Жексенбі, 24 Қараша 2024
Қоғам 28726 0 пікір 20 Шілде, 2016 сағат 14:51

ЖАҢАӨЗЕН ҚҰРБАНДАРЫНА 500 МЫҢ... АЛМАТЫДА ШЕЙІТ БОЛҒАНДАРҒА...

«Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең» - дейді Конституциямыз. Менің бұған күмәнім бар. Заңгерлік қызметімде адамдардың атқаратын лауазымына, әлеуметтік жағдайына т.б.байланысты өзара теңсіздігіне жиі куә боламын.

Алысқа бармай ақ, кешегі Алматы оқиғасын алайық. Қайтыс болған полиция қызметкерлеріне 15 000 000-нан өтемақы, басқа да қаржы бөлінгелі жатыр екен. Дұрыс-ақ, мен қос қолдап қолдаймын. Еш қарсылығым жоқ. Бірақ, «Ақиқат салыстыру арқылы анықталады» (Истина познается в сравнении) деген орыс мақалына салып қарайықшы. Жаңаөзенде полицейлер оғынан қаза тапқандарға Үкімет 500 000 теңгеден ақша аударатын болған, оның өзін сөзбұйдаға салып созып жүріп алды, күні бүгін сол ақша марқұмдардың отбасының қолдарына тиген-тимегенін білмеймін. Ал, өзім қылмыстық іс бойынша құқықтарын қорғаған 74 жәбірленушіге көк тиында бұйырмады! Олардың көпшілігі өмір бойына мүгедек болып қалғандар. Тәні ғана емес, жандары да жаралы. Өйткені олар өзгеден емес, өздерін қорғауға тиісті полиция оғынан жараланғаны және бір ерекшелігі оқ атқандардың ішінде өзге ұлттан бір адам жоқ, тек қазақтар болғаны, сотта олардың ешқайсысының халықтан кешірім сұрамағаны т.б. жандарын жараламай қайтеді?...

Қош, сонымен қылмыстық іс аяқталып, заңды күшіне енді. Артынан заңмен көзделген тәртіпте полицейлердің жұмыс орны – ішкі істер министрлігіне қарсы, азаматтық тәртіпте материалдық және моральдық залал өндіру туралы талап арыз берілді сотқа. Бұл іспен, қылмыстық іс бойынша менімен бірге бастан-аяқ сотқа қатысқан заңгер Әсел Нұрғазиева айналысты. Өйткені заң талабы солай, жұмысшының әрекеті үшін, жұмыс беруші жауап береді, қалыптасқан сот тәжірибесі де солай. Полицейлердің кінәсі заңды күшіне енген сот Үкімімен анықталды, тиісінше азаматтық жауапкер ретінде ІІМ сотқа тартылуы тиіс. Алайда, біз күткендей сот болмады, сот неше түрлі сылтаумен талап арызды қараудан бас тартты... Бір емес, бірнеше қайтара бас тартты. Ақыр аяғында жараланғандар Үкіметтен сот тәртібінде ештеңе өндіре алмаған күйі қала барды... 
Мен мұны не үшін жазып отырмын? Полиция – мемлекеттің, биліктің өкілі. Мемлекет өз адамдарын өзгелерден (мұғалім, дәрігер, мұнайшы, жұмыссыз т.б.) бөлектеп отыр, алалап отыр. Мемлекеттік билік өкілі оққа ұшса, олардың жанұясы үшін барлық жағдайды жасайды, қалғандарына ондай жағдай жоқ. 

Кейбір адамдар «Жаңаөзенде алаңға шыққандар бүлікшілер еді, ал полицейлер халықты қорғап өлді» - деп ойлауы мүмкін. Алматыда қаза болған полицейлер қаншалықты халықты қорғағандарын білмеймін, оған қазіргі кезде баға беруге ертерек деп ойлаймын, ал, Жаңаөзенде оққа ұшқан жәбірленушілердің ешқайсысының жаппай тәртіпсіздікке, ал көпшілігінің тіпті ереуілдеп тұрған мұнайшыларға да қатысы жоғы анықталды сотта. Мысалға, алаңның қасынан автокөлік ішінде алаңсыз кетіп бара жатып пистолет оғынан қаза тапқан, кәмелетке толмаған Рахат Көшеров, алаңның маңайына да жоламаған, мектеп жанындағы банкоматтан жалақысын алмақ болған кезде автомат оғынан қаза тапқан мұғалім, 4 баланың анасы, Жанар Әбдікәримова, қала әкімінің тапсырмасы бойынша оқушыларын алаңға мерекелік шеруге алып келіп, оқтан қаза тапқан жас мұғалім Атаберген Хасанов т.б. 

Тағы қайталап айтайын, мен полиция отбасына бөлінетін қаражатты көпсініп отырғаным жоқ, марқұмдардың жақын, туыс, ағайындарының қайғысы бәрімізге де ортақ, оларға қандай сома бөлінсе де, қазаның орны толмасы анық. Мен басқа да Қазақстан азаматтарына сондай жағдай жасалуы қажет деп білемін. Бұны Жаңаөзендік ағайын айта алмасы анық, олар осы кезге дейін ондай мәселені ел алдында көтерген де жоқ. Өйткені, олар ар-ұяты бар, намысты жандар. Ал, ондай адамдар өз денсаулығы мен ағайындарының өлімі үшін «мемлекет неге мардымды қаржы бөлмейді» - деп қалайша айта алсын? Сондықтан, бұл сөзді Жаңаөзендік жәбірленгендердің адвокаты ретінде, менің айтуыма тура келіп тұр, ыңғайсыздау кезде, ыңғайсыздау салыстыру арқылы болса да...

Абзал Құспан

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5628