Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әдебиет 7080 0 пікір 7 Қазан, 2015 сағат 13:48

ЕСЕНҒАЛИ РАУШАНОВ: АСПАНҒА КӨШІП КЕТКЕН ЕЛ

 

(микропоэма)

...Қара өлең, сен де кәрi, мен де кәрi,

Мағлұм-дүр сырымыздың елге бәрi.

Дариға-ай, не басталмақ, мен бiлмеймiн,

Екеумiз опат болған жерден әрi.

 

Қара өлең, сен де ескiрдiң, мен де ескiрдiм,

Ескiрiп, кебiн кидiк өлмес құлдың.

Бұл, бәлкiм, соңғы дастан бiз жазатын,

Бұл дәурен ендi айналып келмес құрбым.

 

Қара өлең, сен де жорға, мен де жорға,

Бебеулеп үн қосамыз желге зорға.

Күндер жоқ өрлей шапқан өрен жүйрiк,

Тайпалып тауға бiткен өрме жолда.

 

Ескi әуен – сен де салдың, мен де салдым,

Ауылы алыс қалды-ау өлмес әннiң.

Алқынып олай шаптық, былай шаптық

Iсiн қып ақылы жоқ ерме шалдың.

 

Меңiреу заман үнiн естiгiм кеп,

Ескiрмес асылды iздеп естiмiн деп.

Сөз айтсам “Әзiрет Әлi, айдаһарсыз”,

Айттың-ау дейтiн және ешкiмiм жоқ.

 

Дау салмақ ат мойны озсам, ұрандамақ,

Шығайын оқ бойы ұзап шығандап-ақ.

Көз бар ма сонда көрер, әй, бiлмедiм,

Обалың кiмге сенiң, қыран қанат.

 

Жез де өлең, алтын да өлең,

мыс-тағы өлең,

Парық жоқ ұстаушыда, ұста – керең.

Сүйретiп сүйегiмдi iлби басып,

Iлияс шал тоқтап өткен тұсқа келем:

 

“Халқыңның сырын өзiң бiлесiң де,

Iсiне күлесiң де, күйесiң де.

Қаласың кейде ренжiп, кейде мәз боп,

Әйтеуiр, сол халықты сүйесiң де”.

 

Басынан неше түмен бұлт айналып,

Заман тұр тас төбемде шырқай барып.

– Сен, – дейдi ол, – көптiң бiрi, беттiң кiрi,

– Жоқ! – деймiн, жоғал! – деймiн

 сырт айналып.

 

Тыңдай ма заманымның көшi мұны,

Ақынның кiмге естiлген есiл үнi.

Берейiн ертегi айтып, одан басқа,

Не қалды бiз пақырға осы күнi.

 

 

2

...Ысқырып жылан орап керегенi,

У тамып шаңырақтан төбедегi.

Көштi ауыл көтерiлiп түн iшiнде,

Ақ орда адыра қап дөдегелi.

 

Желiде құлын қалды сона талап,

Желiнбей сүр ет қалды шара табақ.

Деген бар: “иесiз үй – киесiз үй”,

Ақ төбет сұғынды-ай бiр ала тамақ.

 

Қарындас неге қорықты үлбiреген,

Ер жiгiт жетi түнде тұрды неден?

Сұм хабар жеттi мұнда, қызыл әскер,

Бесiнде берi қарай жүрдi деген.

 

Өткен жаз бас көтерер абаданды,

Сол қызыл қойша иiрiп қамаған-ды.

Көктемде шошақ мылтық ақтар шауып,

Қарайған қара орманын талап алды.

 

Ауыз су азын-аулақ теңдi байлап,

Пысқыртпай ат, түйенi желдiре айдап.

Әп-сәтте құмға сiңiп жоғалды ауыл,

“Қолдай гөр, Едiл-Ана, кең Құдайлап”.

 

Атты әскер құм шағылдан өрген құлай,

Бұл елдi қуанатын көргенде ұдай.

Сол ауыл тұр алдында, бiрақ жан жоқ,

Тартты ма көктен Құдай, жерден құмай.

 

Лап қойды қызыл әскер, кiдiрген жоқ,

Командир шылым сорып, түңiлген боп.

Шынтақтап құм шағылға жата кеттi,

Ауылда кiм қалды екен, бiлiңдер, – деп.

 

Ит даусы шабалаңдап үрген түнгi,

Бердеңке “тарс” еткенде бiрден тынды.

Түйгiштеп алып шыққан қызыл әскер

Аруақтай ағараңдатып бiр кемпiрдi.

 

Бұрмады аруақ-кемпiр бетiн берi,

Ақ тастан қашап қойған секiлдi өңi.

– Ел қайда?

– Кiмсiң өзi? Неге қалдың?

Бастықтың етпедi әсер жекiргенi.

 

Паң кемпiр, бекзат кемпiр кереметтей,

Ол емес, қалбаң қағар ебелектей.

Ақ мая әсем басып, келдi, мiне,

Басқа ұрған дыр қамшыға елең етпей.

 

Ойнақтап күлге аунаған бота құйын,

Шайқалды сықыр-сықыр отау үйiң.

Тiздедi ақ маяны от басына,

Қызыл көз жирен сақал, оқалы иiн.

 

Ақ алмас мойтап дейдi азған қолда,

Не дерсiз жирен сақал азбан қорға.

Қылышы өтпей қойды қыл мойынға

Кемпiрге қандай тұмар жазған молда?!

 

– Әй, Иван, үйiң күйгiр сары албасты,

– Қайтейiн, қор қылдың-ау ақ алмасты.

– Командир, мен шабайын! Жоқ, маған бер,

Айғыр топ жер тарпысып, жалаңдасты.

 

Салған ба сайтан ұя желкесiне,

Әлде, бұл тас па?

Таудың өркешi ме?

– Мен,– дедi бiр нән қазақ,– мен көрейiн,

Жiгiттiң жол берiңдер серкесiне.

 

“Ал, балам, шөлiңдi бас, қанымды iшiп”–

Құлады жансыз дене шағыл құшып.

Сол кезде кесiлген бас орынынан

Аппақ боп сүт атылды, кәдiмгi сүт.

 

Қан емес, сүт атылды – арда бұлақ,

...Айғыр топ шықты қашып жалға бiр-ақ.

Сүт қуып бара жатты соңдарынан,

Қырға өрлеп, өрге шауып, жарға құлап.

 

 

3

Түгендеп төрт түлiгiн жамыраған,

Қасқырдың қанды аузынан қалып аман.

Оралды ел ертесiне,

Ауыл, мiне,

Бәрi де қаз-қалпында, бәрi де аман.

 

Боз үйлер жаңа аршыған жұмыртқадай,

Елiтiп тұр, жұпар иiске тұнып маңай.

Жау шапқан секiлдi емес, қыл аяғы,

Солай тұр, қалған болса құрық қалай.

 

 

Төбеде баққы ителгi қыранша ағып,

Жайнайды тепсең гүл боп, қыр ән салып.

...Шыңғырған даусы кенет шықты әйелдiң,

Алғандай аяқ асты жылан шығып.

 

Шал-шауқан, бала-шаға жабыла ағып,

Сол жаққа үймелейдi бәрi барып.

Серейiп өлi дене жатыр бассыз,

– Аллам-ай...

– Бұл кiм болды?

– Танымадық?

 

Ақ көйлек, кiрпияз жан сұңқар арман,

Сұқ көзден, бөтен назар, сырт адамнан,

Өлерде қос қолымен төсiн жауып,

Етегiн тас түйiн ғып қымтап алған.

 

– Көрмеген кiсiм екен бұл маңайдан,

– Келдi екен ажал айдап құмға қайдан?

– Жолаушы, әлде жоқшы?

– Кұдай бiлсiн...

– Бүгiнде босқан ел көп қырдан-ойдан.

 

– Бiр Алла бiледi де нақ дерегiн,

Ақ жауып, жөнелтейiк, жат демегiн.

Марқұмды табытқа сап алып кеттi,

Бауырынан қабiр қазып ақ төбенiң.

 

Бауырынан ақ төбенiң қазған қабiр,

Тар болды, құдiрет-ай, жазғанға бұл.

Лақатқа екi құлаш сыймай мүрде,

Есiнен тана жаздап аз қалды ауыл.

 

Тәңiрдiң бұйрығына ел не етедi?!

Жер қойны – барша адамның кең мекенi.

Үш құлаш лақат қазды – ол да тар боп,

Сыймайды мына мүрде көрге, тегi.

 

Тәңiрдiң бұйрығынан ел не етедi,

Жер қойны – барша адамның кең мекенi.

Төрт құлаш лақат қазды – ол да тар боп,

Сыймайды жұмбақ дене көрге, тегi.

 

Тәңiрдiң бұйрығына ел не етедi,

Жер қойны – барша адамның кен мекенi,

Отыз кез лақат қазды – ол да тар боп,

Сыймайды жұмбақ дене көрге, тегi.

 

Әлқисса, сөздi тыңда одан арғы,

Ел кенет ұйқы-тұйқы бола қалды.

– Ойбай, қаш!

– Ақтар келе жатыр дейдi,

Ала шаң ауыл үстiн орап алды.

 

Ала шаң ауыл үстiн орап алды,

Қасқырдың демi үркiтiп қора малды.

Әп-сәтте құмға сiңiп жоғалды ауыл,

Жайына мүрде қалды, мола қалды.

 

4

Түнiмен бiр Құдайға зарын айтып,

Таң ата оралғанда ел тағы қайтып,

Мүрде жоқ, лақат жатыр үңiрейген,

“Мен неге бос қалдым” деп шағым айтып.

 

5

Ақ қашып, қызыл қуды – қырға ысырды,

Ақ қуып, қызыл қашты – құмға сiңдi.

Әлдилей бастады өстiп ана Қарой,

Некесiз көрде туған сұм ғасырды.

 

Әлқисса, кең Қаройдың құламасы,

Күнiмен жаңғырығып құм арасы.

Ақ-қызыл Абыл-Қабыл сықылданды,

Болғанда бiреуi iнi, бiрi ағасы.

 

Қос бура бiр-бiрiне қарсы құсып,

Тұйғынды iлемiн деп қаршыға ұшып.

Өлiспей берiспейтiн сыңайлы олар,

“Iнжiл” мен қызыл билет алшылы iшiк.

 

Қан жұтты шыққа балап қап-қара құм.

Кескен бас томар ғой деп аттағаның.

Қырқысты қаша ұрысып, қайта тарап,

Шағылда шақпақ қылып ат табанын.

 

Қағынып қара талақ кеш те кiрдi,

О, бәлкiм, қорыққанға қос көрiндi.

Сол мезет екi ортадан Едiл аулы

Бауырлап шыға келсiн еспе құмды.

 

Екi жақ тұра қалды аң-таң болып,

Сары нар жай басады салқам көрiк.

Ұзын көш iркес-тiркес құмнан құлап,

Сор айдап бара жатыр сортаңға енiп.

 

Жоқ тегi қауiп-секем көште бөтен,

Қайырлай қалды кенет қос кеме тең.

Таласқан екi төбет таң-тамаша,

Ортадан қоян қашты – не iстер екен?

 

Белгiсiз жарасқаны, тарасқаны,

Екi жақ ләм демедi, жақ ашпады.

Жосылтып қоя берсiн көшке кенет,

Қос төбет былай қалып таласқаны.

 

Шал қоян, қаудыр құлақ ал, заулады,

Беймағлұм қан жауғаны, қар жауғаны,

Келедi қара матау қатар шауып,

Қырылысқан жаңа ғана тап жаулары.

 

Күпшек сан күрең мiнген күштi сары,

Күпiнiп бұтқа толып iстi сары.

Жалмады ақтың оғы кейуананы,

Қызылдың қылышына түстi шалы.

 

Қызылдың қылышы өттi шалды турап,

Астында көп тұяқтың қалды тулақ,

Кездiгiн iскен сары сiлтегенде

Қарынын жас тоқалдың жарды тура-ақ.

 

Кiм қашып құтылады бұдан ендi,

Асқан сәт марту басқан құба белдi.

Ақ кемпiр ақ маялы алға түсiп,

Сытылып қалған қазақ шыға бердi.

 

Сытылып қалған қазақ шыға бердi,

Мысалы, жосыла ағып құлан өрдi.

Көздеген ақ маяны қызыл әскер,

Жалт берiп астындағы ат құлап өлдi.

 

Жалт берiп астындағы ат құлап өлген,

Айғыр топ тоқтамады бұған ерген.

Ақ кемпiр ақ маялы қайдан шықты,

Аруақтай құм астынан шыға келген.

 

Ай, жеттi-ау, жеттi, жеттi, жетiп қалды,

Бақыртып басына ұрып сетiк нарды.

Алысып ат басымен қайта оралды,

Тұсынан бала қыздың өтiп бәңгi.

 

Деген сәт ләззаттi түн, бұл түн, мiне,

Тоқтатты торай тұмсық шiркiндi не?

Қу болып сала бердi ақ қара бас,

Ақ мая, тұра қалып сiлкiндi де.

 

Қанды түн кереметке ұласты ма,

Топ қазақ топ қаз болып қыр асты да,

Аққуға iлесе ұшып бара жатты,

Шашырап жаңа шыққан күн астына...

Есенғали РАУШАНОВ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2060