Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 17300 1 пікір 28 Наурыз, 2016 сағат 12:36

ЖАЛҒЫЗДЫҚ ФЕНОМЕНІ

 Осы бір жұмбақ әрі көпқырлы құбылыс (грекше phainomenon - «құбылыс», болған, бар нәрсе, яғни, айрықша, сирек оқиға немесе ерекше қасиеттерге ие адам) бұрыннан бар болғанмен, оған деген көзқарас әртүрлі. Біреулер оны теріс құбылыс, жамандық деп біржақты қабылдауға бейім, ал екіншілері жалғыздық адам үшін қалыпты жағдай, оның пайдасы көп дейді. Дегенмен, қазақ жалғыздықты жек көреді, себебі «Жалғыздық құдайға ғана жарасқан», «Жалғыздың аты шықпас, жаяудың шаңы шықпас», «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен бірге адас», т.с.с. Иә, Абай атамыз айтатындай: «Дүниеде жалғыз қалған адам – адамның өлгені. Қапашылықтың бәрі соның басында. Дүниеде бар жаман да көпте, бірақ қызық та, ермек те көпте. Бастапқыға кім шыдайды? Соңғыға кім азбайды?» (37-сөз).

Бірақ, жалғыздықты игілік санайтындар да бар. Олар әрбір адам өз еркімен бір уақыт жалғыз қалып, өзімен өзі тереңдеп ойға шомуы қажет дейді. Бұлайша жалғыздықты қалау өзгелерден оқшаулануға, даралануға  ұмтылудың бір түрі болуы да мүмкін.

Ал, үшінші көзқарас жалғыздық адам болмысының бір бөлшегі, қаласа да қаламаса да әр адам бұдан қашып құтыла алмайды деген пікірге кеп саяды. Біз жалғыз болып тудық, жалғыз өлеміз, бұған көну керек, тіпті ең жақын адамыңның өзімен толық үйлесім табу мүмкін емес. Жеке басыңа түскен азапты жүгіңді басқа біреуге артып қоюға болмайды, оны тек өзің көтеруге міндеттісің.  

Жалғыздыққа деген мұндай көзқарас философиялық ой-толғамдармен ұштасып жатыр. Айталық, философия ғылымы жалғыздық сезімінің бастауына, оның тереңде жатқан болмыстық және рухани негіздеріне үңіледі. Мұнда оның төрт өлшемі, бейнесі көрсетіледі: космостық, мәдени, әлеуметтік, тұлғааралық жалғыздық.

Ғарыштық жалғыздық  – адамның әлемнен, ғаламнан, табиғаттан алшақтауын сезінуі,  оның «өмірлік бағдарламасының» іске аспауы, оны қоғамның елемеуі, өз ізін қалдырмауы жайлы ойлар мазалайтын рухани хал.

Мәдени жалғыздық – индивидтің өзі өмір сүріп отырған нақты мәдени орта жөніндегі құндылықтары, идеалдары, түсініктерінің айналадағы адамдардан қолдау таппауы. Немесе қоршаған ортамен, адамдармен тіл табыса алмауы. Оған, бәлки, басқа жақтан қоныс аударып келуі, қоғамның өзгеруі (төңкеріс, реформалар), әке мен бала жанжалы, ескі мен жаңаның күресі себеп болуы мүмкін. Не болмаса, жеке тұлғаның интеллектуалдық деңгейінің жылдам дамып кетуі, өзгелерден оқ бойы озық болуы, сөйтіп жақын адамдарымен тіл табыса алмауы да әсер етеді (Мартин Иден синдромы).

Әлеуметтік жалғыздық – адамның қандай да бір топтан шығып қалғанын сезінуі, немесе топқа кіре алмауы. Мысалы, жұмыстан шығу, зейнетке шығу, командадан шығып қалу, қуғын-сүргін көру, жаңа ортаның қабылдамауы, т.б. Әлеуметтік жалғыздыққа, әсіресе, балалар мен қарттар тез ұшырағыш келеді.

Әлеуметтік жалғыздыққа тап болудың зиянды салдары басым.  Әлеуметтен тыс қалған адам өзін тастанды, лақтырылған, ұмытылған, сыбағасыз қалған, жоғалған, керексіз сезінеді. Бұл өте азапты сезім. Жақын жандарымен  байланысының үзілуі немесе мүлдем болмауы, өзін үнемі қолайсыз сезіну, өткеннен бас тартып, болашақтан баз кешудің ортасындағы хал, алдағы күннің белгісіздігі. Өзін ешкімге керексіз сезінген кезде өмірінің құнсыздығы жайлы ойлары ілесе жүреді, мұндай сезімдер сары уайымға әкеп соғады.  Зерттеушілердің мәліметі бойынша, өз ортасынан оқшаулануға тап болған адамдардың иммундық жүйесі әлсірейді, ол тәндегі теріс өзгерістерді жеделдетеді, ауруға шалдыққыш келеді. Оқшаулану ұзаққа созылған сайын денсаулыққа әсері де күшейе түседі.  

Психологтардың жүргізген зерттеулеріне сәйкес, адам бойындағы жалғыздық сезімі миды басқаша жұмыс істеуге мәжбүрлейді, мидың электрлық белсенділігі өршіп, ол бейне экстремалды жағдаятта жүрген адамға ұқсайды, сәт сайын айналасынан қауіп-қатер күтеді. Олар тіпті өлім қаупіне жақын өмір сүретіні де содан. Өйткені, жақындарынан жырақ қалған адам бейсаналы түрде социум тарапынан қатер сезінеді және одан қорғанады, жан-жағындағылардың бәрі жат, дұшпан көрінеді. Бұл адамның жалғыздықты субъективті сезінуінің мысалы.   Жалғыздық оның ақыл-ойын билеп, барлық жерден қауіп-қатер көруге итермелейді және өзін-өзі сақтау тетігін күшейтеді. Сол себепті, әлеуметтік жалғыздыққа тап болған жандар өз мінез-құлқын және басқа адамдарға көзқарасын қайта қарауға тырысуы қажет деп есептейді ғалымдар. Мұндай жағдаят ұзақ уақытқа созылса, неврозға әкеп соғуы ықтимал.

Философиялық мағынадағы жалғыздық феноменінің келесі түрі – тұлғааралық жалғыздық – адамның басқа бір нақты, жалғыз және қайталанбас тұлғамен (туысы, досы, сүйікті адамы) рухани байланысының жетіспеушілігі немесе оны жоғалтып алғанын сезінуі. Бұл терең психологиялық күйзеліспен қатар жүретін сезім, орны толмас өкініштің дерті. Жесір қалу немесе ажырасқаннан кейінгі бейдауа көңіл-күй. Тіпті, бір отбасында, бірге өмір сүрсе де жалғыздықты бастан кешетіндер бар.

Осы тұрғыда психолог ғалымдар жалғыздықтың екі типін көрсетеді:

1) эмоционалдық – жан жақындығының жоқтығы, махаббат пен жұбайлық қатынастардан тыс өмір;  

2) әлеуметтік – индивид үшін маңызды достық, әріптестік байланыстар мен қандай да бір ортақтық сезімінің болмауы.

Қазіргі қоғамда  жұбайлық өмірден тысқары қалған көптеген қыз-келіншектер мен ер адамдар өз теңдесін, серігін таппауы, кездестірмеуі немесе жоғалтып алуы себепті жалғыз өмір кешуге мәжбүр. Екі нұсқа үшін де ортақ тұжырым, - демек, жалғыздық индивидтің өзге адамдармен өзара байланысының жетіспеушілігі нәтижесінде пайда болады. Бірінші тип бойынша, нақты адамға (ер немесе әйелге) мұқтаждық, адами қатынастарда сенімді серік таба алмау, арман-тілектерінің орындалмауы; 2-сінде –  әлеуметтік қатынастың қолжетімді ортасының болмауы, қызығушылықтары бір, мақсаттас-мүдделес адамдарға мұқтаждық.

          Келтірілген тұжырымдардың негізінде адам жалғыздыққа ерікті түрде, яғни тұлғалық қасиеттерінің ықпалымен не болмаса мәжбүрлі түрде, социумның әсерімен түседі деген ой түюге болады. Мысалы, кейбір адамдар өзін топпен, тобырмен бірдейлендіруге, теңестіруге саналы түрде қарсы. Алайда, мұндай саналы түрде жалғыздықты таңдау әлеуметтік ортадан қашуды білдірмейді, бұл – рух еркіндігі, жанның жалғыз қалуды аңсауы, қалауы. Бұл негізінен шығармашыл тұлғаларға тән. Шығармашыл адамдар жалғыз қалуды  шабыт алудың, еркіндіктің, қуаныштың көзі деп есептейді. Мұндай жалғыздық  - жасампаз күш. Өз ортасынан, айналасындағы адамдардан артып туған тұлғаға бұл пайдалы да, өйткені, көбінесе айналасы оның еркіндігін шектейді, шығармашылыққа берілуіне кедергі жасайды.

Рухани биікке көтерілген сайын, адамның жан-жағында өзін түсінетін адамдар азая береді. Мұндай феноменді жалғыздық деуден гөрі, жалқылық, даралық деген жөн сияқты. Әлбетте, даралық та  жалғыздықтың бір түрі, бірақ ол негізінен сол адамның өз қалауымен болады және ол одан ләззат, шабыт алуы міндетті. Қай дәуірде болмасын, өз ортасынан ерекшеленіп туған адамдар әулие, данышпан, ойшыл, атақты ғалым, т.с.с. ұлы адамдардың өмірі осылай өткені тарихтан белгілі. Данышпан адам үшін өзін айналасынан оқшаулану, айналасынан безіну, жалғыз қалу – рухани кемелденудің, өзін-өзі жетілдірудің, өз бойындағы бүкіл қабылеттерін толық жүзеге асырудың бір шарты. Адамзат қоғамын алға жетелеген бүкіл жаңалық атаулы соны ойлап тапқан адамның жалғыз қалып, жайлылықта ой кешкен шабытты сәтінде дүниеге келген. «Ғылым көпке келген жоқ, бірден тарады» (Абай). Бұл үшін ол күнделікті күйкі тіршіліктен, оның кейбір қызығынан (қалыпты адамдар үшін қызық саналатын) бас тартады, болмыс-бітімін жалғыздықпен үйлестіре өмір кешеді. Оның айналамен қарым-қатынасының дәнекері, адамдармен, тіршілікпен байланыстырушысы – оның шығармалары, ғылыми жаңалығы, еңбегінің нәтижесі. Демек, дана адам жалғыз болса да, сол болмысымен-ақ бүкіл адаммен біртұтас ғұмыр кешеді, адамзатқа қызмет етеді.

«Мен кіммін? Мен не үшін бармын? Кім үшін өмір сүрем?».  Адам жалғыз қалған кезде ғана өзіне осы сұрақтарды қоя алады және бұл үшін адам белгілі бір рухани деңгейге жету керек. Адам өмірінің мәселесі, өмірдің құпиясы мен тылсымдығы, өз «менінің» ар жағынан бүкіл адамзатты көру – дара туғандардың еншісі. Осындай философиялық тұрғыдағы жалғыздық феномені  – өзінің ішкі әлеміне үңілудің тәсілі, өзін табуы, тануы. Бұл негізінен кемел адамдар үшін қажетті және маңызды қасиет, ішкі еркіндіктің өлшемі. Дарынды адамның жалғыздығы шығармашылыққа қуат береді, айналамен өзара қатынасына игі әсер етеді. Жалпы, трансцендентализм өкілдері интеллектуалдық оқшаулану идеясын қолдайды, тұлғаның шығармашыл күштерін белсенді ету үшін жалғыздықты таңдауын мақұлдайды.

Данышпан адамдар жалғыздық сәтін жиі бастан кешу арқылы тұлғаға айналады, оның қайталанбас, ерекше қасиеттері дами түседі. Бұл – рухани тереңдік белгісі. Өзінің физикалық жаратылысынан көтерілуге ұмтылу, пенделікке сыни көзқарас оны өзгертуге итермелейді, мысалы, аскетизм – адамның тәни қажеттіліктерінен биік тұруы, пенделікке бас имеуі – рухани өсудің көрінісі. Бұл, әсіресе, діни тәжірибеде жиі кездеседі, айталық, Қожа Ахмет Яссауидің өмірдің мәнін нәпсіні тыйып, рухани тазалық пен ақиқат құндылықтардан іздегені мәлім. Ол өзінің адамдық қадірін терең түсініп, парасаттылық пен кемелдік мәртебесіне жету үшін ғаріптікті таңдады.

Қазақ «Жалғыздық құдайға ғана жарасқан» дейді. Тура мағынасына салсақ, талантты адамдарды құдайға теңеу жиі кездеседі («Поэт, ты – царь. Живи один..». Пушкин).  Бұл олардың ұлылығын, өзгелерге ұқсамас даралығын, ерекшелігін мойындау. Нағыз таланттар қай кезде де жалғыз. Абай Құнанбайұлы «Моласындай бақсының, жалғыз қалдым – тап шыным» десе, ғұмырының соңғы жылдарын жалғыздықты серік етіп өткізген Шәкәрім: «Қауымнан қаштым қағылып, Оңаша өмір сағынып, Жасымда біткен тағылық, Осы екен ғой асыл да. Ойға оңаша жер керек» деуі жаратылысындағы жалғыздықпен үйлесім тапқан жанының, сыры терең болмысының ерекшелігін, өзгеге ұқсамайтынын көрсетеді.

Осылайша, адамның өзімен-өзі тілдесе білуі, жалғыздықты дұрыс қабылдай білуі саналы, кемеліне келген оқшаулану және бұл тұлғаға тән қасиет. Тұлғаға айналған адамның өзімен өзі қалуы, тілдесуінің мән-мағынасы бар, ол үрейден мүлде аулақ, тіпті оның жаны жалғыздықтан жайлылық сезеді. Бұл оның ерікті қалауы. Ал, жалғыз қалу қорқынышқа, ішкі қайшылыққа алып келсе, онда мұндай адамның жалғыз қалуы өзі үшін қауіпті.

Бұлайша жалғыздыққа тап болу оның патологиялық сипатын білдіреді, оның себептері саналуан. Айталық, отбасындағы қарым-қатынастың дұрыс еместігі, әлеуметтік дағдыларды жетік меңгермеуі, мейірімнің аз болуы, ішкі «мен» және айналадағы ортамен арадағы қайшылық және т.с.с. Диалогы монологқа айналған жандар, өз қайғысын, мұңын ешкімге тіс жарып айтпай жасыруға мәжбүр болу, жан-жағынан ешбір қамқорлықты сезінбеу, қолдау таппау, міне – жалғыздық сезімінің ең ауыр, дертті жағдай деп қабылдануы осыған байланысты. Осындай психикалық күрделі жай-күйге түскен адамның қауымнан, отбасынан, нақтылықтан қашықтауын сезінуі, бұл ақыр соңында тұлғаның дисгармониясына, азапқа, өз «менінің» дағдарысына әкеп соғады.

Жалғыздықтан қашып, арзан, жалған қызықшылықтарға – ішімдік, құмар ойындары, нәпсі қалауы, т.с.с. беріліп кететіндер де осы қатардан шығады. Өз  ойларымен оңаша қалудан қорқатын адамдар жалғыздықтан қашу үшін ойын-сауық іздейді. Паскаль тіпті соғысты, авантюраларды да адамдар белгілі бір мақсатқа жету үшін жасамайды, бұл өзінен өзі қашудың белгісі дейді. Сондай-ақ, суицидке баратындардың көбісі әлеуметтік жалғыздық дерті басына түскен адамдар.

Кейбір адамдар өзінің ерекше екендігін әсерлеп, өзін жоғары бағалап, дарындылығын өз санасында жасап алып, басқа әлемнен әдейі бөлектенуді құп көреді. Ондай адамдар жақсы көру, сүю, жаны ашу сезімдерінен ада, менмен, тәкаппар келеді.  Оның бойында мекерлік, екіжүзділік пайда болады, кәдімгі отбасы-ошағы бар жандарды, достары көп адамдарды түсінбейді, оларға іштей қызғана қарайды, бірақ, сырттай мойындамайды. Мұндай жалғыздық – адамның осы дүниедегі өз орны мен өмірінің мәнін жете түсінбеуі, айнала әлеммен үйлесімге келе алмауын білдіреді. Әрине, әрбір адам өз іс-әрекетін өзі дербес таңдауға қақылы, өз таңдауы үшін өзі жауапты. Десек те, оқшаулану, басқа адамдармен қатынастан өз еркімен қашу, көбінесе өзінің жеке басына ғана көңіл бөлу, нарциссизм – әлеуметтік-психологиялық дерттің, жалғыздықтың аномияға  айналуының көрінісі.

Кейде «мен жалғыз емеспін» деп, өзін өзі алдау, иллюзиямен өмір сүру жиі кездеседі. Бұл кейде бала кезіндегі зәбір-жападан, кемсітушіліктен қорғану механизмі ретінде пайда болуы да мүмкін. Оның емі – жалғыз қалғаныңды мойындап, мінез-құлқыңды, айналамен қарым-қатынасыңды түзеуге талпыну, жалпыға тән қасиеттерді меңгеріп, топпен бірге тірлік кешуге дағдылану. Ал, топқа сіңісе алмаған адам жалғыздықты, демек, еркіндікті таңдап, саяқ өмір сүруге келіседі. Алайда, онсыз да әрбір адамның ерекше, қайталанбайтын жан иесі екенін ескерсек, көптен бөлектенбей, бірге өмір сүру, отбасын құру, қартайғанда балалары мен немерелерінің ортасында отыру, жақын достары болудың өзі бақыт екенін тым кеш түсінетіндер де бар.

Жалғыздықтың өзгеше бір түрі – биліктегі жалғыздық. Саяси биліктің шыңына шыққан адамдардың жалғыздықты сезінуі заңды құбылыс. Бұл, бір жағынан, лауазымына байланысты жауапкершілік жүгін арқалауына келіп тіреледі. Шешім қабылдаудың да өзіндік азабы бар. Кеңесшілер көп болғанмен, оны таңдап-таразылау билік иесінің өз мойнында.

Жалғыздық – қазіргі ХХІ ғасырдың дерті, әсіресе, ол урбандалған, дамыған елдерге тән құбылыс. Миллиондаған тұрғыны бар қалада тұрып та адам өзін жалғыз сезінуі мүмкін. Бүгінгі қоғамдағы жалғыздықтың тереңдей түсуіне ықпал ететін себептер көп: біркелкі стандартталған өмір, интеллектуалдық деградация, айналадағы адамдармен байланыстың әлсіреуі, яғни, қарбалас тірлік, жұмысбастылық, уақыт-ақша ритмі және т.с.с. Тіпті, «ғаламтордағы өмір» деген түсінік пайда болды. Достарың да виртуалды, қарым-қатынастың бәрі интернет арқылы жасалады, әлеуметтік желі – ой-пікіріңді бөлісетін басты орын. Бұрынғыдай барыс-келіс, аралас-құраластық, шын мәнінде сиреп барады. Достарыңмен, туыстарыңмен, тіпті бірге тұратын ең жақын адамдарыңмен байланыс шектеулі. Бұл үрдіс заманауи қоғамның жаңа проблемасын туғызды – индивидуализмге орын жоқ, мұнда әлеуметтік стереотиптер кең таралған, адам социумда өзімен бірдей, өзінен аумайтын, құндылықтары ұқсас адамдар арасында өзін жалғыз сезінеді. Мұның соңы неге апарып соғарын дәл болжау қиын.

Осылайша, жалғыздық феноменінің қыры мен сырын тізбелеуіміз тегін емес. Мұның бәрі нақты адамның өмірге қанағаттанбауының себептеріне үңілуге, осындай ауыр жан жағдайынан шығуға тырысуына көмектеседі. Салдарды жою үшін алдымен оның себебін білу керек. Әйтпесе, жалғыздықтың  салдары ауыр – тұлғаның күйзеліске түсуі, депрессия, суицидке бару, экзистенциалдық вакуум, қоғамға қарсы мінез-құлық көрсету. Тіпті, демографиялық зияны да барын жоққа шығаруға болмайды.  

Сонымен, жалғыздық адамдардан ерікті-еріксіз алшақтағаның үшін берілген жаза ма, немесе керісінше, рухани және жеке тұлғалық өсудің көзі, бастауы ма? Бірақ, жалғыздықты жеке адамның проблемасы деп қарастыру да, оны теріс құбылыс деп жоюға ұмтылу да біржақтылыққа ұрындырары сөзсіз. Ең алдымен,  жалғыздық – адамның ішкі ахуалының құрамдасы, тұлғаның өзіндік санасы және өзін өзі тануы үшін қажетті аса маңызды феномен деген жөн.  

Бірақ, мұнда да  шектен шықпаған жақсы. Айталық,  бір сәткі жалғыздықтың жағымды жағы бар, - жанның керегін алу, тазару, өз ЭГОңды қалыпқа келтіру, заттар әлемінен, адамдардан алыстау, - рухани жаңғыру үшін қажет. Бұл өзіңмен өзің кездесу сәті, қуанышты хал, стандартты мінез-құлық шарттарынан босанудың бір тәсілі. Жағымды жалғыздық адамға қажетті тұлғалық қасиеттердің қалыптасуына ықпал етеді, олар – сыртқы әсерлерге төзімділік, ақыл-ой ерекшелігі, мейірім, өзін сүю арқылы адамдарды сүю, бағалау және т.б. Дегенмен, жалғыздық дүниені танудың құралы бола отырып,  мақсатқа айналмауы тиіс, әйтпесе адам қалыпты өмір сүру дағдысынан айрылады, күйзеліске ұшырайды. Тіпті, атақты талант иелерінің өзі шығармашылықпен бетпе-бет қалудан қанша ләззат алғанмен де, жан жалғыздығынан азап шегіп өткендері жасырын емес.

Осылайша, жоғарыда айтылғандай, оқшаулану мен жалғыздық екі бөлек нәрсе. Саналы түрде жалғыздықты таңдағандар – тұлғалар. Оларға оқшаулану – тоғышарлық ортадан құтылу үшін керек.  

Бұл – тұйықталу емес, нағыз биік үйлесім, рух тазалығы.

Бұл - өзін  өзі танудың шарты, жетілдірудің жолы.

Бұл - нағыз шығармашылық адамының болмысы, - өзінің сүйікті ісімен айналысқан адам жалғыз болмайды, оның өмірі мән-мағынаға толы.

Ал, әлеуметтік, еріксіз жалғыздық езіп-жаншиды, жегі құрттай жейді, онда еш мағына жоқ. Шынайы «мен» мен идеалды «меннің» сәйкессіздігіне тап болған науқас түрі - невротик білікті кәсіби маман тарапынан көмекке мұқтаж екендігін түсінуі қажет. Яғни, жалғыздық адамның рухани өміріне тән нәрсе, сонымен бірге ол әлеуметтік құбылыс. Кейде осындай әлеуметтік жалғыздыққа тап болған адам қарым-қатынас тапшылығының орнын толтыру үшін үй жануарларын – ит, мысық, тотықұс және т.с.с. асырап, қиял күшімен де серік табады.

Иә, адам жалғыз туады, жалғыз өледі, ой-пікірі, сезімі, шешім қабылдауы, - өзіне ғана тән, сол үшін де ол жалғыз. Әрқайсымыздың сырт көзден таса, ешкім білмейтін жеке әлеміміз бар. Ол біздің жанымыздың тым терең түкпірінде жасырынып жатыр. Кей-кейде өзіңмен-өзің оңаша қалып, сол түкпірге үңілгенді ұнатамыз. Бірақ, бәрібір де адам толық жалғыздық жағдайында өмір сүре алмайды, ол – қоғамдық жаратылыс иесі. Достық, махаббат, қарым-қатынас іспетті қоғамдық өмірдің басты құндылықтары адам өмірінің мән-мағынасын құрайды. Адам өзінің әлеуметтік табиғи тілектеріне орай ұжымда, қауымда өмір сүруге ұмтылады, оның іс-әрекеті мен санасы да соған сәйкестенеді, бұл қоғам үшін де пайдалы. Ал, жалғыздық феноменінің мәніне терең бойлау, түсіну оның жағымды жағын қабылдап, теріс салдарын жоюға, жалғызбасты күн кешудің әдетке, өмір салтына айналып кетпеуіне ықпал етеді. 

Дина Имамбаева 

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5366