Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Қоғам 4448 0 пікір 18 Наурыз, 2016 сағат 09:37

«КОНВЕРТТЕГІ» ЖАЛАҚЫНЫ ЗАҢДАСТЫРУ КЕРЕК

Қазіргі уақытта  «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы»  Заңы күшіне енгелі бері бұл шараға ынталылық танытқан субьектілер саны күн санап көбейіп келеді. Себебі, түзетулер мен түбегейлі өзгерістер енгізілген аталмыш заң актісі кез-келген субьектінің өткендегі кемшілігіне кешіріммен қарап, болашағына даңғыл жол ашып отыр. Сондықтан да аталмыш Заңды 21 ғасырдың басындағы ең гуманистік нормативтік-құқықтық акт деп бағалауға болады.

Өкінішке орай, қолындағы қаржысын заңдастыруға құлық танытпай отырған субьектілер әлі де баршылық. Оның негізгі себебі, заңды дұрыс білмегендіктен. Ондай субьектілер негізінен халыққа қызмет ету мен құрылыс саласында және базарларда сауда-саттықпен жұмыс істейтіндердің ішінде көп. Мысалы, құрылыс саласында еңбек ететін көптеген адамдар жалақыны заң жүзінде 50-60 мың теңге көлемінде ғана алады. Ал нақтылы қолдарына алатын айлықтары орта есеппен 180-200 мың теңгені құрайды. Сонымен қатар халыққа қызмет ету (мейрамхана,  асхана, кафе, т.б.)  саласында заң жүзінде төленетін айлық жалақы мөлшері де осы шамалас.  Жалақының бұндай түрі салық төлеуден жалтарып, екі түрлі бухгалтерия жүргізу арқылы «конвертпен беру» болып табылады. Яғни, сайып келгенде салық төлеуден жасырынып, көлеңкелі экономиканың ықпалында жұмыс істеу болып есептеледі. Осы дәлелдердің бәрі аталмыш обьектілерге жүргізілген тексерулер мен хронометраждық зерттеулердің нәтижесінде анықталып отыр. Біз бұл мәселені не үшін тілге тиек етіп отырмыз, енді соған жан-жақты тоқталайық.

Әрине, кез-келген адам өзінің тапқан жұмысын қанағат тұтады. Әсіресе, құрылыс немесе халыққа қызмет ету саласында, базарларда және басқа да жерлерде жұмыс істейтін көптеген субьектілер ақшаны қалай алып жатқандарына жеткілікті мән бермейді. Себебі, өзінің қажетін қанағаттандыратын жалақы қолына тисе болды, қожайынына қарсы шыға алмайды. Тіпті, заң жүзінде аз төленген еңбекақының болашақтағы зейнетақы қорына да кері әсер ететініне  назар аудармайды.  Ал кейбіреулері болашағын ойламай, тіпті ешбір тіркеусіз жұмыс істейді. Бұған қоса, салық органында тіркелмей, күнделікті алыс-беріс саудасын жасап, қыруар қаржыны жеке айналымда ұстап жүрген саудагерлер де аз емес. Осы орайда, базарда сауда-саттық жасап жүрген  саудагерді негіз етіп алайық. Мысалы, аталмыш саудагер салық органында жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген делік.  Алайда, жеке айналымындағы ақшасы да баршылық. Бұған қоса тұратын үйі мен астындағы көлігі де қымбат. Аталмыш субьект заңды дұрыс білмегендіктен, «мен мемлекеттік қызметкер емеспін, менен қандай сұрау болуы мүмкін?» деген жалған сенімнің ықпалында жүруі мүмкін. Иә, осы уақытқа дейін тиісті дәрежеде сұрау болмағаны рас. Алайда, 2017 жылдан бастап жалпылама декларациялау басталған кезде әр тиынға жауап беретін уақыт келе жатқанын ұмытпау керек. Сол кезде кез-келген жеке тұлға да, заңды тұлға да барлық кіріс пен шығысқа жауап беретін болады. Осы орайда «бұл тығырықтан шығуға бола ма?» деген заңды сұрақтың туындайтыны рас. Әрине, болады. Ол үшін қолда бар ақшаны Мүлікті жария ету заңының талаптары бойынша заңдастырса жеткілікті. Бұл шара қалай жүзеге асырылады, соған талдау жасайық.

Турасын айтқанда, құрылыс пен халыққа қызмет ету саласында және базарларда «жабайы» сауда жасап жүрген субьектілердің көбісі өзінің жылжымайтын мүлігі мен астындағы көлігінің заң жүзінде қалай сатып алғанын, қыруар ақшаның қайдан келгенін дәлелдей алмайды. Салық органдары арқылы заңды түрде тапқан қаражатын есептейтін болса, күнделікті күнкөріс қамынан да аспайды. Сондықтан да ондай адамдар қолындағы бар ақшаны  жариялау арқылы тездетіп заңдастырғаны абзал. Ол үшін екінші дәрежедегі банктен немесе Ұлттық пошта операторы арқылы есепшот ашып, сонда салады. Содан кейін қаражаттың есепшотта жатқанын дәлелдейтін түбіртек арқылы тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органына  барып, арнайы декларация тапсырса жеткілікті. Бұл орайда ешқандай он пайыздық алым алынбайды, «ақшаны қайдан алдың?» деген сұрау болмайды. Жария етудің құпиялылығы да сақталады. Ақшаны жариялау жөніндегі шешім небары бес жұмыс күнінің ішінде шығарылады(бұрын бір ай болған). Сонымен қатар есепшотта жатқан  ақшаны жария еткен күннен бастап кез-келген субьект шешіп алуға, жылжымайтын мүлік сатып алуға, жеке мақсаттарына пайдалануға, т.б. құқылы. Иә, бұдан артық қандай жеңілдік керек?

Міне, мүлікті, оның ішінде ақшаны жариялаудағы барлық процедура осы ғана. Ешқандай бюрократтық кедергі мен қағазбастылық жоқ. Бұған қоса, мүлікті жариялау туралы Заңның 5 бабының талаптары бойынша жария етілген ақша мен жылжымайтын мүлік қылмыстық және әкімшілік іс қозғауға, сондай-ақ тәртіптік жауапкершілікке тарту  мәселесіне  ешбір негіз етіп алынбайды. Сондықтан да соттың  үкімі мен шешімі арқылы ешбір тәркілеуге де жатпайды. Бұған қоса, мүлкін жария еткен субьектіні мүлікті жариялау мәселесі бойынша қудалауға салған лауазымды тұлғалар және қылмыстық іс қозғаған  құқық қорғау органы қызметкерлерінің өздері қатаң қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын да еске сала кеткен артық болмас. Бұл кепілдіктер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің  361 (лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану), 362 (билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану), 365 (заңды кәсіпкерлікке кедергі жасау) бабтарында нақты айтылған. Осылайша, мүлікті жария етуші субьектілер бір ғана заңмен емес, бірнеше заңмен қорғалатыны жан-жақты қарастырылып отыр.

Қорыта айтқанда, 2017 жылдан бастап  жалпылама декларациялау процесі күшіне енетін уақыт та алыс емес.  Қазір ештеңеге мән бермей жүргендер сол кезде шындап тығырыққа тірелетіні сөзсіз. Себебі, Елбасымыздың өзі: «Мүлікті жариялау – соңғы мүмкіндік, одан кейін ешқандай жеңілдік болмайды. Бұл жалпылама декаларциялау алдындағы соңғы акт» деп бекер ескерткен жоқ. Сондықтан да болашақтың жағдайын бүгіннен бастап ойлаған жөн. Шынымен де әр тиын үшін жауап беру оңай емес. Сол кезде кез-келген субьектіні  қолыңдағы мүлкін жария еткенін дәлелдейтін арнайы декларация ғана барлық жауапкершіліктен қорғап қала алады.

Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1518
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3294
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5875