Сенбі, 23 Қараша 2024
Тамыр 6766 0 пікір 28 Наурыз, 2016 сағат 11:41

МАРИЯ ЖЕРЕВА: ТІЛІМІЗ, ДІНІМІЗ БӨЛЕК БОЛҒАНМЕН, ТЕГІМІЗ – ТҮРКІ

Еуропадағы түркілермен ортақ тарихы бар тағы бір халық – болгарлар. «Барар жерің – Балқан тау, Ол да біздің барған тау» дегендей,  бұлғар түркілері Орта Азиядан Кавказ арқылы Балқан түбегіне барып қоныс тепкен. Болгария Балқан тауының екі беткейін алып жатыр. Софияның алғашқы атауы да Сердика, яғни Балқан түбегінің жүрегі дегенді білдірген. Айнала – Румыния, Сербия, Греция, Түркия, Македония, Қара теңіз.

Балқанда сербтермен қатар  болгарларға ең жақын халық Ескендір Зұлхарнайынның ұрпақтары – македондар. Екі халықтың тілдерінде айырма жоқ десе де болады.  Болгарлар бұрынғы патшаларын күні бүгінге дейін «хандарымыз» деп еске алады. Тілдерін славян, діндерін християнға ауыстырған көне түркі халқының тарихы мен мәдениеті, білім беру саласы жөнінде Софиядағы Климент Охридски университетінің Тілдерді оқыту және болгар тілін мамандық бойынша үйрету кафедрасының профессоры, филология ғылымының докторы Мария Жеревамен сұхбаттасып едік.

Болгар халқы – Балқан түбегіндегі басқа халықтардың мәдениетіне де айрықша ықпал жасаған халық. Көне тарихтарыңызды түркілік тектеріңізбен байланыстыра зерттейтін боларсыздар?

ХІІІ ғасыр бұрын Болгария мемлекетінің құрылуы Балқан халықтарының тарихында орасан зор маңызға ие оқиға болды. Себебі, бұл мемлекет фракиялықтар (болгарлар «тракия» дейді), славяндар мен прото-бұлғарлардың басын біріктірді. Алайда, бұлғарлардың тарихы мемлекеттікке дейін бірнеше жүз жыл бұрын қалыптаса бастаған. Қазіргі Болгария жерінің алғашқы тұрғындары фракиялықтар екені тарихтан белгілі. 2500 жыл бұрын өмір сүрген фракиялықтардың өте жоғары деңгейдегі материалдық және рухани мәдениеті, тәуелсіз мемлекеті  болған. Бірақ  жазуы жоқ халық бай тарихы мен мәдениетін қағазға жазып, мұра етіп қалдыра алмаған. Олар жайында көне грек тарихшылары мен жыршыларының жазбаларынан, аңыздардан,  Казанлык қабірханасы мен фракиялықтардың алтын қазынасы  секілді археологиялық ескерткіштерден  біле аламыз.  Көптеген атақты фракиялықтардың есімі тарихта қалды. Мәселен, әнші Орфей мен құлдар көтерілісін ұйымдастырған Спартак есімдері әлемге әйгілі.

Tәуелсіздік үшін қажымай күрескенімен, ақыр-соңында олар римдіктерге мойынсұнады, біртіндеп славян халықтарына сіңіп кетеді.  Славяндар VI ғасырда Балқанға түбегіне жетіп, сонда қанат жайған еді.  Әр түрлі тайпалардан құралып, оларды көсемдері басқарған. Ауызбіршіліктері аз еді, сондықтан жерін ұлғайтуды көксеген Шығыс Рим империясы- Византиядан тәуелсіздіктерін қорғауға үнемі күштері жете бермеген.  Осындай тарихи жағдайда VII ғасырда Балқан түбегінде прото-бұлғарлар пайда болды. Олар әуелі VI ғасырда Кавказда Ұлы Бұлғария мемлекетін құрып, жоғары дамыған мәдениетті ел ретінде танылды. VII ғасырда ұлы Бұлғарияны Кубрат хан басқарып тұрған еді. Одан бес ұл тарайтын. Кубрат қайтыс болған соң, бес ұл жан-жаққа жаңа қоныс іздеп кетеді. Бес ұлдың бірі Аспарух қазіргі солтүстік Болгарияға жетіп, сол жердегі славяндармен бірігіп, Византияға қарсы соғысады.  Солай Болгар мемлекетінің негізі қалана бастайды.   680-681 жылдары протобұлғарлар мен славяндар Византия әскерін жеңіп, оларды бейбіт келісім жасауға көндіреді.  Сол кездегі Еуропадағы ең ірі мемлекет Византия Болгар мемлекетін мойындайды. Аспарухтың желбіреген туының астына біріккен протобұлғарлар, фракиялықтар, славяндар арасындағы айырмашылық біртіндеп жойылып, біртұтас болгар халқына айналады. 13 ғасырдан астам тарихында тұтастығын жоғалтпай, осман түріктерінің езгісіне де төтеп береді. Біз өз тарихымызды әрқашан Азиядағы туыс халықтармен байланыстырамыз.  Тіліміз, дініміз бөлек болғанмен, тегіміз – түркі.

Болгариядағы білім беру жүйесі қандай және сіздердің университеттеріңізде студенттерді қандай мамандықтарға дайындайсыздар ?

Болгарияда 30- ға жуық мемлекеттік жоғарғы оқу орны бар. Студенттерді әр түрлі мамандықтар бойынша төрт жыл  бакалавр, екі жыл магистр және үш жыл Ph.D бөлімдерінде оқытамыз.  Климент Охридски университетінде инженерліктен басқа факультеттердің барлығы бар: тарих, философия, физика, биология, математика және информатика, геология-география, дінтану, классикалық және қазіргі филология,  бастауыш және жоғарғы мектеп педагогикасы, экономика және менеджмент, заң, медицина, химия және фармацевтика, шет тілдері.  Ғылым салаларын қамтуы жағынан ең толық университет деуімізге қақымыз бар. Университетіміздің  құрылғанына 125 жыл толды. Қабырғасында 26 мың студент білім алады, соның 2 мыңнан астамы шетелдік студенттер.  Эрасмус ауыс-түйіс бағдарламасы бойынша Түркия, ТМД, Қытай және араб елдерінен үзбей студенттер келіп білімдерін жетілдіреді. Шетелден келіп білім алушылар саны жыл санап артып келеді.

Климент Охридски университетінде қазақ студенттері бар ма?

Қазақстанда білім беру саласына Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі тікелей қолдау жасайды екен. «Болашақ» бағдарламасының шеңберінде бізге өткен жылы бір топ қазақ студенттері бір семестрге келіп қайтты. Біздің бірқатар қазақ университеттерімен келісім-шартымыз бар.

Егер қазақ жастары болгар мәдениеті, тілі, фолклоры, әдебиетімен танысам десе, оларға сіздердің білім ордаларыңызда қандaй мүмкіндіктер бар?

Ең бірінші мүмкіндік деп, болгар тілімен танысу, жалпы мағлұмат ала білу деп айтар едім. Өйткені, қазақ жастарының көпшілігі орыс тілінде ана тілі деңгейінде сөйлейді. Сондықтан, қазақ студенттері орыс тіліне жақын болгар тілін өте тез үйреніп алады. Сондай-ақ, біз оларды болгар халқының салт-дәстүрі, мәдениеті, ауыз әдебиетімен таныстырамыз.

Біздің оқу ордамызда Шығыстану факультеті бар. Оны түркітанушы-ғалым Александр Федотов басқарады. Түркітану саласында қазақ және болгар ғалымдары бірлесіп, көптеген маңызды ғылыми жобаларды жүзеге асыруда. Біздің ғалымдар әрдайым түркілермен ортақ тарихты терең зерттеуге мүдделі. Осы салада ізденгісі келген, сонымен қатар қазақ-болгар ғылыми байланыстарын алға жылжытам деген қазақ жастарын әрқашан қуана қарсы аламыз.  

  Сұхбатыңызға рақмет.

Раушангүл Зақанқызы

София, Болгария

Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5370