Жұма, 22 Қараша 2024
Аласапыран 7034 0 пікір 24 Шілде, 2015 сағат 10:21

АЛМАТЫ: ЕСІМОВТІҢ ВЕРТОЛЕТІ


«Вертолет-вертолет – мені өзіңмен ала кет! Вертолет-вертолет – мені өзіңмен ала кет...»

Түкке түсінбей қалдық. Түкке түсінбей қалғасын әлдеқайдан шығып жатқан ырсыл-гүрсілге елең-елең етіп, құлағымызды түрдік. Бекер-ақ түрген екенбіз, осы сәтте ұмар-жұмар құшақтасқан екеу асфальтталмаған ауланың шаңын бұрқ еткізіп, біз отырған жерден небәрі бес-алты қадамдай жерге домалап түсті. Тарсыл да гүрсілді көбейтіп, жұмысы жоқ жұмыссыз қазақтар нарды ойнап отырғанбыз – мына тегін төбелесті көргенде едірейген-едірейген күйі орнымыздан ұшып-ұшып тұрдық. Ұшып-ұшып тұрдық та: «Не болды-әй!» дестік ауылда қой қайырып жүргендей әжептәуір дауыс шығарып. Бірақ ұмар-жұмар екеу бізді елең қылған жоқ, ырс-ырс етіп төбелесіп жатыр. Төбелес болғанда да - қызық төбелес енді. Төбелестің жатып алып тоқпақтасатын түрі болса керек, өйткені өз басым бұған дейін мұндай төбелесті көрмегем. Түкке түсінбесек те, еріккен екі-үш қазаққа мына төбелес шынымен-ақ қызық төбелес болды, өйткені бұл - экрандағы «фонограмма» төбелес емес, кәдімгі «живой» төбелес.

«Өй, әкеңді... нойыс неме!» деп тұп-тура ауылдағыдай боқтаған тақырбас қазақ орнынан тұрып бара жатқан әскери киімді қоп-қоңыр қазақты атып тұрған бетте артқы жағынан қапсыра құшақтады да... айнала бере жерге жалп еткізді. Жалп еткізді де: «Болды ғой енді, өлтіремісің Есімовті!» деп бізді тағы таңдандырды. «Ойпырмай, мынау өзі не боп кетті? Есімовы несі?»

Ардың-гүрдің арасында жергілікті масштабтағы «ұрыс даласының тактикасын» онша-мұнша түсіне алмай тұрғанымызда үсті-басының шаңын жүре қағып, тақырбас қазақ біздің жанымызға келді. Келді де – бақырайып-бақырайып тұрған біздерге мәселенің мәнісін түсіндірді. Сөйтсек – жағдай былай болған екен. Алматы қаласындағы Наурызбай ауданының аумағына тасқын су қаптауына байланысты адамдар арасында әбіржушілік басталмай ма, өйткені шілденің шіліңгірінде мұндай болады-ау деп ешкім де ойламаған. Төтенше жағдайлар мен Қазгидромет дегендер де пәлен-түген деп ештеңе ескерте қоймаған. Осындай апақ-сапақта аудан аспанында Алматы әкімі Ахметжан ЕСІМОВ мырза пайда болмай ма – тікұшақпен. Радиодан самбырлап хабарлап та жатқан – «Есімов Алматының аспанында жүр» деп. Тап осы сәтте тақырбас қазақ пен оның «ауғанда бірге соғысқан полчаны» екеуі балконда тұрған екен. Анадайдан гүрілдеп түкұшақ дауысы естілген бетте-ақ тақырбастың «полчанының» ми істемей қалыпты. Тақырбастың айтуына қарағанда, Ауған жеріндегі жан алысып, жан беріскен ұрыстардың бірінде мұның «полчанын» тікұшақтан тасталған бомба өлтіріп қоя жаздағанға ұқсайды. Әйтеуір Алла қалап, аман қалыпты. Бірақ содан бері тікұшақ дауысын естісе болды – көзі алайып, қатты мазасызданатын көрінеді. Бұл жолы тіпті «вертолет-вертолет – мені өзіңмен ала кет!» деп екінші қабаттың балконынан Есімов мінген тікұшаққа қарай секірмек те болған екен, әйтеуір абырой болғанда тақырбас шап беріп ұстап үлгеріпті. Екеуінің құшақтасқан күйі ауланың шаңын бұрқ еткізіп, бізге жақын маңға құлағаны да содан екен. Контузиясы бар, қысқасынан қайырғанда. Күлетін де жағдай емес. Ал осы кезде... «Болары - болып, бояуы - сіңіп» қойғаннан кейін барып әдеттегідей «аттандауын» бастайтын біздің төтенше жағдайлар жөніндегі комитетіміздің қызметкерлеріне қарағанда Алматымыздың Есімовы «оперативный» болып шықты – Алатаудың баурайы алай-дүлей болып жатқан кезде АХМЕТЖАН мырза «әп-біссіміллә!» деп қалаға «төтенше жағдай тәртібін» енгізді де жіберді. Дұрыс болды негізі, бір жағынан алып қарағанда. Ал енді Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир БОЖКО мырза болса, төтенше жағдайдың қызметкерлері мен қажетті техникалары және 4 тікұшағы күні-түні кезекшілік жасау кестесіне кіріскенін мәлімдеді. Кешіксе де, қарап отырмағанын осылай білдірді бұл кісі.

Осы ВЛАДИМИР мырзаның айтуынша, Алматы қаласының Наурызбай ауданы аумағындағы Қарғалы, Қарағайлы, Достық және Ақжар кенттері мен Жандосов және Яссауи көшелерінің қиылысындағы тасқын су астында қалған тұрғын үйлер бақылауға алынып, ондағы 900-ге тарта тұрғын қауіпсіз аймаққа көшірілген.

Марат МАДАЛИМОВ.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1440
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3202
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5174