Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әдебиет 8380 0 пікір 23 Маусым, 2015 сағат 08:18

Жандос БАЙДІЛДА. БҰЙЫМТАЙ (әңгіме)

С. Дали. Күн жасағы

Оны ауылда ешкім Қарқынбек деп ныспысымен атамайтын. Бір сөзбен «Әкім Серіктің кластасы» дейді. Серік ауылдың әкімі болған соң, үйінен қонақ үзілмейді. Облыстан, ауданнан келген кіл ығай мен сығай ас ішіп, кейде қонып та кетеді. Қонақтармен бірге аяққа оратылған балаға ұқсап Қарқынбек те жүреді. Ауыл әкімі құтты қонақ келгенде Қарқынбекті «Мал доғдыры болса да оқыған, көзі ашық, қонақтың көңілін тауып, отырыстың сәнін келтіретін жалғыз кластасым» деп ұмыт қалдырмайтын.  

Қарқынбек келген соң құр қайтпайды. Міндеті асабалықпен шектелмейді. Қолында билігі, пәрменді қызметі бар қонақтармен танысып, білісіп, арқа-жарқа әңгімелесіп, телефон нөміріне дейін сұрап алады. Ішсе мас болмайды, тілі күрмеліп, ешкімнің мазасын алмайды. Қарқынбектің ең үлкен қаруы да қонағының ішкені. Керек десеңіз әйелінің, бала-шағасының, үйіндегі ит-мысығына дейін атын біліп алады, сосын қонағының шұлығын шешіп, көрпесін қымтап үйіне бір-ақ қайтқаны. Арада біраз уақыт өткен соң «Дәрикөш жеңгеміз шауып жүр ме, Сикөшіңіз өсіп жатыр ма, Аяукаңыз мектеп бітірмеді ме?» деп қабылдауына жазылып, телефон тұтқасында тұрып іші-бауырына кіргенде «жоқ» деуге лажы болмай, оңай келісе кетеді. Біріне айтып, келінін мектепке мұғалім қылды. Біріне айтып, ұлын Ақадыр ауданына юрист қылды. Бұйымтайы сонымен бітсе ғой, тағы бір дөкейдің қабылдауына барғанда ауылдағы кластас әкімін қаралап, орнын сұрапты...

Елде тұңғыш рет кадрлық ауыс-түйістер болды. Он екі калибрлі мылтықтың ұңғысынан шыққан бытырадай шашылған шенеуніктердің жан-жаққа әкім боп тағайындалғаны Қарқынбектің өмірін күрт өзгерткен еді. Қарқынбектің облысына әкім боп Ұзақбай Сарыбаев келді. Күнде телевизордан түспейтін, жоғарғы кеңестегі депутаттың дәл өзі. «Бұл тарихи, бай өлке» деп жаңа креслосына жайғаспай тұрып елге сәлемін берді.  Облыс жұртының күткені басқа еді, Ұзақбай да жарап қалар десті ме, Алматы облысына әкім боп тағайындалған Қалдыбай Закиряновтан біржола үмітін үзді. Қалдыбай Закирянов Семейді басқарып тұрғанда полигонмен күресіп, Абайдың 150 жылдығын дүрілдетіп өткізіп, бір облыстың ғана емес, тұтас халықтың ықыласына бөленген-тін. Қарқынбектің облысы да оңып тұрған жоқ,  пойыз жол қажет, ауыз су мәселесі тапшы. Ұзақбай Сарыбаев осы мәселелерді шешемін депті.

Ұзақбай Сарыбаев пен Қалдыбай Закиряновты етене араласатын достар дейтін. Оларда достық болушы ма ед, дұрысы заманы бір болған соң амалы бір, мүддесі ортақ азаматтар. Қос әкім еншісін алып, екі жаққа бағыт алар тұста оңашада бір-біріне сәттілік тілесіпті. Сөз арасында Қалдыбай Закирянов кішігірім бұйымтайын да айтып үлгерсе керек.

– Ұзақа, кішігірім бұйымтайым бар еді...

– Айтыңыз.

– Сіз бет алған облыста жездем тұрушы еді, Қарқынбек Үсенов деген. Ауылының атын да ұмытып қалдым. Пәленбай жылдан бері зоотехник…

– Қалдан-ау, болды түсіндім. Жездеңді уайымдама!

Қос әкімнің арасындағы диалог шамамен осылай аяқталған. Ұзақбай Сарыбаев ертесіне-ақ жаңа қызметіне кірісті. «Айтабер» газетінің алғашқы бетіне әкімнің мойылдай қара туфлиінің бауын байлап түскен суреті жарияланды. Газеттің дәл маңдайына «Жаңа әкім қызметіне бел шеше кірісіп кетті!» деген әсерлі тақырып әлгі суретпен керемет үндесіп тұр. «Жаңа әкім келсе қызметімнен кететін шығармын» деп екіұдай күйде жүрген бас редактордың бағы жанып орнында қалды, су жаңа әкімнің оқыс қимылын оңтайлы пайдаланған газеттің фототілшісі де көп ұзамай баспаналы болды. 

Ұзақбай мырза жұмысын аудан аралаудан бастады. Аттап басқаны, әр айтқан сөзі «Айтабер» газетінде тарих боп қатталып жатты. Қызды-қыздымен жүргенде әріптесі Қалдыбай Закиряновтың айтқан өтініші есінен шығып та кетті. Әкім болған соң тыным тапсын ба, жарты күні ел аралаумен, қалғаны телефондарға жауап берумен өтеді. Қауырт шаруалармен әуре боп жүргенде жарты жыл да өте шықты.

Бірде оның алдына совхоз директоры мен зоотехниктің дауына байланысты іс түсті. Ауыл әкімінің үстінен жазылған арыз. Арыз иесінің ныспысы көзіне оттай басылды. Қарқынбек Үсенов дегенді оқып, әлгі Закирянов мырзаның өтініші есіне сап ете қалды. Аты да, заты да сол, зоотехник. Жас шамасы да Қалдыбайға жезде болуға дәл келеді. Қарқынбек деген құлаққа түрпідей естілетін ныспыны кім қоя берсін. «Дәл өзі де, басқа кім болсын?! Әй, қайдасыңдар, мына кісіні дереу тауып, жұма күні маған алдыртыңдар!»

...Дәл осы кезде Қарқынбектің басына қара бұлт үйіріліп, қонақтан қалдырмайтын әкім кластасымен дауы қыл үстінде тұрған еді. Әкім бүкіл ауылды Қарқынбекке қарсы қойып, жылы орнына таласқаны үшін қарабет қылды. Қарқынбекте қайбір абырой бар еді, ендігі күйін ешкімнің басына бермесін. Ағайыннан қайыр болмаған соң әкімінің үстінен арыз жазып ауданға барды. Ауылды пәленбай жыл басқарған әкім Серіктің ауданмен ымы-жымы бір, талай дастархандас болған достары бар. Қарқынбектің үсті-үстіне жазған арыздарының бірі де дарымады. Соның бағы жанып, абыройы аспандайды деп біреу ойлап па, облыстан Ұзақаңның өзі шақырту жібергенде аудан басшысынан бастап ауыл әкімі Серікке дейін тәбеті қашып, ұйқысыз түндер басталған еді.

**********

Облыс әкімімен кездесуге Қарқынбек ерекше дайындалды. «Не үшін шақырды екен?» деген ой мазалаған жоқ, «Не айтам, не сұраймын?» деп қамықты.

– Осы кәстөмің өзіңе сондай жарасымды, богатый көрінеді, – деді әйелі шалын кездесуге қамдап жатып.

– Богатый қып көрсетсе керек емес, түріме қарап қарны тоқ, уайымы жоқ екен деп жылы шығарып салып жүрер, – деді Қарқынбек екпіндетіп.

– Онда мына сұр кәстөміңді ки, осыны киіп барғаныңда келінің мен ұлыңды жұмысқа кіргізіп ең ғой, – деп әйелі жақсылыққа жорыды.

– Облыс әкімі өзіміздің Қарашор, құр қол қайтармас, – деп көк көзді қатынына бір қарады.

– Айналайын-ау, бір күнде қарашорға айналдың ба? – деді көк көз қатын күйеуін жаңа көргендей.

– Болмасақ, боламыз. Көп сөзді қой. Жаңалықты бірінші боп өзің естисің, – деп сол түні-ақ облыс орталығына аттанып кетті. Жол бойы айтар сөзін іштей қайталап, бірнеше рет дайындық жасап үлгерді. Облыс орталығына жетем дегенше он алты сағат жүріпті, қонақүйге орнығып алды да, өзін ретке келтіріп, сағат он бірдегі облыс әкімінің қабылдауына асықты. Әкімге айтатын сөздерін айнаға қарап, тағы бір пысықтап қойды. «Облысқа сіз келді деп қуанбаған қазақ жоқ!» деп басталатын сөзіне адамның жанына жағатын тағы бірер сөз қосты.

– Қарқынбек мырза, қош келдіңіз! – деді әкім. Қарқынбек галстук тақпағанына жиырма жыл өткен, қылқынып, жұтынып әзер отырды. Самайында бір уыс шашы бар, төртпақ денелі, қозы қарынды. Түр тұлғасы әкімге жақындау. Жасы алпысқа таяп қалған. Ұзақаң жасы елудің етегін басса да, тұлғасы қырықтағы қылшылдаған жігіттей жақсы сақталған. Күтімі жақсы болған соң өзінен жеті-сегіз жас қана үлкен Қарқынбектің ұлы сияқты ілтипат танытып отыр.

– Облысқа сіз келді деп қуанбаған қазақ жоқ! – деп бастады әңгімесін Қарқынбек.

– Рахмет ниетіңізге, ауыл жұртының жағдайы қалай? – деді әкім өзімен тең сөйлесіп.

– Ауыл тегіс аман, бәрі сәлем айтып жатыр. Сіз қабылдайды деген соң жамағат боп шығарып салды. Өзіңізге дән риза! Ел басқару оңай емес, шет-жағасын білеміз – деді Қарқынбек беті бүлк етпестен. Облыс әкімі досы Қалдыбай Закиряновқа тосын сый жасағысы келді ме, ол туралы жақ ашпастан Қарқынбекті әңгімеге тарты.

– Бұрын басшылық қызметте болғансыз ба өзі? – деді облыс әкімі. Қарқынбек облыс әкімінің осы сөзінен-ақ қызмет ұсынғалы тұрғанын анық аңғарды. «Не қызмет сұрасам екен? Ауыл әкімі, мектеп директоры... Складтың бастығы. Қайдағы склад, тарап кетті ғой. Әкім мен директор, ауыл молдасынан басқа кім сыйлы еді ауылда? Жарайд, ауыл әкімінің орнын сұрайын. Серіктің көзіне көк шыбын үймелетем әлі» деп арманы ауылдың төңірегінен аспай, жеке басының абыройы туралы ойланып та кетіпті.

– Мен Алматыда институтта жүргенде қоғамдық жұмыстарға көп араластым, содан болар ауылда тек зоотехник боп қалғым келмей, ағайын-туыстан, ел-жұрттан алыстаған емеспін. Қоғамдық жұмыстардың барлығы менің қолымда. Әкім деген ресми қызметім болмаса да, сол әкімнің атқаратын жұмысын мен де істеп жүрмін, – деп Қарқынбек алыстан орағытып, әңгімесін енді жүйелеп бастаған еді.

– Сіз Ақадыр ауданына әкім боп барасыз! – деді облыс әкімі әңгімені көпке созбай. Қарқынбектің түнімен дайындап келген сөзі жайына қалды. Көктен сұрағаны жерден табылса, қуанбағанда қәйтсін. Ауыл әкімінің орнына таласып жүргені жәй баланың ойынындай, көрген түстей өте шықты.

– Сенім білдіргеніңізге рахмет! – деді сол қызметке лайық адамның образына кіріп, терең жұтынып.

– Дүйсенбі приказ шығарамыз, ал сіз қайтар билетіңізді қамдай беріңіз. Жол бойы шаршаған да боларсыз, – деп жылы жымиды облыс әкімі. Бір ауданның тізгінін қайдағы зоотехникке тапсырдым ба деген қорқыныштан гөрі, Қалдыбай Закиряновтың өтінішін орындағанына іштей тоқмейілсіп, көңілі орнына түскендей еді. Қуанышы қойнына сыймай, жүзі бал-бұл жанған Қарқынбекпен қоштасарда:

– Айтпақшы, бұрын сотталмаған ба едіңіз? – деді күлімсіреп.

– А, жоға, Құдай сақтасын ондайдан. Заңнан аттаған кезім жоқ. Абыройдан айырмасын әйтеуір, жамандықпен атым шықпады. Тіпті, татып алмаймын, шылымқор да емеспін, – деп Қарқынбек ақтала бастады. Өзін сүттен ақ, судан таза қып көрсетуінің себебі де жоқ емес. Су жаңа аудан әкімі ғой!

...Ауылда телефон тек әкім Серіктің жұмысында, сосын мектеп директорында бар. Облыс орталығында жүріп әйеліне мына хабарды жеткізбесе болмас. Басында әйелін телефонға шақыру үшін мектеп директорына звондайын деп ойлады да... Әкімге хабарласайын деп шешті. Екеуі әлгі бір оқиғадан кейін қатыспай кеткені былай тұрсын, қас дұшпанға айналғаны бар еді. Енді әйелі үшін ақжолтай, әкім үшін жайсыз хабарды жеткізсем, дұшпанның сағын сындырсам деп асықты.

– Алло, Ақжол ауылы тыңдап тұр! – деді хатшы қыз.

– Ауыл әкіміне қосыңыз! – деді сәлемдеспес бұрын.

– А, кешіріңіз, кім екенін білсек бола ма екен? Әкім қазір ғана сыртқа шығып кетіп еді, – деді хатшы қыз ерке үнмен. Қарқынбек әкімдіктің жұмысын бес саусағындай біледі. Өтірік айтып отырғанын сезіп те тұр. Ауданның тізгіні қолына тисе тізесін тізесіне соққан тірсек бикешті Серіктен бұрын құртамын деп ойлады.

– Аудан әкімі деңіз, – деді Қарқынбек даусын бәсеңдетіп. (Мұнысы рас енді!)

– Кешіріңіз, мен қазір біліп келемін. Сізге қазір өзі міндетті түрде хабарласады, – деп хатшы қыздың даусы өзгеріп сала берді.

– Мен линияда күтемін, тездетсеңіз дұрыс болар еді, – деп Қарқынбек асықтырды. Әкім Серік Қарқынбектің облыс әкімімен кездесетінінен хабардар еді. «Аудан әкімі сізді телефонда күтіп тұр» деген соң тосыннан хабар жетті ме деп темекісінің шоғын өшірместен кабинетке түтінін будақтата ала кіріп, телефон тұтқасына жабысты.

– Тыңдап тұрмын! – деді шылымының шоғын шертіп.

– Серік, сен бе? Бұл мен Қарқынбек! – деді қатқыл үнмен.

Әншейінде Қақан деп келеке ететін әкім Серік тұтыға сөйлеп кетті.

– Уа, Қақа, сіз бе? Кездесу қалай болды? Облыс әкіміне сәлемімізді жеткіздіңіз бе? – деді асыға-үсіге бұрынғы «сеннен» аяқ-асты «сізге» көшіп.

– Иә, кездесу жақсы өтті. Серік, жарты сағаттан кейін қайта хабарласамын, Зейнепке адам жіберші, сонда болсын! – деп тұтқаны қоя салды.

Серік аң-таң. Қайдағы зоотехниктің ауыл әкіміне бұйрық беріп, өктем сөйлескеніне іштей қынжылды. Бір сұмдықты іші сезгендей, неде болса айтқанын істейін деп әйелі Зейнепті алдыртты. Көп ұзамай қайта қоңырау шалды. Тұтқаны Серік өзі көтеріп, Зейнепке берді. Сосын «Не айтар екен?» дегендей құлағын тосты.

– ...

– Айттым ғой, сұр кәстөміңді киіп бар деп...

– ...

– Құтты болсын, приказ дүйсенбі шыға ма сонда?

– ...

– Қуаныштымын, бұл да бір несібең шығар!

Телефонның ар жағындағы Қарқынбектің не айтқанын ести алмады. Бір қуаныштың болғаны анық. Зейнеп телефонды қойды да, «Қарқынбекті ауданның әкімі етіпті!» деді қуанышын жасыра алмай. Әкім Серік табанына біреу біз сұғып алғандай жұтынған күйінше қалды...

…Ауданға жаңа әкім тағайындалды. Ол – Қарқынбек Үсенов. Құрамында он селолық округы бар. Соның бірі өзі туған Ақжол ауылы. Өзгерісті ауданнан емес, Ақжолдан бастады. Алдымен ауылдың әкімін ауыстырды. Бір жылдық стажымен келінін мектепке директор етті. Ұлы аудандық ішкі істер басқармасына орынбасар болып барды. Өмір өзгеріп сала берді. Ауданның қақ ортасынан үй салды. Бұқар жыраудың жырына іліккен Сеңкібай батырдың мерейтойын өткізіп тастады. Облыс әкімі разылығын білдіріп, мерейтойдың басы-қасында болды. Оқу бітіргелі араласпаған курстастарын іздеп тапты. Бұрын айналасынан құрметті кем көрген, қоғамда беделге жарымаған адамның қызметі өссе қиын болады екен. Өзін сыйламағанның бәріне кім болғанын дәлелдегісі келетіндей. Хатта, сауықшыл боп алды. Тойдан қалмайды, төрді бермейді. Қарқынбек өмірінде берілген ең үлкен мүмкіндік осы аудан басшысы болу деп түсінді. «Бұдан әрі өспеймін, жағдайымды жасайын. Балаларымның өсуіне ықпал етейін» деді. Қуанышы ұзаққа созылған жоқ. Бір жылға жетпей Жезқазған Қарағандыға қосылып, Ақадыр Шет ауданымен бірігіп кетті. Ұзақаң қызметінен босаған соң, Қарқынбектің барар жер, басар тауы қалмады. Табан астынан бұйырған бақтың мәңгілік болмайтынын сезетін, десе де бір ақ жылға созылғаны жанына батты. Кімнен көрерін білмеді, өз-өзімен жүрген Зейнепке арп-арп еткенде жылап қалды. Ақжолдың әкімі мен мектеп директорын жылы орнынан айырғаны болмаса, қалған ешкімге тісі батпаған сияқты. Жо-жоқ, көмекшісі бар. Таңертең оятатын, әкім қатысатын шаралардың бәрін алдын-ала реттеп, ләппайлап жүретін қара бала. Өзі істің көзін білетін, қимылы әбжіл жақсы жігіт еді. Қарқынбектің баяндамасынан бастап тойдағы тілегіне дейін сол жазып беретін. Бірде «халықаралық» деген сөзді дүйім жұрттың алдында оқи алмай, сол қара баланы жұмыстан қуғаны бар. Үй әперем, жеке шопырың болады деген уәдесін бір ашудың үстінде тәрк етті.

– Не мынау сөз, хахаха деп оқимын ба? Халықаралық деген сөзді қайдан ғана тауып алдың? Баяндамада бес әріптен асатын сөз жүрмесін дегенім қайда? – деп Қарқынбек қара баланы жерден алып, жерге салды.

– Енді международный деген сөздің басқа баламасы жоқ, менің кінәм емес, – деп қарсыласқаны үшін қара бала жұмысынан айрылды.

 

....Қарқынбектің дәл қазіргі жағдайы алтын балығынан айрылып, таз қалпына қайта түскен ертегідегі кемпір мен шалға ұқсайтын еді. Ертегіде шал алтын балыққа үш тілегін айтушы еді ғой, Қарқынбектің әзірге бір ғана тілегі орындалды.

Қарқынбек бір жыл бойы жинаған беделін сақтап қалсам дейді. Әкім кезіндегі әдетіне басып арзан жерден тамақтанған жоқ, шақырмаған жерге қонаққа бармады. Таңертең тісін жуатын жақсы әдет тапты, көйлегінің жағасынан кір кетті. Ең бастысы, ұлы мен келінінің қызметін сақтап қалды. Қызметінен жаман атпен кетпеген соң, көптің алдында арым таза деген тоқтамға келді. Шалқып өмір сүрмесе де, керегіне жететін дүние жиналған еді. Бұл жолы жиған-тергенін долларға айырбастап, жарты ақшасына алтын алып қойды. Төрт жыл бұрын валюта ауысқанда  буда-буда сомдары түкке жарамай, Қарқынбек бір түнде қартайып кеткен еді. Жүрек шіркін сенде де, менде де ең нәзік жер. Қарқынбек те жүректен көп қиналды.

– Үйде отыра бермей врачтарға қаралсайш, жүрекпен ойнауға болар ма екен? – деді шәй үстінде бәйбішесі. Зейнеп орта білімі бар, мектептен әрі аспаған Шегебай деген қойшының жалғыз қызы. Кеңестік кезеңде қойшының мәртебесі асқақтап тұрғанда қызды-қыздымен Қарқынбек Шегебайға күйеу болған еді.

– Келесі апта Алматыға санаториға барамын, жатып емделем, – деп Қарқынбек қарнын бір сипады...

...Таң атпай салқын ауаға мас болып, алдындағы қою күрең шәймен алданып отырды. Төбеге көз тастасаңыз тікке шаншылған шыршалар еңсеңді көтеріп, студент шақтағы алаңсыз күндерді еске салады. Бұрын осы таудың орта беліне дейін шығып, алма теріп, мәз-мейрам болушы еді. Сол Алматыны жатырқамай, жүрек шіркін шаншудың орнына шарықтап тұр. Өткен күнге деген ынтызар сағыныш бар. Әсте-әсте бұрынғы кіршіксіз күндердегі көңіл-күй оралып, мимырт тіршіліктен иығына кенедей жабысқан батпан жүк өзінен-өзі жерге түскендей бір рәуішті сезім ілесті. Терезеден тауға көз тастап, шәйін сораптап отырды. Осы бір сезімге жетелеген оңаша көріністі есік алдында газет оқып отырған жан бұзған еді. Үстінде көк халаты бар, аяғына жеңіл тәпішке ілген оқырман Қарқынбекті әкім еткен Ұзақаңның өзі еді. Қарқынбекті кейде «Неге осы кісінің маған ерекше назары ауып, аяқ асты әкім ете салды?» деген сұрақтар мазалайтын. «Алтын балықты» көргенде сұрағын да, басқасын да ұмытып сала берді. Үстіне халатын іліп, қолына газетін алып, санаторидің ауласына қарай беттеді. Жалғыз отырған Ұзақаңды ойда-жоқта сол жерде көргендей:

– Уа, Ұзақа, не істеп жүрсіз?! – деп құшағын жайды.

– Қарқынбек Базарбаевич, бұл сіз бе? – деді Ұзақаң өз көзіне өзі сенбей.

– Әрине, мен ғой, Ұзақа! Өзіңізді кездестірем деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. Қалай да алғысымды білдіремін деп сан рет оқталып едім... Мына денсаулықты дұрыстап, аз-маз күш жинап қайта жұмысқа кіріссем, өзіңізбен ақылдассам деген ой бар еді, – деп бұл кездесуге Қарқынбек шын қуанды.

– Денсаулық бәрінен де маңызды, қазір қайда қызметтесіз? – деді Ұзақаң.

– Мен қазір демалыстамын, Жезқазғанды Қарағандыға қоспағанда, сізбен бірлесіп біраз жұмыс атқарамын ба деп ойлап ем. Құдайдың дегеніне көнеміз де, әлі де жоғары қызметті алып кететін шама бар, – деп Қарқынбек ескі әдетіне көшті. Хал сұраған боп өз басының мәселесін қоса кеткені еркінен тыс айтылған сөз еді.

– Менің келгеніме бір аптадай уақыт болды, бұйырса ертең Астанаға жол жүремін, – деді Ұзақаң.

Ұзақаң жездесін әкім қылғаны үшін Алматы облысының әкімі Қалдыбай Закиряновтан бір ауыз алғыс естімеген еді. «Жалғыз жүрсіз бе? Мәриям келін де осында ма? Үлкен ұлыңыз Марат оқуын бітірді ме? Кіші қызыңыз Мәдина Мәскеуде ме?» деп үрім-бұтағын түгендеп тұрған адамның алдында ренішін ұмытуына тура келді. Екеуі кешкісін санаторий түбіндегі қымбат ресторанда кездесетін болып шешті.

Қарқынбек ресторанға уақытынан бұрын жетті. Қымбат мейрамхана болған соң адам қарасы да өте аз екен. Ұзақаң келемін дегенше қымбат шараптарға тапсырыс берді. Ақадыр ауданына әкім болып жүргенде Ұзақаңмен бір отырыста ішкені бар еді. Соны ескеріп, бұл әрекетінен еш қысылған жоқ.

Ұзақаң Қарқынбектің көңілін бұзбас үшін Қалдыбай Закириянов туралы ештеңе айтпады. Емен-жарқын әңгімелесіп, екеуі шараптың күшімен ұзақ отырды. Қарқынбек телефон нөмірін алып, інісін ағасындай құрметтеп жіберді. Ұзақаң да хабарласып тұр дегендей емеурін танытты...

 

– Қарқынбек, мынаны қара! – деп Зейнеп таң атпай қолына газет ұстап кірді.

– Не боп қалды? – деді Қарқынбек ұйқысын аша алмай.

– Денсаулық сақтау министрі болып Ұзақбай Амангелдіұлы Сарыбаев тағайындалды, – деді Зейнеп шала сауатымен газеттегі жазуды ежіктеп оқып.

– Әкелш бері! – деді маужырап отырған Қарқынбек дереу сергек күйге түсіп. Газетті қолына алып екі қайтара оқып шықты.

– Алматыда кездескенде ештеңе айтпап еді, – деп жанындағы Зейнепке көз тастады.

– Өзі де білмеген шығар, сен де Ақадырға әкім болатыныңды білген жоқсың ғой, бақыт деген аяқ асты, – деп Зейнеп өз бетімен пәлсапа айтып кетті.

Қарқынбек ауданды басқарып тұрғанда Сеңкібай батыр туралы кітап шығаруға ақша бөлдірткен еді. Сол кітап жақында басылып шықты. Кітаптың үш данасын алды да, Астанаға қарай жол тартты. Құрылысы енді басталып жатқан қалада министрліктер әлі жаңа ғимаратқа көшіп үлгермеген екен. Сұрастыра жүріп Денсаулық сақтау министрлігін де іздеп тапты. Қабылдауына жазылып, хатшы қызға: «Қарқынбек Үсенов деген кісі кеп тұр десеңіз өзі де тануы керек» деді.

Бұл жолы екеуі жылы қауышты.

– Сіздің жаңа қызметке барғаныңызды естіген бойда құттықтап қайтуға асықтым. Алматыдағы кездесуде «Неге бос жүрсіз?» деп сұрауға тағы бата алмадым. Әр нәрсенің қайыры бар деген осы да! – деп Қарқынбек сыпайылап қайырды. Министр ортаға шәй алдырып, Қарқынбекті жақсы қарсы алды.

– Ұзақа, Сеңкібай бабамыз туралы айтып ем ғой, есіңізде ме? – деді Қарқынбек әңгімені басқа арнаға бұрып.

– Иә-иә есімде, айта беріңіз, – деді министр.

– Бұйырса, жеті-сегіз жылдан кейін бабамыздың 300 жылдығы келе жатыр. Ақадырды басқарып тұрғанда Қарашордың қалам ұстағандарын түгелдей жинап, кітапқа қаржы бөлдірдім. Ақадыр Шетке қосылып, қызметтен кеткен соң кітап жайына қалды. Басқа жұртқа керек болмаса да бабамыз сізге керек, маған керек. Жетпегенін қалтамнан шығарып, мына кітапты мың дана қып шығардық. Алғы сөзін өзіңізге жаздыртам деп жүрген ем, сізбен байланысты да үзіп алдық, – деп Қарқынбек қолтығына қысып әкелген үш кітапты шығарды. Министр кітапты ары-бері ақтарып, дереу көз жүгіртіп шықты.

– Жарадыңыз, аға! Үлкен жұмыс атқардыңыз. Мұқабасы да керемет екен. Ендігі сөз менен болсын, тағы екі мың дана шығарайық. Ағайынға таратайық. Мен кітапты міндетті түрде оқып шығамын, – деп министр қуанып қалды. Бір ауыз рахмет айта алмаған Қалдыбай Закиряновтың жездесі өзінің бауыры боп шыққанына іштей тоқмейілсіп, қылған жақсылығы далаға кетпегенін ұқты.

– Тағы қандай бұйымтайыңыз бар, аға? – деді министр жақын тартып.

– Ұзақа, өзімді сөзден гөрі істің адамымын деп санаймын. Бір жылдан бері қызметсіз жүрмін. Жаныма жақын қызмет болмай тұр, – деп Қарқынбек төтесінен тартты.

– Жаныңызға жақын қандай қызмет, айтыңыз! Қиын болмаса көмегімді аямаймын, – деп министр ілтипатын аямай отыр. Қарқынбекті әпенді санайтын Ақжол ауылы ғана. Ауыл тұрмақ ауданды басқарса да әлі «Әкім Серіктің кластасы» дейді. Сеңкібай бабасының кітабын шығарса да алғыс айтып, аспанға көтерген ешкім жоқ. «Бір күнде қарашорға айналған тексіз» деп сыртынан ғайбаттады. Енді ауылынан көрмеген жақсылықты министрден көріп отыр. Көптің көңілін тапқанша, бір адамның алдында-ақ қарыздар боп жүре берейін деп шешті. Ұзақаң Қарқынбектің қарымына, іскерлігіне сенетін сияқты.

– Қазір Сәтпаев қаласы әкімінің орны бос тұр, – деді мүмкіндікті мүлт жібермей. Іштей «мұным тым артық боп кеткен жоқ па екен?» деген оймен министрдің жүзіне қарады. Ешқандай таңданыс жоқ, қалыптағы әңгіме сияқты қабылдап отыр.

– Жақсы аға, мен ертең Қарағандыға командривкамен кетіп барам. Сол кезде Сейсен Мұқышевпен сөйлесейін, – деді министр. Сейсен Мұқышев деген – Қарағанды облысының әкімі. Ұзақбай екеуі арасынан қыл өтпейтін достар деуші еді...

 

*********

...Ақшаңқан үйлер, ақар-шақар халық. Әр облыс киіз үйін тігіп, аламан айтыс өтіп жатыр. Сағынайдың асында жүргендей халық сәнімен киініп, салтанаттың ортасында шат-шадыман. Түркістанның мың бес жүз жылдығына елдің игі жақсылары жиналыпты. Сәтпаевтың халқы арыздан оқ жаудырып, Қарқынбекті орнынан алып тастаған кез еді. Оның үстіне қарашормын деп алдағаны үшін Ұзақаңның алдында абыройы да қалмаған. Әйтпесе, маңдайы жылтырап, мұрты майланып нағыз сол жүретін жер.

Қалдыбай Закирянов Алматы облысы тіккен алты қанатты үйге барлық министр мен әкімдерді, зиялыларды жинап алғысын айтты. Көпшіліктің арасында Ұзақбай Сарыбаев та бар. Ауылдағы жездесін ауданға, одан қалды қалаға әкім қылғаны үшін бір ауыз алғыс естімеген еді. Шыққан соң қолтықтап ап, әңгімеге тартты. Көріспегелі көп болған.

– Қалдан, қай жылы жездеңіз туралы айтып едіңіз ғой? – деді министр хал сұрасып болған соң негізгі әңгімеге көшіп.

– Иә-иә! Одан бері қаншама уақыт өтті, есімнен де шығып кетті, – деп әкім ештеңе естіп білмегендей аң-таң.

– Елдің бәріне алғыс айтып жатсыз, жездеңізді аудан әкімі, одан қалды қаланың әкімі қылғаным үшін досымнан бір ауыз жылы сөз естімедім, – деді министр ренішін күлкімен сездіріп. Сол кезде әкім алғыс айтудың орнына көзінен жас шыққанша күлді. Күлкісін енді тыйғаны сол еді, жын түрткендей қайта кеп күлді. Министр тосылып қалды.

– Ұзақа-ау, менің жездем сол жылы-ақ дүние салды ғой, сіз кімді әкім қып жүрсіз? – дегенде министр қазық жұтқандай қақшиып, мелшиіп тұрып қалды.

Abai.kz

 

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052