АЛЛАҒА МАДАҚ ЖЫРЫНЫҢ КІТАБИ АҚЫНДАРДА КӨРІНІС ТАБУЫ
Кітаби ақындар оқып өскен, тәлім алған, кейін қайта жырлаған, рухани үдерісін жалғаған ойшыл ғұлама ақындар мен олардың туындылары қатарында Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік», Ахмет Жүйнекидің «Һибату-л хакайық», Ахмет Ясауидың «Хикметтері», Сүлеймен Бақырғани шығармалары және алтынордалық нәзиралық туындылар Құл Ғалидың «Қисса Жүсібі», Рабғузидің «Қисасу-л-әнбиясы», Хусам Кәтибтің «Жұмжұмасы», Құтыптың «Хұсрау уа Шырыны», Сайф Сараидың «Гүлстан би-т-түркиі», Махмуд бин Әли Кердерінің «Нәһжу-л-Фарадисін» (Жұмаққа апаратын жол) атауға болады.
Ғалым А.Егеубаев «Кісілік кітабы» атты зерттеу еңбегінде түркі әлемінің қос алыбы, ұлы ойшылдар Әбу Насыр әл-Фараби мен Жүсіп Баласағұн шығармашылығындағы ойшылдық үндестікті өзара сабақтастықта қарастырады. « ... Әл-Фараби даналық толғамдары мен Жүсіп Баласағұнның эстетикалық көзқарастарының арасындағы үндестік, сабақтастық желісі бүгін де айдан анық. Ежелгі дүние әдебиетінде ақыл, білім, бақыт туралы тебіреністер дәстүрлі тақырып арналары болған деуге сая салу оңай. Бірақ екінші ұстаз ілімімен Жүсіп Баласағұн арасындағы тектестікті, тамырластықты сезбеу тағы да мүмкін емес. Ой толғам табиғатының, эстетикалық көзқарастық бірлігі даусыз. Фараби көптеген трактаттарында ғылыми толғам, ғылымдық көзқарас пен ақыл-білімнің негізі, пайдасы адамның құт-бақыты, жақсы әкімдердің құлық табиғаты туралы құнды көзқарастарын білдірсе, «Құтты білікте» осынау әлеуметтік мәні күшті толғам-пікірлер өлеңмен, дидактикалық поэзия үлгісімен жырланады. «Біздіңше, Орхон-Енисей, Фараби мұраларынсыз «Құтадғу біліктің» іргесі үнемі жалаңаш қала бермек. Осы ортада елеулі мәдени дәстүр, мектеп жатыр» [1, 116-117]. Ғалым пікірінде кез-келген ол мейлі әдеби, мейлі фәлсафалық туынды болсын тосыннан туылмайтынын, соған дейінгі сол дәуірдегі арғы-бергі не әдеби, не фәлсафалық дәстүрлер мен мектептер, ой-орамдар үндестігі мен жалғастығы, сабақтастығы дәрежесінде дүниеге келерін аңдаған, аңдатқан ой бар. Сол секілді ортағасырлық әдеби, діни-фәлсафалық жәдігерлер, атап айтсақ, Ахмет Ясауидің «Хикметі» мен Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білігі», Ахмет Йүгнекидің «Һибат-ул-хақайығы» ұзақ ғасырлар бойы түрік халықтарының сөз өнерінің өркендеуіне мол үлес қосып келгені даусыз. Аталған ұлы жәдігерлердің ХІХ-ХХ ғасырлардағы бүкіл қазақ әдебиетіне жасаған игі-ықпалы жөнінде де солай деуге болады. ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басында ерекше дамыған кітаби ақындар шығармашылығы да кездейсоқ туындаған әдеби құбылыс емес. Керісінше, өзінің табиғи дәстүрлі даму жолымен келген, ежелгі әдеби, діни-фәлсафалық дәстүрмен сабақтастықта дамыған әдеби құбылыс. Демек, кітаби ақындар шығармашылығының қайнар бастауында ең алдымен ортағасырлақ әдеби, діни-фәлсафалық жәдігерлер А.Ясауи, А.Баласағұни, А.Йүгнеки шығармалары, онан соң Алтын Орда ескерткіштері тұр десек, қателеспейміз. Яғни, кітаби ақындар шығармашылығы қазақ әдебиетінің ежелгі әдебиетпен табиғи байланысын, сабақтастығын көрсетеді.
Жалпы мұсылман әлемінде бар дәстүрдің бірі – кез-келген еңбекті Алла Тағаланы мадақтап сөз етумен ашу. Сонан соң ғана негізгі мәселеге көшу. Сол секілді біздің ортағасырлық әдеби ескерткіштеріміз де осы дәстүрді ұстанған. Мысалы, Құл Қожа Ахмет Ясауи өзінің хикметтерінің өн бойында Алланы түрлі есімдерімен құрметтеп атап отырады. Аллаға ғашық болу, дидар көруге құштар болу тек бір Аллаға арналып өлеңмен өріліп отырады. Ясауи хикметтері негізінен Аллаға зікір айтуға лайықталып белгілі бір ырғақтарға құрылып отырған. Сол себепті де шумақтың не екінші жолы, не төртінші жолы бір сөзбен аяқталып отырады. Мысалы:
«Бісміллә» деп баян еттім хикмет айтып,
Шәкірттерге дүр мен гауһар шаштым міне.
Жанды жалдап, қайғы шегіп, қандар жұтып,
Мен «Дәптер сәни» сөзін аштым міне [2, 17].
Сол секілді әр екінші жол не төртінші жол үнемі қайталанып отырады.
Хош, ғайыптан хабар келді құлағыма,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім, міне.
Барша әулие жиылып келіп ырзық берді,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім, міне [2, 25].
Немесе:
«Құлһу Аллаһу Субхан Аллаһу» құлшылық қылдым,
Бір және Барым, дидарыңды көрермін бе?!
Бастан-аяқ қасіретіңде күйіп-жандым,
Бір және Барым, дидарыңды көрермін бе?! [2, 31].
Бұл хикмет жолын мысал етіп отырған себебіміз: олар Хақ Тағалаға арналған және әдемі әуез, әуенмен, ырғақты жүйемен орындалып отырғаны аңғарылады. Сол секілді Құл қожа Ахмет Ясауидің хикметтерінің тұтастай жолдары Мұхаммет пайғамбарға, Төрт шариярды жырлауға арналған. Олардың дін мұсылман жолындағы қайраткерлік істері, әсіресе, Мұхамет пайғамбар көп жырланған. Ақын хикметтерінде Аллаға ғашықтықты, оның дидарын бір көруге күйіп-жанып құштар болуды жырласа, Пайғамбарды ерекше ілтипат, құрметпен, сүйіспеншілікпен жырлайды және пайғамбар тақырыбына үнемі қайта соғып отырады. Ол өлең жолдарын алқалық зікірге лайықтап, ырғақпен беріп отырады:
Есіме түсіп жанымдай сүйген Мұхаммет,
Сенің жолыңа пида болам, Мұхаммет...
......
Айналайын нұр жүзіңнен, ей, Алла,
Бір тамшыдан дариядай тасыт мені, Мұхаммет.
.....
Әуел бастан бір тамшы шараб маған нәсіп болған,
Ұдайы сіздің даналығыңызды мадақтайын, Мұхаммет [2, 53-54].
Ақын пайғамбар тақырыбына үнемі қайта соғып отырады дедік, Төрт шариярды жырлар алдында да Мұхамметті, оның өмір жолын, жетімдерге ерекше мейірлі, шапағатты болғанын жырлайды.
Қожа Ахмет Ясауи Мұхаммет пайғамбардың төрт шариярын Әбубәкір Сыддық, Омар, Оспанды, Әзірет Әліні арнайы, жеке-жеке жырлайды. Әсіресе, Әбубәкір Сыдықтың Мұхаммет пайғамбарға ерте серік болғанын, көп сүйеніш юолғанын, кейін пайғамбарға қызын қосып қайын ата болғанын, ең бастысы адал дос болып өткенін жырлайды. Төрт шариярдың алғашқысы Әбубәкір Сыдықтың пайғамбарға әрі айнымас дос, әрі өрісте қолдаушы болғанын:
Көрген замат иланған Әбубәкір Сыдық дүр
Ұстын болып тірелген Әбубәкір Сыдық дүр.
Мұңдасқанда жылаған, құлдыққа бел байлаған,
Іші-бауыры езілген Әбубәкір Сыдық дүр
Бір шетінен қайтпаған, сырын жатқа шашпаған...
Айтқан сөзіне жеткен, нәпсі-қызықтан кеткен,
Хақ Расулмен бір кеткен Әбубәкір Сыдық дүр., –
деп жырлайды [2, 95-96].
Екіншісі жар болған, әділетті Ғұмар дүр,
Мұсылмандыққа жар болған, әділетті Ғұмар дүр, –
деп төрт шариярдың екіншісі Омар халифтің өте әділетті басшы болғанын, мұсылман дінінің нығаюына, шариғат жолының жүйеленіп таралуына сіңірген еңбегін жырлайды. Сол секілді халиф Оспан, Әзірет Әлі де осылай еліне, дінге еткен қызметіне қарай мадақтала жырланады.
Ал, Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігінде» бұл жәйт:
Алла атымен айттым сөздің әлібін,
Жарылқаған, жаратқан бір тәңірім! [3, 50], –
деп Аллаһ Тағаланы мадақтаудан басталып, Алланың ұлылығы, кереметі ұзақ жырланады. Әйтсе де, соңында:
Cаған лайық өзім мақтау таппадым,
Cөзді кестім. Өзіңді-өзің мақтағын! –
деп аяқтайды. Себебі, Жүсіп Баласағұн қанша шебер ақын болсам да Аллаһ Тағала ұлылығын толық жырлауға, мадақтауға менің де өзгенің де шамасы жете бермес дегендік болса керек. Сонан соң барып:
Әләйхис-сәләм, құдіретті пайғамбар! –
деп бастап:
Рахымды ием, пайғамбарын жіберді,
Кісі ізгісі, ел сарасы жігерлі.
Түнек түнде шамы болды ол халықтың
Саған, жұртқа нұрын шашты ол жарықтың!
Ол Құдайдың елшісі, ерім, білгейсің,
Сен, содан соң, тура жолға кіргенсің! –
деп жырлайды. Пайғамбарға арналған мадақ жырдан соң өз ретімен, жолымен төрт сахабаның қасиеттері айтылады.
Бұл мұсылман әлемі ақын-жазушыларына әдеби дәстүр, салт болып енген құбылыс. Осы дәстүр ХІХ-ХХ ғасыр кітаби ақындарында да дәл осы дәрежеде, үлгіде жырланып отырған. Әсіресе, діни шығармаларда осы дәстүр нақты сақталып, алдымен, Алла Тағала, сонан соң Мұхаммет Пайғамбар, онан кейін төрт шадияр ретімен жырланып отырған. Бұған мысал ретінде Жүсіпбек қожаның «Қисса-и Хәзрәти Йусуф алейһи-с-сәләм илән Зулейханың мәселесі» атты туындыдағы алғысөз ретінде жырлаған жолдарын айтуға әбден болады.
Бисмилләһи-р-рахманир-рахим!
Башлаймән бисмилләһи диб тәңрим атын,
Йахшилар ғайб йтме йазған хатим.
Худаймән һәм Пайғамбардан сөз башласам
Қалай тирис булады насихатим [4, 3], –
деп бастаған Жүсіпбек қожа бұл жолдардан соң Жүсіп Пайғамбарды таныстыра жырлайды. Мұхаммет Пайғамбар да сол нәсілден деп Мұхамметті онан соң оның төрт серігін жырлап кетеді.
Мұхаммед Расулу Аллаһи Худай дусты,
Артуқ-дүр бу аламнан оның нәсілі...
Башчиси Абу Бәкир чаһар йарының
Хурмәтин тутқан ғарде Пайғамбарның
Сыддиқым диб ат қуйған хақ Пайғамбар
Чиншилдығы житәлмас барчеләрниң
Йар булған унан сұңи Адил Умар
Расулның шариатын қилған хабар..., –
деп Пайғамбарды, оның төрт серігін жырлаған діни ақын келесі сәтте Пайғамбар ұрпақтарының тарихын баяндап кетеді.
Илләһи узиң башла туғри йолға
Қаламны бисмилләһи диб алдым қулға
Улән қилыб аударған бу китабны
Йусуф бикні йа Аллаһ узиң уңла!
Сғундум мәдәт, тиләб йа, Зул-Жәләл
Тауфиқ бириб Һудайәт йулиңға сал
Узи надан ақылсыз Йусуф бикни
Жәми Пайғамбарлар қулинан ал
Мән қулиңғе рахмәт қил Қадир Мәули
Саламат қил хатардан диним саули
Йаранлар қулақ салиб тыңлаб тұрғил
Хәзрәти Йусуфдән қалған қаули, –
деп Алла Тағаладан медет тілеп барып негізгі тақырыпқа, «Жүсіп-Зылиха» қиссасының оқиғасын жырлауға көшеді. М.Тыныштықұлының «Ғазауат Сұлтан» қиссасында мадақ жыры ұзақ жырланған. Алғашқы 24 жол өлең тек бір құдіретті Алланы жырлауға арналған [5, 9].
Бисмилләһи хамд илән сөз басталы,
Әуелі сөз бастасақ Алла дейді.
Әуелі есім Алланы жад қылалы,
Сиынып фазылына зар жылалы, -
деп бастап жаратушы Алла Тағаланың кереметтерін жырлайды. Содан кейін барып:
Қарасаңыз, иә әууал, зәрренің асылыны,
Әуелде неден болған фасылыны.
Білсеңіз құп, біл әуел зәррені,
Мұхаммед Мұстафаның дейміз-дүр нұры оны, -
деп бастап Мұхаммед Пайғамбарды жырлауға көшеді.
Бұл жүйе – желілі, дәстүрлі жүйе екені анық аңғарылады. ХХ ғасыр басында шығармашылық етіп, қисса жазып отырған діни, кітаби ақын орта ғасырдағы сол дәстүрді, әдеби үрдісті сақтап, дайын, жүйелі үлгімен жүріп отыр. Демек, ХХ ғасыр басындағы кітаби ақын бүгінгі тарихшы, тілші, әдебиетші қауым шағатайша, түрки деп атап жүрген ақындар дәстүрін сақтап отырғаны аңғарылады. Біз көп жағдайда кітаптардың тілін татар баспагерлері бұзып отырған деген ой айтамыз. Мәселе баспагерлерде емес, кітаби тілде жазып отырған, ескі, кітаби тілде ұзақ жылдар, ғасырлар бойы түркі әлеміне, жұртына қызмет етіп келген ұлы мәдениеттің үлгісінде жұмыс жасап отырған шайырлар Жүсіпбек қожа, Шәді төре, М.Тыныштықұлының білім алған бастаулары, шығармашылық дәстүрі мен әдеби стилінде және кітаби тілінде. Бұл ойымызға себеп, Қазанда басылған Жүсіпбек қожа, Маңғыстау кітаптары мен Тәшкенде басылған Шәді төре кітаптарындағы, сөз қолданыстарындағы ұқсастық, бірізділік. Бұған тағы бір дәлел Ахмет Байтұрсыновтың жоғарыда келтірілген ауыл молдаларының өзі сол кітаби тілде жазатындығын айтып өтуі. Демек, түрік халықтары ауызекі тілде әрқайсысы өз диалектісінде сөйлесе де, бір жазу тілін – «түрки», «шағатай» аталып жүрген кітаби тілді ұстанды. Яғни, ХХ ғасыр басында Ресей қол астындағы түрік жұрты мұсылманша жазу-сызудың екі үлгісін ұстанды: қадым және жәдид. Оның үстіне орыс кирилі үлгісін қосыңыз. Бұл тартыста, түрік жұртының мәдени тұрғыдан бір-бірінен алшақтау процесін жеделдету үшін отарлаушы Ресей жәдидті қолдады деуге толық негіз бар. Түптің түбінде ескі жазу да, жаңа жазу да, оқу да жойылып, орыс үлгісі тұтастай енгізілді.
Бұл айтылған жайлар қазақ әдебиеті тарихындағы кітаби ақын-шайыр шығармашылығының тарихи түбі, тамыры терең екенін аңдатады. Және дәстүрлі даму жолымен өскен, дамыған әдеби дәстүр, әдеби құбылыс екенін көрсетеді.
Ортағасырлардағы Құл Қожа Ахмет Ясауи, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Йүгінекидің әдеби стилі мен көркемдік дәстүрі кітаби ақын-шайырлар Жүсіпбек қожа, Шәді төре, Маңғыстау Тыныштықұлы әдеби тілі, жазу стилінің өлең жолдарына тән ортақ стильдік ерекшеліктер, сөз қолданыстар дәстүр жалғастығы мен сабақтастығын аңғартады.
Әдебиеттер:
1. Егеубаев А. Кісілік кітабы. –Алматы, 1998
2. Қожа Ахмет Ясауи. Диуани Хикмет (Ақыл кітабы). -Алматы, 1993
3. Баласағұн Ж. Құдатғу білік. Алматы: «Жазушы», 1986
4. Шайхулисламұлы Жүсіпбек. Қисса-и хазрет Йусуф алейһис-салам илән Зулейханың мәселесі. Қазан, 1918
5. Бабалар сөзі. Жүз томдық. Діни дастандар. 13-том, Астана «Фолиант», 2004
С.С.Ергөбек – ғылыми қызметкер, ф.ғ.к., доцент
Abai.kz