Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 6917 0 пікір 11 Ақпан, 2016 сағат 21:56

РЕСЕЙ ПОЛИГОНДАРЫ: ЖАЛҒА АЛУ ҚҰНЫ АЗАЙҒАНЫМЕН СЫНАҚ САНЫ КЕМІГЕН ЖОҚ

Жақында Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлері Ресейдің «Тайсойған», «Жаман-Тау» және «Сары-Шаған» әскери-жаттығу полигондары орналасқан жерлердегі жалға берілген 1,6 млн. гектар жерді Қазақстанның өзіне қайтару туралы келісімге қол қойды.

Бұл ақпаратты көпшілік жақсылыққа балап, қуанып жатты. Бірақ, бұл келісімнің екінші жағы бар. Ресей өзінің 7 әскери-жаттығу полигонын орналастыру үшін 90-жылдардың басынан бастап Қазақстаннан 11млн. гектар жерді жалға алған болатын. Ол үшін Ресей жағы Қазақстанға басында 27,5 млн. доллар төлеуге келісіп, 2007-жылы ол сома 24,8 млн. долларға кеміді.


Кейін тағы бір келісім бойынша 23,4 млн. долларға азайған  жалға алу төлемақысы соңғы келісім бойынша  тағы да 4 млн. долларға кеміп, енді Ресей Федерациясы барлық әскери-жаттығу полигоны үшін 19,3 млн. доллар төлейтін болды.

Уақыт өткен сайын төлем көлемі кемігенмен әскери жаттығулар саны  азайған жоқ. Түрлі сынақтар мен жарылыстардан қоршаған орта мен адам денсаулығына тигізер зияны бұрынғыдан артпаса кеміген емес.

Бұл туралы Қазақстанның «Антигептил» экологиялық қозғалысы жиі айтып, дабыл қағып келеді.


Сонымен бірге, Ресей жағы енді «Байқоңыр» ғарыш айлағынан да 11,6 мың гектар жерді Қазақстанға қайтармақшы. Жалпы келісім бойынша «Байқоңыр» кешені мен аттас қаланы қосқанда 672 гектар жер жалға берілген болатын. Ол үшін Ресей Федерациясы 115 млн. доллар төлейді. Бұл сома түрлі инфляциялар мен девальвацияларға қарамастан 1994-жылдан бері өзгеріссіз қалып отыр.

Керісінше «Байқоңырдан» ұшатын Протон зымыраны Қазақстан халқы мен қоршаған ортаға орасан зор зиянын тигізуде. Өткен жылғы 210 мың киік пен 90 мың малдың қырылуы Протон зымыранына пайдаланылатын улы гептил себеп болды дейді «Антигептил» қозғалысының белсенділері.       

Қысқаша анықтама: «Антигептил» азаматтық қозғалысы 2013- жылдың 05-шілдесі күні «Байқоңыр» ғарыш айлағынан 02-шілдеде ұшырылған «Протон» зымыраны апатқа ұшырап, 600 тоннадан аса улы гептил жерге төгілуіне қарсылық тобы ретінде  Астана қаласында құрылды. Оның негізгі мақсаты – Қазақстанда қоршаған ортаны адамның өмір сүруіне қолайлы жағдайда сақтау және адам денсаулығын қорғау.

Қозғалыс негізгі 4 бағытта жұмыс істейді:

1. Гептил отыны пайдаланылатын протон зымыранын Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшыруды мүлдем тоқтату,

2. Ресейдің әскери-жаттығу полигондарын жабу,

3. Әлемдік ядролық отын қалдықтарының базасын жасауға жол бермеу,

4. Атом электр станциясын салуға жол бермеу.

Қозғалыс құрылғаннан бергі уақытта 50-ден аса түрлі шаралар ұйымдастырды. Оның алғашқысы 08-шілде 2013-жылы Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшілігінен «Протон» зымыранын ұшыруды тоқтатуды талап етуден басталды.

Одан кейінгі ұйымдастырылған шаралардың ішінде мыналарды айрықша атап өтуге болады:

01-қазан 2013-жылы ҚР Үкіметіне арнайы хат тапсыруға барған қозғалыс белсенділері ұсталды. Шараға қатысқан 9 белсенді әртүрлі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

19-қазан 2013-жылы қозғалыстың ұйымдастыруымен «Қазақ жерін ластама!» атты рұқсат етілген митинг  өткізілді. Митингіге 300-ден аса адам қатысты.

13-қаңтар 2014-жылы қозғалыс мүшелері жеке акциялар жасады. Бірінші болып қозғалыс белсендісі Мақсат Ілиясұлы бастаған жеке акциялар тізбесі сол жылдың 29-желтоқсанына дейін жалғасты. Шараға қатысқандардың басым бөлігі рұқсат етілмеген митинг ұйымдастырды деген желеумен түрлі әкімшілік жазаға тартылып, әртүрлі көлемде айыппұл салынды.

 

02- ақпан 2014-жылы қозғалыс мүшелері «Протон» зымыранының ұшырылуына қарсы жүгіру шарасын ұйымдастырды. Шараға қатысқан 11 белсенді ұсталып, әрқайсысына 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айып салынды. 

28-мамыр 2014-жылы Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуға қарсылық білдіргені үшін 20-дан аса адам қамалып, «Антигептил» қозғалысының 10 мүшесі ұсталды. Олардың  біреуі 3 тәулікке, тоғызы 4 тәулікке қамалды. Қамалғандардың ішінде белгілі журналист Өркен Жоямерген де болды.

17-қазан 2014-жылы Ресей елшілігіне барып, «Протон» зымыранын ұшыруды тоқтатып, әскери-жаттығу полигондарын жабуды талап еткен қозғалыстың  4 мүшесі ұсталып, 10-нан 50-ге дейінгі айлық есептік көрсеткіш көлемінде айып салынды.

18-25-маусым аралығында «Антигептил» қозғалысы «Шындық экспедициясын» жасақтап, оның 5 мүшесі, Мақсат Ілиясұлы, Еділ Мәкен, Жеңіс Тілеубай, Амандық Дәулетбекұлы және Нұрлан Жабаев киіктер жаппай қырылған Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақтөбе облыстарын аралап, киіктің, малдың жаппай қырылу себебін анықтап қайтты. Олар киіктің, малдың жаппай қырылуына гептилдің тікелей қатысы бар деп мәлімдеді.

   

28- маусым 2015-жылы Қазақстанның төрт облысында 200 мыңнан аса киіктің қырылуына байланысты қозғалыс мүшелерінің ұйымдастыруымен «Бүгін киік – ертең біз» атты флешмоб өткізілді. Қатысушылар «Бәйтерек» монументі жанында өлген киіктерді бейнеледі.

28-тамыз 2015-жылы Астана қаласындағы «Киіктер» фонтанының жанында «Келесі кім?» деп аталатын «Протон» зымыранын ұшыруға қарсы шара ұйымдастырылды. Шараға қатысқан 10 адам ішкі істер басқармасына жеткізіліп, 4 сағат қамауда отырды.

29-қаңтар 2016-жылы ел арасында «Протон зымыранының ұшырылуын қолдайсыз ба, әлде қарсысыз ба?» деген сауалнама жүргізілді. Сауалнамаға қатысқандардың 99%  Протон зымыранының ұшырылуына қарсы екендіктерін білдірді.  

Бұдан бөлек «Антигептил» азаматтық қозғалысы Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Пан Ги Мунға, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа, бірнеше министрлерге, халықаралық эколгиялық ұйымдарға хат жазды.

Біріккен Ұлттар Ұйымының арнайы өкілдері Баскут Тунчак пен Маина Киаимен кездесті.

ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінің, ҚР Үкіметінің киіктердің жаппай қырылу себебін анықтау жөніндегі комиссиясының отырыстарына қатысты.

Қозғалыс мүшелері гептил отынын пайдаланатын «Протон» зымыранын Қазақстанда ұшыруды тоқтатып, Ресейдің 7 әскери-жаттығу полигонын жапқанша өз жұмыстарын жалғастыра беретіндерін мәлімдеуде.

«Антигептил» қозғалысының мүшелері билік тарапынан ұдайы қысым көріп келеді. Осы уақытқа дейін қозғалыс мүшелері Мұсағали Дуамбеков 1 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылса, Сәкен Байкеновтың 2 жылға шартты түрде бас бостандығы шектелді. Қазір қозғалыс белсендісі Болатбек Біләловтің ұлтаралық араздық туғызды деген желеумен 3 жылға шартты түрде бостандығы шектелді.      

 

Мақсат Ілиясұлы,

«Антигептил» қозғалысының үйлестірушісі

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5499