Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 12651 1 пікір 18 Мамыр, 2016 сағат 11:21

БЕРДІБЕКТІҢ КЕЙІПКЕРІ – САРЫ ҚЫЗ

«Абай» ақпараттық порталы Бердібек Соқпақбаев мұрасын үздіксіз насихаттап келе жатыр. Осыдан біраз уақыт бұрын біз Бердібектің ешқандай кітабына енбеген, КСРО-ның тоталитарлық жүйесіне қарсылық білдірген «Ергежейлі еліне саяхат» атты хикаятын жариялаған едік. Мұнан кейін жинақтарға енбей жүрген «Әбікеңнің сағаты» деген әңгімесін оқырман назарына ұсындық. Бүгін міне, «Балалық шаққа саяхат» повесіндегі бір кейіпкерді тауып алып, сол кейіпкердің жазушы жайлы естелігін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

«Балалық шаққа саяхат» шығармасында Бердібек Соқпақбаев нағашысының үйінен кетіп, аталас әпкесі Тынымжан әпкесінің үйінде біраз тұратыны бар. Тынымжанның күйеуі Әлғожа колхоз председателі. Сол Әлқожаның ағасы Қожаның (ауылдық советтің председательі) Елемес дейтін ұлы және екі қызы бар екенін айтады.

«Елемес екеуіміз бір класта оқимыз. Ал қыздары мектеп жасына толмаған. Әкелеріңе тартқан үрпиген-үрпиген сары қыздар» деп суреттейді Бекең.

Сол үрпиген сары қыздардың бірі қазір сексен алтыға келген – Айым Қожаева (суретте) болатын. Біз жуырда Райымбек ауданындағы Сүмбе ауылында тұратын Айым әженің үйіне арнайы соғып, жазушының балалық шағы жайлы сұрадық.

Айым Қожаева, Бердібек Соқпақбаевтің кейіпкері:

Бердібек өте албырт бала еді. Бала кезде бәріміз бірге ойнап жүретінбіз. Ол менің ағам Елеместің досы болатын. Екеуі егіз қозыдай бірге жүретін. Бердібек айналасындағы балаларға жан-таптырмаушы еді. Бізді қалақаймен шақтырып, жылатып ойнайтын. Не өші қалғанын білмеймін, әйтеуір маза бермейтін.

Міне, ауылдың іргесіндегі төбелер бар ғой, (сақ-үйсін обалары. Ред.) сол жерде ертеден қара кешке дейін бірге ойнайтынбыз. Ол жерде ескі тоқал тамдар болды. Сол тоқал тамның бірінің алдында денесі құрттап кеткен кемпір жататын. Қаш-қашта (ел Қытайға ауғанда Ред.) балалары тастап кеткен сол кемпір кейін қайтыс болды. Біз сонда сол өлгелі жатқан кемпірдің жанында ойнап жүре беретінбіз.

Бердібектің әңгімелеріндегі оқиғалардың бәрі рас. Ол біздің үйге келіп сүттін бетіне ши тығып, барлық сүтті ішіп кететін. Мен «шешеме айтамын» десем, қалақаймен шақтырып, жылатып тастайтын. «Егер біреуге айтсаң, тағы да шақтырамын» деп қорқытатын.

Сен бағана айтқан Әбікең деген мұғалім бізге сабақ берді. Ол кісі осы ауылға кірме болуы керек, әйтеуір кімдермен туысатынын білмеймін. Сол Әбікең балықтан басқа тамақ демеуші еді. Тек балықты қорек ететін. Өзі білімді, жақсы ұстаз болды. Ол кісі «ешкім мен секілді балық жей алмайды» деп мақтанатын. Ақыры балықтың қылтанағына қақалып қайтыс болды.

Бердібек 1960 жылы біздің үйге мені іздеп келіпті. Менің атымды есіне түсіре алмағанын, сол үшін жаңадан жазған шығармасына мені Сары қыз деп жазғанын айтыпты. Мен ол кезде колхоздың жұмысымен егістікте жүрген едім.


Айым Қожаеваның айтқан әңгімесін кейін тағы да кеңірек жаза жатармыз. Қазірше, «Балалық шаққа саяхат» повестіндегі Сары қыз туралы жазушының жазғанын оқып шығыңыз. Сол Сары қыз міне, немере-шөберелерінің қызығын көріп отырған – бақытты әже!

«Балалық шаққа саяхаттан» үзінді

Бір күні кіші сары қыз есік алдында ойнап отыр екен. Қолында добалдай наны бар. «Наныңнан берші», — дедім.

- Мм... беймеймін.

Қалайда қызды алдап, нанын жегім келді. Тартып алуға болмайды, жылайды.

- Наныңнан берсең, қарындаш берем.

- Көйсейт?

Көрсеттім — бір сүйемдей қара қарындаш.

- Іммқ... — деп қыз басын шайқады. Ұнатпағаны.

- Бәкі берем.

- Іммқ...

Басқа ұсынар нәрсем жоқ. Аз тұрдым да:

- Сен нанды орысша жегенді білесің бе? — дедім.

Қыз аң-таң боп тұрып қалды да, тағы да:

- Іммқ, — деді. «Білмеймін, білгім келмейді де» дегені.

- О! Орысша жеген қызық болады. Сен көрсең, өліп қалар едің!

- Өй, қу-ай! Алдайсың!

- Алдамаймын. Сенбесең, наныңнан бір үзіп берші, көрсетейін.

Қыз нанынан кішкене етіп үзіп берді. Алдым. Енді бұны қалай жесем орысша боп шығады деп ойланып тұрмын. Жай асай салғанмен, ендігәрі қыз алданбайтын болады. Мен де жарымаймын.

Нанды көзіме тақап әкелдім де, біртүрлі үріккен жүзбен тесіліп қарап алдым. Сосын екі танауыма кезек-кезек басып, иіскедім. Иіскеген сайын тыжынырып, басымды қалтыратып қоям. Аузымды арандай етіп ашып, көзімді бір жұмып, бір ашамын. Аузымды және бір ашқан кезде нанды өңешіме қарай тастап келіп жібердім. Сосын көздерім алақ-жұлақ етіп, обырланып шайнай бастадым.

Құдай оңдап, осы қимылымның бәрі де сары қыз үшін әсерлі шықса керек. Ол ішек-сілесі қатып күліп жатыр.

- Мә, тағы да орысша же!

Тағы жедім. Жаңағыдан гөрі де құбылтып, әсерлі етіп бақтым. Жаңа, тың құбылыстар ойлап табам. Қыз әбден риза, нанынан үзіп бере берді, мен жей бердім. Ең соңғы бір үзім наны қалғанда, қыз:

- Қалмақ қалай жейді? — деп сұрады. Енді ол мені цирктің бір ойынынан бір ойыны қызық дарақышысы тәрізді керіп алды.

- Қалмақ па? Қалмақ нан жемейді.

- Енді не жейді?

- Қалмақ тек кәмпит немесе қант жейді.

Сары қыз үйіне жүгіріп кетіп, бір уыс етіп кәмпит алып шықты. Қойдың құмалағындай домалақ арзан кәмпиттер. Мә деп, маған қалмақша жеуге әуелі соның бір түйірін берді.

Кәмпитті қолыма алып, тағы да ойланып тұрмын: «Қалай жесем, «қалмақша» болады? «Қалмақша» бұл жақсы, сәтті желінсе, ана басқа кәмпиттер де менікі болады ғой...».

Жаңағы көрсеткендерімді қайталау жарамайды. Оның енді еш қызығы болмайды.

Есінеген адамша аузымды кең етіп аштым. Қайта жаптым. Тағы ашып, тағы жаптым. Мұрнымды тыжырып, басымды шайқап-шайқап қойдым. Бұның бәрі түк ойлап таба алмағанның далбасасы еді.

Аузымды және бір ашқанда, кәмпитті көмейіме қарай жіберіп кеп қалайын. Көздеп, дәл жіберсе де мұндай болмас, өңешімдегі тілшікке жабысты да қалды. Жұтпақ болсам, жүрмейді, кептеле түседі. «Қых, қых» деп, кәдімгідей шындап қақала бастадым. Кәмпиті құрғыр не ары, не бері кетпейді, тынысымды бітеп, өлтіріп барады. Көзім алақтап, өз мойнымды өзім тырналап, жанталасып жатырмын. Нағыз «қалмақша» жеу осы болды.

Сары қыз күлкіге қарық. Менің қуланам деп пәле тауып алуыммен оның шаруасы жоқ.

Өлдім-талдым дегенде, кептелген кәмпит ары өткендей болды. Тынысым ашылды. Өзім терлеп те кеттім. Жағамды ағытып, есімді жинай алмай жатсам, сары қыз жөне бір тал кәмпитті аузыма тықпалап:

- Мынаны да қалмақша же, — дейді.

- Өй, кәмпитің де, өзің де құрып қал! Жоғал аулақ!

Соңыра тіптен қызық болды. Бәріміз шай ішіп отырғанбыз. Кенет сырттан сары қыз кіріп келді. Екі үйдің еркесі, оған жол бос. Әркімдерді кимелеп дастарқанға кеп, бір жапырақ нан алып:

- Мә, орысша же! — деп менің аузыма тықпалап жатыр.

Мен не айтарымды білмей, сасып қалдым. Отырғандар және аң-таң.

- Мынау не айтады? — дейді Әлғожа.

- Мына неменің орысшасы несі? — дейді Тынымжан.

- Мынау нанды орысша жейді, қызық жейді.

Менде бір пәле бар екеніне бірден сезіктенген Әлипа болды:

- Таста нанды! Орысшасы несі? Дәу де болса, мына қу бірдеңе ойлап тапқан ғой!

Артынан оңаша жерде сары қызға түсіндіріп жатырмын:

- Сен маған жұрт көзінше орысша же деме, ұқтың ба? Жұрт бар жерде болмайды. Нанды да, кәмпитті де оңашаға алып кел.

- Мақұл.

 Дайындаған Қанат Әбілқайыр

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354