Роза РАҚЫМҚЫЗЫ. Фантастика жанры – ғылымның болар тамыры…
Бүгінде көпшілік ортада «қазақтың ғылыми фантастикасы енді ғана аяғынан тұрып келе жатыр» деген пікір бар. Бірақ бұл «қазақтың арғы-бергі әдебиетінде фантастика жанры мүлде болмаған» деген ұғымды білдірмесе керек.
Бүгінде көпшілік ортада «қазақтың ғылыми фантастикасы енді ғана аяғынан тұрып келе жатыр» деген пікір бар. Бірақ бұл «қазақтың арғы-бергі әдебиетінде фантастика жанры мүлде болмаған» деген ұғымды білдірмесе керек.
Біле білсек, қиял-ғажайып дүниелердің ең озық үлгілері қазақтың халық ауыз әдебиетінде жатыр. Мәселен, ертегілер мен батырлық дастандар арқылы халқымыз өз қиялындағы ержүрек ерлердің қандай мінсіз бейнесін сомдады десеңізші! Керқұла атты Кендебай, Ертөстік, Қобыланды мен Қамбар, Алпамыс сияқты минут сайын өсіп, сағат сайын толысып отыратын, атса, оқ өтпейтін, шапса, қылыш кеспейтін, жүгірген аңға да, ұшқан құсқа да жеткізбейтін, ерекше жаратылған жандар бейнесі, бір есептен алғанда, көп теперіш көрген, талай зұлматты басынан өткерген момын халықтың құрыш білек қорғаушыға мұқтаждығы нәтижесінде соншама тұлғалана түскендігі даусыз. Сондай-ақ ұшқыр кілем, «піс» десе, ішінде тамақ пісе қалатын сиқырлы қазан, «құс» десе, алтын құсатын есек, сауысқанның құйрығын білдірмей жұлып алып, бірінікін біріне ауыстыра қоятын айлакер, Таусоғар мен Көлтауысар немесе жерасты патшалығы мен Күн астындағы Күнікей қыздың елі, бәрі-бәрі - жақсы өмірді арман етіп, жаңалыққа, жақсылыққа ұмтылған қазақ жұртының көреген көңілінің айғағы. Өйткені сан ғасыр бұрын түйін тастап, ұрпақтан-ұрпаққа аманаттала отырып, тереңге тамыр жайған сол арман түптің-түбінде бәрібір ақиқатқа айналды. Яғни бүгінгі заманауи технология ұшқыр кілемді - ұшақ пен зымыран, алтын құсатын есекті - түрлі банктер мен банкоматтар, Таусоғарлар мен Көлтауысарларды ғылыми прогрестің өзге де жетістіктері арқылы негіздеп берді. Бұл фантастиканың бүгіннен гөрі, болашаққа қызмет ететін жанр екендігін көрсетеді. Сондай-ақ ол, біреулер ойлағандай, ғылыми білімнің жай ғана жаршысы болып қоймай, оқырманды ғылыми-әлеуметтік ұғымдар мен түсініктерге бойлатып, қиялын ұштайды, ойын дамытады.
Әсілі, фантастикалық дүниелерді ғылыми прогрестің ізашары деуге болады. Сонымен бірге аса маңызды ғылыми-техникалық жаңалықтарды қабылдауға жұрт санасын дайындауда да бұл жанрдағы шығармалардың көтерер жүгі зор. Мәселен, «космонавт», «космос кораблі» деген ұғымдар миллиондаған адамдардың санасына Юрий Гагариннің ғарышқа ұшарынан көп уақыт бұрын тап сол фантастикалық кітаптар арқылы енген. Фантастиканың мұндай ықпалды күшке ие болу себебін белгілі бір дәрежеде «ғылым барлаушысы» бола білетіндігінен іздеген абзал. Айталық, Алексей Толстойдың «Гиперболоид инженера Гарина» атты белгілі шығармасы Николай Басов, Александр Прохоров тәрізді академиктердің лазерлік техниканы ойлап шығаруы барысында үлкен рөл атқарған. Сол сияқты осыдан біраз жыл бұрын ғана адамның бірнеше сағат бойы су астында болуына мүмкіндік беретін жасанды желбезектер жасалды. Ал бұл жаңалықты көпшілік фантаст-жазушы Александр Беляевтің «Человек-амфибия» романы арқылы осыдан талай жыл бұрын негізделген ойдың іс жүзіне асуы ретінде қабылдады. Қысқасы, бүгінде шындыққа айналып отырған «байланыс спутнигі және галография», «лазер және гендік инженерия» сияқты басқа да көптеген тосын құбылыстар фантаст-жазушылардың бір замандардағы жай тұспалы ғана болатын. Осынау әдеби жанрдың пайдалы әсерін танымал адамдардың көпшілігі мойындады және мойындап та жүр. Мәселен, ғарыштану теориясының пионері К.Э.Циолковскийдің бұл салаға деген қызығушылығы Жюль Верн шығармалары арқылы оянғандығы бәрімізге мәлім. Ал ғарыш кемелерінің атақты конструкторы С.П.Королев фантастикалық әдебиетті терең білген және жоғары бағалаған. Сондай-ақ белгілі ғарышкерлердің дені өздерін ғарыш әлеміне баураған, ынтық еткен фантастика екендігін жасырмайды.
Ғылымдағы секілді, фантастиканың да өзінің мәңгілік тақырыптары бар. Және олар уақыт пен кеңістікке саяхат, жасанды интеллект, жерден тыс әлемдегі өркениет, тіршіліктің басқаша формалары сияқты жұмбақ жайттарды қамтиды. Ең бастысы, өткенге немесе болашаққа қатысты әлдебір әлемнің, белгілі бір сәттің бейнесін кейіптей отырып, фантаст-жазушылар оқырман қиялының көкжиегін мейлінше кеңейтеді. Фантастикалық шығармалардың міндеті мұнымен ғана шектелмейді. Яғни бұл жанр әлдебір ғылыми жаңалықтың адамның өмірі мен қоғамның дамуына тигізер әсерін көркемдік тұрғыда ұғынуға көмектеседі. Мәселен, қай кезде де ғылыми жаңалықтар бірыңғай жақсылық алып келе бермейді. Кейбір озық ойлардың теріс мақсатта пайдаланылып кететін де кезі жеткілікті. Осы ретте фантастикалық туындылар ғалымдарды ғылым адамына жүктелер бүкіл адамзат пен болашақ алдындағы жауапкершілік жөнінде ойлануға мәжбүрлейтіндігімен де құнды.
Қазіргі қоғам - ақ пен қара, жақсылық пен жамандық қат-қабат келіп жатқан мейлінше күрделі қоғам. Ұлтаралық қақтығыс, діни алауыздық, жерасты байлығы үшін бақталастық, атомдық соғыс, адамдардың роботтанып бара жатуы, есті адамға осының бәрі - мұң, бәрі - мәселе. Мейлі кинода, мейлі әдебиетте, жұрт ықыласының фантастикаға ерекше ауып отырғандығын ескерсек, осы жанрды пайдалана отырып, жаңағыдай текетірестердің салдарын алдын ала тұспалдау арқылы жамандықтан жирендіру, ескерту мақсатында маңызды істер тындыру - әбден мүмкін нәрсе. Ол үшін тек фантастика жанрын жан-жақты дамытып, осы бағытта қалам тербейтін жазушыларды мейлінше ынталандыра түсу қажет. Фантастиканың берік іргетасы сонау замандағы ауыз әдебиетінде-ақ қаланған қазақтай талантты халықтың бүгінгі қаламгерлері «Аватар» мен «Гарри Поттерлерді» он орайтын өрелі шығармаларды әлі-ақ өмірге әкеледі. Әрине, мүмкіндік туғызылған жағдайда...
Бір пікір
Шәмшиден ӘБДІРАМАН, фантаст-жазушы:
- Фантастика тіпті де балауса жанр емес. Біздің көркем әдебиетіміздің өзі фантастикадан басталған. Кешегі қиял-ғажайып ертегілеріміздің өзі - халқымыздың әлемді тануының бір формасы. Фантастиканың ең үлкен қасиеті - оның танымдылығында. Фантаст-жазушылар тарихи шындықты талдап, ғылымның негізінде жақсы шығарма беруге тырысады. Бұл жанрдың қиындығы да - осында. Дегенмен түп-тамыры тереңде жатқан қазақ фантастикасы ешқашан жоғалмайды, мүмкіндігінше дами береді. Онда да халқымыздың ұлттық құндылықтары негізінде дамуы керек. Яғни космополиттік ұғымдарға ұрынбай, қазақ тақырыбын көтеру арқылы елге интеллектік білім беруі тиіс...
Роза РАҚЫМҚЫЗЫ
"Алаш айнасы" газеті 22 маусым 2010 жыл