Жұма, 29 Наурыз 2024
46 - сөз 5631 0 пікір 30 Шілде, 2015 сағат 12:26

Бауыржан Бабажанұлы. ЖУРФАКТА КІМ ОҚИДЫ?

Анабір жылы бір ағамыз келді. Қасында мектеп бітіріп жатқан қызы бар.
— Мына қарындасың журналист болғысы келеді. Ақыл-кеңесіңді айт, — деді ағамыз өзімсіне сөйлеп. 
Сөйлесіп көрсем, бала журналистиканың ауылынан тіпті алыс екен. Тіпті Қазақстанда шығатын газет-журналдарды да айта алмай мүдірді. Жазғандарын алып қарадым. Басқасын былай қойғанда, жалғау, жұрнақ дегендеріңіз алдындағы сөзге жабыса қалатын шоғайнаға айналыпты.
Алдымен қарындасымызға, кейін әкесіне айтып ем, екеуі де шоршып түсті. «Өзіңді бір дұрыс жігіт санаушы ем...» — деді ағамыз сызданып, — сен де осылай редактор боп тумаған шығарсың. Жас бала ғой, үйренеді, өзі талантты, өлең шығарады...». Басқа оқуды бітіріп те журналист болуға болатынын айтып түсіндірмек болған әрекетімнен түк шықпады.
Кейін әлгі қыздың журфактың ақылы бөліміне оқуға түскенін естідім. Әкесі Алматыдан пәтер жалдады. Осы күні оқуын бітіріп шыққан қарындасымыз мүлде басқа салада жүр екен. Қайран, босқа шашылған ақша...
Осындай жағдайлар жыл сайын қайталанады. Ертай ағам екеуміз біраз адамға ақыл айттық. Әй, бірақ тыңдамайды-ау, тыңдамайды. 
Жақында тағы бір қыз келді. «Арманым — журналист болу!» — дейді. Әлі мақала жазып көрмепті. Бірақ тв-дағы әдемі апайларын көріп, қатты қызығады екен. Грамматикасы тәп-тәуір. «Айналайын, сен филфакқа баршы, оны бітіріп те журналист бола аласың. Ал егер журфакты бітіріп, журналист бола алмасаң, дипломың ештеңеге жарамайды». «Жо-жоқ, ағай, журфакта оқығым келеді!» — дейді қарындасымыз табанды түрде. Әрі-бері айтып ем, болар емес. Сосын:
— Айналайын, журфакта кімдер оқитынын білесің бе? — дедім түсімді суытып.
— Кімдер, ағай? 
— Филфакқа түсе алмайтындар оқиды. 
Қарындасымыз күліп жіберді. Сосын қоштасып, есікке беттеді. Бірақ әуелі журфакқа тапсыратынына күмәнім жоқ... 
Сырттай қарағанда, оп-оңай боп көрінгенімен журналист болып істеу өте қиын. Әсіресе, әйел адамға. Арқыраған байы, етегіне жабысқан бала-шағасымен алыса жүріп, керемет дүниелер тудырып жүрген келіншектерге мың алғыс. Таусылмайтын іссапарлар да отбасының берекесін кетіріп жүрген жайттарды көріп жүрміз. Бірақ журналистика — еріккеннің ермегі емес. Кейде әупірімдеп оқу бітіріп, бірдеңе ғып жұмысқа ілігіп, сосын өмір бойы редакторының «қанын ішетін» кейбір қарындастарымыздың басқа салаға кереметтей икемі бар екенін көресің...
Баламызды, әсіресе қыз баланы журфакқа жіберерде сәл ойланайықшы. Журналистика дегеніміз телевидениеде жарқырап көрінетін сұлу қыздар ғана емес қой. Олардың да көбінің «сырты бүтін, іші түтін» екенін ұмытпайық.

Әлеуметтік желіден.

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3616