Сенбі, 23 Қараша 2024
Ұждан 6249 0 пікір 14 Шілде, 2015 сағат 11:47

ҚАЗАҚ ЖАЛҚАУ ХАЛЫҚ ПА?

Кеше Талғар қаласына жолым түсті. Тізгін ұстаған жігіт  «есімім – Елдос» деп таныстырды өзін. Елдос жол құрылысында жұмыс істейді екен. «Мастермін, 20-25 адамның үстінен қараймын» дейді. 25 күн түзде жүреді екен. 5 күн демалыс. Сол 5 күнді бекер өткізбес үшін  Елдос Алматы мен Талғардың арасында ары-бері зулап, көнетоздау көк мәшинесімен адам тасып, «таксавайттап» жүр. Кісі басы 200 теңгеден алғанда, бір бағыттан 800 теңге, қайтар жолында және 800 теңге тауып, кешке дейін отбасына 4-5 мың теңге кіріс кірігізетін көрінеді.

Елдос – мамандығы бойынша заңгер екен. Одан кейін архитектордың дипломын алыпты. Автожол құрылысына жұмысқа тұрғанша,  бір фирмада дизайнер болып та қызмет істеп тастапты. Қысқасы – бесаспап. Қазір «Батыс Еуропа – Батыс Қытай»  автокөлік жолын салып жатқан шойын жігіттердің қасында, шақырайған Күннің астында қақталып тер төгуде. «Кесімді жалақым – 150 мың, қолға тиетіні – 120-125 мың», - дейді Елдос.

Күнқақты жүзі күлімсіреп Елдос әңгіме айтады:

-         Бұрын жол жасап кім көрген?.. Бірақ, бұл өзі аса қиын шаруа емес екен ғой. Автобетон құйылатын жердің бетін қиыршық тастармен 1-1,5 метрге дейін көтереміз. Ойпаң жерлерді кейде 10-11 метрге дейін биіктейміз. Содан соң тегістеп, таптап және көтереміз. Қиыршық тас дегеніміз – даланың кәдімгі қатты шақпақ тасы, щебень, «сникерс». Осыларды жаймалаған сайын нығыздап, таптайтын доңғалағы бар трактормен үстінен жүріп отырамыз. Табанжол тегіс болуы керек, сонда бетон жақсы құйылады.

-         Жұмысшылар кімдер негізінен?

-         Өзіміз. Қазақтың қара балалары.

-         Қазақтарды «жалқау» деп жұмысқа алмайтын көрінеді ғой компания басшылары?

-         Жоқ, алады ғой. Неге алмайды? Мына шақырайған Күннің астында, аңызақ желдің өтінде қазақтан басқа төзімді жанды табу қиын. Жол жұмысындағылардың дені қазақ. Ұйғыр ағайындар да бар. Олар көбіне тапталған жолдың үстіне шығып кететін шөптерді жұлады. Былайынша, оңай көрінгенімен, ол бір іш пыстыратын жұмыс. Айлығы да аздау. 70-80 мың теңге.

-         Жолға ақшаны үкімет аямай құйып жатыр деп естиміз ғой?

-         Рас сөз. Үкімет ақшаны аямай құйып жатыр. Бір шақырым жолдың құрылысы – 5 миллион доллар. Тендерді алдымен генподрядчиктер алады. Сөйтеді де, жұмысты субподрядчиктерге береді. Олар жол құрылысына керекті техникаларды жеке адамдардан жалға алады. Мысалы, сізде экскаватор болса, оны сағатына 10 мың теңгеге жалға бере аласыз. Ал, экскаватор 24 сағат жұмыс істейді. Сонда сіз бір тәулікте 240 мың теңгені қалтаңызға басып отырасыз.

-         Ау, сонда әлгі подрядчиктеріңде құрылыс техникалары жоқ па?

-         Көбінде жоқ.

-         Жол құрылысының бізде аса жолы бермеуінің бір себебі – осы деші.

-         Иә, осы. Ой, аға, ақшаңыз болса, 40 тонна жүк тартатын ауыр машина немесе экскаватор сатып алыңыз. Бізде жол құрылысы енді басталып жатыр, байлықтың көкесі – әлгіндей техникасы бар адамның қолында.

Осындай абың-гүбің әңгімемен Талғарға да жетіп қалыппыз. Есеп айрысып, есен-саулық тілесіп, түсуге тура келді.

«Жарайтын жігіт екен, - дедім ішімнен Елдос кеткен соң риза болып, -  жарайтын жігіт екен. Үйінде жалпиып жатып алмай бес күндік демалысының өзін кәдеге жаратып жүр». Ал, ел ішінде елдостар аз ба? Аз емес, әрине. Жасырып керегі не, жан қинамай табыс табуды ғана ойлайтын тоғышарлар мен нақты іске, кәсіпке келгенде кежегесі кері тартып тұратын кер жалқаулар да жетіп-артылады. Бірақ, соларға қарап қазақтың бәрі жалқау, бәрі еріншек, істің көзін білмейді деп бір жақты пікір түюге бола ма? Осыдан ширек ғасыр бұрын біздің түсінігімізде, біздің ғана емес, әлем жұртының ұғымында ең лас, ең ұсақ, ең надан халықтың бірі – ханзу халқы еді. Біз біреуді өзімізден төмен, қор санасақ, әлгі байқұсты «қытай» деп келемеждейтінбіз. Бүгінде сол қытай қандай? Керемет. Алапаты асып отырған жұрт. Дамудың шын даңғыл жолына түскен мемлекеттің бас иесі. Әңгіме жолдан шыққан соң айта кетейік, ҚХР барсаңыз бесікте тербелгендей күй кешесіз. Автожолдарында бір ақау жоқ. Түп-түзу, теп-тегіс. Соның бәрін оларға сырттан келіп ешкім жасап берген жоқ. Бәріне ханзу халқы өзі қол жеткізді. Өзіне керекті игілікті өзі жасады. Біздің де қолымыздан келмейтін іс кем. Алайда, ол үшін тұтас ұлтты ұлы істерге ұмтылдыра, жұмылдыра білу керек шығар. Әйтпесе, тепсе темір үзетін жігіттің тышқаншылағаны – тышқаншылаған. Бойын кернеген есіл қайратын қара базараларда арба сүйреуге жұмсаған азамат аз уақытта-ақ азып-тозады. Жігері мұқалады. Ұсақтыққа мүлде бой алдырып, таусылады. Отан, ел, ұлт деген ұғым санасында өшіп, құлқынның ғана құлы болып шығады. Осы күні «өзін өзі жұмыспен қамтамасыз етуші» деп танылатын қазақ жастарының дені базарда. Шетінен саудагер. Мал сатып жүрген де – қазақ, машина сатып жүрген де – қазақ. Сауда-саттықтың дәмін татып қалғандары қазір «әке» десең де мал бағатын, бақша баптайтын жұмысқа баспайды.

Әйткенмен де, бұны қазақ арасындағы еңбек бөлінісінің түрі деп қарау керек. Өйткені, жоғарыда жаздық қой, ел ішінде Елдос сияқты жігіттер аз емес. Қырда төрт түлігін өсіріп, ойда қауын-қарбызын егіп, қала берді, екі қолға бір күрек қайдан табылса, сонда баратын азаматтардың қарасы мол. Міне, біз солар туралы айтуды ұмытып кеттік қазір. Билік олардың бар-жоғын, тіпті, есепке алмайды. Есепке алса, Мәсімов үкіметі гастарбайтерлерге жеңілдіктер қарастыру жөнінде құжат қабылдамас еді ғой. Біздің билікке салсаң, Қазақстанда қазақтан өткен масыл, қазақтан өткен пәлеқор ұлт жоққа тән. Қазақстанда жұмыс істемейтін жалғыз ұлт, ол – қазақ. Мынандай бір анекдот бар керек десеңіз.

Путин мен Назарбаев Мәскеуде кезедесіп отырғанда Путин айтыпты дейді:

-         Нуреке, бізде өзбектер жұмыс істейді, тәжіктер жұмыс істейді, қырғыздар жұмыс істейді. Бәрі істейді. Тек қазақтар ғана жұмыс істемейді. Сонда Нүрекең:

-         Бәке, олар менде де жұмыс істемейді, - депті.

Осыған күлеміз бе, қайтеміз? Әншейін, бұралқы сөз, қысыр әңгіме ретінде езу тартуға болар, бірақ, қазаққа қатысты сөздің жоғары жақтағы сыпаты осылай өрбитіндігін ойласаң мәселенің күлкі емес, күлбеттеніп тұрғанын көресіз.

... Дұрыс, әбден келісеміз, Елбасы қазақ жастарын еліміздің солтүстік өңірлеріне келіп жұмыс істеуге, қоныстанып қалуға шақырды. Әуел десеңіз, Олстридте тұратын АҚШ азаматтарының Калифорнияға ұшып келіп жұмыс жасап, кешке үйіне қайтатындығын мысал етті. Жақсы мысал. Алайда, Қазақстанның қазіргі күйіне еш сәйкеспейтін мысал. Өйткені, Шымкенттен Петропавлға ұшақ ұшпайды. Талдықорғаннан Атырауға ұшатын ұшақты қиялдаудың өзі қисынға жуымайды. Алматыдан Ақтауға ұшық шалмаса, күнде ұшып барып келу дегеннің – «совсем немыслимо». Алайда, жастар солтүстік аймаққа қайткенде барып қоныстануы қажет. Себебі: ол аймақта бос қалған елді-мекендер көп, қалаларда пәтер арзан, жер кең. Солайы-солай екен деп, бірақ, ешкімді қыстап және апара алмайсың. Оған алғы шарт, абзалы мемлекеттік кешенді бағдарлама керек. Қытай, мысалы, 1990 жылдардың ортасын ала елдің батыс өңірін игеру мәселесін күн тәртібіне қойды. Қазақ-ұйғыры басым Үрімжі, Құлжа сияқты қалаларға қаптап келіп, көппәтерлі биік үйлер салды, жұмыс орындарын ашты. Соның өзінде ішкі қытай бұлғалақтап батыс аймағына әрең келді. Қоныс аударғандарының алды кері қашты. Әйткенмен де, 9-10 жылдың шегінде батыс аймағын игеріп үлгерді. Жаркенттің тап жанында, Қорғас кеден бекетінен өте қалған тұста, қытайдың «Қорғас» дейтін 200 мың тұрғыны бар қаласы бой көтерген. Сол қаланы қытай 8-9 жылдың ішінде салып жіберді. Ал, біздің Қорғас бекеті баяғы қорқынышты күйінде әлі тұр. Кеден бекетіне ұқсамайды. Жалбыр-жұлбыр, алым-салым. Жар басында жарбиған жаман лашық сияқты.

 

...Бастапқы әңгімемізге оралайық. Иә, солтүстікке көшу керек. Ресми орталық Арқа төсіне бет бұрғанда қуанғанның бірі біз болып едік. Сонда ойлағанбыз: бұл биліктің ғана емес, жалпы елдің терістікке бет бұруы болар деп. Ептеп, ішінара солай болды да. Бірақ, соның өзі қазақтың ішкі ерік-жігерінің, тәуекелінің нәтижесінде болды. «Тәуекел» деп барған қазақтың көбі, алайда, абат Астанаға әлі күнге кіре алмай, төңіректеп жүр. «Таксовайттап» жүр. Зәуде астана бара қалсақ, тізгіндегі жігіттен сұраймыз: «Қай жақтан боласың?», - деп. Бірі – «Торғайданмын», - дейді. Енді бірі – Қызылордадан болып шығады. Қайсібірі – Семейден екен. Шымкенттіктер екібастан жиі кездеседі. Бурабай (Боровой емес!) барғыңыз келсе де, аяғыңызды жерге тигізбей алып барып, алып келетін – солар. Шағын дәмханалар мен өзге де ұсақ-түйек қызмет көрсететін орындар да сол айналайын қаракөз бауырлардың қолына көше бастаған. Арасынан қытайдан, өзбек жағынан көшіп келген ағайындар да табылады. Айтпақшы, «ата –бабамның жері екен деп», «жалпиып жатып алмайтындардың» қалың шоғыры – осы жұрт. Еш нәрсеге қарамай, ағылып, көшіп келіп жатыр. Басып жатыр. Енді сол қазақты Сарарқаның апай төсіне мықтап қоныстандыру қажет. Ол үшін облыс әкімдерінің тарапынан да пәрменді іс-қимыл болуы тиіс-ау. Өкініштісі, Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып тұрған кездегі Бердібек Сапарбаевтан басқа бір де бір әкімнің ішкі көші-қонға көңіл бөлгенін көрген емеспіз. Шамасы, «Елбасының тапсырмасынан» басқаға бас қатырмайтын әкім-қаралар үшін қазақтың қарасы молайып, көшіп келуі ең қиын мәселе, шетін жайт, төтенше оқиғалардың бірі болса керек.

Жиырмасыншы ғасырдың орта шенінде Батыс әлемі үшін ең жалқау халықтың бірі – корейлер болған. Жиырма бірінші ғасырдың алғашқы он-он бес жылдығында қазақ билігі үшін жалқау халық – қазақ болып отыр. Парадокс. Аз уақытта кәрістер өздерінің бейнетке төзімді, еңбекке қабілетті, ақылды, алғыр ел екендігін дүниеге паш етті. Қазақ та өзінің сондай мүмкіндігін әлемге әйгілейтін болады әлі. Соған дейінгі жауабымыз, әзірге, жалқы жауап: қазақ жалқау емес!

 

Дәурен Қуат  

Abai.kz                    

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5478