Сарқан, Ардреевка, Көктал көлдері қосылып отыр. Лепсі, Ақсу, Көксу, Қаратал өзендеріндегі судың бір жүйемен біркелкі энергия көзін алуға пайдаланамыз. Біздің мақсатымыз – өңірді энергетикалық тәуелсіз ету. 2016-2017 жылдарда жобалық қуаты шығуы керек. Қазір кезде энергетик мамандарды оқытып, жұмысқа алып жатырмыз», - дейді Ерғали Ғарифоллаұлы. «Жарық Энерго» Ұлттық энергетикалық компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сәкен Мейірбеков Қаратал өзеніндегі ГЭС каскада құрылысы туралы баян етті. Оның айтуынша, құрылыс жұмысы алдағы жылдың қаңтарынан бастау алмақ. Бұл жалпы қуаттылығы 35 МВТ болатын 5 станция 2020 жылға дейін іске қосылмақ.
Шаруалардың қал-жағдайын сұрап, жұмысының жәй-күйімен танысқан облыс әкімі «Шаруаларыңда қиындықтар бар ма?», «Қандай көмек қажет?» деп сұрауды есінен шығарған жоқ. Осыдан кейін Қоғалы ауылдық округіне барған делегация ондағы 100 гектар алқаптағы картоп өсірушілермен тілдесті. Қоғалы ауылындағы «Мәди» шаруа қожалығы 3400 гектар масақты дәнді дақыл еккен, оның 1500 гектары – күздік бидай, 700 гектары – жаздық бидай, 1000 гектары – қарақұмық. Қазір дақылдың алдын жинап үлгерген. Шаруа қожалығында 24 адам жұмыспен қамтылған. Орташа айлығы да жаман емес, 60 мың теңге. Шаруа қиындықтарын еңсеріп, еңбектің жемісін де көріп отыр. Төккен тері, еткен еңбегіне сай мемлекеттен көмек те алған. Былтырғы жыл мен биылғы жылы «Агробизнес 2020» бағдарламасы аясында егін шаруашылығы бойынша 6,2 миллион теңге көлемінде субсидия берілген. 2014 жылы «Мәди» шаруа қожалығы лизингке 50 миллион теңгеге 1 дана трактор, 1 дана дәрі шашқыш, 2 дана комбайн алған. Осы қолдаудың арқасында шаруасы жемісті, жұмысы қарқынды жүріп келеді. Ал, Талдыбұлақ ауылдық округіне қарасты «Алатау Дейри» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ауқымды алқапты игеріп жатқан ірі кәсіпорын. Қазіргі күні 120 адамды жұмыспен қамтып отыр. 10 047 гектар жерді пайдаланып, өз шаруасының тасын өрге домалатып, тек ауыл шаруашылығына ғана емес, облыс экономикасына өз үлесін қосып келеді. Егін шаруашылығымен де, мал шаруашылығымен де қатар айналысып, бұл саланың көсегесін көгертуге атсалысуда. Серіктестік асыл тұқымды мүйізді ірі қара малының репродуктор-шаруашылығы болып саналады екен. 2012 жылы «ҚазАгроҚаржы» АҚ қолдауымен Австралиядан етті «Ангус» тұқымынан 280 аналық бас және 9 бас бұқа сатып әкелген. Олардан қазіргі күні 200 бас тұқым алынған. «Алатау Дейри» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшысы Рақымжан Сұрабалдиновтың айтуынша, «Ангус» тұқымының ірі қара малдары қазақ топырағына тез сіңісіп кеткен. Қазір серіктестікке тиесілі мүйізді ірі қара малының жалпы саны 488 бас болса, оның ішінде 279 аналық, 9 бас бұқа, 200 бас тана-торпақ, 6 бас жылқы бар. Жетісу өңірінің басшысы Амандық Ғаббасұлы диқаншылардың ауыл шаруашылық өнімдерін даладан қалаға тасып, әуре-сарсаңға түспеуі үшін азық-түлік белдігін ұйымдастыратынын айтты. Бұл жоба іске асса, шаруалар ет, сүт, күріш, көкөніс сатуға басын ауыртпайтын болады.
Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі:
Көптен армандап жүрген Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болып ендік. Енді біздің тауарлар сапалы және бәсекеге қабілетті болуы керек. Нақтырақ айтсақ, біз өндірген кез келген тауарды Еуростандарт талаптарына сай етуге тиіспіз. Жалпы, біздің елде өндірілетін азық-түлік тауарлары экологиялық таза. Оны бәрі біледі. Сондықтан, біз апарған өнімдерді олар таласып алады. Оның бәрін жасау үшін Үкімет үлкен көмек жасап жатыр. Елбасы қант қызылшасын өсіруден алдына жан салмайтын Алматы облысының дәстүрлі шаруашылығын қайта орнына келтіруді тапсырған болатын. Биыл біз қант қызылшасын 4000 гектарға ектік. Кәсіпкер жігіттер Көксу қант зауытын, Қарабұлақ қант зауытын, Алакөл қант зауытын іске қосамыз деп уәде берген. Тәтті түбірді өңдеп өнім ете алсақ, одан келер пайда көп. Қаншама жұмыс орын, қаншама инвестиция, қаншама салық түсімі бюджетке түседі. Биылғы жылы ауылшаруашылығы өнімдері үшін 24 миллиард теңге субсидия алдық.
Шынаргүл ОҢАШБАЙ,
Талдықорған-Кербұлақ-Талдықорған
Суреттер автордікі.
Abai.kz