АЛҒАШҚЫ ПАРА
Студент кезіміз. Курстасым қоңырау шалды. Өзінің «Сайран» көлік бекетінде жүргенін, онда шеттен келген бірнеше қандасымыздың Түркістанға оқуға бара жатқанын, алайда билет болмай жолдан қалып, қонатын жер таба алмай қысылып тұрғанын айтты, мүмкіндік болса көмектесуімді сұрады.
Жатақханаға сырттан адам қондырмайтынын білсем де, қысылған жолаушыларға қол ұшын беруге келістім. Мұндай қиындық біздің де бастан өткен. Бізге де қайырымды жандар қарайласқан. Білетіндерден сұрастырсам, азын-аулақ ақша берсе, кіреберістегі кезекші апайлар сырттан адам кіргізеді-мыс. Есіктен енсе аржағын қатыруға болар. Жарты сағатқа жуық сипақтап жүріп астыңғы қабатта отырған апайға оңашаланған сәтте ойымды зорға жеткіздім. Бірден қуана келісе кетті. Берерімді қонақтар ішке кіргесін бермек боп шештім. Әне-міне дегенше күткен меймандар да сау етіп жетіп келді. Оларды бөлмеге бастадық. Қуанып тұрсам да әлдебір үрей бойымды билеп барады. Бұл сезім ақшаны апайға берер тұста тіптен күшейе түсті. Қолыма жұмарлаған бес жүз теңгені қайшалысқан адамдардың көзінен таса қалай ғана берерімді білмей басым әбден қатты. Біреу-міреу көріп қалса қайтем? Өне бойдан суық тер бұрқ ете түсті. Ақыры ел аяғы сиреген тұста ақшаны асығыс-үсігіс апайға ұстата сала алды-артыма қарамай үстіңгі қабатқа зыттым. Бетім ду етіп, әлдебіреу шап ете түсіп ұстай алып қылмысымды айпарадай ашып, абройымды айрандай төгердей күй кешіп қол-аяғым дірілдеп кетті. Бұндай сұмдықты бұрынды-соңды кім көрген? Бөгде адамнан бір ғана күзетшіні көзім шалды. Бөлмеме келгесін иығымнан ауыр жүк түскендей едауір жеңілдеп қалдым, дегенмен ар сотының алдында айыпты жандай азаптандым. Ертесі кездескен апай ақшаны күзетшінің көзінше бергеніме ренішін білдірді, шамасы екеуара бөліске салуға тура келген сыңайлы, менің қандай күйде болғанымды қайдан білсін? Апайдың дауы алты айға созылды, ал менің қысылған сәтім алты жыл бойы есімнен кетпей жүрді...
Жарқын Сәленұлы
Facebook-тегі парақшасынан